Метка: Басты оқиғалар

  • Алматы облысында жастарға арналған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті

    Алматы облысында жастарға арналған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы өтті

    Алматы облысының Қонаев қаласында 3 желтоқсанда жастарды салауатты өмір салтына ынталандыруға бағытталған «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» форумы ұйымдастырылды. Шара жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті күшейтуге және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.

    Форумға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев, спортшылар, қоғам белсенділері, еріктілер, жастар мен танымал блогерлер қатысты. Іс-шараның модераторы — актер және блогер Марселен Камате.

    Өз сөзінде өңір басшысы жастардың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қоғамның қауіпсіз дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында облыста есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар күшейгенін айтты. Оның ішінде «Сақтан» жобасы арқылы мыңға жуық заңсыз жарнама жойылып, 35 семинар өткізілген, 600-ден астам ақпараттық материал таратылған.

    Облыстық ПД бастығы Мейрам Әбікеев өңірде синтетикалық есірткінің көлемі соңғы жылдары он есеге артқанын, биыл бес есірткі зертханасы анықталып, 10 тоннадан астам тыйым салынған зат тәркіленгенін хабарлады. Профилактикалық кеңес жастармен жүйелі кездесулер өткізіп, оқу орындары және ҮЕҰ-мен тығыз жұмыс жүргізіп келеді.

    Форум барысында нашақорлықтың алдын алуда белсенділік танытқан жастар марапатталды. Солардың арасында зиянды әдеттерге қарсы түсірілген фильмде полиция қызметкерінің рөлін сомдаған блогер Абзал Ғарифуллин бар.

    Шара аясында ІІМ Кинологиялық орталығы қызметтік-іздестіру иттерінің қойылымын көрсетті. Ал сыртқы алаңда арнайы жасақ сарбаздары қоян-қолтық ұрыс элементтері мен қылмыскерді құрықтау тәсілдерін көрсетіп, арнайы техниканы таныстырды.

    Форум жастардың есірткіге қарсы иммунитетін күшейтуге, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде өтті.

  • Сәтбаевта ерекше қызға балабақшада 7 ай бойы қысым көрсетілгені анықталды

    Сәтбаевта ерекше қызға балабақшада 7 ай бойы қысым көрсетілгені анықталды

    Сәтбаев қаласындағы балабақшалардың бірінде ерекше қажеттілігі бар 3 жасар қыздың бірнеше ай бойы қатарластарынан және қызметкерлерден қысым көргені туралы видео әлеуметтік желіге жарияланды.  Тілшілері жәбір көрген баланың анасы Мадина Бұхарбековамен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды Sona.kz  Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Анасының айтуынша, 7–8 ай көлемінде топтағы балалар қызын ұрып, тартып құлатып жүрген. Ал тәрбиешілер жағдайға дер кезінде ықпал етпеген. Бейнежазбадан бүлдіршіннің сабақ кезінде де, ас ішу кезінде де топтан оқшауланып отырғаны байқалады.

    19 қарашадағы жазбада балалардың қызды ренжітіп, бетінен ұрған сәттері анық көрінеді. Тәрбиеші болған жағдайға назар аудармаған. Бір кезеңде барлық бала сыртқа шығарылып, бүлдіршін сыныпта жалғыз қалдырылған. Кейін күтуші терезені ашып қойып, еден жуған. Қыз бала 45 минут бойы бөлмеде жалғыз жылап жүрген.

    Мадина Бұхарбекованың айтуынша, қызының «аутизм спектрінің белгілерімен психикалық дамудың кешігуі» диагнозы бар. Ол ұзақ уақыт бойы ем қабылдап, әлеуметтік ортаға бейімделіп келе жатқан. Алайда балабақшадағы жағдай оның күйіне кері әсер етуі мүмкін.

    Ата-ана бұған дейін де көгерген іздер мен жарақаттарды байқаған, алайда баланың ойнап жүріп алғаны деп ойлаған. Балабақша әкімшілігіне бірнеше рет ескерту жасалғанымен, мәселе шешілмеген.

    Қазір оқиға бойынша тексеріс басталды. Ұлытау облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәгерлерден түсінік алып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес шара қолданылмақ.

