Метка: Басты жаңалықтар

  • Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады

    Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасады

    Денсаулық сақтау министрлігінің Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға балалар үшін қауіпті ойыншықтар анықталғанын айтып, ескерту жасады.

    Комитет Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің міндетті талаптарына сәйкес келмейтін балалар ойыншықтары анықталғанын мәлім етті.

    Ведомствоның ақпаратынша, ойыншықтардың 97 пайызы Қытайдан, 3 пайызы ЕАЭО елдерінен әкелінген.

    Комитет азаматтарды ойыншықтарды сатып алу кезінде абай болуға шақырады. Күмәнді жерлерден ойыншық алмаған дұрыс, – делінген хабарламада.

    Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес өнім шыққан елдің атауы, ойыншықты қолдана алатын баланың ең төменгі жасы, өндірілген күні міндетті түрде көрсетілуі қажет. Ойыншық туралы барлық ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі тиіс.

    Таңдау кезінде бояғыштың тұрақтылығын тексеріңіз. Жұмсақ ойыншықтың жиектері өткір болмауы керек, мата тығыз болуы керек және ойыншықтың өткір, жағымсыз бөтен иісі болмауы қажет. 3 жасқа дейінгі балаларға ұсақ бөлекті ойыншық алып бермаген жөн, – делінген хабарламада.

  • Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы статусын алғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытта шаһарда қандай өзгерістер болды? Оқырман үшін бірқатар деректі ұсынамыз:

    Біріншіден, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 59,8 млрд. теңгені құрады. 132,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыстың негізгі бөлігі жеке компаниялардың есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Ал бюджет есебінен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар «Самал» және «Ардагер» ықшамаудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда.

    Екіншіден, инженерлік желілер жаңартылуда. Атап айтқанда, қаланың 2, 4 және 5-ықшам аудандарындағы жылу жүйелері түгел ауыстырылды. Жүйенің жалпы ұзындығы – 3,077 шақырым.

    Қарлығаш және Гүлдер, 8 және 10-шағынаудандарында су және кәріз құбырлары жаңартылуда. Жоба 2025 жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Кәріз-тазарту жүйесін жаңарту болса, Кешенді даму жоспарына кірді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

    Бұдан бөлек, 11 кәріз-сорғы стансасы жаңартылып жатыр. Құрылысы 2025 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған.

    Үшіншіден, қанағаттанарлық жағдайдағы жол 85%-ға жетті. Қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 213,81 шақырым. Биыл 9 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, ал 22 көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жасалды.

    Бұдан бөлек, 8-10 шағынауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Көшенің ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 35 пайыз құрылысы аяқталған. Жоба 2025 жылға өтпелі. Қапшағай су қоймасының жағалауы туристік картаға енгізілуіне байланысты биыл «Morelux» демалыс аймағына баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті.

    Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана белгі орнатылды, мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 тұрақ белгісі қойылды, 3042 шаршы метр жолақ сызылды. Гүлдер, Арна, Восточный шағынаудандарына 23 аялдама орнатылды.

    Төртіншіден, электр желілері ауыстырылуда. 2023 жылы Құрылысшы шағынауданында 23 шақырымнан астам электр желісі тартылды, 11 трансформатор, 800-ден астам жарық бағанасы қойылды. «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 бағана орнатылып, 47 шақырым желі тартылды. Кешенді даму жоспары аясында 16 жобаның семталық құжаттары әзірленуде.

    Бесіншіден, қала халқының көгілдір отынға қосылу үлесі 39 пайызға жетті. Қазір Қонаев пен оған қарасты елдімекендерден 5880 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 5043 пәтер, 12 кәсіпорын, 65 нысан бар.

    Биыл №2 шағынауданға құбырларды тартуды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар №19-20, Спутник, Арна, Рауан ықшамаудандарына газ жергілікті бюджет қаражатына тартылады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

    Бұдан бөлек, ауылдарға, саяжайларға, жаңа ш/а-ға көгілдір отын тарту үшін 5 жобаның құжаты жасалып жатыр.

