Метка: Басты жаңалықтар

  • Блогер Жанабыловтың жұбайына қатысты іс қылмыстық істер қатарына ауыстырылуы мүмкін

    Блогер Жанабыловтың жұбайына қатысты іс қылмыстық істер қатарына ауыстырылуы мүмкін

    Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Толегеноваға қатысты іс қаралуда, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Туризм және спорт министрлігінің Лотерея және ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілі Әбділ Балтатегі сотта әкімшілік іс жүргізу аясында Толегенованың қызметіне байланысты негізгі сұрақтарға жауап беру мүмкін еместігін айтты.

    Оның сөзінше, мәселе Zhana Business курстарының құндылығы мен бағасына, қауымдастықтың болуына және заңға сәйкес жеңімпаздар тікелей эфирде лототрон арқылы емес, арнайы бағдарлама арқылы анықталғанына қатысты.

    «Барлық осы жайттарда алаяқтық немесе заңсыз кәсіпкерлік сияқты қылмыстық әрекеттердің белгілері бар», — деді Балтатегі.

    Комитет әкімшілік істі ҚК-нің 445-1-бабы («Лотереялар туралы заңнаманы бұзу») бойынша тоқтатып, материалдарды қылмыстық қудалау органдарына беруді сұрады.

    Судья Әкерке Бектұрғанова кеңесу бөлмесіне шықты. Үкім бүгін сағат 16:00-де жарияланады.

  • «18 жастағы Шерхан Қалмұрза Анарбеков пен Заруцкийдің орнын басуы мүмкін»

    «18 жастағы Шерхан Қалмұрза Анарбеков пен Заруцкийдің орнын басуы мүмкін»

    Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Спортингке» қарсы матч қарсаңында екі негізгі қақпашысынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Клуб мәліметінше, негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков «Ақтөбеге» қарсы ойында төменгі жақ сүйегін сындырып, белгісіз мерзімге алаңға шыға алмайды. Сондай-ақ Дмитрий Заруцкий де жарақат алған. Осылайша команда тәжірибелі қақпашыларсыз қалды.

    23-турдағы ойында 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алаңға шығып, негізгі құрамдағы алғашқы ойынын өткізді. Клубтың ақпараты бойынша, дәл осы Қалмұрза алдағы Чемпиондар лигасындағы кездесуде қақпаны қорғайды.

    Қалмұрза бұған дейін «Селтикке» қарсы матчта жанкүйерлер назарын аударған болатын. Ол кезде екі қақпашы жарақат алып, оның алаңға шығу мүмкіндігі туындаған. Қалмұрзаның камераға түскен әсерлі реакциясы әлеуметтік желіде кең тараған еді.

    «Қайрат» пен «Спортинг» арасындағы матч 17 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Басталуы — астана уақытымен 21:45.

  • «Лототрон емес, лохотрон»: Жанабыловтар ісінде шенеуніктің мәлімдемесі

    «Лототрон емес, лохотрон»: Жанабыловтар ісінде шенеуніктің мәлімдемесі

    Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сот отырысында тосын мәлімдемелер жасалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Министрлік өкілі блогерлердің сатылымдағы курстарын «құнсыз» деп атап, олардың ұтыс ойындарын заңсыз «лохотрон» деп сипаттады.

    «Жеңімпаздарды тікелей эфирде лототрон арқылы анықтау керек болатын. Ал оларда бәрі кез келген уақытта өтті. Адам курсты төлейді де — бірден, кешіріңіз, лохотронға қол жеткізді», — деді ол.

    Іс материалдарына сәйкес, блогерлер ұйымдастырған автокөлік пен ақша ұтыстары лотерея заңнамасына қайшы келеді.

  • «Ұлы файрвол» Қазақстанда орнатылды ма?

    «Ұлы файрвол» Қазақстанда орнатылды ма?

    Wired басылымы Қазақстанда қытайлық Geedge Networks компаниясының интернет-цензура жүйесі енгізілді деп жазды. Алайда бұл деректі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Жарияланған құжаттарда Қазақстанмен қатар Эфиопия, Пәкістан және Мьянма аталған. Мамандардың айтуынша, жүйе тек сайттарды бұғаттап қана қоймай, жекелеген қолданушылардың интернет белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді.

    Министрлік ресми түсініктемесінде:

    «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді.

    ? Айта кетсек, биыл ақпанда Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект зертханасын ашуға келіскен болатын.

  • Қонаевта «Таза Қазақстан» акциясы өтті

    Қонаевта «Таза Қазақстан» акциясы өтті

    Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті. Іс-шараға Green Land Alatau жылыжай кешенінің қызметкерлері қала әкімдігімен бірлесіп қатысты, деп хабарлайды Sona.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Сенбілік Достық көшесінің жағалау аймағында ұйымдастырылды. Қатысушылар жазғы маусымнан кейін қалған қоқысты жинап, жол бойын тазалады.

