Метка: Басты оқиғалар

  • Түркістан облысында тағы 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты

    Түркістан облысында тағы 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты

    Атап айтсақ, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында бес ауыл, Келесте төрт ауыл, Сайрамда үш ауыл, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда екі ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.

    Сауран ауданының Нұртас елдімекенінде 1 835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді.

    Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған.

    Ақсақалдар жастарға үлгі-өнегесін көрсетсе, жастар ауылды көркейту бағытында жұмыс жасап келеді. Мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған.

  • Ғалымдар мәңгілік батарея жасап шығарды

    Ғалымдар мәңгілік батарея жасап шығарды

    Ұлыбритания ғалымдары мәңгілік қуат беретін батарея жасағанын жариялады. Ол бірнеше мың жыл жұмыс істей алады. 

    The Engineer порталының хабарлауынша, серпіліс авторлары Бристоль университетінің және Ұлыбританияның атом энергиясы жөніндегі басқармасының (UKAEA) қызметкерлері. Олар мыңдаған жылдар бойы энергия қуатын сақтауға қабілетті әлемдегі бірінші батарея жасап шығарды.

    Бұл радиоактивті ыдырау нәтижесінде электр энергиясын өндіру үшін көміртегі-14 радиоактивті изотопын қолданатын алмасты батарея деп аталады. Зерттеу тобының айтуынша, әзірлеме аз қуатты құрылғыларды шексіз дерлік қуаттандыруға мүмкіндік береді.

    Мұндай батареяларды медицина саласында (кардиореттеуші және көз импланттарында), сондай-ақ экстремалды жағдайларда, мысалы, ғарышта жұмыс істеу үшін қолданылатын құрылғыларда қолдануға болады.

    «Бұған дейін бұндайды ешкім жасаған емес. Біз сізге батареяларды ауыстыруды ұмыттыратын технологияны ұсына аламыз, өйткені бұл адами стандарттар бойынша сөзсіз мәңгілік жалғасады», — дейді Бристоль университетінің профессоры Том Скотт.

  • Ресей Башар Асадқа саяси баспана берді

    Ресей Башар Асадқа саяси баспана берді

    Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад Ресейден саяси баспана алды. Ол Мәскеуге отбасымен бірге келді.  Бұл туралы ТАСС агенттігіне Кремльдегі дереккөз хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, Асад отбасымен бірге Мәскеуге келген.

    «Ресей гуманитарлық тұрғыдан Асад пен оның отбасына баспана беруді жөн көрді», – деді агенттік өкілі. ондай-ақ Ресей билігі Сириядағы жағдайды реттеу үшін БҰҰ аясында бейбіт келіссөздерді қайта бастауды қажет деп санайды.

    Бұл оқиға халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, Сириядағы ұзаққа созылған қақтығысты шешу жолдарын іздестірудің маңыздылығын арттырды.

  • «Барыс» СКА командасынан жеңіліп қалды

    Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізеді. Қазақстандық команда қатарынан жеті ойында жеңіліп қалды.  Жарыстың плей-офф сатысына шығу үшін елордалық клуб әрбір кездесуде жеңіске жетуге күш салуы тиіс.

    Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Екеуінің де алғашқы болып есеп ашуына мүмкіндік бар еді. Десе де сәттілік ресейлік клубқа серік болды. Осылайша, елордалық клуб қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

    Екі команда бұған дейін 31 мәрте кездескен. Оның 7-еуі елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.

    Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын қатарынан сырт айдында өткізеді. Алдымен 17 желтоқсанда Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездессе, одан кейін 19 желтоқсанда қытайлық «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 21 желтоқсанда «Трактор» (Челябі) клубтарымен шеберлік байқасады.

  • Алматы облысы полициясы мәлімдеме жасады

    Алматы облысы полициясы мәлімдеме жасады

    Алматы облысы полициясы Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны бойынша, келесіні хабарлайды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған.

    Марқұм осы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды.

    Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады.
    Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.

    Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз!, — делінген мәлімдемеде.

