Метка: Басты жаңалықтар

  • Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыдағы барахолка маңында пышақ қолданылған жанжал: полиция қылмыстық іс қозғады

    Алматыда барахолка маңында болған жаппай төбелеске байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада екі ер адамның жол үстінде жанжалдасып, кейін төбелеске ұласқаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, олардың бірі пышақ алған. Оқиғаға куә болғандар қайғылы жағдайдың алдын алу үшін араласқан.

    Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс Алатау ауданының полиция басқармасында тергеліп жатыр.

    «Барлық қатысушылардың тұлғасы анықталды, оларды ұстау шаралары қабылдануда. Әрқайсысының әрекеті жан-жақты тексеріліп, тергеу нәтижесінде заңға сәйкес баға беріледі», — делінген Алматы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

    Полиция азаматтарды кез келген даулы жағдайды заң шеңберінде шешуге шақырды. Күш қолдану мен агрессия үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

     

  • «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    «Көкшетау – Атбасар» тас жолында жүргізуші адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

    Ақмола облысында «Toyota Avensis» автокөлігінің жүргізушісі адамды қағып, оқиға орнынан ізін жасырған, деп хабарлайды Sona.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 4 қазанда «Көкшетау – Атбасар» автожолының 176-шақырымында болған. Алдын ала деректер бойынша, мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ қара түсті көлік 60–70 жастағы ер адамды қағып кеткен.

    Зардап шегуші жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
    Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.

    Қазір полиция қызметкерлері марқұмның жеке басын анықтау және қашып кеткен жүргізушіні іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.

    Полиция тұрғындарды жол апатына куә болған немесе оқиға туралы қандай да бір ақпараты бар болса, хабарлауға шақырады.

  • Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында жасөспірімдер ерекше қажеттілігі бар баланы азаптап, аяғын күйдірген

    Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар балаға жасалған зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Sona.kz Письма президенту телеграм каналына сәлтеме жасап.

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрлардан бірнеше жасөспірімнің балаға қорлық көрсетіп, аяғын күйдіргені байқалады.

    Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды.

    Қоғам өкілдері мен белсенділер Ішкі істер министрі Ержан Сапарбековтен кінәлілерге қатаң шара қолдануды сұрап отыр.

    Психологтар соңғы уақытта балалар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық жиілегенін айтып, ата-аналарды балаларымен сөйлесіп, адамгершілікке, сыйластыққа тәрбиелеуге шақырады.

  • Қарағандыдағы қайғылы оқиға: көз жұмған 23 жастағы қыздың артында баласы қалды

    Қарағандыдағы қайғылы оқиға: көз жұмған 23 жастағы қыздың артында баласы қалды

    Қарағандыда 23 жастағы қыздың өліміне қатысты іс тергеліп жатыр. Оның денесі полиция майорының жанынан табылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған полицейдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді, деп хабарлайды Sona.kz ZTB-ға сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Қарағандыдағы пәтерлердің бірінде болған. Оқиға орнынан 23 жастағы әйелдің мәйіті мен ауыр жараланған полиция қызметкері табылған. Ер адам облыстық ауруханаға жеткізілген.
    «Науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Жағдайында оң динамика байқалады», – деді денсаулық сақтау басқармасында.

    Марқұмның туыстарының айтуынша, оның артында кішкентай баласы қалған.
    Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу органдары оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.

  • Қонаевта өткен «Таза Қазақстан» акциясына 500-ден астам адам қатысты

    Қонаевта өткен «Таза Қазақстан» акциясына 500-ден астам адам қатысты

    Қонаев қаласында республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті.

    Негізгі мақсат – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және абаттандыру.
    Шараға 500-ден астам адам, соның ішінде мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жеке бизнес өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

    Қатысушылар көшелер мен аулаларды, қоғамдық аумақтарды тазалап, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығарды. Нәтижесінде 2 тоннадан астам қоқыс жиналды.

