Метка: Басты жаңалықтар

  • Қырғызстанға заңсыз жолмен бензин өткізгендер 15,5 млрд теңге тапқан

    Қырғызстанға заңсыз жолмен бензин өткізгендер 15,5 млрд теңге тапқан

    Қазақстаннан Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензинін заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды.

    Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар АИ-92 маркалы бензинін Қырғыз Республикасына заңсыз шығарып, сатып отырған.

    Тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан аумағында бензинді еріткіш және дистиллят ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы шекарадан заңсыз өткізгені анықталды.

    Жедел іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында заңсыз жолмен жөнелтілген 500 тоннаға жуық бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Жүк «Қара Май Ойл» шағын мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілген және Қырғызстанға бағытталған.

    «Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2023-2024 жылдары аталған шағын зауыттан 102 мың тоннадан астам мұнай өнімдері көрші мемлекетке экспортталған.

    Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы соңғы екі жылда 15,5 млрд теңгеден асып түсті», – делінген хабарламада.

    Аталған іс бойынша үш күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды:

    • Попов Алексей Александрович, 27.04.1987 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасы, бұрын сотталмаған;
    • Ибраимов Рахымжан Маматұлы, 29.01.1996 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Өзбекстан Республикасының Чартак қаласының тумасы, бұрын сотталмаған;
    • Сағындықов Серік Ерланұлы, 29.07.1987 жылы туған, Қазақстан Республикасының азаматы, Жамбыл облысының тумасы, бұрын сотталмаған.

    «Оларға «камаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Егер сізге іздестіріліп жатқан тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, келесі телефондарға хабарласуды сұраймыз: +7-727-279-20-86 – кезекші бөлім.

    Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі», – деп хабарлайды ҚМА.

  • Алматыда 2 жасар бала 105 магнит жұтып қойды

    Алматыда 2 жасар бала 105 магнит жұтып қойды

    Алматы қаласының балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы 2 жасар балаға операция жасап, ішінен 105 магнит алып шыққан.

    Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ата-анасы баланы 20 ақпан күні ауруханаға әкелген.

    «Ата-анасының айтуынша, шамамен бір апта бұрын қонаққа барғанда бала меттал магнитпен ойнап отырған. Соның біразын жұтып қоюы мүмкін деген күдік ұялаған соң ата-анасы баланы ауруханаға әкелген. Рентгенография жасаған дәрігерлер баланың ішінен бір уыс металл көрген», – деп хабарлайды басқарма.

    Дәрігерлер әуелі бөгде затты эндоскопиялық әдіспен алуға тырысқан, алайда магниттер бір-біріне жабысып, түйіліп қалған соң, бұл мүмкін болмаған.

    «Осыған байланысты хирургиялық араласу – лапаротомия және гастротомия жасау туралы шешім қабылданды. Ота барысында баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алынды», – деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

  • Түркістан облысында жігіт 14 жастағы қызды қорқытып, бірнеше рет зорлаған

    Түркістан облысында жігіт 14 жастағы қызды қорқытып, бірнеше рет зорлаған

    Түркістан облысы Сайрам ауданында жігіт мектеп оқушысын бірнеше рет зорлап келген. 

    Бұл туралы «Не молчи» қоры мәлімдеді. Бұл жағдай 2 жыл бұрын болған. 2022 жылы 17 жастағы 11-сынып оқушысы 7-сынып оқитын 14 жастағы қызбен кездеседі. Жігіт қызды пышақпен қорқытып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді.

    Кәмелет жасына толмаған қыз болған жағдайды біреуге айтуға қорқады. Жігіт асылып өлетінін, өліміне қыз кінәлі екенін айтып қолхат қалдыратынын, кейін оны түрмеге қамайтынын айтып қызды қорқытады.

    Бірнеше рет жігіт қызды қорқытып, азаптаған. Ол өзінің қолын кесіп, өміріне қауіп төндірген. Кейін жігіт өзін қыздың үйінде өлтіретінін, өліміне қыздың туыстары кінәлі болатынын айтып, қорқытуын тоқтатпаған.

    2023 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін жігіт қызды тағы бірнеше рет зорлайды. Қыздың анасы бар жағдайды біледі. Кейін бірден Сайрам ауданының полиция басқармасына арыз жазады. Алайда сот әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жігіт әлі күнге дейін бостандықта жүр.

    «Не молчи» қоры жоғарғы соттан осы мәселені біржақты етуді сұрады. Қордың мәліметінше, қыз осы жылы мектеп бітіреді екен. Ал жігіт жауапкершілікке тартылуы керек ересек адам.

  • 24 млн жиналды: Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана сатып алынбақ

    24 млн жиналды: Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына баспана сатып алынбақ

    Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева отбасыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді.

    Оның айтуынша көпшіліктің қолдауымен жиналған қаражат баспана сатып алуға жұмсалады.

    – Толық медициналық тексеруден өткен балаға қажет психологиялық көмек көрсетіліп, отбасыға құқықтық қолдау ұйымдастырылды. Қазіргі таңда отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталады, – деді ол. 

    Уәкілдің мәліметінше, қаржының әділ әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып жатыр.