  • Атырау облысында 84 киіктің өлексесі табылды

    Атырау облысында 84 киіктің өлексесі табылды

    Атырау облысының Құрманғазин ауданында 84 бас киік өлексесі табылды.  Аудан әкімдігінің мәліметінше, түз жануарларының қырылуына пастереллез ауруы себеп болған.

    «Охотзоопром» мамандары ветеринарлық қызметпен бірлесіп, қалдықтарды жинап, кәдеге жаратты. Анықтау орындарын дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. «Мәселе аудан әкімдігінің бақылауында, өлекселер қалған жоқ», – деп атап өтті әкімдіктегілер.

  • Бүгін Астана мектептерінде бірінші ауысым қашықтықтан білім алады

    Бүгін Астана мектептерінде бірінші ауысым қашықтықтан білім алады

    «Ауа райының нашарлауына байланысты 2024 жылдың 9 желтоқсанында бірінші ауысымның 0-4 сынып оқушылары қашықтықтан оқу форматына көшеді», — деп жазды Астана қаласының Білім басқармасынан.

    Айта кетейік, бұған дейін ТЖД алматылықтарға ескерту жасады.

  • Талғар маңынан Шерзат Болаттың ағасының өлі денесі табылды

    Талғар маңынан Шерзат Болаттың ағасының өлі денесі табылды

    Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала болдам бойынша, ол өз-өзіне қол салған. Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді.

    «Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу кезінде денесінде қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Марқұм Ш.Болаттың отбасы барлық уақытта полиция қорғауында болғанын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде марқұмның отбасына қауіп төндіру фактілері тіркелмеген. Күзет қызметкерлерінің түсініктемелері бойынша, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кеткені анықталды», – делінген полицияның хабарламасында.

  • Қонаевта мәслихат депутаттарын сайлау өтуде

    Қонаевта мәслихат депутаттарын сайлау өтуде

    Қаланың №1 және №5 сайлау округтеріндегі шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өтуде.

    Мұндағы сайлаушылар саны — 7269. Ең алғаш дауыс берушілер саны — 6. Үйден дауыс берушілер саны — 12. Сағат 10:00-дегі жағдайға сәйкес, тұрғындар сайлауға белсенді қатысуда.

    Екі округ бойынша 5 сайлау учаскесі қамтылған. Әрқайсына үш кандидаттан тіркелген.

    Сайлау учаскелерінің комиссиялары үшін осыған дейін оқыту-семинары ұйымдастарылған.

    Барлық комиссия мүшелері сайлау саласындағы біліктіліктері бойынша тест тапсырып, сертификатталған.
    .

  • Талдықорғанда Жетісу облысындағы алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды

    Талдықорғанда Жетісу облысындағы алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды

    Жетісу облысының спорт объектілерінің қатары тағы бір жаңа нысанмен толығып, бүгін Талдықорған қаласында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған Үстел теннисі орталығы ашылды. Бұқаралық спорт нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов, Атлантадағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, «Қазақстан барысы» тұңғыш турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл, спорт ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

    Орталықтың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев бұқаралық спортты дамытудағы атқарылған шараларға қысқаша тоқталып, қолданысқа беріліп отырған жаңа нысанның жастарды тәрбиелеуде үлес қосатынына сенім білдірді:

    – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», – деп атап өткен болатын.

    Осы орайда спорттық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне жағдай жасалуда.

    Бұл ретте спорттық нысандарды салуға мемлекетпен қатар жеке инвесторлардың да белсенді қатыса бастағаны қуантады, – дей келе Бейбіт Исабаев орталықты салуға қаржылай қолдау көрсеткен «Жетісу қолдау» қоғамдық қорына облыста спортты дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін жетісулықтардың атынан алғысын жеткізді.

    Өңір басшысы атап өткендей, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бұл маңызды нысан халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес салынған. Онда кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін де жағдай жасалған.

    Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та көпшілікке игі тілегін жеткізді.

    – Бүгінгі Талдықорғанда ашылып отырған орталық – еліміздегі 11-ші үстел теннисі орталығы. Жалпы Қазақстан бойынша 245 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады.

