Метка: Басты жаңалықтар

  • Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында үш бала, оның ішінде үш айлық сәби, пештің ақауынан шыққан көмірқышқыл газына уланып қалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 6 қазан таңертең болған. Үй иесі Әнеля Секенова сағат 7 шамасында түтіннің иісінен оянып, бөлменің қою түтінге толғанын байқаған. Әйел дереу терезе мен есікті ашып, балалардың есінен танып жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған.

    Үш бала да Көксу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін олар жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты.

    Жасұлан мен Әнеля Ноғайбайдың отбасы Балпық би ауылының 14-көшесінде тұрады. Анеляның айтуынша, олар бірнеше рет аудан әкімдігіне табиғи газ тарту туралы өтініш жасаған, бірақ мәселе әлі шешілмеген. Газ 13-көшеге дейін ғана жеткізілген.

    Аудандық ТКШ бөлімінде 14-көшедегі үйлер алғашқы газдандыру жобасына енбегенін түсіндірді, себебі ол кезде үйлер салынып болмаған. Қазір BSP Group LTD компаниясы өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізуде. Жоба Антимонополия комитетінің келісімінен өтуі тиіс.

    Көксу аудандық ТЖ бөлімі оқиғаның себебі пеш мұржасын дер кезінде тазаламау болғанын хабарлады.
    Факт тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

    Қазіргі таңда балалар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты. Құтқарушылар тұрғындарға пештер мен жылу жүйелерін уақытылы тексеріп отыруды ескертеді.

  • Саяжайлардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі қарастырылды

    Саяжайлардың инфрақұрылымын дамыту мәселесі қарастырылды

    Жиналыста Бас жоспардың орындалуы, саяжай массивтерін газдандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, электр желілерін жөндеу сияқты инфрақұрылымға қатысты сұрақтар қарастырылды.

    Сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының сөзінше, Бас жоспарға саяжайлар «шағынаудандар» есебінде енгізілген. Қазіргі таңда құжатқа өзгерістер енгізілуде. Бас жоспар қайта бекітілгеннен кейін «шағынаудан» мәртебесі беріледі. Одан кейін егжей-тегжейлі жоспар жасалады.

    Екінші мәселеге келсек, бұған дейін саяжайлардан тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен ешқандай компания айналыспаған. Енді бұл жұмысты «Қонаев көркейту» мемлекеттік коммуналдық мекемесі атқарады.

    «ТҮКШ бөлімі конкурс ойнатқан болатын. Онда қала бойынша үш компания жеңімпаз атанды. Соның ішінде «Қонаев Көркейту» мекемесі Шеңгелді ауылдық округі мен саяжайлардағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсетуші болып анықталды», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Сондай-ақ мамандар көгілдір отын тарту туралы да түсіндіріп өтті. Мәліметке сүйенсек, құрылыс жұмыстары қаланың Кешенді даму жоспары аясында жүзеге асады деп күтілуде. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

    Алдағы апталарда осы саяжайда жол шұңқырларын жөндеу, істен шыққан жарық бағаналарын бұзып, алып тастау секілді жұмыстар жасалады.

    Жиналыс соңында қала әкімі Асхат Бердіханов аталған проблемалық сұрақтарға байланысты пікірін білдірді.

    «Бүгінде саяжайлардың түйткілдері біртіндеп шешіліп келеді. Кей кооперативтер өз жұмысын тоқтатты, кей саяжайлардың электр желілері мен ауыз су, суармалы су құбырлары әкімдік меншігіне өтті. Мұның бәрі ортақ жұмыстың нәтижесі. Осы қалыптан таймай, өздеріңізбен ары қарай да қызмет етуді жалғастырамыз. Инфрақұрылымды дамытып, саяжайларды жандандыру халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Бүгін айтылған сұрақтар күн тәртібінен түспейді», — деді шаһар басшысы.

    Ақпаратқа қоса кетейік, Қонаев қаласының аумағында 8 саяжай кооперативі орналасқан.

  • Қонаевта 15 қоғамдық аумақ абаттандырылуда

    Қонаевта 15 қоғамдық аумақ абаттандырылуда

    Қонаев қаласында қолайлы орта құру, қоғамдық аумақтардың санын арттыру мақсатында жыл сайын «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылады.

    Былтыр жоба шеңберінде 10 нысан абаттандырылып, көгалдандырылса, биыл 15 нысан жаңа келбетке енуде. Олардың қатарында Қонаев, Сейфуллин, Степная көшелері мен №2 және №5 секілді бірқатар шағынаудандағы аулалар бар. Бұл аулаларда спорт, ойын, воркаут алаңдары салынып, жасыл желектер отырғызылады. Сондай-ақ көше жарығы бұрын-соңды болмаған аумақтарды жарықтандыру көзделуде. 15 нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

    «Бұл жоба жаңа демалыс аймақтарын құру, шаһар келбетін жақсарту, ыңғайлы орта жасау мақсатында қолға алынып отыр. Тұрғындардан өтінімдер 1 ақпаннан 1 наурызға дейін қабылданып, кейіннен бірнешеуі таңдап алынды. Құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау көзделуде», — деді ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев.

