Метка: Басты жаңалықтар

  • Ақтөбеде қаза тапқан жас футболшы мен туыстарының өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды

    Ақтөбеде қаза тапқан жас футболшы мен туыстарының өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды

    Ақтөбеде 15 жастағы футболшы Арон Мұса мен оның туыстарының өліміне қатысты алдын ала нұсқа жарияланды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға 12 қазан күні болған. Құтқарушылар Күтуев көшесіндегі жеке үйден үш адамның денесін тапқан. Үйдің бүтін екені, өрт белгілерінің болмағаны анықталды. Болжам бойынша, өлімге көмірқышқыл газымен улану себеп болған.

    «Газ жабдықтарына техникалық сараптама жүргізіліп жатыр, нақты себептері анықталуда», — деді облыстық полиция департаменті.

    Марқұмның туыстарының айтуынша, Арон сол түні әжесінің үйінде түнеп қалған. Таңертең оны, әжесін және нағашысын өлі күйінде тапқан. Бір жыл бұрын Арон әкесінен айырылған.

    Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасарының жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

    Футбол клубы да қаралы хабарды растады.

    «Арон Мұса U-16 командасында ойнады. Алты ойын өткізіп, бір нәтижелі пас берген. Талантты әрі еңбекқор ойыншы еді», — делінген «Ақтөбе» клубының хабарламасында.

    ТЖД мәліметінше, аймақтағы барлық жеке үйлердің жылыту жүйелері тексеріліп, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

  • Елена Блиновская түрме мерзімін қысқартты

    Елена Блиновская түрме мерзімін қысқартты

    Ресейде танымал блогер және «Марафон желаний» жобасының авторы Елена Блиновскаяның жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

    Мәскеу қалалық соты Савелов аудандық сотының 2025 жылғы наурыздағы үкімін қайта қарап, бас бостандығынан айыру мерзімін 5 жылдан 4,5 жылға дейін қысқартты. Сонымен қатар, айыппұл мөлшері 950 мың рубльге, ал кәсіпкерлік қызметке тыйым салу мерзімі 3 жыл 9 айға дейін азайтылды.

    Тергеу деректеріне сәйкес, Блиновская 2019–2021 жылдары онлайн-курстар мен ақпараттық қызметтер көрсетіп, 918 миллион рубльден астам салықты төлемеген. Бұл үшін ол бизнесті бірнеше жеке компанияларға «бөлшектеу» схемасын қолданған.

    Қорғаушы тарап соттан жазаны кейінге қалдыруды сұрады — блогердің кіші қызы Аврораға қазір небәрі бес жаста, ал өтініш 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімге берілді.

    Еске салайық, Блиновская әлеуметтік желілерде «Марафон желаний» атты мотивациялық жобасымен танымал болды. 2020 жылы оның идеясы негізінде дәл осы атаумен көркем фильм де жарық көрген болатын.

  • Атырауда әйел бірге тұратын азаматын өлтірді: іс бойынша тергеу басталды

    Атырауда әйел бірге тұратын азаматын өлтірді: іс бойынша тергеу басталды

    Атырау қаласында тұрмыстық жанжалдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Әйел адам өзімен бірге тұратын азаматты пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Sona.kz Kris_p_astana-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, оқиға үй жағдайында болған. Ерлі-зайыпты арасында жанжал туындап, ашуға булыққан әйел пышақ алып, ер адамға соққы жасаған. Алған жарақатының ауырлығынан ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.

    Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

    Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

    Полиция өкілдері мұндай тұрмыстық жанжалдардың жиілеп кеткенін атап өтіп, азаматтарды агрессия мен дау-дамай туындаған жағдайда психолог немесе медиация орталықтарына жүгінуге шақырды.

    Айта кетейік, соңғы уақытта Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше қайғылы оқиға тіркелген.

  • Қазақстанда биыл 10 оқушы есірткі «жасырғаны» үшін ұсталды

    Қазақстанда биыл 10 оқушы есірткі «жасырғаны» үшін ұсталды

    2025 жылдың басынан бері Қазақстанда есірткі қылмыстары бойынша 61 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 10-ы — мектеп оқушысы, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов Үкімет сағатында айтты. Оның сөзінше, ұсталғандардың 40-ы — колледж студенттері.