    ? Акция тек экологиялық қана емес, әлеуметтік маңызға да ие. Оның мақсаты — табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, халық арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоғамдық орындарда тазалықты сақтау әдетін орнықтыру.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қаланы таза әрі жайлы етіп қана қоймай, ұжымдық бірлікті нығайтып, командалық рухты көтеред

  • Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақ боксшылары Ливерпульде өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті

    Қазақстан құрамасы алғаш рет жаңа халықаралық федерация World Boxing аясында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Ұлттық құраманың еншісінде барлығы 10 медаль бар: оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. Жақын бәсекелестер қатарында Өзбекстан мен Үндістан құрамалары болды.

    Әлем чемпиондары қатарында — Санжар Тәшкенбай, Махмұд және Торехан Сабырхандар, Айбек Оралбай, Алуа Балкибекова, Аида Әбикеева және Наталья Богданова. Күмісті Назым Қызайбай жеңіп алды, ал қола жүлде Виктория Графеева мен Ельдана Тәліповаға бұйырды.

    Бұл тарихи жеңістің маңызы зор: Ливерпульдегі чемпионат — Халықаралық олимпиадалық комитеттің World Boxing ұйымын ресми мойындағаннан кейін өткен алғашқы дүбірлі дода. Бұл шешімнің арқасында бокс Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталды.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрамаға жеңісімен құттықтау жолдап, бұл жетістік Қазақстанның әлемдік спорттағы беделін нығайтатынын атап өтті.

  • Базарбай Оралбаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

    Базарбай Оралбаев, Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жыл сайынғы маңызды қадамдарды көрсетіп, ел дамуына негізделген жұмыстарды жүктейтін Жолдауын зор ықыласпен тыңдағандардың қатарында болдым. Мемлекет басшысының осы жолғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы цифрлы трансформация мен әлеуметтік жаңғыруды үйлестіре отырып, еліміздің болашағын айқындайтыны сөзсіз. Цифрландыру халыққа қызметті қолжетімді ету үшін керек болса, жасанды интеллект өмірді жеңілдету үшін қажет.
    Елді үш жыл ішінде толық цифрлы мемлекетке айналдыру міндеті қойылуының уақыт талабынан туындап отырғаны анық. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болмақ. Қасым-Жомарт Кемелұлының жасанды интеллект саласына арнайы министрлік құру туралы бастамасы елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, инновациялық дамуға серпін беретіні сөзсіз. Сондай-ақ Цифрлық кодекс қабылданатыны – технологиялық дамудың бағытын анықтайтын стратегиялық қадам. Жасанды интеллект қазірдің өзінде медицинадан бастап білім, ауыл шаруашылығы салаларында да қолданыла бастады.
    Мемлекет басшысы Жолдауда жастарға қатысты көтерген маңызды мәселенің бірі – оқу гранттарының тиімділігі. Жыл сайын жоғары оқу орындарын бітірген жастардың көпшілігі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осы бір олқылықты жою мақсатында Президент еңбек нарығына қажет мамандықтарға ғана грант бөлуді, техникалық және жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеруді, түлектердің нақты жұмысқа орналасуын қадағалауды тапсырды.

  • Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Биыл Қонаевта кардиологиялық орталық ашылады

    Қонаев қаласында халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын бірегей нысан – кардиологиялық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.

    Нысан инвесткомпанияның қаржысына салынуда. Тартылатын инвестиция көлемі — 1,5 млрд.теңгеден астам. Орталықта үш ота залы, 21 диагностикалық және емдеу, 20 науқас кабинеті, 48 төсек-орындық стационар бөлімі болады. Медициналық мекемені заманауи аппараттармен жабдықтау көзделуде. Жылына орталықта 15000 адам ем қабылдайды, жаңадан 100 жұмыс орны құрылады.

    Қалада қолға алынған тағы бір ірі жоба – 4 немесе 5 жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысы. Шаһарда бұрын-соңды мұндай нысан болмаған. Кешен Аладдин ойынханасының аумағында тұрғызылуда. Аумағы 3 гектарды құрайды. Мұнда тек қонақ үй емес, отбасылық демалыс аймағы тұрғызылады.

    Нысан құрылысына 50 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 500-ден астам. Қонақ үй кешені 2027 жылы ашылады деп жоспарлануда.

    «Қонаев қаласында жалпы сомасы 2,4 трлн.теңге болатын 39 инвестжоба жүзеге аспақ. 2025 жылдың басынан негізгі капиталға 58,0 млрд. теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда шетелдік компаниялармен жаңа жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімі.