  • Петропавл: полиция бөлімінде ер адам «қарсылық» көрсетті

    Петропавл: полиция бөлімінде ер адам «қарсылық» көрсетті

    Петропавлда 43 жастағы ер адам алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге келіспейтінін ерекше түрде білдірмек болды. СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, ол полиция бөлімінде қабырғаға әдейі басын соғып, өзіне жарақат келтірген. Оқиға бейнебақылау камераларына жазылып қалған, деп хабарлайды Sona.kz CHECK-POINT.KZ- ке сілтеме жасап.

    Құқық қорғау органдары ер адамның бұған дейінгі құқықбұзушылықтары үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауда отырғанын хабарлады. Алкогольге байланысты мәселелер оның бұрын да тіркелген.

    Медицина қызметкерлері оған қажетті көмекті көрсетіп, жағдайын тұрақтандырды. Полиция аресттің күшінде қалатынын, сондай-ақ сот тағайындаған мәжбүрлі емнің де жалғасатынын мәлімдеді.

    Бейнематериалды СҚО Полиция департаменті ұсынды.

  • Алматыда түнгі жол апатында жедел жәрдем фельдшері қайтыс болды

    Алматыда түнгі жол апатында жедел жәрдем фельдшері қайтыс болды

    Алатау ауданында түнгі сағат 00:40 шамасында жедел жәрдем көлігі мен Kia автокөлігі қатысқан ауыр жол апаты болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, жедел жәрдем жүргізушісі бұрылыс жасауға әрекеттенген сәтте қарсы бағыттан келе жатқан жеңіл көлік оған соғылған, деп хабарлайды Sona.kz Kris_p_Aimaty-ға сілтеме жасап.

    Апат салдарынан екі көліктің жүргізушілері мен жолаушылары жарақат алды. 2002 жылы туған фельдшер ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды.

    Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр.

  • Қоғамдық орындарда никабқа тыйым: жаңа талаптар күшіне енді

    Қоғамдық орындарда никабқа тыйым: жаңа талаптар күшіне енді

    Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-әлпетті толығымен жабатын киім киюге қатысты тәртіп күшейтілді. Ережелерге сәйкес, никаб немесе бетті тануға мүмкіндік бермейтін өзге де киіммен жүрген азаматтарға алдымен ескерту жасалады. Егер талапты қайталап бұзса, 39 320 теңге көлемінде айыппұл салынуы көзделген, деп хабарлайды Sona.kz Stan.kz — ке сілтеме жасап.

    Заңнамадағы өзгерістер тек киімге қатысты шектеулермен шектелмейді. Енді заңға қайшы контентті жариялаған немесе таратқан тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамаларын қасақана орындамаған азаматтарға қатысты да шаралар қарастырылған.

    Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында енгізіліп отыр.

  • Қазақстанда жолаушы тасымалында оң рульді көліктерді шектеу ұсынылды

    Қазақстанда жолаушы тасымалында оң рульді көліктерді шектеу ұсынылды

    Қазақстанда оң рульді көліктерді жолаушы тасымалында қолдануға қатысты талаптарды қатаңдату мәселесі қайта көтерілді. Бұған жол-көлік оқиғаларының артуы және Toyota Alphard пен Toyota Estima маркалы көліктер қатысқан бірқатар қайғылы жағдай түрткі болды, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Auto- ға сілтеме жасап
    Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы он айында оң рульді көліктердің қатысуымен болған жол апаттары 27% артқан. Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген тыйымға қарамастан, бейресми тасымалдаушылар әлі де осындай көліктерді пайдаланып жүр, ал агрегаторлар тарапынан бақылау жеткіліксіз.
    Депутат жаз айларында Жамбыл және Алматы облыстарында Alphard қатысқан екі ірі жол апатында 10 адамның қаза тапқанын, төрт адамның жарақат алғанын еске салды.
    «Коммерциялық және қалааралық жолаушы тасымалдауда оң рульді көліктерді қолдануға толық әрі міндетті тыйым енгізу қажет», — деді Бейсенбаев Мәжіліс отырысында.
    Мәселе тиісті ведомстволарда қаралады.
    Соңғы апта ішінде Toyota Alphard қатысқан екі жол апатында:
    •8 адам — 30 қыркүйекте Алматы — Бішкек трассасындағы апатта;
    •2 адам — 3 қазанда Павлодар облысында жылқымен соқтығысудан кейін қаза тапты.
    Тыйым бар болғанымен, оның орындалуы әлі де әлсіз екені байқалады
  • Алматыда қызды күштеп көлікке отырғызбақ болды: оқиғаны куәгер тоқтатты

    Алматыда қызды күштеп көлікке отырғызбақ болды: оқиғаны куәгер тоқтатты

    Алматыда Төле би көшесі мен Әуезов даңғылының қиылысындағы Small супермаркетінің жанында белгісіз адамдар қызды күштеп көлікке отырғызуға әрекет жасаған, деп хабарлайды Sona.kz Jagdai-ға сілтеме жасап.

