Метка: Басты жаңалықтар

  • Ермек Көшербаев СІМ басшысы ретіндегі алғашқы шешімін атады

    Ермек Көшербаев СІМ басшысы ретіндегі алғашқы шешімін атады

    Қазақстанның жаңа сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев тағайындалғаннан кейін алғашқы қадамдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Акорда дәлізінде журналистер министрден негізгі басымдықтары жайлы сұрады. Көшербаев Мемлекет басшысы айқындаған бағыттардың жалғастырылатынын атап өтті:

    «Мен министрлік қалай жұмыс істеп келсе, солай жалғастырамын. Кадрларды өзгертудің жақтасы емеспін. Министрлік маған жақын, бәрін білемін – баспасөз хатшысы да, вице-министр де болдым. Көптеген әріптестер кәсіби тұрғыда өсті».

    Министр алғашқы шешімі ретінде жұмыс кестесін қарау мен құжаттармен танысуды атады:

    «Маған қалың-қалың папкалар әкелді, барлығын оқуым керек – алғашқы шешімім осы. Ұжыммен танысып, әр мәселе бойынша есеп беруді сұрадым».

    Алдыңғы министр Мұрат Нұртілеудің жұмысына баға беруден бас тартты:

    «Бағаны Президент береді. Ол кісі Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды, демек, бағасы оң».

    Көшербаев кадрлық ауыс-түйістерді табиғи процесс ретінде қабылдау қажеттігін де айтты:

    «Бұл – қалыпты өзгерістер. Белгілі бір деңгейдегі міндеттер орындалады, содан кейін жаңа адамдар келеді».

    ? Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте Президент Жарлығымен Ермек Көшербаев ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі және СІМ вице-министрі қызметтерін атқарған. Ал Мұрат Нұртілеу халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі Президенттің көмекшісі қызметіне ауысты.
  • 30 метрлік бәліш, ойын-сауық пен спорт: Қонаев қаласының 55 жылдығы тойланды

    30 метрлік бәліш, ойын-сауық пен спорт: Қонаев қаласының 55 жылдығы тойланды

    Қонаев қаласының құрылғанына биыл 55 жыл толды. Мерекені қала халқы сенбінің жаймашуақ күнінде бірге атап өтті.

    Мерекені тойлату Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Шаһар басшысы Асхат Бердіханов қоғам қайраткері, ҚХА мүшесі Асылы Осман апамызбен, қаланың қадірлі ақсақалдарымен, тұрғындармен бірге Димаш атамыздың рухына тағзым етті.

    Кейіннен ол шаһардың экономикалық дамуына ықпал етіп отырған кәсіпорындардың көрмесін тамашалады. Көрмеге жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» ЖШС, қазақстандық антифриз брендінің негізін қалаушы «Бағашар мекен» ЖШС, құтылар шығаратын «Юнипак Шымкент» ЖШС, Қосқұдық ауылындағы кірпіш зауыты, трансформаторлар шығаратын «ПФ Электросервис» ЖШС өнімдері қойылған. Аталған өндіріс ошақтары бірнеше жыл бұрын негізі қаланып, өз кәсібін дөңгелетуде. Сондай-ақ бұл күні танымал туристік демалыс орны «Del Mare» мен көпфункционалды ойын-сауықтық кешен «ASP ARENA» басшылығы да таныстырылым жасады.

    Мерекеде балалар да назардан тыс қалған жоқ. Қала әкімі Б.Соқпақбаев атындағы орталық саябаққа барып, шеберлік сабақтарын, шоу бағдарламаны бүлдіршіндермен бірге көрді. Ол ТикТок аймаққа да ат басын бұрып, әлеуметтік желі қолданушыларына тікелей эфир арқылы сәлемдеме жолдады. Сонымен қатар жас суретшілер арт-аймақта Д.Қонаевтың портретін бояды.

    Бұдан бөлек, орталық саябақтың спорт алаңында жарыстар ұйымдастырылды. Қала жұртшылығы асық ату, қол күрес, тоғызқұмалақ сынды қазақтың ұлттық ойындары мен волейбол, футбол, үстел ойындарынан өзара сынға түсті.