    Талдықорғанда мынадай ғимарат ашылғаннан кейін мұнда үстел теннисінің клубын ашып, мықты жаттықтырушылар тартып, жас спортшыларды көптеп тәрбиелеу керек. Жаңа орталық құтты болсын! Үстел теннисін бірігіп дамыта берейік, – деді Е. Қанағатов.

    Жалпы осы Үстел ойындары және спорттық туризмнен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық спорт мектебінде 613 оқушы тәрбиеленсе, соның 131-і үстел теннисімен айналысады. Мектепте 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.

    Салтанатты шарадағы лента қию рәсімінен кейін жиналған көпшілік нысанның ішін аралап көрді. Жалпы ауданы 2193 шаршы метр болатын екі қабатты ғимараттың үстел теннисіне арналған үлкен залында 12 үстел қойылған, алдағы уақытта оның санын көбейтуге де мүмкіндік жасалған, сол сияқты 250 орындық трибунасы, шахмат пен тоғызқұмалаққа арналған залы бар. Оған қоса орталықта тренажерлары бар зал, массаж бөлмесі, душ және жуынатын бөлмелер және басқа да қажетті әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Жобаға жалпы 1,3 млрд. теңге инвестициялық қаражат жұмсалды.

    – Талдықорғандағы үстел ойындары мен спорттық туризм бағытында жұмыс істеп тұрған облыстық мектеп бұған дейін жалдамалы ғимаратта отырған. Енді біздің өз үстел теннисі орталығымыз болады.

    Соның арқасында кәсіби және әуесқой спортшылар кез келген ыңғайлы уақыт пен қолайлы жағдайда үстел теннисімен айналысып, шахмат немесе тоғызқұмалақ ойнай алады.

    Орталықтың заманауи материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сай жасақталған. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және спорттық жетістіктерді жақсартуға ықпал етеді, – деп атап өтті облыстық үстел ойындары мен спорттық туризм бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұрлан Дүйсенбинов.

    Қуанышты жаңалыққа орай жас спортшылар да пікір бөлісті.

    – Көксу ауданында үстел теннисі үйірмесіне барамын. Спорттың осы түрімен айналысып жүргеніме бір жыл болды, енді ары қарай кәсіби түрде айналысқым келеді. Сондықтан Талдықорғанда, яғни біздің ауданымызға жақын жерде Үстел теннисі орталығының ашылғанына қуаныштымын, – деді Заңғар Алғабек.

    Ал талдықорғандық Ева Рыжованың үстел теннисімен шұғылданып жүргеніне 3 жыл болған. Ол да спорттың осы түрінен жоғары жетістіктерге жеткісі келеді.

    Үстел теннисі үйірмесіне өз қалауыммен әкем жаздырды. Үстел теннисі ойынын меңгеру біраз шыдамдылық пен табандылықты керек етеді. Шамамен бір жыл бойы үзбей жаттықтым, әліппесінен бастап үйрендім десем де болады, кейін біртіндеп жарыстарда жеңіске жете бастадым.

    Қаламызда бүгін ашылған орталық спортшылардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндіктер береді деп сенемін. Осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымын, – деді ол.

    Жетісу облысында 233 секцияда тұрақты негізде 11 592 тұрғын, соның ішінде жастар да үстел теннисімен айналысады. Арнайы секциялар Алакөл, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында құрылған. Бұл секцияларда 146 жаттықтырушы бар. Сондай-ақ мемлекеттік спорттық шығармашылық тапсырыс негізінде үстел теннисінен 17 секцияда 583 бала айналысады.

    Жалпы биылғы жылы жергілікті бюджеттен 9 спорттық нысанның құрылысына 3,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 6-ының құрылысы биыл аяқталды. Атап айтқанда, Сарқан ауданы Алмалы ауылында, Алакөл ауданы Лепсі ауылында, Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Панфилов ауданы Үшарал ауылындағы спорт кешені, Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған Қазақстанда теңдесі жоқ волейбол орталығы жаңадан салынса, сондай-ақ инвестор есебінен спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй тұрғызылды.

    Облыста халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 64,0%, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыс халқының жалпы санының 42%-ын құрайды.

    10 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысының спортшылары 1344 медаль жеңіп алды.