    Жақын маңдағы үйдің тұрғыны айқайлаған дауысты естіп, оқиғаға араласып, полиция шақырған. Куәгерді байқап қалған күдіктілер оқиға орнынан тез жоғалып кеткен.

    Құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп, күдіктілердің тұлғаларын анықтап жатыр.

     

  • Алматы облысының Бесағаш ауылында топ жасөспірім өтіп бара жатқан жігітті соққыға жықты

    Алматы облысының Бесағаш ауылында топ жасөспірім өтіп бара жатқан жігітті соққыға жықты

    Алматы облысының Бесағаш ауылында бір топ жас өтіп бара жатқан ер адамды ұрып-соққан. Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Sona.kz Qumash-қа сілтеме жасап.

    Жәбірленушінің айтуынша, ол үйіне қайтып бара жатқан. Көшеде тұрған жастар тобының жанынан өткен кезде олардың бірімен бейсаналы түрде «сүрінісу» болған. Сол сәттен кейін сөзге келу орын алып, жанжал төбелеске ұласқан. Видеода бірнеше адамның бір жігітке соққы жасап жатқаны көрінеді.

    Жәбірленуші полицияға арыз жазды. Облыстық полиция департаменті тексеріс жүріп жатқанын, қосымша ақпарат кейін берілетінін хабарлады.

  • Қонаевта жабайы сауда орнына сквер салынды

    Қонаевта жабайы сауда орнына сквер салынды

    Қонаевтағы Абай көшесінде бірнеше жылдар бойы стихиялық сауда орны қалыптасқан.

    Қаланың келбетін жақсарту, тұрғын үй алаңын абаттандыру мақсатында мұнда сквер пайда болды. Сонымен қатар мұнда воркаут алаңы салынды.

    Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласы әкімдігінің 2022 жылғы қаулысымен «Айша сити» базары стационарлық емес бөлшек сауда орны ретінде белгіленген. Сол себепті енді сатушылар осы базарға барып, кәсіппен айналысуы тиіс. Жәрмеңкелік орындар дайындалып қойған.

    Қазіргі таңда стихиялық сауда орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан белгіленбеген орында сауда сатқандары үшін жеке және заңды тұлғаларға 2 562 600 теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ осы тақырыпта ақпараттық баннерлер ілінді.

    Бұған дейін сатушылармен әкімдік өкілдері бірқатар кездесулер ұйымдастырып, мән-жайды түсіндірді.

    Сонымен қатар шаһарда қолайлы орта құру бағытындағы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 15 аймақ абаттандырылуда. Жыл соңына дейін барлық жобаның құрылысы аяқталады.

  • Алматы-1 вокзалы маңында пышақ ұстаған ер адамды ЖҚАЖ залалсыздандырды

    Алматы-1 вокзалы маңында пышақ ұстаған ер адамды ЖҚАЖ залалсыздандырды

    Алматыда арнайы жедел әрекет ету жасағы Алматы-1 теміржол вокзалының жанында пышақпен жүрген ер адамды тоқтатты. Оқиға туралы хабар ер адамды байқап қалған тұрғыннан түскен, передаёт Sona.kz со ссылкой на Almaty Tengri.

    Полицияның мәліметінше, ол күйзеліс жағдайында болып, өзін өзі жарақаттамақ болған. Құқық қорғау қызметкерлерінің талаптарына бағынбай, пышақты тастауға келіспеген.

    СОБР қызметкерлері ер адамды қауіпсіз тәсілмен ұстап, оны психологиялық және медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлерге тапсырды. Оның бұл әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз.

    Полиция тұрғындарды осындай жағдайларда бірден құқық қорғау органдарына хабар беруге шақырады.