    Ал орталық алаңда түрлі этномәдени орталықтардың тақырыптық шатырлары тігілді. Әртүрлі ұлт өкілдері 30 метрлік «алма бәлішін» пісіріп, халықтың бірлігі мен татулығын паш етті. Осылайыша, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мейрамға ерекше көрік сыйлады.

    Шараның ресми бөлімінде Асхат Бердіханов жиылған жұртты мерекемен құттықтады.

    «Тарихы терең Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойы құтты болсын! 2022 жылдың 3 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітіліп,  атауы ресми түрде Қонаев болып өзгертілгені баршаңызға белгілі. Сол уақыттан бері қаламыздың бет-бейнесі жаңаша сипатқа ие болып, инфрақұрылымы қарқын алып келеді», − деді ол.

     

    Әкім қаланың жеткен жетістіктерімен де бөлісті.

     

    «Қала халқының саны 3,7 пайызға өсіп, бүгінгі күні 66 200  адамды құрайды. Қаламыз облыс орталығы болған сәттен бастап 312 млрд. теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіпте 418 млрд теңгеге өнім өндірілді, ауыл шаруашылығында 135 млрд теңгеге өнім алынды. Бүгінгі күнге 3 жыл аралығында 177 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде соңғы жылдары әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 235 пәтер берілді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табатын болады», — деді шаһар басшысы.

     

    Асхат Бердіхановтың сөзінше, бүгінде негізгі бағыт – қала инфрақұрылымын дамыту, туристік әлеуетке баса назар аударылған басты құжат – Қонаев қаласының 2027 жылға дейінгі бекітілген әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары.

     

    «Кешенді жоспар  аясында 187 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде: электрмен жабдықтау – 12, газ жүйесі – 8, жылумен жабдықтау – 6, сумен қамту және кәріз – 41, көлік инфрақұрылымы бойынша 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі мерейтой еліміздің ортақ мақтанышы, облыс орталығындағы барлық саланың қарқынды дамуының нақты көрінісі деп білемін. Ортақ қуаныш құтты болсын! Еліміздің береке, бірлігі артып, рухани күшті елдердің қатарында болуға тілектеспін», — деді әкім.

     

    Сонымен қатар шаһар басшысы Қонаевтың дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өміріне белсене қатысып жүрген азаматтар мен ұжымдарды марапаттады.

     

    Баспагер Вагиф Гаджиев болса, қалалық кітапханаға Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы туралы құнды кітапты тарту етті. Естеліктер мен деректер 2,5 жыл жинақталып, 8 келі етіп басылған. Әлемге тек 500 данамен таратылған.

     

    Концерттік бағдарлама бойынша Қонаевтың тарихынан сыр шертетін қойылым қойылып, ән мен биден шашу шашылып, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Әуе шары аспанда қалықтап, той-думанның шырайын кіргізді.

     

    «Мереке кең көлемде аталып өтуде. Қуаныштымыз! Той-тойға ұлассын! 55 жылдық мерейтой құтты болсын! Қаламыз көркейіп, дами берсін!»  — деді тұрғын Меруерт Сағитова.

     

    Ал кешкі бағдарламада Мирас Жүгінісов пен бірнеше танымал қазақстандық топтар өнер көрсетеді. Конкурстар ойнатылып, сыйлықтар таратылады. Мереке отшашумен өз мәресіне жетеді.

     

     

     

     

     

  • Тоқаев Алатауға инновациялық арнайы мәртебе берді

    Тоқаев Алатауға инновациялық арнайы мәртебе берді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Алматы агломерациясына кіретін Алатау қаласы озық даму қаласы мәртебесін алды.

    Құжатқа сәйкес, Алатоуда инвестиция тартуға, құрылысқа, Smart City технологияларын, жасанды интеллектіні, криптовалютаны және Web3 жобаларын дамытуға арналған арнайы ережелер енгізіледі.

