Метка: Басты оқиғалар

  • Кэри-Хироюки Тагава өмірден өтті

    Кэри-Хироюки Тагава өмірден өтті

    Жапон тектес америкалық актер әрі продюсер Кэри-Хироюки Тагава 76 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады. Мәліметке сәйкес, актер Санта-Барбара қаласында инсульттен кейінгі асқынулар салдарынан көз жұмған.

    Тагава Токио қаласында дүниеге келіп, бала кезінен АҚШ-та өскен. Кино саласындағы жолын 1986 жылы бастап, америкалық жобаларда дебют жасаған. Әлемдік деңгейдегі танымалдылыққа оны «Mortal Kombat» фильміндегі Шан Цзун бейнесі алып келген.

    Карьерасы барысында ол АҚШ, Қытай, Ресей және басқа да елдердің киножобаларына қатысып, толықметражды фильмдер мен сериалдарда түрлі рөлдерді сомдады. Сондай-ақ продюсерлік жұмыстарға да атсалысқан.

    Марқұмның туыстары ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Жаназа мен қоштасу рәсіміне қатысты ақпарат кейін жарияланады.

  • Айзат Жұманова ісі бойынша сот онлайн көрсетілмейд

    Айзат Жұманова ісі бойынша сот онлайн көрсетілмейд

    Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Бастапқы тыңдалымда судья процесс бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ашық өтетінін хабарлаған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Алайда бүгінгі негізгі отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Аида Қуандыковaның сотты онлайн форматта көрсету туралы өтініші қанағаттандырылмады. Соттың айтуынша, процесс ашықтығы журналистердің залға еркін кіріп, материалдарға қол жеткізуі арқылы қамтамасыз етіледі, ал бейнетрансляция жүргізудің қажеттілігі жоқ.

    Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал қайғылы оқиғадан екі апта бұрын күшейген. 21-нен 22 қазанға қараған түнi Ақсу ауданының Баласаз ауылында Айзат Жұманова алған соққы салдарынан көз жұмған.

    Сот ашық форматта өтіп жатыр, тыңдалымдар жалғасуда.

  • Алматыда жеке сот орындаушысы 370 млн теңгені заңсыз иемденгені үшін сотталды

    Алматыда жеке сот орындаушысы 370 млн теңгені заңсыз иемденгені үшін сотталды

    Алматыда жеке сот орындаушысы өндіріп берушілерге тиесілі ақшаны иемденіп, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп танылды. Бұл деректер қалалық прокуратура жүргізген тексеріс барысында анықталған, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Прокуратураның мәліметінше, сот орындаушысы қызметтік өкілеттігін пайдаланып, өндіріп берушілерге арналған 370 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Сондай-ақ ол Range Rover маркалы автокөлікті заңсыз иемденіп, 19 млн теңгеден астам залал келтірген.

    Алмалы аудандық соты айыпталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруға, қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Сонымен бірге оның сот орындаушысы ретінде қызмет атқаруына тыйым салынды.

    Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

    Ақпарат Алматы қаласы прокуратурасының ресми деректеріне сүйеніп әзірленді.

  • «Alatau» АЭА-сының жаңартылған картасы мен 2047 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді

    «Alatau» АЭА-сының жаңартылған картасы мен 2047 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді

    Қазақстан Үкіметі «Alatau» арнайы экономикалық аймағының жаңартылған шекараларын бекітті. Енді оның құрамына Қонаев қаласының, Алатау ауданының, сондай-ақ Талғар және Іле аудандарының аумақтары кіреді. Жаңартылған АЭА-ға порттық мәртебе беріліп, дамуы әуежай инфрақұрылымы мен көліктік-логистикалық жобаларға басымдықпен жүргізіледі, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    2047 жылға дейінгі даму жоспары төмендегідей көрсеткіштерді қамтиды:
    •53 қатысушы;
    •1666 млрд теңге инвестиция, оның ішінде 1 трлн теңгеден астамы – шетелдік;
    •1759 млрд теңге өнім мен қызмет көлемі;
    •17,3 мың жаңа жұмыс орны;
    •91% қазақстандық қамту деңгейі.
    Аумағының кеңеюі ірі логистикалық, өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Инвесторлар көлік хабын дамытуға және халықаралық бағыттармен өзара байланыс арттыруға бағытталған бірқатар жобаларды дайындап жатыр.
  • Оралда тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандар ұсталды

