Метка: Басты оқиғалар

  • Атырау облысында жоғалған отбасы ісінде қаза тапқандардың күйеу баласы негізгі тұлға ретінде қарастырылуда

    Атырау облысында жоғалған отбасы ісінде қаза тапқандардың күйеу баласы негізгі тұлға ретінде қарастырылуда

    Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі тұлғалардың бірі ретінде қаза тапқандардың 29 жастағы күйеу баласы  Сұлтан Сәрсемәлиев аталып отыр. Оның да, жұбайы Ақбаянның да процессуалдық мәртебесі құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде жарияланған жоқ, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    6 қаңтар күні Атырау облысында бұрын хабар-ошарсыз кеткен отбасының екі мүшесінің  66 жастағы Мақсат Қарабалин мен оның жұбайы, 64 жастағы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. Полицияның мәліметінше, мәйіттердің табылу жағдайлары олардың зорлықпен өлтірілгенін меңзейді.

    Ерлі-зайыптылардың денелері үй маңындағы шаруашылық құрылысынан табылған. Алдын ала мәліметке сәйкес, сарайда шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер бірінің үстіне бірі қойылып, топырақпен көмілген, үстіне линолеум жабылып, диван қойылған. Құрылыс есігі кілтпен жабылған.

    Қазіргі уақытта мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді, өлімнің нақты себептері анықталуда.

    Тергеу амалдары Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты бағытталған. Белгілі болғандай, ол бұрын тұрақты жұмыста істемеген, кездейсоқ табыстармен күн көрген. Оның жұбайы Ақбаян үй шаруасымен айналысып, бес баланы тәрбиелеген, тұйық өмір салтын ұстанған.

    Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян отбасының басқа мүшелерімен бір кезеңде жоғалып кеткен. Олардың нақты қайда екені ресми түрде жарияланған жоқ.

    Сондай-ақ, қаза тапқандардың шоттарынан зейнетақы төлемдері алынғаны және отбасыға тиесілі малдың сатылғаны белгілі болды. Бұл деректерге қатысты ресми түсініктемелер әзірге берілген жоқ.

    Қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ұлы, 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиевтің де қайда екені белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Ақтауға жұмыс іздеп кеткен, содан бері байланысқа шықпаған.

    Мәйіттердің табылғанына қарамастан, ресми іздеуде әлі де төрт адам ғана көрсетілген. Іздеудегі тұлғалар тізіміне өзгеріс енгізілгені жөнінде полиция тарапынан жария мәлімет жоқ.

    Бейресми деректерге сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Қазақстан аумағынан тыс жерде болуы мүмкін. Болжамды бағыттардың қатарында Индонезия аталады. Сонымен қатар, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны Өзбекстан аумағында тіркелгені туралы ақпарат тарады.

    Ресми ақпараттың шектеулі болуына байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі нұсқалар мен расталмаған мәліметтер таралуда. Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

    Белгілі болғандай, 7 қаңтар күні полиция қызметкерлері Геолог ауылына жақын маңдағы септиктердің бірінде 35 жастағы Мирамгүл Қарабалинаның — қаза тапқан ерлі-зайыптылардың қызының мәйітін іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл іздеу нәтижесіз аяқталған.

  • Алматы – Бішкек тасжолында болған жол апатынан шетелдік студенттер қаза тапты

    Алматы – Бішкек тасжолында болған жол апатынан шетелдік студенттер қаза тапты

    Алматы – Бішкек тасжолында 6 қаңтар күні адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәліметке сәйкес, Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, салдарынан көлік аударылған, деп хабарлайды Sona.kz 24 KZ-ке сілтеме жасап.

    Оқиға орнында жүргізуші қаза тапты. Тағы екі жолаушы медициналық мекемеде көз жұмды. Әртүрлі жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілуде.

    Автокөлікте Үндістан азаматтары Шымкент қаласындағы медициналық академияның студенттері және турист болғаны анықталды. Олар Шымкенттен Алматы қаласына бет алған.

    Аталған жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

  • Шымкентте Тараздан шақырылған мерзімді әскери қызметші қайтыс болды

    Шымкентте Тараздан шақырылған мерзімді әскери қызметші қайтыс болды

    Шымкент қаласында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаз қайтыс болды. Ол Тараз қаласынан шақырылып, Шымкенттегі № 6506 әскери бөлімінде қызмет атқарған, деп хабарлайды Sona.kz Криминальный Казакстанға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызмет барысында сарбаз медициналық көмекке бірнеше рет жүгініп, дәрігерлердің бақылауында болған. 6 қаңтар күні оның жүрегі кенеттен тоқтаған.