    Қала ерекше салықтық режимге, инвестицияларды қорғау шараларына және халықаралық қорларға қолжетімділікке ие болады. Сонымен қатар жаңа заңдар мен технологиялар пилоттық негізде дәл осы жерде сыналады.

    Жоба Қазақстандағы басқа қалалардың болашақ дамуына үлгі болуы мүмкін.

  • Павлодар облысында әке 3 жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінді

    Павлодар облысында әке 3 жасар қызын өлтірді деген күдікке ілінді

    Павлодар облысында үш жасар қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әкесіне «бала өлтірді» деген күдік тағылды, деп хабарлайды Sona.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.

    20 қыркүйекке қараған түні Тереңкөл орталық аудандық ауруханасына ауыр жарақат алған бала жеткізілген. Дәрігерлер оның желке сүйегінің жабық сынығын, қасы тұсындағы жараны, денесіндегі көптеген көгерген іздер мен жарақаттарды анықтаған. Баланың жағдайы өте ауыр болған. Реанимациялық шараларға қарамастан, ол көз жұмды.

    Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті — баланың әкесі. Оның мас күйінде болып, қызын еденге екі рет соққаны айтылуда. Отбасында тағы төрт айлық нәресте бар.

    «Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 3-бөлігі (Кәмелетке толмағанды өлтіру) бойынша іс қозғалды. Күдікті ұсталып, ИВС-ке қамауға алынды», — деді балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шәкенова.

    Полиция да іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталмақ.

  • Қонаевта жалпықалалық сенбілік өтті

    Қонаевта жалпықалалық сенбілік өтті

    Қонаев қаласында шаһардың 55 жылдық мерейтойына орай, «Таза қала – таза сана» экоакциясы өтті.

    Шараға 200-ден астам қала тұрғыны, шамамен 100 кәсіпкерлік нысанының иесі және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

    Сенбілік барысында қоғамдық аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 400 қаптан астам қоқыс жиналып, көшелер, саябақтар мен аулалар тазартылды.

    Бұл бастама экологиялық жағдайды жақсартуға, абаттандыру мәдениетін арттыруға және туған қала игілігі жолындағы бірлескен еңбек дәстүрін дамытуға бағытталған.

  • Астанадағы LRT-тің алғашқы пойызы қыркүйек айының соңында жолға шығады

    Астанадағы LRT-тің алғашқы пойызы қыркүйек айының соңында жолға шығады

    Астанада көптен күткен LRT жобасы іске қосылмақ. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, алғашқы пойыз 29 немесе 30 қыркүйекте жолға шығады, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Алғашқы кезеңде пойыз екі станция арасында қатынайды — мысалы, «Абу-Даби» станциясынан «Мәңгілік ел» көпірі бағытында. Кейінірек станциялар мен пойыздар саны кезең-кезеңімен көбейеді.

    Тестілік режим 3–6 айға созылады. Қазан айында елордаға қосымша 8 пойыз жеткізіліп, жыл соңына дейін барлық 18 құрам іске қосылады.

    «Жоспар бойынша, желтоқсанның соңы — қаңтардың басында барлық пойыздар тестілік режимде жұмыс істейді. Жолақы құны 200 теңге болады», — деді әкім.

  • Қонаевта жаңа сквер қолданысқа берілді

    Қонаевта жаңа сквер қолданысқа берілді

    Демалыс аймағы Қойшыманов-Алматы көшелерінің қиылысында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 6527 шаршы метрді құрайды.

    Аймақ толықтай көгалдандырылған, сәндік ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылған, орындықтар, әткеншектер мен ландшафттық элементтерді орналастырылған. Кеңістік экологиялық, функционалдық және эстетикалық талаптарға сай жасақталды.

    Мұндағы басты нысан – «Өмір ағашы» атты арт-нысан. Ол Алтын Адам киім үлгілерінің элементтері бейнеленген тас құрылым түрінде орындалған. Қасында осы бейнелердің тарихи маңызын баяндайтын QR-код орнатылған.

