Метка: Басты оқиғалар

  • Жетісу облысының ПД Талдықорғандағы мопедтің қатысуымен болған ЖКО мән-жайына қатысты түсініктеме берді

    Жетісу облысының ПД Талдықорғандағы мопедтің қатысуымен болған ЖКО мән-жайына қатысты түсініктеме берді

    Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Жетісу облысының полиция департаменті 2 сәуірде сағат 00:10-да Талдықорған қаласындағы Жансүгіров пен Балпық би көшелерінің қиылысында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы хабарлады.

    Ведомствоның мәліметінше, Toyota Camry маркалы автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның жыпылықтаған сигналына өтуге әрекет жасап, мопедпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан мопед жүргізушісі мен жолаушысы дене жарақаттарын алып, қалалық ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау бойынша кешенді шаралар жүргізуде, тиісті сараптамалар тағайындалды.

  • ҚР ІІМ Алматыдағы резонансты ЖКО-ға қатысушыға полиция лауазымды тұлғаларының ықтимал қамқорлығы туралы ақпаратты тексеруде

    ҚР ІІМ Алматыдағы резонансты ЖКО-ға қатысушыға полиция лауазымды тұлғаларының ықтимал қамқорлығы туралы ақпаратты тексеруде

    Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Сенат кулуарында Алматыдағы үш адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасының мән-жайын тергеу барысы туралы түсініктеме берді. Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта ІІМ арнайы комиссиясы қалалық полиция департаменті басшылығы тарапынан апатқа кінәлі адамға ықтимал қамқорлық жасау туралы мәліметтерді тексеріп жатыр.

    Оқиғаға байланысты бірқатар бөлімше басшылары атқаратын қызметтерінен босатылды. Қызметтік тергеуден бөлек, қылмыстық істер қозғалды. Алматыда басқа өңірлердің патрульдік автокөліктерінің болуын түсіндіре отырып, министрдің орынбасары қалада Астана және басқа да облыс орталықтарындағы іс-шараларға ұқсас жоспарлы жедел пысықтау жүргізіліп жатқанын айтты.

    Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жоғары лауазымды қызметкерлердің соқтығысу алдындағы заңсыз жарыстарды ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін бейнематериалдарды ұсынған болатын. Тексерудің түпкілікті нәтижелері комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін жұртшылыққа жарияланады.

  • Талдықорғандағы мопед қатысқан ЖКО болды

    Талдықорғандағы мопед қатысқан ЖКО болды

    Талдықорған қаласындағы көшелердің қиылысында жеңіл автокөлік пен мопедтің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Соқтығысу салдарынан екі доңғалақты көлікте болған екі адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алды: зардап шегушілердің бірі жеке үйдің аумағына ұшып кетсе, екіншісі жол жиегінде қалған.

    Редакциямыз оқиғаға қатысушылардың кінәсін және олардың бағдаршам сигналдарын сақтауын анықтау мақсатында Жетісу облысының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Сондай-ақ, ауруханаға жатқызылғандардың денсаулық жағдайы туралы өзекті ақпарат алу үшін Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс жіберілді. Оқиғаның мән-жайы ведомстволардан жауап түскеннен кейін жарияланады.

  • Қонаевтағы мектепті күрделі жөндеу қашан аяқталады?

    Қонаевтағы мектепті күрделі жөндеу қашан аяқталады?

    Қонаевтағы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеуі былтыр тамызда басталған. 1200 орындық мектептегі құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Нысанды жаз мезгілінде қолданысқа беру жоспарлануда.

    «Мердігер компания құрылысты уақытылы жүргізіп жатыр. Ата-аналар тарапынан ешқандай шағымдар жоқ. Ішкі әрлеу, электр желісін жүргізу, инженерлік желілерді жөндеу, орталықтандырылған сервер орнату, спорт, акт залдары мен асханадағы жұмыстар толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда мектеп ауласын абаттандыру жүріп жатыр», − дейді Алматы облысы құрылыс басқармасының бас маманы Думан Молбай.

    Айта кетейік, Қонаевта 14 білім беру ошағы орналасқан. Алдағы уақытта Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназия да күрделі жөндеуден өтеді деп көзделген.

  • Қонаев қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

    Қонаев қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

    Тимур Байболсынұлы 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді, жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау, сондай-ақ құқықтану мамандықтары бойынша білім алған.

    Еңбек жолын Талдықорған қаласының жер қатынастары саласында бастаған. Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі жүйесінде, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жұмыс істеген.

    Тағайындалғанға дейін Қонаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

  • Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.

    Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.

    Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады.
    «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.
    Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

    Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.  Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.

  • Аңыз адам бақилық болды: Экшн-фильмдердің жұлдызы Чак Норрис 86 жасында өмірден озды

    Аңыз адам бақилық болды: Экшн-фильмдердің жұлдызы Чак Норрис 86 жасында өмірден озды

    Әлемдік БАҚ пен «The Sun» басылымы экшн-жанрының аңызы, жекпе-жек өнерінің халықаралық шебері Чак Норристің 86 жасқа қараған шағында қайтыс болғанын хабарлады. Актердің Гавай аралдарындағы резиденциясында кенеттен денсаулығы сыр беріп, медициналық көмек көрсетілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Жұлдыздың ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде оның соңғы сәттерінде жанында жақындары мен отбасы мүшелері болғаны айтылған. Туыстары оның өліміне себеп болған нақты жағдайларды құпия сақтауды өтініп, актердің тыныштықта аттанғанын жеткізді.

