Метка: Басты жаңалықтар

  • Алматыда сапасыз ойыншықтар тәркіленді: «улы болуы мүмкін»

    Алматыда сапасыз ойыншықтар тәркіленді: «улы болуы мүмкін»

    Sona.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды, Алматы қаласындағы сауда орындарынан 2 миллион теңгеден астам сомаға жалған ойыншықтар тәркіленді. Барлығы — 1000-нан астам өнім.

    Рейдтер белгілі бір брендтің шағымынан кейін басталды. Тексеріс кезінде қаланың бірнеше базары мен қоймаларынан танымал конструкторларға ұқсатып жасалған контрафакт өнімдер анықталды.

    Полицияның мәліметінше, тәркіленген ойыншықтардың сапасы төмен, өндіруші туралы ақпарат пен таңбалау болмаған. Көпшілігі балалардың денсаулығына қауіпті — уландыруы немесе жарақат келтіруі мүмкін.

    Материалдар сотқа жолданды. Алматы қалалық полиция департаментінің өкілі Еркебұлан Қойшыбаев балаларға арналған тауарларға қатысты бақылау күшейтілетінін айтты.

  • Берденов ісі: «Мен тек қорқытқым келді» – айыпталушы Жиембайдың мәлімдемесі

    Берденов ісі: «Мен тек қорқытқым келді» – айыпталушы Жиембайдың мәлімдемесі

    Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды, Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған қастандық ісінде айыпталушы Ернар Жиембай оқиғаны қорқыту мақсатында жасағанын айтты.

    Ол сол кезде күйзеліске түсіп, депрессияда болғанын жеткізді. Сондай-ақ Берденов тарапынан бірнеше рет балағат естіп, жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүр болғанын айтты. Әйтпесе, үстінен іс қозғайтынын ескерткен.

    Прокурордың «неге полицияға жүгінбедіңіз?» деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Айтуынша, төрт рет оқ атқан, бірақ тура емес.

     

  • Жиембай: Берденов мені Сыздықбековке жала жап деп талап етті

    Жиембай: Берденов мені Сыздықбековке жала жап деп талап етті

    Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша басты сот талқылауы жалғасуда. Айыпталушы Ернар Жиембай сотта шулы мәлімдеме жасады. Sona.kz KazTAG-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Оның айтуынша, Руслан Берденов өзіне кешірім беру үшін Жиембайдан қала әкімі Ғабит Сыздықбековті қастандықты ұйымдастырушы деп көрсетуін талап еткен.

    — Берденов: “Егер Сыздықбеков мені тапсырыс берді десең, сені кешіремін”, — деді,- деп мәлімдеді Жиембай сот отырысында.

    Айта кетейік, Руслан Берденовке қастандық 21 сәуір күні кешке жасалған. Ол оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Тергеу мәліметінше, оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты ТОО қызметкері күдікті ретінде танылған. Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

    Бұған дейін күдіктінің қастандыққа баруына себеп ретінде жеке негіздегі шиеленіс қарастырылған. Алайда, қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова бұл нұсқаны жоққа шығарды.

    Іс бойынша сот процесі жалғасуда. Берденовтің өзі сотқа қатысып жатқан жоқ — оның мүддесін өкіл Жеңіс Тыныбек қорғауда.

  • Алматыда BMW жүргізушісі КАМАЗ-дың дөңгелегін тоқтатып, қайғылы жағдайдың алдын алды

    Алматыда BMW жүргізушісі КАМАЗ-дың дөңгелегін тоқтатып, қайғылы жағдайдың алдын алды

    Sona.kz Instagram желісіндегі dimashblog парақшасына сілтеме жасап хабарлайды, Алматы қаласында BMW автокөлігінің жүргізушісі жүріп бара жатқан КАМАЗ-дың дөңгелегінің жолын бөгеп, адамдардың өмірін құтқарды.

    Оқиға орнынан бейнежазбаны куәгер жариялаған. Видеода КАМАЗ-дан бөлініп кеткен дөңгелек көше бойымен төмен қарай домалап келе жатқаны көрінеді. Автордың айтуынша, дөңгелек адамды қағып кетуі мүмкін еді, алайда BMW көлігінің иесі жолды өз көлігімен әдейі жапқан.

    Куәгер ер адамның есімі Сергей екенін айтып, оған алғыс білдіріп, «тағы 100 осындай көлік иесі болсын» деп әзілмен тілек айтқан.

    Оқиға нақты қай жерде және қандай жағдайда болғаны белгісіз. Полиция әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

  • Павлодарда терезеден лақтырылған баланың жағдайы тұрақты

    Павлодарда терезеден лақтырылған баланың жағдайы тұрақты

    Sona.kz Kazinform дерегіне сілтеме жасап хабарлайды, Павлодар облыстық балалар ауруханасы бесінші қабаттан құлап жарақат алған 7 жастағы баланың жағдайы туралы мәлімет берді.

    Дәрігерлердің айтуынша, бала травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған жамбас сүйегінің сынуына байланысты қатаң төсектік режим тағайындалған. Жағдайы — орташа ауыр, бірақ тұрақты. Баланың қасында ауруханада жақын туыстарының бірі бар.