    Айта кетейік, бұған дейін қалада жаңа сквер қолданысқа берілген болатын.

  • Астанада «Дорстройтрест» ЖШС басшысы бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 7 жылға сотталды

    Астанада «Дорстройтрест» ЖШС басшысы бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 7 жылға сотталды

    Елордада көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын иемдену және ысырап ету дерегі бойынша «Дорстройтрест» ЖШС директоры сот үкімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Sona.kz Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг департаментіне сілтеме жасап.

    Тергеу мәліметінше, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында инвестициялық келісім жасалып, мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған.

    Алайда құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталмаған, ал қаражаттың бір бөлігі қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар, 650 млн теңге жалған келісімшарттар арқылы басқа компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

    Сот үкімімен компания басшысы Нұрабайев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 131 млн теңге көлеміндегі мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

    Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде.

  • Қазақстанда Джеки Чан түскен «Доспехи бога» фильмінің төртінші бөлімі түсіріледі

    Қазақстанда Джеки Чан түскен «Доспехи бога» фильмінің төртінші бөлімі түсіріледі

    Атақты актер әрі режиссер Джеки Чан өз мансабындағы ең танымал рөлдерінің біріне қайта оралады — «Доспехи бога» культтік франшизасының төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілмек, деп хабарлайды Sona.kz Hola.news-ке сілтеме жасап.

    Кинокомпания өкілдерінің айтуынша, жобаға қатысты алғашқы келіссөздер Бейжіңде өткен, алайда түсірілім орнын Қазақстанға ауыстыру туралы шешім қабылданған. Бұл — елімізде жүзеге асырылатын ең ірі халықаралық кино жобалардың бірі болмақ.

    «Қазақстанның түсірілім алаңы ретінде таңдалуы — үлкен мәртебе. Бұл отандық кино индустриясының дамуына және елдің халықаралық имиджіне зор үлес қосады», — деді компания өкілдері.

    Түсірілімдердің бір бөлігі Алматыда, Шарын шатқалында және Бурабайда өтеді деп жоспарлануда. Жобаға қазақстандық мамандар мен актерлер де тартылады.

    «Құдайдың сауыт-сайманы» фильмі алғаш рет 1986 жылы жарық көріп, Джеки Чанның ең әйгілі туындыларының біріне айналған еді. Онда актер ежелгі жәдігерлерді іздеп, жауыз ұйымдарға қарсы күрес жүргізетін батыр археологтың рөлін сомдайды.

    Жаңа бөлімнің тұсаукесері 2026 жылы өтеді деп күтілуде. Қазақстан фильмнің басты түсірілім және таныстыру алаңдарының бірі болмақ.

  • Петропавлда «Қулагер» хоккей клубының басшысы Сергей Филь ұсталды

    Петропавлда «Қулагер» хоккей клубының басшысы Сергей Филь ұсталды

    Петропавл қаласында полицейлер Астана тұрғыны, 45 жастағы Сергей Фильді ұстады, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап. Ол бірнеше адамды алдап, қаржылық пайда көрді деген күдікке ілінді.

    «Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта бірнеше адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – делінген хабарламада.

    БАҚ дерегінше, бірнеше ресейлік хоккейші Фильге 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша берген. Ол бұл қаржыны қазақстандық азаматтық рәсімдеуге «көмек» ретінде алып, кейін із-түссіз жоғалып кеткен.

    Клуб басшылығы Фильдің былтырғы желтоқсаннан бері «Қулагерде» жұмыс істегенін, бірақ 24 қыркүйектен бері жұмысқа келмей жүргенін растады.

  • Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі балаға қиянат жасаған оқиға бойынша іс қозғалды

    Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі балаға қиянат жасаған оқиға бойынша іс қозғалды

    БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға жедел әрекет етті, деп хабарлайды Sona.kz Қызылорда облысының ПД-не сілтеме жасап.

    Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешовтың айтуынша, күдікті жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    Бұған дейін желіде жасөспірімдердің мүмкіндігі шектеулі балаға күш көрсетіп, аяғын отпен күйдірген сәті түсірілген видео тараған болатын.

    Қоғам тарапынан Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлына жедел әрекеті мен істі толық тексеруге тапсырма бергені үшін алғыс айтылды.

  • Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Ким Чен Ын силиконға қарсы соғыс жариялады: КХДР-де пластикалық операция жасағандарға түрме жазасы қарастырылған

    Солтүстік Корея билігі кеудесін үлкейтуге арналған операциялармен күресті күшейтті. Енді мұндай пластикалық оталар үшін әйелдер мен дәрігерлер еңбек лагерьлеріне жіберілуі мүмкін, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Metro басылымының мәліметінше, елде екі әйел мен оларға ота жасаған дәрігер сот алдында жауап берді. Ол Қытайдан контрабандалық жолмен әкелінген силиконды пайдаланып, операцияларды үйінде өткізген.

    «Социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық мінез-құлыққа еліктеп, капиталистік әрекеттер жасауда», — деді прокурор сотта.

    Барлығы «антисоциалистік әрекет» жасаған деп танылып, еңбек-түзеу лагеріне жіберілуі мүмкін.

    Осы оқиғадан кейін Солтүстік Кореяның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі дене бітімі өзгерген әйелдерді тексеруден өткізуді міндеттейтін нұсқау шығарды.

    Құжатта «социалистік қоғамдағы әйелдер буржуазиялық идеологияның ықпалына түсті» делінген.

    Бұған дейін КХДР билігі джинсы шалбар, татуировка мен «капиталистік» шаш үлгілеріне тыйым салған болатын.

  • Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді

    Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді

    Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалар пантеонына енгізілді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Бұл туралы марқұмның ағасы Айтбек Амангелді Instagram парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, пантеон Қостанай облысы Амангелді ауылындағы туристік кешен аумағында орналасқан. Мұнда ел тарихына елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімдері жазылған мемориал орнатылған.

    «Осы пантеонда Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Біз Павлодардан әкелінген топырақты пантеонға табыстадық. Салтуды Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалардың қатарына енгізді», — деді Айтбек.

    Ол пантеоннан фото және бейнежазбаларды жариялап, анасы да бірге барғанын айтты.

    Елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға

    Салтанат Нүкенованың өлімі елде зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалыстың символына айналды.

    2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы мейрамханалардың бірінде 31 жастағы Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаевтың соққысынан қаза тапты.

    12 қарашада Бишімбаев қамауға алынып, тергеу 2024 жылдың қаңтарында аяқталды. Сот процесі 27 наурызда басталып, онлайн көрсетілім арқылы барша жұртқа қолжетімді болды.

    2024 жылдың мамырында сот алқасы экс-министрді айыпты деп танып, оны 24 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

    Салтанат Нүкенованың есімі елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің символына айналып, әйелдердің құқығын қорғау мәселесін қайта қарауға түрткі болды.

  • Зайсанда жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр: ашылуы 2026 жылға жоспарланған

    Зайсанда жаңа әуежайдың құрылысы жүріп жатыр: ашылуы 2026 жылға жоспарланған

    Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz Tengri Travel.
    Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, нысан құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады:
    •бірінші кезеңде сыртқы инженерлік желілер орнатылған;
    •екінші кезеңде ұшу-қону жолағы, рульдеу жолақтары, перрон және жарық сигналдық жүйелер салынуда;
    •үшінші кезеңде диспетчерлік пункт пен аэронавигациялық және метеоқамтамасыз ету ғимараттары бой көтереді;
    •төртінші кезеңде жолаушылар терминалы, әкімшілік ғимараттар, апаттық-құтқару станциясы мен қоймалар салынады.
    Басқарманың мәліметінше, ұшу-қону жолағына таңба салынды, перронға асфальт төселген, ал терминал іргетасы дайын. Қазір қабырғалар мен жабындар тұрғызылып жатыр.
    «Қазір әкімшілік ғимарат, гараж, қойма, апаттық-құтқару қызметі және тарату орталығының құрылысы қатар жүріп жатыр», — делінген ведомство хабарламасында.
    Сондай-ақ су құбыры мен су бұру жүйесінің құрылысы аяқталды. Жарық сигналдық құралдар мен сорғы станциясы орнатылуда.
    Ашылу мерзімі
    Әкімдік мәліметінше, әуежай құрылысы шамамен 25 айға есептелген, алайда жұмыстарды 17 айда аяқтау жоспарланған.
    Негізгі құрылыс 2025 жылдың наурызында басталды. Әуежай Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде, бұрынғы әскери аэродром орнында салынып жатыр.
    Жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,2 шақырым, ал терминалдың ауданы 4 мың шаршы метр болады. Ол сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады.
    Әуежай 2026 жылы пайдалануға беріліп, тұрақты әуе қатынастары ашылады деп жоспарлануда.
    primeminister.kz дерегінше, қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 136 мың адамға дейін өсуі мүмкін.
    Бұған дейін елімізде Зайсан, Катонқарағай және Кендерлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салынатыны хабарланған.