    Мұнда жаяу жүргінші жолдары, фотоаймақтар, қоршау мен аркалық құрылымдар қарастырылған. Арнайы әзірленген тұжырымдамаға сәйкес, бұл жаңа кеңістік жай ғана демалыс орны емес, отбасылық серуен мен мәдени демалыстың мекеніне айналмақ.

  • Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    Қазақстанда жаңа салық кодексі: жоспарлы тексерулер тарихқа айналды

    2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол бизнеске жасалатын тексерулер жүйесін түбегейлі өзгертеді. Ең басты жаңалық – жоспарлы салықтық тексерулер толығымен жойылып, енді мүлдем жүргізілмейді, деп Sona.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

    Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салықтық аудит басқармасының басшысы Даурен Нұрғожаевтың айтуынша, мемлекет бұдан былай бизнесті тәуекел деңгейіне қарай бөлу тәжірибесінен бас тартып, деректерді терең талдауға негізделген тәуекелге бағытталған жаңа тәсілге көшеді. Алдағы уақытта тек жоспардан тыс тексерулер ғана қалады, оның өзі нақты негіз болған жағдайда және арнайы тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы расталғанда жүзеге асады.

    Мұндай тексерулерді жүргізу туралы шешім тек Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратының келісімімен қабылданады. Сондай-ақ кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл толығымен онлайн форматқа ауысады: құжаттарды тапсырудан бастап нәтижесін алуға дейін. Қағаз жүзінде тек нұсқама табыстау ғана сақталады.

    Нұрғожаевтың айтуынша, елде бұрын әртүрлі болған ақпараттық базаларды біріктіретін интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі енгізілуде. Бұл салық органдарына тексерулерді әлдеқайда нақты әрі нысаналы жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жүйеде ақпараттық жүйелердің аналитикасы мен жасанды интеллект құралдары қатар қолданылады.

    Бұл өзгерістердің басты мақсаты – адал кәсіпкерлер үшін әкімшілік қысымды азайту. Енді бизнес артық алаңдаусыз жұмыс істей алады, ал салық органдары назарын шынайы заң бұзушыларға аударады.

  • Қонаев қаласының 100-ден астам тұрғыны тегін кино тамашалады

    Қонаев қаласының 100-ден астам тұрғыны тегін кино тамашалады

    Қонаев қаласының әкімдігі шаһардың 55 жылдығына орай, «Шағала» кинотеатрының әкімшілігімен бірлесіп, тегін кино көрсетілімдер өткізуде.

    Кино көрсетілім 3 күн қатарынан болады. Алғашқы күні кинотеатрға көпбалалы отбасылар шақырылды. Жалпы кино көруге 100-ден астам адам келді.

    «Біз кәсіпкерлерге ұсыныс бердік. Олар мерекені кең көлемде атап өтуге, халықтың көңіл-күйін көтеріп, атсалысуға бірден келісе кетті. Осылайша, тегін кино көрсетілімді бірлесе ұйымдастырдық. Алғысымызды білдіреміз. Гала-концерт кезінде де түрлі конкурстар ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар таратылады», — деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.

    27 қыркүйектегі іс-шараның бағдарламасы жайында бұған дейін жазғанбыз.

  • Даулы видео: Алматы ПД шын мәнінде не болғанын түсіндірді

    Даулы видео: Алматы ПД шын мәнінде не болғанын түсіндірді

    Әлеуметтік желіде полиция қызметкері ұсталған азаматтың қалтасына бірдеңе салып жатқандай көрінетін видео тарады. Жазба қоғамда қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Sona.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.

    Полиция мәліметінше, оқиға жалға алынған пәтерақының төленбеуіне байланысты орын алған. Нәтижесінде екі адам ұсталған: оның бірі — кәмелетке толмаған жасөспірім, ол ата-анасына тапсырылды, екіншісі — мас күйде болған ер адам қарсылық көрсеткен.

    Ведомство өкілдері кадрда тыйым салынған затты «қалтаға тастау» емес, жанжал кезінде қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып беру сәті екенін түсіндірді.

    Сонымен қатар, полиция әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын еске салды.