    Сенбілік Қонаев тұрғындарын экологиялық мәдениетті арттыру мен таза әрі жайлы қала қалыптастыру идеясы төңірегінде біріктірді.

  • Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Ұлағатты ұстаздар марапатталды

    Бұл күні сапалы білім беруде ерен еңбек сіңірген педагогтер марапатталып, оқушылар мен жас мамандар өз өнерлерін паш етті.

    Алғашқы құттықтау сөзін алған шаһар басшысы Асхат Бердіханов мектептердің кезең-кезеңімен заманауи жабдықталып, күрделі жөндеуден өтіп, жылдан жылға білім сапасы артып келе жатқанын тілге тиек етті.

    «Ұстаз – жас ұрпақтың тағдырын қалыптастыратын, елдің ертеңін айқындайтын ұлы тұлға. Қаламызда білім беру саласы жүйелі түрде жаңғырып келеді. Мектептеріміз кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жабдықталуда. Мәселен, Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталса, биыл А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді ол.

    Сонымен қатар әкім биік белестерді бағындырған озат оқушылар мен мұғалімдерді ерекше атап өтті.

    «Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі елдің тірегі, мемлекетіміздің болашағы. Сіздердің әрбір еңбектеріңіз – ұлт игілігіне қосылған үлес. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!» – деді Асхат Бердіханов.

    Салтанатты шара кезінде кей ұстаздарға Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы берілсе, ал басқалары Алматы облысы әкімінің және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мерекеде 30-40 жыл педагогика саласында қызмет еткен ардақты мұғалімдер сый-құрметке бөленді.

    «Педагогика – табандылық пен ізгілікті, шыдамдылық пен ізденісті талап ететін сала. Жақында қаламыздың 55 жыл мерейтойы аталып өтті. Енді міне кәсіби мерекемізді тойлап отырмыз. Келер ұрпақ ел іргесін мығым ұстайтын алғыр, парастты болып өссін. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын», – деді Кербұлақ ауылының ардагер ұстазы Асия Солтаева.

    Кеш Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы туралы қойылымға ұласып, концерттік бағдарламамен жалғасты

  • Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда «қарумен» жол үстінде жанжал шығарған жүргізуші қамауға алынды

    Алматыда жол қозғалысы кезінде қолына қаруға ұқсас зат ұстап шыққан жүргізуші әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға қалай болды

    Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада оқиғаның Құлжа трактісінде болғаны көрсетілген. Жүргізушілердің айтуынша, Toyota Prado көлігін тізгіндеген ер адам алдымен жолды бірнеше рет қауіпті жағдайда орап өтіп, қарсы көліктің жүрісіне кедергі келтірген. Жәбірленуші тоқтап, мән-жайды білмек болғанда, күдікті көлігінен түсіп, қолына пистолетке ұқсайтын зат алып шыққан.

    Полицияның түсініктемесі

    Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында жүргізушінің қолындағы заттың шын қару емес, пистолетке ұқсас оттық екені анықталды.
    «Аталған азамат бірден ұсталып, оның әрекеттері ‘ұсақ бұзақылық’ бабына сәйкес келетіндігі анықталды», – деп мәлімдеді полиция.

    Сот шешімі

    Арнайы әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке қамауға алынды.

    ? Полиция тұрғындарды жол үстінде арандатушылыққа берілмеуге және кез келген күдікті жағдайларды дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

  • Заңгер: «Денсаулық сақтау министрлігі босанған әйелдің ісінде перзентхананы қорғап отыр»

    Заңгер: «Денсаулық сақтау министрлігі босанған әйелдің ісінде перзентхананы қорғап отыр»