    – Көмек көрсету процесі ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның үлкен қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу барысы ашық өтеді, – деп атап өтті Эльзира Солтабаева.

    Сонымен қатар, ол отбасының ел тұрғындарына білдірген шынайы ризашылығын жеткізді.

  • Алматыда педагогтар арасында халықаралық байқау өтеді

    Алматыда педагогтар арасында халықаралық байқау өтеді

    Алматы құрылыс-техникалық колледжінде 27-28 ақпан күндері сағат 10.00-де Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия кәсіптік білім беру мекемелерінің педагогтері арасында WorldSkills стандарттары негізінде «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша Ресурстық орталығын ашу және Халықаралық кәсіби байқауы өтеді.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Іс-шараны өткізудегі мақсат – жұмысшы біліктілігінің беделін арттыру, Алматы қаласы ТжКББ жүйесінің ұстанымын күшейту, кәсіби білім беру жүйесіне қоғамның назарын аудару, педагогтердің одан әрі кәсіби дамуы үшін тәжірибе алмасу.

    Бұл шараға Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері мен колледж басшылары, «Талап» КЕАҚ, GROHE, KNAUF, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Монголия білім беру ұйымдарының өкілдері және әлеуметтік серіктестер қатысады.

    Президенттің жолдауында айтылған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, ауқымды жобаларды іске асыру аясында, ел экономикасын дамыту үшін білікті жұмысшы кадрларын даярлау, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтардың мәртебесін көтеру, сонымен қатар Алматы қаласы Білім басқармасының медиа-жоспарына сәйкес «Алматы құрылыс-техникалық колледжі» КМҚК базасында «әлемдік жетекші бренд GROHE» Ресурстық орталығының салтанатты ашылуы, сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Тәжікстан және Моңғолия елдерінің кәсіптік білім беру мекемелерінің педагогтері арасында WorldSkills стандарттары негізінде «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша халықаралық кәсіби байқауы ұйымдастырылады.

    Ресурстық орталықтың негізгі міндеті – білім алушыларды әртүрлі деңгейдегі WorldSkills чемпионаттарына дайындау, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейлерде кәсіби байқаулар өткізу, шеберлік класстар, оның ішінде жұмыс берушілермен семинарлар, конференциялар, біліктілікті арттыру курстарын өткізу. Жұмыс берушілер талап ететін барлық дағдыларға ие білікті мамандарды дайындау, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен колледж арасындағы келісімнің жаңа формасын құру.

    Халықаралық кәсіптік байқауды өткізудің мақсаты – кәсіптік құзыреттерді анықтау, кәсіптік білім беру ұйымдарының дарынды және шығармашыл педагогтарын қолдау. Оған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін салу және пайдалану» саласындағы «Хаус-мастер» біліктілігі бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттерінен педагогтар қатысады.

    Euroskills Herning 2025 (Дания) чемпионатына дайындық шеңберінде Ресурстық орталығында өткен жылдардағы WorldSkills Республикалық чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар арасында «Сантехника және жылыту» құзыреттілігі бойынша іріктеу туры өтеді. Бұл байқау түріктілдес елдер арасында алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты ретінде өтіп, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған.

    Бұл байқау Қазақстанның білім беру және кәсіптік білім саласындағы үлесін көрсетуге үлкен мүмкіндік береді.

    55 жыл ішінде «Алматы құрылыс-техникалық колледжі» мыңдаған жұмысшы кадрларды
    «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Жиһаз өндірісі», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану (түрлері және салалары бойынша)»,
    «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)»,
    «Сандық техника (түрлері бойынша)»,
    «Архитектура»,
    «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану» мамандықтары бойынша даярлап шығарды.

    Алматы құрылыс-техникалық колледжі көптеген ұлттық және халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді. Колледж әлеуметтік жобаларға белсене қатысады және қоғамның дамуына өз үлесін қосады.

    Алматы құрылыс-техникалық колледжінің болашағы жарқын және ол алдағы жылдары да білім беру саласында жоғары жетістіктерге жетуді жалғастырады. Инновациялық оқыту әдістері, заманауи технологиялар және білікті оқытушылар ұжымы колледждің одан әрі даму жолында маңызды рөл атқарады.

    Жұмысшы біліктілігінің беделін арттыру, Алматы қаласындағы ТжКБ жүйесінің ұстанымын нығайту, кәсіптік білім беру жүйесіне қоғамның назарын аудару. Осы іс-шараларға қатысу педагогтердің одан әрі кәсіби дамуы үшін мотивация мен тәжірибе алмасудың қуатты көзі бола алады. Байқауға қатысушылар өз салаларында өздерінің үздік дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады.

  • Өскеменде босанған әйел сәбиін қоқыс контейнеріне қалдырған

    Өскеменде босанған әйел сәбиін қоқыс контейнеріне қалдырған

    Instagram желісіндегі f16_kaz парақшасының мәліметінше, жалдамалы пәтерде тұратын 44 жастағы әйел адам медициналық көмекке жүгінбей, жалғыз өзі босанған. Оның айтуынша, сәби өлі күйінде өмірге келген, содан кейін мәйітті қоқыс жәшігіне тастай салған.