    Павлодар қалалық №1 ауруханасында оның анасының жағдайы туралы да мәлімет берілді. Әйел адам политравма бөліміне ауыстырылды. Жағдайы — орташа ауыр, тұрақты.

    ? Еске салайық, 30 шілде күні сағат 13:00 шамасында Павлодар қаласында әйел адам бесінші қабаттағы терезеден екі баласын лақтырып, кейін өзі де секіріп кеткен.

    Сол күні кіші баланың бүйрегі алынған, операция кезінде жүрегі тоқтаған, бірақ дәрігерлер баланы реанимациялаған.

    Алайда 1 тамыз күні кешке баланың жүрегі қайта тоқтап, қайтыс болды.

    Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

  • Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі 6 тамызда Алматыда өтеді

    Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі 6 тамызда Алматыда өтеді

    Sona.kz Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды – Қазақстанның Халық қаһарманы, ғарышкер-ұшқыш Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевпен қоштасу рәсімі 6 тамыз күні Алматы қаласында өтеді.

    Рәсім офицерлер үйінде (Зенков көшесі, 24) сағат 09:00-де басталады. Джаназа-намаз сағат 10:30-да 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтың ашық алаңында оқылады.

    Алматы қалалық Қорғаныс күштері ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, ғарышкер Кенсай-1 зиратына жерленеді.

  • Қонаевта сенбілікке 400-ге жуық тұрғын қатысты

    Қонаевта сенбілікке 400-ге жуық тұрғын қатысты

    Қонаев қаласында 1-2 тамыз күндері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған қала мектептерінің ұжымдары, белсенді ата-аналар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар атсалысты.

    Алғашқы күні қала мектептерінің аумағында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. 180-нен астам адам қатысқан сенбілікте 70 қап қоқыс жиналып, қураған шөптер шығарылды.

    2 тамызда сенбілік 7 саяжай аумағында жалғасты. Бұл шараға әкімдік пен коммуналдық қызметтердің 60 маманы, «Ана сәулесі» көпбалалы аналар ұйымы, Ардагерлер ұйымы және Аналар кеңесінің мүшелері белсенді қатысты. Сондай-ақ «Асем» пәтер иелері кооперативінің тұрғындары да өз үлесін қосты.

    Жалпы екі күндік сенбілікке 400-ге жуық адам қатысып, 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жұмысқа 4 жүк көлігі тартылды.

    Аталған шара қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, қала тазалығын сақтауға әсер етеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер алдағы уақытта да ұйымдастырылады.

  • Ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев өмірден өтті

    Ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев өмірден өтті

    Ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден өтті.

    Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшқан: 1994, 1998 және 2001 жылдары. Жалпы ғарышта 341 тәуліктен астам уақыт өткізіп, ашық ғарышқа 8 рет шыққан. Ашык кеңістікте өткізген уақыты — 43 сағат 46 минут.

    2007–2014 жылдары ол Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарды. Кейін Президент кеңесшісі, Сенат депутаты қызметтерін атқарды. Ғылым мен мемлекетке сіңірген еңбегі үшін Халық қаһарманы атағы беріліп, бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болды.

  • Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды

    Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Бұл туралы Азаттық рухы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

    Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылатын біржолғы төлемдерден де салық ұсталмайды. Алайда бұл жеңілдік Қазақстан резиденті болып табылмайтын азаматтарға қолданылмайды.

    Қолданыстағы тәртіп бойынша, БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдерінен 10% мөлшерінде ЖТС ұсталады. Бұл салықты алушы бірден немесе зейнеткерлік жасқа жеткенде төлеуді таңдай алады. Аталған ереже 2025 жылдың соңына дейін сақталады.

    Сондай-ақ 2026 жылдан бастап азаматтардың өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бірақ жұмыс беруші тарапынан аударылған ерікті жарналарға салық салынбайды және бұл шығындар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде ескерілетін болады.

  • Майкл Джексонның бір ғана шұлығы $8 000-нан асты

    Майкл Джексонның бір ғана шұлығы $8 000-нан асты

    Майкл Джексонның 1997 жылғы Франциядағы концертінде киген шұлығы аукционда $8 822-ға сатылды.

    Бұл туралы Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Әнші ақ түсті, страздармен көмкерілген спорттық шұлықты HIStory турының аясында Францияның Ним қаласында өнер көрсеткен кезінде киген. Аукцион ұйымдастырушысы Аврора Иллидің айтуынша, бұл шұлық концерттен кейін Джексонның грим бөлмесінің жанынан табылған.

    “Бұл Майкл Джексонның жанкүйерлері үшін шын мәнінде культке айналған ерекше зат”, – деді Илли.

    Шұлық бастапқыда 3000–4000 еуроға бағаланған. Алайда, нәтижесінде ол 7 688 еуроға (шамамен 8 822 доллар) сатылды.

    Айта кетейік, бұған дейін Джейн Биркинге тиесілі болған түпнұсқа Hermès сөмкесі Sotheby’s аукционында $10,1 млн-ға сатылып, сауда тарихындағы ең қымбат сөмке атанған.