    Жасалған реанимациялық шараларға қарамастан, әскери қызметшінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ол қалалық ауруханалардың бірінде көз жұмды. Алдын ала диагноз — «жедел лейкоз».

    Аталған факті бойынша Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

  • Атырауда Жайық өзенінде балық инспекторларының квадроциклі мұз астына кетті

    Атырауда Жайық өзенінде балық инспекторларының квадроциклі мұз астына кетті

    7 қаңтар күні Атырау облысында Жайық өзенінде балық шаруашылығы инспекторлары қатысқан оқыс оқиға тіркелді. Жағдайдың куәсі болғандар  жергілікті балықшылар, деп хабарлайды Sona.kz Syrmedia.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметке сәйкес, браконьерлікке қарсы рейд барысында инспекторлар мінген квадроцикл мұздан өтіп, өзен түбіне кеткен.

    Құтқару жилеттерінің арқасында екі инспектор өз бетімен жағаға шығып, аман қалған. Олардың денсаулығына зиян келмегені, тек жеңіл шошынумен шектелгені хабарланды.

    Қазіргі уақытта квадроциклді судан шығару мәселесі қарастырылуда. Техниканы бүгін өзеннен көтеру жоспарланып отыр.

    Оқиғаның мән-жайы нақтылануда.

  • Алматыда қоймада ірі өрт шықты

    Алматыда қоймада ірі өрт шықты

    Алматы қаласында Солтүстік айналма тасжолы бойында орналасқан қоймада ірі өрт тіркелді. Бұл туралы Sona.kz  ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

    Ведомство мәліметінше, өрт туралы хабар түнгі уақытта түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде қойма ғимаратында ашық жану анықталған. Қиын жағдайға байланысты өрт сөндіру жұмыстары жоғары деңгейдегі шақырту бойынша жүргізілді.

    Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіруге 85 қызметкер мен 22 техника бірлігі жұмылдырылды. Үш жауынгерлік учаске ұйымдастырылып, өрт сөндіру оқпандары пайдаланылды, автоцистерналар өрт гидранттарына қосылды. Сондай-ақ ТЖМ автопоезы қолданылды.

    Министрліктің хабарлауынша, өртті сөндіру ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері мен жоғары жану жүктемесіне байланысты күрделене түскен.

    Сағат 02:15-те өрттің оқшауланғаны хабарланды. Құтқарушылардың жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында оттың көршілес ғимараттарға таралуына жол берілмеді.

    Сағат 07:05-те өрт толықтай сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 1,9 мың шаршы метрді құрады.

    Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.

  • Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Қонаев қаласына сапармен Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров келді. Олар былтыр ғана ашылған «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

    Мұнда құрама жем, ұн, сұйық май өндіріледі. Зауыттың логистикасы жолға қойылған, теміржол арқылы дайын өнім бірден экспортқа жіберіледі. Жалпы кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім шығаруға жеткілікті.

    Зауытта 200-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Өндіріс ошағы заманауи станоктармен жабдықталған. Қажетті қап та осында өндіріледі.

    Ал тартылған инвестиция көлемі – 15 млрд теңге.

    «Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС сынды кәсіпорындар жергілікті шаруаларды тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етуде», – дейді депутаттар.

    Сондай-ақ олар осындай өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы мен инвестиция көлемінің артуы ел экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

  • «Әдемі» мемлекеттік нөмірлерді алу қызметі онлайн форматта қолжетімді болады

    «Әдемі» мемлекеттік нөмірлерді алу қызметі онлайн форматта қолжетімді болады

    Қазақстанда ХҚО-да азаматтар арасында «әдемі» автомобиль нөмірлеріне қызығушылық артқан соң, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект министрлігі қызметті онлайн форматқа ауыстыруды жариялады.

    Бірінші вице-министр Ростислав Коняшкиннің айтуынша, кеше ХҚО-да халықтың көп жиналуы тек жаңа қызметтің іске қосылуымен ғана емес, ұзақ мерекелік күндермен де байланысты. «Ағыммен күресу үшін операторлардың санын көбейттік. Бүгін үлкен топтардың жиналуы күтілмейді», — деді ол.

    Аптаның соңына қарай қызмет eGov мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта қолжетімді болады. Онлайн-сервис алдын ала дайын болған ба деген сұраққа Коняшкин: «Онлайн-сервистің мәні дәл осындай сәттерде көрінеді. Біз азаматтар үшін максималды ыңғайлылықты қамтамасыз етіп, көпшілік жиналған жерлерге жылдам әрекет етеміз», — деп жауап берді.

    Министрлік өкілі онлайн форматқа көшу кезекті азайтып, қызмет сапасын арттыратынын, азаматтар ЦОН-ға бармай-ақ қалаған мемлекеттік нөмірін ала алатынын атап өтті.