    Әйел адам жүкті ретінде есепте тұрмағаны, медициналық көмекке жүгінбегені анықталды. Кейін ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, куәгерлер жаңа туған нәрестенің денесін өткен жексенбіде тапқан.

    Редакцияның сауалына жолдаған жауабында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

    «Жедел іс-шаралар барысында сәбидің анасы анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

     

  • Павлодарда мектеп ғимараты 213 теңгеге сатылды

    Павлодарда мектеп ғимараты 213 теңгеге сатылды

    Павлодар облысында ауданы 92,1 кв.м болатын бұрынғы мектеп ғимараты 213 теңгеге сатылды.

    Алғашында білім ошағы 1,68 млн теңгеге бағаланған.

    Объект Береке ауылында орналасқан және Ақсу қаласының Достық ауылдық округі әкімдігінің балансында болған. Электронды сауда алаңындағы ақпаратқа сәйкес мектеп 1993 жылы салынған.

    2023 жылдың мамыр айында мектеп ғимараты аукционда 561 мың теңгеге бағаланғанымен, соңында 213 теңгеге сатылған.

  • Сенат төрағасы: Әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – төтенше жағдай

    Сенат төрағасы: Әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – төтенше жағдай

    Бүгін Сенаттың жалпы отырысында резервтегі әскери қызмет туралы заңды қарау барысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан армиясындағы резервтегілердің құқықтарына және оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, егер резервтік әскери қызметтегілер жаттығулар кезінде жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалса, оларға өтемақы мемлекетімізде бар нормалар бойынша төленеді. Ал, әскери қызметшілер, офицерлер осындай жағдайға тап болса, оларға төленетін төлемақы басқа жүйемен жүргізіледі.

    Сенат төрағасы осы мәселеге баса мән беріп, бұл бағытты әлі де пысықтау қажет екенін айтты.

    – Егер резервистер әскери жаттығулар, яғни 60 күннің немесе ай сайын баратын екі-үш күннің ішінде жарақат алса, оларға өтемақылар неге әскери қызметшілерге төленетін төлем деңгейімен берілмейді? Олар өз үйінде емес, жұмысында емес, сол әскери жаттығулар кезінде жарақат алса, логика қайда?! Сондықтан осы мәселені тағы да пысықтау керек. Заң қабылданып, әрі қарай іске асырыла бастағанда, болған жағдайлардың бәрін назарға алып, мұқият зерделеу қажет. Әрине, офицерлер ондай жағдайларға жеткізбеуге тиіс. Соған сенеміз. Өйткені әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – нағыз төтенше жағдай. Дегенмен өмір болған соң әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сол себепті бәрін ескеруіміз керек. Өйткені бұл – әлеуметтік маңызы зор мәселе, – деді Мәулен Әшімбаев.

    Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап мақұлдады.

     

     

  • LRT қашан іске қосылады?

    LRT қашан іске қосылады?

    LRT вагондарының алюминий қорытпасынан жасалған корпус элементтерін дайындау және дәнекерлеу жұмыстары басталды. Бұл туралы елорданың «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

    Алғашқы жылжымалы вагондар мамыр айының соңына дейін дайын болады, қыркүйекте алғашқы пойыздар жеткізіліп, сынақтан өткізіледі. Қытайдың Таншань қаласында елордада салынып жатқан LRT алғашқы жылжымалы құрамдарын құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    Тестілік пайдалану немесе тестілік іске қосу – пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылым элементтері, жылжымалы құрам және барлық жабдық тексеріледі, соның ішінде рельстердің бүтіндігі, электрмен жабдықтау жүйесі, телекоммуникация жүйелері толық зерттеледі. Сынақтар барысында үлкен көлемде деректер жиналып, талданады, оның нәтижесі бойынша LRT жүйесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданады. Алғашқы тестілік іске қосу осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған, бұл сынақтар бірнеше айға созылады, – деп түсіндірді «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағыбаев.

    Жолаушылар легін талдау деректері бойынша LRT жылжымалы құрамдары тәулігіне 25 мың жолаушыны тасымалдайды деп жоспарланған.

    Астана климатының ерекшелігін ескере келе, алдыңғы терезесі температураны реттейтін электрлі жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенеттен болатын температура өзгерістерінде әйнектің булануының алдын алады. Кондиционер қондырғысының қуаты 35 кВт (салқындату қуаты), – делінген хабарламада.

  • Алматыда 5 мыңнан астам адам қоғамдық орындарда кальян шеккен

    Алматыда 5 мыңнан астам адам қоғамдық орындарда кальян шеккен

    Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.  Спикердің сөзінше, полиция қызметкерлері 25 мыңнан астам вейпті тәркіледі.

    – Вейптерді заңсыз әкеліп және өндіргендер үшін 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Егер қылмыстық топ әрекет етсе немесе аса ірі табыс тапқан жағдайда, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК (18,46 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде қолданылады, – деді Салтанат Әзірбек.

    Сонымен қатар ол 2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5 514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

    – Заңның орындалуына бақылау күшейтілетін болады. Азаматтарды белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз, себебі бұл – өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – деді полиция өкілі.