    «Есірткі сату үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Кейде қоғамда оны 13 жасқа дейін төмендету туралы ұсыныстар айтылады, бірақ бұл тек аса ауыр қылмыстарға қатысты», — деді ол.

    ІІМ өкілі соңғы жылы есірткі өндіру мен таратқаны үшін жазаны күшейтетін түзетулер енгізілгенін атап өтті.

    «Биыл 16 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, 20 қылмыстық іс қозғалды. 60 адам, оның ішінде 16 жетекші ұсталды. 950 келіден астам есірткі тәркіленді», — деді Әмірханов.

    ? Ведомство мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, интернеттегі есірткі саудасына қарсы бақылауды күшейтуде.

  • Қонаевта қоқыс шығарумен қандай компаниялар айналысады?

    Қонаевта қоқыс шығарумен қандай компаниялар айналысады?

    Қалада тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығару және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Қонаев қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша ашық конкурс өткізілді. Бұл туралы ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев мәлімдеді.
    Нәтижесінде келесі ұйымдар қызмет көрсетуші ретінде анықталды:
    •«Эко Сервис Алматы» ЖШС;
    •«Капшагай АТО» ЖШС;
    •«Қонаев Көркейту» ШЖҚ МКК (саяжай массивтері мен Шеңгелді ауылдық округі аумағындағы қалдықтарды шығару).
    «Қабылданған шешімдер қоқыстың жүйелі әрі сапалы шығарылуын қамтамасыз етіп, қала мен ауылдық аумақтардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған», – деді Тимур Ақмырзаев.
    Оның айтуынша, Қонаев қалалық мәслихатының 2025 жылғы 30 шілдедегі шешімімен тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму қызметтеріне арналған жаңа тарифтер бекітілді.
    Тариф мөлшері келесідей:
    •заңды тұлғалар үшін – 1 текше метр қалдыққа 3040 теңге;
    •көпқабатты үйлер тұрғындары үшін – бір адамға айына 528 теңге;
    •жеке тұрғын үйде тұратындар үшін – бір адамға айына 539 теңге.
    Орташа өсім 7,2% көлемінде болды. Тарифтің өсуі коммерциялық мүддені көздемейді, ол жанар-жағармайдың, техникалық қызмет көрсетудің және қалдықтарды көму шығындарының артуымен байланысты.
    Қазір қалада арнайы техниканы жаңарту және қоқыс таситын көліктердің қозғалысын GPS жүйесі арқылы бақылау енгізілуде. Алдағы уақытта тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
    Бұл шаралар Қонаев қаласының тазалығын арттырып, тұрғындар үшін қолайлы және санитарлық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
  • Қонаев қаласында 200-ден астам ағаш егілді

    Қонаев қаласында 200-ден астам ағаш егілді

    Қонаев қаласында “Таза Қазақстан” акциясы өтті.

    Экологиялық науқанға қоғамдық ұйымдардың мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, тұрғындар қатысты. Олар Сейфуллин көшесінің бойына 215 ағаш екті. Оның ішінде тораңғы, терек, үйеңкі, қарағаш болды.

    Бұған дейін №5 жағажай аумағына 20 ағаш егілген болатын. Алдағы уақытта да қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

  • 74 нормативтік қаулының 41-і орындалды – Конституциялық Сот

    74 нормативтік қаулының 41-і орындалды – Конституциялық Сот

    Қонаев қаласында Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының құрылуына 30 жыл толуына байланысты «Адам құқықтары мен Конституция: 30 жылдық тәжірибе» атты дөңгелек үстел өтті.

    Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, полиция басқармасының өкілдері, судьялар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қоғам өкілдері қатысты.

    Дөңгелек үстел барысында Конституциялық Соттың соңғы жылдардағы қызметі, қабылданған қаулылардың орындалу барысы мен олардың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі талқыланды.

    Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының талдаушысы Дәурен Шәріпбаев баяндама жасап, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық Соттың қабылдаған 74 нормативтік қаулысының 41-і (56%) толық орындалғанын атап өтті.
    Тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар нақты шешімдер қабылданған.