  • ҚМА зейнетақы жинақтарын тіс клиникалары арқылы заңсыз шығару фактісін тергеп жатыр

    ҚМА зейнетақы жинақтарын тіс клиникалары арқылы заңсыз шығару фактісін тергеп жатыр

    Қаржылық мониторинг агенттігі стоматологиялық клиникалардың басшылары мен басқа тұлғаларға қатысты азаматтардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ зейнетақы қаражатын заңсыз шығару деректері бойынша тергеу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Sona.kz afm.rk-ға сілтеме жасап.

    Ведомство мәліметінше, зейнетақы жинақтары тіс қызметтері көрсетілуі жөнінде ресми келісімшарттар жасалып, кейін жалған медициналық құжаттар ұсынылуы арқылы шығарылған. Көрсетілген көмегі үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-нан 20%-ына дейін заңсыз сыйақы алған.

    Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника қатысқан. Жалпы заңсыз шығарылған қаражат көлемі 200 млрд теңгеден асады. Күдіктілер қылмыстық кірістерге элиталық жылжымайтын және қозғалмалы мүлікті сатып алып, сондай-ақ жаңа клиникаларды ашқан, оларды үшінші тұлғаларға рәсімдеп, мүлікті жасыруға тырысқан.

    Қазіргі уақытта 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынып, 3 адам үй қамауына алынған. Сонымен қатар, кейбір дәрігерлер жүйелі заңсыз сыйақылар үшін жалған дәрігерлік-консультациялық комиссия қорытындыларын берген, ал күдіктілерден алынған қаражат көлемі 30 млн теңгеге жеткен.

    Осы фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Агенттік азаматтар өз зейнетақы жинақтарын алған жағдайда, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын атап өтті.

    Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды.

  • Қостанай облысындағы «Соколовская» шахтасында қызметкер жарақат алды

    Қостанай облысындағы «Соколовская» шахтасында қызметкер жарақат алды

    Қостанай облысында «Соколовская» шахтасында жарылыс жұмыстары кезінде қызметкер жарақат алды. Бұл туралы Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Компания мәліметінше, оқиға руда ірі кесектері тесілген тау қазба жұмысында болған. Өндірістік жарылғыш заттарды қолдану кезінде бақылаусыз жарылыс орын алған.

    Жараланған – 55 жастағы скреперлік лебедка машинисі, еңбек өтілі 25 жыл. Ол қалалық ауруханаға жеткізілді, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

    Кәсіпорында оқиғаның барлық жағдайын анықтау және болашақта осындай жағдайларды болдырмау мақсатында тергеу тағайындалды.

  • Қазақстанда бірқатар қара шай түрлерін әкелуге және сатуға тыйым салынды

    Қазақстанда бірқатар қара шай түрлерін әкелуге және сатуға тыйым салынды

    Қазақстанда бірқатар қара шай маркаларын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады. Тиісті қаулы 5 қаңтарда бақылау сатып алулары мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша қабылданған.
    Тексеру барысында кейбір қара шай өнімдерінің құрамында қолданыстағы нормативтерге сәйкес тыйым салынған тағамдық бояғыштар бар екені анықталған. Атап айтқанда, сары «күн батысы» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бояғыштары табылған. Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес бұл заттарды шай өндірісінде қолдануға рұқсат етілмейді.
    Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру барысында өнімнің қаптамасында өндіріс және қаптау орны туралы жалған ақпарат көрсетілгені анықталды. Бұл тиісті рұқсат құжаттарының болмағанын көрсетеді.
    Анықталған бұзушылықтарға байланысты келесі қара шай маркаларын әкелуге және сатуға тыйым салынды:
    •«Апамның шәйі Premium gold», Al-Hayat Golg, «БАЛҚИЯ Premium Gold» — өндіруші Orda Trade Astana ЖШС (Алматы облысы);
    •Sultan Suleyman, Pakistan tea — өндіруші Real Trade Astana ЖШС (Астана);
    •«БАЛҚИЯ Premium gold» — өндіруші «Аль-Хадия» ЖК (Алматы);
    •Aje Onim — өндіруші «Орда Чай» ЖК (Алматы), тапсырыс беруші — «Кальций» ЖШС;
    •Al-Hayat Golg — өндіруші Empire KENIY E.P.Z. Limited (Алматы облысы);
    •Al-Jannat Premium — өндіруші Ferdaus ЖК (Алматы);
    •Alfarah — өндіруші қаптамада көрсетілмеген.
    Санитариялық қызмет өкілдері тұтынушыларды өнімнің таңбалануына және шығу тегіне мұқият болуға, ал кәсіпкерлерді санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.