    Алдағы уақытта Қонаев қаласында түрлі серіктестіктермен бірлесе отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспарлануда. Бүгінде шаһар аумағында 12 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр.

  • Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    Қонаевтағы туризм: 1 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетілді

    Мәліметке сәйкес, биыл Қапшағай су қоймасының жағалауына 1,8 млн демалушы келді. Қаладағы 140-тан астам туристік нысан жыл басынан 1 млрд 200 млн. теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 100 млн теңгеге артық.

    «2025 жылы былтырдан қарағанда демалушылардың саны 300 мыңға өсті. Мұның себебі «АСП арена» аумағында түрлі концерттер, іс-шаралардың ұйымдастырылуы, ашық суда жүзуден жарыстың өтуі, апта сайын «Aspan fest» фестивалінің ұйымдастырылуы болды. Бұдан бөлек, №5 жағажайдың жаңғыртылып, абаттандырылуы да демалушылар санының артуына айтарлықтай әсер етті. Бұл жағажайға демалыс күндері 5000-ға жуық адам келді», — деді бөлім басшысының м.а. Айдын Әбілқасым.

    Сондай-ақ ол қауіпсіздік шараларына да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. ТЖД-ның 73 маманы судағы қауіпсіздікті, полицияның 12 қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалап отырды, күнделікті рейдтік шаралар жүргізілді.

    «Баршаңызға мәлім, қалада 8 коммуналдық жағажай болса, оның ішінде №5,6,7-ші жағажайларға келушілер көп. Әрқайсында медпункттер, санитарлық аймақтар, құтқарушылардың жұмысы ұйымдастырылды», — деді маман.

    Жағажайдан басқа, Қонаев қаласының аумағында «Көшпенділер қалашығы», тарихтан сыр шертетін «Таңбалы тас» шатқалы орналасқан. Бұл нысандардың да халық арасында танымалдылығы жоғары болып отыр. Мысалы, алғашқы туристік аймақ айына 300-500 адамды қабылдауда. Ал «Таңбалы тасты» көруге 4000-ға жуық турист келген.

    «Көшпенділер қалашығы» шығармашылық топтары үшін де танымал нысан. Биыл мұнда екі түрлі жанрда кино, «Жібек жолы» арнасында көрсетілетін бірегей бағдарлама түсірілді», — деді Айдын Әбілқасым.

    Алдағы жоспар

    Биыл №6 жағажайды абаттандыру жұмыстары басталады деп көзделуде. Қаладағы жалпы ұзындығы 6,1 шақырым (1 км астамы қолданыста) болатын жағажай жаңғыртылады.

    «Көшпенділер» қалашығын туристік бағытта заманауи үлгіде дамыту үшін жобалар қарастырылуда.
    Сонымен қатар шаһарда 11 инвестжоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Тартылатын инвестиция көлемі – 306,4 млрд.теңге.

  • Маңғыстаудағы жол апатынан қаза болғандардың денесін жеткізу үшін арнайы әуе рейсі жіберілді

    Маңғыстаудағы жол апатынан қаза болғандардың денесін жеткізу үшін арнайы әуе рейсі жіберілді

    Маңғыстау облысына жол-көлік апатынан қаза тапқандардың туыстарын жеткізу үшін Ұлттық ұланның арнайы борты жіберілді, деп хабарлайды Sona.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

    Ведомствоның ресми Telegram-арнасының мәліметінше, туыстары қаза тапқандарды тану және қажетті рәсімдерден өту үшін ұшып келді. Осыдан кейін әуе кемесі марқұмдардың денесін өз өңірлеріне жеткізетін болады.

    Қайтыс болғандардың арасында Қарағанды облысының бес тұрғыны және Астанадан бір әйел бар.

    «Бұл іс-шара қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету үшін, соның ішінде денелерін тану, тасымалдау және жерлеу рәсімін ұйымдастыру мақсатында қолға алынды», — деді ІІМ ресми өкілі, департамент басшысы Шыңғыс Әлекешев.

    Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 11 қыркүйекте Қарақия ауданының Сенек ауылынан 90 шақырым жерде болды. Апат салдарынан сегіз адам оқиға орнында, тағы екеуі ауруханаға жеткізу кезінде қаза тапты. Жүргізуші мен тағы екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.

    Кейін белгілі болғандай, жолаушылар Бекет-Ата әулие жеріне зияратқа бара жатқан.

    Қылмыстық істің тергеу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауына алынды. Тергеу жүргізушінің әрекетін, көліктің техникалық жағдайын және жолаушыларды тасымалдау талаптарын тексеріп жатыр.

    Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, зардап шеккен ер адам (1964 ж.т.) мен әйел (1967 ж.т.) жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Тағы бір әйел (1960 ж.т.) травматология бөліміне жатқызылған, жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.