    Мәселен, 2023 жылғы 6 наурыздағы №4 қаулы мемлекеттік қызметке қабылдауға тыйым салу мәселесін қамтып, азаматтардың еңбек ету құқығын қалпына келтірсе, 2023 жылғы 11 сәуірдегі №9 қаулы үйқамақ шарасы кезінде адамның негізгі құқықтарын қорғауға қатысты маңызды ұстанымды бекітті. Сондай-ақ алимент өндіріп алу, бейбіт жиналыстар өткізу сияқты әлеуметтік маңызы бар мәселелер де назардан тыс қалмаған.

    Қазіргі таңда Конституциялық Соттың 33 нормативтік қаулысы (44%) іске асырылу кезеңінде. Ал 14 қаулыны орындау бойынша мемлекеттік органдар нақты шаралар қабылдап жатыр.

    Сонымен қатар дөңгелек үстелде ҚР Конституциялық Сотының судьясы Роман Подопригора сөз сөйлеп, Соттың 30 жылдық тәжірибесі мен конституциялық заңдылықты нығайту бағытындағы жетістіктерді баяндады.

    Кездесуді қорытындылаған қала әкімінің орынбасары:

    «Мұндай кездесулер туындайтын мәселелерді жүйелі түрде талқылауға, ортақ шешімдер қабылдауға және барлық мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясын нығайтуға және құқықтық мемлекетті дамытуға айтарлықтай үлес қосады», – деді.

    Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының 30 жылдық қызметінің қорытындысын шығарып, құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы маңызды диалог алаңы болды.

  • Алматыда 18 жастағы жігітті 20-ға жуық ер адам ұрып-соқты: анасы әділдік талап етті

    Алматыда 18 жастағы жігітті 20-ға жуық ер адам ұрып-соқты: анасы әділдік талап етті

    Алматыда жантүршігерлік оқиға болды. Төле би көшесіндегі «Шашлыкоф» кафесінің маңында топ ер адам 18 жастағы жігітті қатыгездікпен соққыға жыққан. Оқиға 11 мен 12 қазанға қараған түні болған, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлы үйіне қайтып бара жатқан сәтте жасы 35 пен 40 аралығындағы 15–20 ер адам оның жолын кесіп, еш себепсіз ұрып-соққан.

    «Олар ұлымды басынан, бетінен ұрып, тепкіледі. Мұрнын сындырды, ернін жаралады. Ұлым есінен танып қалса да, олар тоқтамады», – деді анасы.

    Куәгерлер жедел жәрдем шақырып, жігіт ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

    Полиция мәліметінше, қазіргі таңда үш күдікті ұсталды, қалғандары іздестірілуде. Тергеу «Бұзақылық» бабы бойынша жүргізілуде. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамдардың жас жігітті қоршап алып, аяусыз ұрып жатқан сәті көрінеді.

    Желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан кінәлілерді жазалауды және осындай оқиғаларға қатаң шара қолдануды талап етуде.

    «Бұл жай бұзақылық емес, баланың өміріне қастандық. Егер жазаланбаса, ертең басқаларға тиіспей ме?» – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

    Қалалық полиция департаменті істі мұқият тексеріп, барлық қатысушыларды жауапқа тартатынын хабарлады.

  • Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Президент Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарын ауыстырды

    Қазақстан Президентінің жарлығымен Ақан Рахметуллин Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Мемлекет басшысының басқа жарлығымен бұл лауазымға Ержан Әшікбаев тағайындалды.

    Ержан Әшікбаев 1974 жылы Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Гарвард университетінің Кеннеди мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару саласының маманы.

    Дипломатиялық қызметін 1998 жылы бастаған, ҚР СІМ орталық аппаратында және шетелдік өкілдіктерде түрлі лауазымдар атқарған. 2021–2025 жылдары АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

  • Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелдіде “Таза Қазақстан” акциясы өтті

    Шеңгелді ауылындағы Бөлек би мемориалында “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді.

    Акцияның мақсаты – ауылдың тазалығын сақтау, тарихи нысандарды күтіп ұстау және табиғатты қорғауға тұрғындардың назарын аудару.

    Іс-шараға ауылдық округ әкімі, әкімдік қызметкерлері, тұрғындар мен жастар қатысып, мемориал аумағын қоқыстан тазартып, шырша ағаштарын отырғызды.

    Осындай шаралар туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға бағытталған.