Метка: Басты жаңалықтар

  • Сарыағаш ауданында білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлер сотталды

    Сарыағаш ауданында білім бөлімінің басшылары мен бухгалтерлер сотталды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

    Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды. Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды.

    Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған

    10 сәуірде Мәскеу полициясы қырғыз мигранттары барған «Бодрость» моншасына рейд жүргізіп, келушілерді соққыға жыққан.

     Бұл туралы сол күні моншада болған қырғыз азаматтары мәлімдеді. Әлеуметтік желіде сол күні болған оқиғаның видеосы да тарады.

    Мәскеуде бір айдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Әлихан 10 сәуір кешке ағасымен және немере ағасымен бірге моншаға барған. Шамамен жарты сағаттан кейін олар әлдекімдердің есікті қалай сындырып жатқанын естіген және дүрбелең басталған.

    «Адамдар үрейленіп, қашуға тырысты. Біз де қашуға тырыстық, бірақ ешкімнің шығуына мүмкіндік бермеді. Кейін бәрін ұра бастады. Кім ұрып жатқаны түсініксіз — басыңды көтеруге де мүмкіндік жоқ. Олардың қолдарында таяқшалар мен электр шокерлер болды. Барлығын асүйге жинады. Күші бар деген еркектерді бөлді, ал әлсіз не арық көрінгендерді бір бөлмеге қалдырды. Сақалы бар адамдарды жеке алып кетті. Бір ер адамның мұртының жартысын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткенде, бетінен ұрды. Біз не үшін ұрып жатқанын түсінбедік — ешкім құжаттарды сұраған жоқ. Бір адам орнынан тұрып, себебін сұрады, оған «Бізге тек сендер ұнамай тұрсыңдар» деп жауап берді», — деді ол.

    Әлиханның айтуынша, ұрып-соғу шамамен бес сағатқа созылып, полицейлер түрлі қорлық көрсеткен.

    «Біреуінің қалтасынан насыбай тауып алды. Сөйтіп сол насыбайды бәрінің аузына тығып, жегізді. Кейбірін қол күрестіріп, жеңілгендерді соққыға жықты. Кейбірінің құжатын жыртып тастады. Киімшең болғандарды бассейнге секіртті. Кейбірінің қалтасындағы ақшаны тартып алды. Бір адамға жарты келі ащы бұрыш жегізді» – дейді Әлихан.

    Оның айтуынша, бес сағаттан соң полицияның лауазымды адамдары келген. Олар болған жайтты туралы сұрақ қойған кезде мигранттарға ешкім тимеген. Куәгердің сөзінше, моншада 60-қа тарта қырғыз азаматы болған. Кейін олардың бәрін түрлі полиция бөлімдеріне алып кеткен. Әлиханды 1-2 сағат ұстап, босатқан. Ал оның күйеу баласы Байназарға айыппұл салған. Ол не үшін айыппұл салғанын түсінбеген.

    Жогорку Кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстан Мәскеудегі моншада болған оқиғаға назар аударуы керек екенін айтты.

    Осы оқиғадан кейін Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған нота тапсырылды.

    «Ресей тарапына құқық қорғау органдары жүргізген іс-шаралардың негіздері туралы ақпарат беру туралы ресми нота табысталды», – делінген хабарламада.

  • «НеМолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі Черногорияда ұсталды

    «НеМолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі Черногорияда ұсталды

    Черногорияда «НеМолчиKZ» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталды.

    Ол ұсталарының алдында қысқа видеоүндеу жазып үлгерген. Ертең оны экстрадициялау мәселесі бойынша сот отырысы өтеді.

    «Мені қазір ғана ұстап, Подгорица полициясына алып келді. Ертең экстрадиция бойынша сот болады. Не болатынын білмеймін, бірақ таңға дейін ұстау туралы айтты. Неге бұлай жасағанын түсінбедім, бірден сотқа апаруға болар еді. Қазір достарымнан қолдау сұраймын. Бар үмітім – экстрадиция болмайды дегенге», – дейді ол видеоүндеуде.