    Алматыда әйелдің ішінен кесарь тілігінен кейін марля табылды. Ол онымен тоғыз ай жүріп, 90% еңбекке жарамдылығын жоғалтқан, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Адвокат Анна Чернованың айтуынша, оның клиентіне 2024 жылдың тамызында № 2 перзентханада ота жасалған. Әйел келесі күні қатты ауырсынғанын айтқанымен, дәрігерлер «бәрі таза» деп үйіне шығарып жіберген. Тоғыз ай бойы азап шеккен науқастың 2025 жылғы мамырдағы КТ-сынан бөгде зат анықталды. 3 маусымда жасалған операция кезінде ішінен марля шығып, ол перитонитке және ағза зақымдануына әкелген. Әйелдің ішегінің бір бөлігі алынып тасталды, ол қазір калоприемникпен өмір сүріп жатыр және дәрігерлерді сотқа беруді жоспарлап отыр.

    Министрлік тексерісі

    Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы 7 тамызда № 2 перзентханаға жүргізілген жоспардан тыс тексерісте заңбұзушылық таппаған. Ал марля алынған жеке клиникада «көптеген заңбұзушылықтар» анықталып, енді осы клиникаға қатысты қылмыстық іс қозғау қарастырылуда.

    Заңгердің пікірі

    Анна Чернованың сөзінше, тексеріс нәтижесі әділетсіз:

    «Министрлік пен медбақылау департаменті № 2 перзентхананы жауапкершіліктен құтқаруға тырысуда. Әйел еңбекке жарамсыз болып қалды, төсектен тұра алмайды, үш баласына қарай алмай отыр. Мұндай дәрігерлерді жауапкершіліктен босату — медицинадағы “айналмалы қорғау”. Бұл — заңға қайшы», — деді заңгер.

    Бұл істің сотта қаралуы алдағы уақытта басталады.

  • Алматыдағы тергеу изоляторына смартфонды бешбармақтың ішіне жасырып кіргізбек болды

    Алматыдағы тергеу изоляторына смартфонды бешбармақтың ішіне жасырып кіргізбек болды

    Алматыдағы тергеу изоляторында ерекше жағдай тіркелді. Қызметкерлер тағам арқылы тыйым салынған зат кіргізу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Sona.kz ҚАЖД-ға сілтеме жасап.

    Ведомствоның мәліметінше, тексеру кезінде күзетшілер бешбармақтың ішінен күмәнді қатпарды байқаған. Тексеру барысында қамыр мен еттің астынан полиэтилен мен фольгаға мұқият оралған смартфон табылды.

    Құрылғы тәркіленіп, жөнелтушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жолданды. Ережені бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жаза қарастырылған.

    ҚАЖД өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер жиі кездеседі. Бұған дейін де изолятор қызметкерлері телефонды шәйнектің, нанның және кір жуғыш ұнтақтың ішінен анықтаған.

    Ресми органдардың мәліметінше, сотталғандардың қолына ұялы телефон түсуі мекеме тәртібін бұзып қана қоймай, қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Бұл заңсыз байланыс орнатуға немесе қылмыстық әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Сол себепті азаматтарға мекемеге жіберілетін сәлемдемелердің ережелерін қатаң сақтауға шақыру жасалды.

  • Қарағандыда 75 жастағы ер адамнан 20 кг есірткі табылды

    Қарағандыда полицейлер 75 жастағы тұрғынды ұстады. Оның қол жүгінен және көлігінен шамамен 20 келі марихуана мен гашиш тәркіленді, деп хабарлайды Sona.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.

    Ведомство дерегінше, ер адам пойызбен оңтүстік өңірден келген. Құқық қорғаушылар алдын ала ақпарат алып, күдіктіні вокзалдан бақылаған.

    ? Тексеру кезінде қол жүгінен марихуана мен гашиш салынған бірнеше түйіншек табылды. Ал көлігінің жүк салғышынан қосымша екі брикет анықталды. Сараптама тәркіленген заттың марихуана екенін растады.

    Аталған дерек бойынша «аса ірі көлемде есірткі заттарының заңсыз айналымы» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция есірткінің Қарағандыда таратылмақ болғанын немесе ары қарай жеткізілуі көзделгенін тексеруде.