Метка: Басты жаңалықтар

  • Наурыздағы мерекелерге орай қосымша әуе рейстері іске қосылады​​

    Наурыздағы мерекелерге орай қосымша әуе рейстері іске қосылады​​

    Қазақстандық әуе компаниялар жолаушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін наурыз айындағы мереке күндері әуе рейстерінің санын едәуір ұлғайтады, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

    Мәселен, 2025 жылғы 16-30 наурыз аралығында қосымша 120 әуе рейсі іске қосылады. Олардың қатарында:

    «Air Astana» әуе компаниясы қосымша 55 рейс орындайды.

    Iшкі бағыттар бойынша:
    — Астана – Алматы + 8 рейс;
    — Атырау – Астана + 6 рейс;
    — Атырау – Алматы + 3 рейс;
    — Алматы – Шымкент +2 рейс;
    — Алматы – Қызылорда + 2 рейс;
    — Алматы – Ақтау + 1 рейс;
    — Алматы – Ақтөбе + 1 рейс;
    — Алматы – Өскемен + 1 рейс;
    — Астана – Ақтөбе + 1 рейс;
    — Астана – Орал + 1 рейс;
    — Астана – Қостанай + 1 рейс;

    Халықаралық бағыттар бойынша:
    — Алматы – Сеул + 4 рейс;
    — Алматы – Ыстанбұл + 4 рейс;
    — Астана – Ыстанбұл + 4 рейс;
    — Алматы – Мале + 4 рейс;
    — Алматы – Бейжің + 2 рейс;
    — Астана – Сеул + 2 рейс;
    — Алматы – Тбилиси + 1 рейс;
    — Астана – Пхукет + 1 рейс;
    — Астана – Фукуок + 1 рейс;
    — Алматы – Лондон + 1 рейс;
    — Алматы – Душанбе + 1 рейс;
    -Алматы – Баку + 1 рейс;
    — Алматы – Камрань + 1 рейс;
    — Алматы – Гуанчжоу + 1 рейс.

    Сонымен қатар, биылғы жылдың 30 наурызынан бастап Алматы – Нячанг (аптасына 4 рейс), 31 наурыздан бастап Астана —  Нячанг (аптасына 3 рейс), 30 наурыздан бастап Алматы – Гуанчжоу (аптасына 3 рейс) бағыттарында әуе қатынасы ашылады. Ал 20 сәуірден бастап Алматы-Мумбай бағыты бойынша рейстер қайта ашылады (аптасына 3 рейс). Бұдан бөлек 28 мамырдан бастап Атырау – Тбилиси (аптасына 3 рейс), 1 маусымнан бастап Астана – Франкфурт (аптасына 3 рейс) жаңа әуе бағыттары ашылады.

    «FlyArystan» әуе компаниясы 33 рейсті іске қосады:
    — Астана – Алматы + 11 рейс;
    — Астана – Орал  +4 рейс;
    — Алматы – Шымкент + 3 рейс;
    — Алматы – Қарағанды +2 рейс;
    — Алматы – Қызылорда +2 рейс;
    — Астана – Шымкент +2 рейс;
    — Астана – Түркістан +2 рейс;
    — Алматы – Қостанай +1 рейс;
    — Алматы – Семей + 1 рейс;
    — Алматы – Павлодар +1 рейс;
    — Алматы – Орал   +1 рейс;
    — Астана – Қызылорда +1 рейс;
    — Астана – Ақтау  +1 рейс;
    — Астана – Өскемен  +1 рейс;

    Сонымен қатар, биылғы жылдың 4 маусымынан бастап Қарағанды-Ыстанбұл бағыты бойынша рейстер ашылады (аптасына 2 рейс);

    «SCAT» әуе компаниясы 32 рейс қосады:
    — Астана – Алматы + 16 рейс;
    — Астана – Шымкент + 8 рейс;
    — Алматы – Шымкент + 8 рейс.