    Естеріңізге сала кетейік, «НеМолчи» қорының басшысы Дина Таңсәріге қатысты бірден алты қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған.

  • Павлодарда перзентхананы жаппақ: медицина қызметкерлері алаңдаулы

    Павлодарда перзентхананы жаппақ: медицина қызметкерлері алаңдаулы

    Павлодар қаласындағы №1 перзентхананың жабылатыны туралы хабар дәрігерлер мен акушерлерді алаңдатып отыр. Олар бұл шешім уақытша емес, мекемені мүлде жоюға алып келуі мүмкін деп қауіптенеді.

    Перзентхана қызметкерлері мекеменің күрделі жөндеуге жабылатыны айтылғанымен, әзірге қаражат бөлінбегенін және ғимараттың апатты деп танылмағанын алға тартады. Бұл жағдайды әлеуметтік желіде жария еткен.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлер мен жүкті әйелдерге қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Перзентхана уақытша №1 облыстық перинаталдық орталыққа көшіріледі.

    Мекемедегі инженерлік жүйелерді толық ауыстыру қажет. Қазір жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Басқарма барлық қызметкерді ресми түрде хабарландырып, жұмысқа орналастыруға уәде берді.

  • Алматыда “Ромашка” аттракционы бірнеше минутқа ауада тоқтап қалды

    Алматыда “Ромашка” аттракционы бірнеше минутқа ауада тоқтап қалды

    «Мир фантазий» паркінде «Ромашка» аттракционы ауада тұрып қалды. Оқиға 13 сәуірде қауіпсіздік датчигінің іске қосылуынан болған.

    Адамдар 8 минут ішінде эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ, шағым түспеген. Аттракцион тексеріліп, қайта іске қосылды.

    Полиция оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп жатыр.

  • Алматыда полиция қызметкерлерінен қашқан мопедші ұсталды

    Алматыда полиция қызметкерлерінен қашқан мопедші ұсталды

    Әлеуметтік желілерде Алматыда полицейлердің мопедшінің қуып бара жатқан сәті түсірілген видео тарады. Бейнежазбадан мопедшінің жаяу жүргіншілер аймағында жоғары жылдамдықпен қашып кетуге тырысқанын көруге болады.

    – Мопед жүргізуші заңды талапқа бағынбай, тіпті жаяу қашып кетпек болды. Алайда тәртіп сақшылары оны қолға түсірді. Жол жүру ережесін бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады полициядан.

  • Қылмыстық топтың қолына түскен 4 қазақстандық құтқарылды

    Қылмыстық топтың қолына түскен 4 қазақстандық құтқарылды

    Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі жанындағы  «Дунё» ақпарат агенттігінің мәліметінше, адам саудасымен айналысатын топтың қолына Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары түскен.

    Аталған агенттік Өзбекстан азаматтары М.С. (2000 ж.т.) және Б.В-ның (1997 ж.т.) Мьянмада адам саудасының құрбанына айналғанын, сондықтан Өзбекстанның Таиландтағы Бас консулдығынан көмек сұрағанын айтады.

    Алданған азаматтардың сөзінше, оларға интернет арқылы жоғары жалақысы бар жұмыс ұсынылған, тіпті ұшақ билеті де тегін беріліпті. Десе де, Таиландқа жеткен соң алдау арқылы заңсыз жолмен Мьянмаға өткен. Ол жерде қылмыстық топтар 3 елдің азаматтарын алаяқтық колл-орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүрлейді, бағынбағандарына күш қолданып, қоқан-лоққы көрсеткен. Бостандыққа шығу үшін ірі көлемде ақша талап еткені де белгілі болды.

    Дәл осы жағдайға 8 Қырғызстан азаматы мен 4 Қазақстан азаматы да тап болған. Қырғызстанның Таиландтағы дипломатиялық өкілдігі болмағандықтан, Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары Қырғыз тарапының өтініші бойынша көмек көрсеткен.