    Чак Норрис — «Айдаһар жолы», «Уокер, Техас рейнджері» және «Дельта отряды» сияқты жобалары арқылы тұтас бір дәуірдің символына айналған тұлға. Оның экрандағы бейнесі ерлік пен жеңілмейтін күштің нышаны ретінде қабылданды. Соңғы онжылдықтарда актердің есімі поп-мәдениетте «ерекше адамдық күш» туралы мейірімді әзілдер мен мемдердің арқасында кеңінен танымал болды. Норристің өзі бұл әзілдерді әрқашан жоғары парасаттылықпен және юмормен қабылдайтын. Оның қазасы тек кино әлемі үшін емес, оның образымен өскен миллиондаған жанкүйерлері үшін орны толмас қаза болып отыр.

  • Жолдағы Наурыз: Жетісу облысының полицейлері «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді

    Жолдағы Наурыз: Жетісу облысының полицейлері «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді

    Іс-шаралар Алматы–Өскемен республикалық тас жолында, халық көп жиналатын орындарда ұйымдастырылды. Мұнда мобильді қабылдау пункттері құрылып, кез келген адам полиция қызметкерлері мен мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.

    Мерекелік атмосфераны тәртіп сақшыларының өздері қалыптастырды: кейбір қызметкерлер азаматтарды ұлттық киімде қарсы алып, жүргізушілер мен жолаушыларға қазақ халқының қонақжайлылығы мен бірлігінің символы ретінде наурыз көже, бауырсақ және ет ұсынды.
    Акция аясында облыс бойынша мобильді пункттер жұмыс істеп, сенім телефоны қызмет көрсетті, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізілді.

    Барлығы 500-ден астам өтініш келіп түсті. Ең өзекті мәселелер ретінде автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, айыппұлдарды төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін, бейнебақылау камераларын және көлік тізгінінде ұялы телефондарды пайдалану тақырыптары қозғалды.

    «Наурыз — бұл бірлік пен ашықтық мерекесі. Біз халыққа жақын болуға, оларды тыңдап, күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуге тырысамыз. Мұндай акциялар сенімді нығайтып, өзара іс-қимылымызды жандандырып, тиімді ете түседі», — деп атап өтті полиция өкілдері.
    Азаматтардың оң пікірлері мұндай бастамалардың халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін көрсетті. Акция ішкі істер органдарының ашықтығын, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айқын дәлелдеді.

  • Абай облысындағы Орлов шахтасындағы қайғылы жағдай: Газ шығуынан бір жұмысшы қаза тапты

    Абай облысындағы Орлов шахтасындағы қайғылы жағдай: Газ шығуынан бір жұмысшы қаза тапты

    Абай облысы Бородлиха ауданында орналасқан «KAZ Minerals» компаниясына тиесілі Орлов шахтасында адам өліміне әкеп соққан қайғылы оқиға орын алды. 19 наурыз күні таңертең жұмыс орнына түскен екі қызметкер ес-түссіз күйде табылған. Алдын ала мәліметтер бойынша, түнгі уақытта жүргізілген жарылыс жұмыстарынан кейін шахта ішінде көмірқышқыл газының мөлшері шектен тыс артып кеткен. Өкінішке орай, жұмысшылардың бірі сол жерде көз жұмды, ал екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Құтқару жұмыстары кезінде учаске бастығы да улы газдан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды.

    Абай облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, апаттың нақты себептерін анықтауда. «KAZ Minerals» компаниясының басқарма төрағасы Андрей Третьяков тергеу жұмыстарына жеке қатысу үшін Орлов шахтасына арнайы барды. Бұл оқиға өңірдегі тау-кен өндірісі саласындағы қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталатыны туралы мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Тергеу барысында техникалық регламенттердің бұзылу ықтималдығы жан-жақты тексерілетін болады.

  • Ораза айт мерекесі басталды: Қазақстан мешіттерінде айт намазы оқылды

    Ораза айт мерекесі басталды: Қазақстан мешіттерінде айт намазы оқылды

    Бүгін жұма күні таңертең Қазақстанның барлық мешіттерінде айт намазы оқылып, еліміздің мұсылман қауымы Ораза айт мерекесін тойлауға кірісті. Діни қағидалар бойынша мереке ораза аяқталғаннан кейінгі алғашқы күннен басталғанымен, қалыптасқан дәстүрге сай елімізде айт мейрамы үш күн бойы жалғасады. 2026 жылы бұл кезең 20-23 наурыз аралығын қамтып, ұлттық Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отыр.

    Бұл күндері дастархан жайып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңды қонаққа шақыру, бір-біріне ізгі тілектер айту — халық арасындағы бұлжымас дәстүрлердің бірі.

    Қазіргі уақытта Қазақстан халқының шамамен 70 пайызын мұсылмандар құрайды. Еліміздегі мұсылман қауымының басым бөлігі Әбу Ханифа іліміне негізделген Ханафи мәзһабын ұстанады. Бұл исламдағы төрт канондық құқықтық мектептің бірі болып табылады және ғасырлар бойы Орталық Азия халықтарының діни танымы мен мәдениетінің негізі болып келеді. Ораза айт мерекесі қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, игі істер мен қайырымдылық жасауға үндейтін ерекше рухани кезең болып қала бермек.