    Сондай – ақ, Шымкент – Каир (29 мамырдан бастап, аптасына 2 рейс), Шымкент – Сиань (28 мамырдан бастап, аптасына 2 рейс), Шымкент-Будапешт (27 мамырдан бастап, аптасына 2 рейс) бағыттары бойынша рейстер ашылады;

    «Qazaq Air» әуекомпаниясы 1 мамырдан бастап Астана – Самарқанд бағыты бойынша рейстерді іске қосады (аптасына 2 рейс). Сондай-ақ, әуе компания Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Астана – Түркістан ішкі бағыттары бойынша мереке алды және мереке күндері рейстер санын ұлғайту мәселесін қосымша пысықтауда.

    Әуе билеттерін тасымалдаушылардың ресми сайттарынан сатып алуға болады.

    Ішкі және халықаралық бағыттар бойынша билет құны өспейді, билет бағасы қалыпты деңгейде қала бермек. Әуе билеттерінің құны нарықтық факторларға байланысты өзгеруі мүмкін (билетті ұшу күніне тақап алу және т.б.).

    Әуе компаниялары техникалық мүмкіндігіне орай мереке күндері рейстерді ұлғайту бойынша жұмысты әлі де жалғастырады.

  • Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды

    Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойды

    Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, – деп хабарлайды Ақорда.

    Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.

    Құжатта:

    — тарихи-мәдени мұраны сақтау;

    — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;

    — археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;

    — тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;

    — қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;

    — археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;

    — мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;

    — қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;

    — тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;

    — мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;

    — туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.

    Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

  • Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.

    2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот-сараптама органдарын материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінді.

    Алайда, 2023-2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар ұсыну арқылы жабдықтың құнын үш есе арттырған.

    Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбай тұрып, техникалық сипаттамаларда тек өздері танитын компаниялар ғана ұсына алатын жабдықтар көрсетілген.

    «Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды, – деді ҚМА баспасөз қызметі

    Сонымен қатар, банк есепшоттарындағы 1,6 миллиард теңге, 367 мың АҚШ долларыжәне 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды.

    Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.

    ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

    Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

     

  • Семейде қатарластарынан соққы көрген Әлинұрға жаңа пәтер берілді

    Семейде қатарластарынан соққы көрген Әлинұрға жаңа пәтер берілді

    Бұл туралы ақпарат TikTok-та нотариустан суреттерді жүктеген  желі қолданушысы: «Семейлік балаға жаңа пәтер сатып алынды», – деп жазды.

    Еске салсақ, Семейде аса қатыгездікпен жасалған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 24 ақпанда әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің баланы жерге құлатып, тепкілеп, оның басынан теуіп, үстіне секіріп, түрлі жолмен қорлаған видеосы тарады.

    Абай облысының полиция департаменті оқушыны соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ оқиғаны ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, ал зардап шеккен жасөспірімге қажетті көмек көрсетілген.

      Оған халық 24 млн теңге жинап берген болатын.

  • Ауа райы: Кей өңірде -22°с дейін  аяз болады

    Ауа райы: Кей өңірде -22°с дейін аяз болады

     Қазақстан қалаларындағы ауа райы болжамы:

    Астана: Көшпелі бұлт жүреді, күндіз қар жауады, боран, жел 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде -16…-18°C, күндіз -1…-3°C.

    Алматы: Көшпелі бұлт жүреді, кей уақытта жаңбыр мен қар жауады, тұман, жолдарда көктайғақ, жел 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде -2…+4°C, күндіз +2…+4°C.

    Шымкент: Көшпелі бұлт жүреді, жаңбыр, қар, көктайғақ, тұман, жел 8-13 м/с, екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -4…-6°C, күндіз -1…+1°C.

    Ақтау: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, жолдарда көктайғақ, жел 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -8…-10°C, күндіз 0…-2°C.

    Ақтөбе: Көп бұлтты, қар жауады, жел 7-12 м/с. Ауа температурасы түнде -15…-17°C, күндіз -8…-10°C.

    Атырау: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, кей уақытта тұман, жел 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде -13…-15°C, күндіз -4…-6°C.

    Жезқазған: Көп бұлтты, қар, бұрқасын, жел 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -10…-12°C, күндіз -7…-9°C.