    – Мьянма және Таиландтың құзырлы органдарымен келіссөздер жүргізудің нәтижесінде аталған елдердің азаматтары босатылып, Таиландтағы Маесот шекаралық бекетінде Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттарына тапсырылды. Олар үшін уақытша баспана мен тамақ ұйымдастырылды, – делінген ресми хабарламада.

    Еске салайық, 11 сәуірде өзбекстандық, қазақстандық және қырғызстандық азаматтар Таиландтағы Қазақстан мен Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен отандарына оралды.

  • ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    ІІМ: 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталды

    – Құрметті азаматтар! ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті кәмелетке толмағандарды есірткінің айналымына тарту фактілерінің жалғасуына байланысты алаңдаушылық білдіреді.

    Биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11 сынып оқушылары бар.

    Естеріңізге сала кетейік, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

    Бұдан басқа, Қылмыстық кодекстің 299-1-бабында есірткіні, оның ішінде интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз.

    Қауіптің алдын алу маңызды! Балалардың болашағы біздің қолымызда! Тек бірлесіп қана біз есірткісіз қауіпсіз қоғамды құра аламыз!, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

  • Қазақстандық оқушылар ISF U-15 Жазғы гимназиадасында рекордтық медаль иеленді

    Қазақстандық оқушылар ISF U-15 Жазғы гимназиадасында рекордтық медаль иеленді

    2025 жылғы 4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор қаласында өткен ISF U-15 Жазғы мектеп гимназиадасында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді – жас спортшыларымыз 11 медаль жеңіп алып, рекорд орнатты.

    ISF U-15 – 13 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі халықаралық спорттық дода. Биылғы жарысқа 65-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы жиналды.

    Қазақстан құрамасының сапында ел намысын 23 оқушы қорғады. Олар республикалық іріктеуден өтіп, дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат секілді төрт спорт түрінен сынға түсті.

    Бокс жарысында Айбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Алимбай, Сайлауқазы Сымбат және Нұрболат Әмір алтын жүлдені жеңіп алды. Ал Алихан Смағұл қола медаль иегері атанды.

    Дзюдо бойынша Бақдәулет Серікәлі алтын жүлдені қанжығаласа, Ерасыл Қалмаханбет қола медаль алды.

    Еркін күресте де отандастарымыз табандылық танытты: Висхан Арашов – күміс, Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек – қола жүлде жеңіп алды.

    Шахмат жарысында Олтинай Алғаппарова мен Жанат Нұрым жоғары деңгейдегі спорттық мәдениетті көрсетіп, әділ ойын қағидаларын ұстанғаны үшін Халықаралық адал ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды.

    Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді жарысқа 2022 жылдан бастап қатысып келеді. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің жасөспірімдер құрамасы халықаралық аренада болашағынан зор үміт күттіретін команда ретінде мойындалды.

  • Алматыда жантүршігерлік жол апатынан бір адам қаза болды

    Алматыда жантүршігерлік жол апатынан бір адам қаза болды

    Алматының Алатау ауданында 14 сәуір күні таңертең жантүршігерлік жол апаты болып, кісі қаза тапты.

    Жол-көлік оқиғасы таңғы сағат 4:50-де Такежанов көшесінде болған. Mercedes жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Ол жол жиегіне соғылған соң жол белгісін бұзып, артынша ағашқа соғылып, аударылып қалған.

    «Өкінішке қарай, осы апат салдарынан көліктің жолаушысы 25 жастағы ер адам оқиға орнында қаза болды. Жүргізуші қала ауруханаларының біріне жатқызылды», – деп хабарлады Алматы ПД баспасөз қызметі.

    Адам өліміне әкеп соқтырған апат бойынша полиция сараптама тағайындап, қылмыстық іс қозғады.