    Оралда тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандар ұсталды

    Оралда Ұлттық ұлан мен ҚАЖ қызметкерлері бір мекемеге тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолын кесті., деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 3 желтоқсанда, шамамен 17:10-да болған. Өндірістік цехқа брус әкелген автокөлікті тексеру тобы тоқтатқан. Тексеру барысында «Детектив» атты қызметтік іздестіру иті брустардың бірін белгіледі. Осыдан кейін мамандар тереңдетілген тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдаған.

    Радиотехникалық құрылғыны пайдалана отырып жүргізілген тексеріс кезінде брустың ішінен жасырылған заттар табылды. Тергеу-жедел тобы 17 мобильді телефон, 32 қорап темекі, алты USB-шнур, бейне және аудио жазу функциясы бар қалам, сегіз SIM-карта және екі пауэрбанк тәркіледі. Пауэрбанктердің ішінен алдын ала каннабис деп анықталған өсімдік тектес зат салынған жеті ZIP-пакет табылған.

    Ұлттық ұланның мәліметінше, операцияның сәтті өтуіне тексеру бөлімі бастығы ефрейтор Азамат Тілеу мен кинолог маманы ефрейтор Аманай Бақтығали кәсіпқой әрекеттерімен үлес қосты. Қазір тексеріс жүргізіліп, тыйым салынған заттарды жеткізуге қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр.

    Тапқырлық танытқан әскери қызметшілер Ішкі істер министрінің орынбасары. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен марапатталатын болады.

  • Таразда арнайы тұрақтан жоғалған көлікке қатысты сот шешімі шықты

    Таразда арнайы тұрақтан жоғалған көлікке қатысты сот шешімі шықты

    Таразда Ford Fiesta автокөлігінің иесі бірнеше жыл бұрын арнайы тұраққа қойылған көлігінің жоғалуына байланысты сот арқылы өтемақы өндіруге қол жеткізді. Бұл туралы істің материалдарында көрсетілген, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Сот мәліметінше, автокөлік 2017 жылдың қазанында полиция шешімімен айыптұрағына қойылған. Кейін тұрақты басқару құқығы жеке охрандық агенттікке өткен. Алайда 2022 жылдың желтоқсанында иесіне көліктің орнында жоқ екені анықталды. Қайда екені әлі белгісіз. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

    Талапкердің айтуынша, мүліктің сақталуына жауапты – охрандық фирма. Сарапшылар көліктің нарықтық құнын 3,4 млн теңгеге бағалаған. Агенттік өкілдері кінәні мойындамағанымен, көліктің сақталғаны немесе оның жоғалуына өздері кінәлі еместігі туралы дәлел ұсына алмады.

    Сот сондай-ақ 2017 жылы көлікті айыптұрағына қоюға полицияда негіз болмағанын анықтады. Соған қарамастан, 2019 жылдан бастап көлік жауапкердің қарауында болып, дәл сол кезеңде жоғалып кеткен.

    Нәтижесінде талапкердің талабы толық қанағаттандырылды. Охрандық агенттіктен 3,4 млн теңге шығын және іс бойынша шығындар өндіріледі.

  • Головкин — Бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық

    Головкин — Бокс даңқы залына енген алғашқы қазақстандық

    Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин, америкалық Антонио Тарвер және британдық Найджел Бенн 2026 жылы Халықаралық бокс даңқы залына енгізіледі. Ресми ақпарат 4 желтоқсанда Дaңқ залының Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

    Салтанатты рәсім 2026 жылдың 11–14 маусымында АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Канастота қаласында өтеді.

    Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы және посткеңестік кеңістіктен шыққан төртінші спортшы. Бұған дейін Даңқ залына Костя Цзю мен Кличко бауырлары енгізілген.

    Әуесқой рингте GGG 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жетті. Ол әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының негізгі көшбасшыларының бірі болды.

    Кәсіпқойлар арасында Головкин IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы атанды. Барлығы 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті, оның 37-сі нокаутпен аяқталды. Ол ұзақ уақыт бойы әлемдік P4P рейтингінің көшбасшылар қатарында болды.

    Головкиннің қатарынан 23 нокауттық жеңісі орта салмақ тарихындағы ең ұзақ серия ретінде танылды. Сонымен қатар, ол орта салмақта 21 рет чемпиондық атақты сәтті қорғап, бұл көрсеткіш Гиннестің рекордтар кітабына енді.

  • Жамбыл облысында жасөспірімдерді азаптаған іс бойынша үкім шығарылды

    Жамбыл облысында жасөспірімдерді азаптаған іс бойынша үкім шығарылды

    Жамбыл облысында кәмелетке толмаған өгей балаларына қатыгездік жасады деп айыпталған Узакбай Турбаевқа қатысты сот үкімі жарияланды. Тергеу деректеріне сүйенсек, жасөспірімдер жүйелі түрде ұрып-соғуға және негізгі қажеттіліктерден шектелуге ұшыраған. Бұл фактілер медициналық құжаттармен және қоғамда резонанс тудырған бейнежазбалармен расталды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-сілтеме жасап.

    Турбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамай, оқиғаның қолдан жасалғанын және балалардың отбасыға оралғысы келетінін айтты. Алайда айыптау тарабының мәліметінше, жасөспірімдер оқу орнына барудың орнына үй шаруасына және мал бағуға жегілуі болған. Сотта олардың жасына сай дамымағаны, әлсіз, арық және қараусыз қалғаны атап өтілді.

    Сондай-ақ балаларды «қарауын қиындатпау үшін» тақырлап қырғаны айтылды. Тергеу мұның дәстүрге қатысы жоқ екенін, керісінше, «Білім туралы» және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңдардың талаптарына қайшы келетінін түсіндірді.

    Қорғау тарабы отбасының «әдеттегідей өмір сүргенін» және ешқандай заң бұзылмағанын алға тартты. Олар Турбаевты әкелік рөлді атқарған адам ретінде сипаттап, туған әкесінің тек алиментпен шектелгенін айтты. Сонымен қатар оның діндарлығын оң сипат ретінде келтірді, бірақ айыптау бұл жайтты жоққа шығарып, оның діни тәжірибелері Қазақстанда қабылданған нормаларға сәйкес келмейтінін жеткізді.

    Мемлекеттік айыптаушы төрт жыл сегіз ай бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот материалдарды және тараптардың уәждерін қарастырып, Турбаевты кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Қорғау жағы үкіммен келіспей, апелляция беретінін мәлімдеді.

  • «Қазақтармен тай-құлындай тебісіп өстік» – Қонаев қаласының тұрғыны ұлттар достығы туралы

    «Қазақтармен тай-құлындай тебісіп өстік» – Қонаев қаласының тұрғыны ұлттар достығы туралы

    Тәуелсіз еліміздің жаңа отбасыларының басты күші – бірлік пен ортақ рух. Бұл бүгінгі қоғамда өз орнын тапқан мыңдаған жас отбасылардың өмірінен айқын көрінеді. Солардың бірі – Қонаев қаласының тұрғыны, ұлты неміс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын Ержан Гайвель.

    Ержанның атасы ел басына күн туған ашаршылық жылдары Қазақстанға қоныс аударған. Сол кезеңде жаңа жер, жаңа тағдыр, жаңа үміт тапқан ұрпақтың жалғасы – бүгінгі Ержан.