    Қарағанды: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, жел 6-11 м/с. Ауа температурасы түнде -13…-15°C, күндіз -1…-3°C.

    Көкшетау: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, жел 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде -16…-18°C, күндіз -2…-4°C.

    Қонаев: Көшпелі бұлт жүреді, жаңбыр, қар, кей уақытта тұман, жолдарда көктайғақ, жел 9-14 м/с, күндіз екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -3…-5°C, күндіз +3…+5°C.

    Қостанай: Көшпелі бұлт жүреді, қар жауады, жел 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде -18…-20°C, күндіз -4…-6°C.

    Қызылорда: Көп бұлтты, жаңбыр, қар, кей уақытта тұман, көктайғақ, боран, жел 9-14 м/с, күндіз екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -8…-10°C, күндіз 0…+2°C.

    Павлодар: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, жел 7-12 м/с. Ауа температурасы түнде -17…-19°C, күндіз -5…-7°C.

    Петропавл: Көшпелі бұлт жүреді, жауын-шашынсыз, түнде жел 5-10 м/с, күндіз 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде -20…-22°C, күндіз -5…-7°C.

    Семей: Аз бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 1-6 м/с. Ауа температурасы түнде -19…-21°C, күндіз -5…-7°C.

    Талдықорған: Көшпелі бұлт жүреді, жаңбыр, қар, жел 5-10 м/с, күндіз екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -5…-7°C, күндіз -1…+1°C.

    Тараз: Көшпелі бұлт жүреді, кей уақытта жаңбыр, қар, тұман, көктайғақ, жел 9-14 м/с, екпіні 15-20 м/с, таңертең және күндіз кейде 23 м/с. Ауа температурасы түнде -3…-5°C, күндіз 0…-2°C.

    Түркістан: Көшпелі бұлт жүреді, жаңбыр, қар, көктайғақ, тұман, жел 8-13 м/с, екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде -4…-6°C, күндіз -1…+1°C.

    Оралда күн бұлтты, қар, бұрқасын, таңертең тұман, жел 7-12 м/с. Ауа температурасы түнде -18…-20°C, күндіз -3…-5°C.

    Өскеменде күн бұлтты, жауын-шашынсыз, жел 5 м/с дейін. Ауа температурасы түнде -20…-22°C, күндіз -5…-7°C.

  • Трамп пен Зеленский келіспей қалды

    Трамп пен Зеленский келіспей қалды

    АҚШ президенті Дональд Трамп пен  Украина басшысы Владимир Зеленский арасында сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасау үшін Вашингтонда кездесу өткізді.

    Келіссөз барысында Трамп Украина президентіне Ресеймен келіссөздерде компромисс жасау қажеттігін айтып, АҚШ-пен келісім жасауды ұсынды. Ол Вашингтонның Мәскеумен бейбіт келісім шарттарын талқылай бастағанын мәлімдеді.

    «Мен президент Путинмен сөйлестім, біз бұл мәселені сіздер мен оған да тиімді шешімге келтіруге тырысамыз. Біз келісімге келуіміз керек. Оның аясын анықтап қойдық, және менің ойымша, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді Трамп. Ол Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату қажет екенін атап өтті.

    Трамп келісімге келу қиын болатынын айтты.

    «Сіз не келісім жасайсыз, не болмаса біз бұл процестен шығамыз, ал сіздерге соғысуды жалғастыруға тура келеді. Бірақ сіздердің қолдарыңызда айтарлықтай күшті карталар жоқ», – деді ол.

    Трамп Зеленскийге АҚШ-тың көмегін бағалау керектігін ескертті.

    “Біз сізге 350 миллиард бердік. Сіз қазір қиын жағдайдасыз. Сіз «мен соғысты тоқтатқым келмейді» деп айта алмайсыз. Біздің қаруымыз болмаса, бұл соғыс бірден аяқталатын еді. Сіздер алғыс білдірулеріңіз керек. Бірақ сіздер оны көрсетпейсіздер. Бұл жақсы емес»,  – деді Трамп Зеленскийге.

    Зеленский Вашингтонның соғысты реттеу үшін не істей алатыны туралы талқылағысы келетінін білдірді. Ол «біз бірге бұл соғысты тоқтата аламыз» деген үмітін жеткізді және Украинаға америкалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қажет екенін атап өтті.

    Трамппен кабинетінде сөзталас болғаннан кейін Зеленский Ақ үйден жоспарланған уақыттан бұрын кетіп қалды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

    Келіссөздерден кейін жоспарланған баспасөз конференциясы да тоқтатылды.

    Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін өз пікірін білдірді.

    «Бүгін Ақ үйде өте маңызды кездесу өтті. Біз мұндай қысым мен шиеленіс жағдайында әңгімелеспейінше түсіну мүмкін емес нәрселерді білдік. Мен Зеленский мырзаның бейбітшілікке дайын емес екенін анықтадым. Себебі, ол Америка келіссөздерге араласса, үлкен артықшылық береді деп есептейді. Маған артықшылықтың қажеті жоқ, мен бейбітшілік орнағанын қалаймын. Ол бейбітшілікке дайын болғанда ғана қайта орала алады», – деді Трамп.

  • Қазақстанда алдағы күндері ауа райы қандай болады

    Қазақстанда алдағы күндері ауа райы қандай болады

    Демалыс күндері циклонның батыс аймақтарға әсерімен және атмосфералық фронттардың өтуімен елдің көп бөлігінде қар жауады, ал оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады.

    Республиканың солтүстік-батысында 2 наурызда қатты қар жауады, оңтүстігінде 2-3 наурызда, елдің оңтүстік-шығысында 3 наурызда қатты жауын-шашын болады деп күтілуде. Республика бойынша тұман, көктайғақ, екпінді жел күтіледі.

    Түнгі уақытта ауа температурасы батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте -8-23°С, шығыста, орталықта -10-26°С, оңтүстікте -2-15°С, оңтүстік-шығыста -3-10°С, таулы аудандарда -12-20 °С болады деп күтілуде.

  • Үкімет басшысы бизнес өкілдеріне ескерту жасады

    Үкімет басшысы бизнес өкілдеріне ескерту жасады

    Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді.

    Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

    Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

    Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

    «Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», – деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

    Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

    Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

    «Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», – деді Мәди Такиев.

    Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

    бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;

    салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу;

    мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;

    жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

    «Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

    Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

    Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

    Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

  • Хромтаудағы шахтада 4 жұмысшы уланып қалды

    Хромтаудағы шахтада 4 жұмысшы уланып қалды

    Ақтөбе облысы Хромтау ауданында төтенше жағдай болып, төрт жұмысшы зардап шекті. 

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Іңкәр Қарашаеваның айтуынша, оқиға бүгін Дөң тау-кен байыту комбинатында болған.

    Кәсіпорында бұрғылау жұмыстары кезінде ауаның қысқа мерзімді тұтануы орын алды. Оқиға салдарынан төрт жұмысшы аудандық ауруханаға жеткізілді. Екі зардап шегуші травматология бөліміне жатқызылды, біреуі үйіне жіберілді, біреуінің жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр, – дейді ол. 

    Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Олардың барлығы – ер адамдар.

  • Жеті жасар ұлды зорлаған экс-депутат өмір бойына сотталды

    Жеті жасар ұлды зорлаған экс-депутат өмір бойына сотталды

    Сот AMANAT партиясының экс-депутаты және Ақсу ауданы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Серікқан Жақыповтың ісі бойынша үкім шығарды.
    Экс-депутат пен Ақсу аудандық әкімі аппаратының бұрынғы басшысы өткен жылдың жазында ұсталды. Жеті жасар ұлын зорлады деп, шенеуніктің туысқаны оған қарсы арыз жазған. Сараптама қорытындысы зорлау фактісін растады.

    AMANAT партиясының экс-депутаты кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

    Жақыпов 2020 жылға дейін әкімдікте қызмет атқарды, кейін аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Экс-депутат мемлекеттік қызметкерлердің этика мәселелерімен айналысқан.