    «Мен еліміздің шығысы – Жидебайда дүниеге келдім. Қазақ балаларымен тай-құлындай ойнап өстік. Ата-әжелеріміздің өмірі жайлы толық біле алмасақ та, өз Отанымызды – Қазақстанды жүрегімізге жақын тұттық. Тілім – қазақ тілі. Орысша акцентпен сөйлеймін», – дейді Ержан Гайвель.

    Жастық шағында әскери борышын өтеуге Қапшағайға (қазіргі Қонаевқа) келген ол өмірлік жары Айгерімді жолықтырып, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған бақытты әке. Отбасыдағы балалардың бәріне қазақша есім беріп, ұлттық рухты ұрпақ жадында сақтауды мақсат етеді.

    «Қиын жылдары бізге қолдау көрсеткен жандар аз болған жоқ. Әсіресе, Серік деген ағамыздың үйін паналаған кездерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Қазір, Аллаға шүкір, барлығы түзелді. Көпбалалы ата-ана атандық. Бізді демеген адамдарға ризамыз», – дейді ол.

    Оның айтуынша, Қонаев қаласының басты ерекшелігі – әр этнос өкілінің бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешуі.

    «Қалада алдағы күндері кәріс халқының мерекесі тойланады. Бұдан бөлек, тұрғындар «Масленица», «Пасха», Құрбан айт секілді әртүрлі мейрамдарды бірге атап өтеді. Бұл – бірлігіміздің, татулығымыздың айғағы», – дейді қала тұрғыны.

    Тәуелсіз Қазақстанның жаңа ұрпағы – түрлі ұлттан тарағанымен, ортақ мүддесі бір халық.

    Ержан секілді азаматтардың өмір жолы еліміздегі ынтымақ пен достықтың ең жарқын дәлелі. Бірлік пен татулық – ел іргесінің беріктігін айғақтайтын басты құндылық. Ал сол құндылықты көздің қарашығындай сақтайтын жаңа буын – тәуелсіздіктің тірегі.

  • Қазақстанда 4 желтоқсанда жер сілкінісі тіркелді: зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ

    Қазақстанда 4 желтоқсанда жер сілкінісі тіркелді: зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ

    Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны өлтірді деп айыпталған 11-сынып оқушысына сот үкімі жарияланды. Қайғылы оқиға 21 шілдеде болған. Үй тазалап қосымша табыс табуға кеткен әйел сол күні үйіне оралмаған. Оны туыстары он күн бойы іздеп, ақыры мәйіті қоқыс жәшігі маңынан пакетке оралған күйде табылған, деп хабарлайды Sona.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу материалдарына сәйкес, жұмысқа шақырған жасөспірім марқұмға 25 рет пышақ сұғып, ауыр қылмыс жасаған. Кейін ол қылмыстың ізін жасыру мақсатында әйелдің денесін түн ішінде қоқыс маңына апарып тастаған.

    Сотта жасөспірімнің қылмысты жалғыз өзі жасағаны айтылды. Тергеу деректері қылмыстың қасақана жасалғанын және айыпталушының оны жасыруға тырысқанын дәлелдейді. Прокуратура кәмелетке толмағандарға қатысты заң нормаларын ескере отырып, жаза тағайындауды сұраған.

    Сот үкімі бойынша оқушы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жасөспірімдерге арналған арнайы түзету мекемесінде өтейді. Судья жаза көлемінің заңмен шектелетінін атап өтті.

    Марқұмның жақындары үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл жаза жасалған қылмыстың ауырлығына сай келмейді. Туыстары үкімді тым жеңіл деп бағалап, шағым түсіруге ниетті.

    Қорғаушы тарап пен прокурордың қосымша түсініктемелері апелляциялық шағым қарала бастағаннан кейін белгілі болады. Қылмыстық іс бойынша апелляция жақын күндері беріледі деп күтіледі.