    Алтыншыдан, 89 нысан жөндеуден өтті. Оның қатарында 22 аула, 8 спорт алаңы, 3 парк пен 8 сквер, 48 қасбет мен шатырларды жөндеу секілді жұмыстар бар. Қазақстанда теңдессіз «Скейт-парк» алаңы, «Кроссфит» алаңы салынып, қолданысқа берілді. Бұл нысандар жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін және бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін жөнделді. Орталық саябақ, Жеңіс паркі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи сәулеттік нысандармен жабдықталды. Сонымен қатар Сейфуллин көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Көшенің ені 10 метрден 15 метрге ұлғайтылды, 3 қабат асфальт төселді. Жаздық және қыстық 15 аялдама қойылды. Сейфуллин көшесінің басқа көшелермен қиылыстарында бағдаршамдар орналастырылды. Тротуар мен веложүргіншілер жолы салынды, олардың бойына 820 дана сәндік шамдар қойылды. 100 орындық пен қоқыс жәшігі орналастырылды. Воркаут алаңдар пайда болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылды. 233 жарық бағанасы жаңартылып, оларға ақылды шамдар қойылды.

    Жетіншіден, Қонаевта 36 инвестжоба жүзеге аспақ. Биыл негізгі капиталға 100,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 88,7 млрд теңгені құрады. Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.

    Сегізіншіден, туризмді дамыту мақсатында 5-жағажай абаттандырылды. Мұнда балалар бассейні, шатырлар, бизнес ойындары, футбол, волейбол алаңдары, жуынатын, шешінетін орындар, әжетхана, тұрақ орнатылды. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 1 шақырым жағажай абаттандырылып жатыр. Бұдан басқа, жалпы көлемі 60 гектар болатын 5 шақырым жағажайды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

    Тоғызыншыдан, биыл 973 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мансап орталығына 2822 адам жүгінді. 26 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Оның ішінде бесеуі – жастар, 6 – ауыл тұрғындары. Олар тігінші, кондитер, аспазшы мамандықтарын меңгерді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 97 адам қатысып, 67 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алды. 2024 жылы жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 15 адамға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде 22 152,0 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 8 грант аз қамтылған және көпбалалы отбасына, 1 мүгедектігі бар азамат, 1 ауыл тұрғынына, 6 мүгедектігі бар балаларды асыраушы ата-аналар және асыраушысынан айырылған тұлғалар қамтылды.

    Оныншы, халықты әлеуметтік қамту саласы да назардан тыс қалған емес. Биыл Қонаев қаласы және өңірі бойынша 166 жанұя, оның ішінде 856 аз қамтылған азаматтарға 74893,0 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.

    1 жастан 6 жасқа дейінгі 294 балаға 9769,0 мың теңге сомасына ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік көмек төленді. Ата-ана төлемақысын 100% субсидиялау бойынша 75 балаға 5510,0 мың теңге төленді. Жалпы алғанда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 бағытта қызмет етуде.

    Барлық мүгедектігі бар тұлғалар жеке бағдарлама негізінде техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алып отыр. Мүгедектігі бар жандарға 861 құрал-жабдық берілді. Одан бөлек, санаторлық-курорттық жолдамалармен 287адам, жеке көмекшінің қызметтерімен 56 адам, ымдау тілі маманы қызметімен 13 адам қамтылды.

    Он біріншіден, 2023 жылы 10 шағынауданда Қазақ орта мектеп-лицейі қолданысқа берілді. Қазір мұнда 431 бала білім алуда. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қонаевта мектеп тапшылығы жоқ. Ауыл-аймақтарды қоса есептегендегі 14 мектепте 12 902 бала 2 ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы мердігер компания – «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар, электр желілерін тарту, өрт қауіпсіздігі бойынша жабдықтар қою сияқты жұмыстар жүруде. Мектептің күрделі жөндеуіне 60 құрылысшы тартылған. Сондай-ақ сырты боялып қойған, абаттандыру жасалады. 1-блоктың жөндеуі желтоқсанда аяқталады, жалпы нысан 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Ендігі жылы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Аталған нысан 1987 жылы қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін 2019 жылы мектеп ауласындағы стадион жөнделген, нысан күрделі жөндеуден мүлде өтпеген. Қазір мұнда 1581 бала 2 ауысымда білім алады. Ал Шеңгелдідегі Қ.Жалайыри атындағы №6 орта мектепке 2025 жылы жапсаржай салу жоспарланған. Жоба биыл тамызда мемлекеттік сараптамадан өткен.

    Қонаев қаласының әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев анықтаған тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып, осы бағытта қызметті жалғастыруда.

  • Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды

    Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады.

    Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 триллион 436,4 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 триллион 81,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 354,5 миллиард теңге қарастырылғаны айтылды.
    2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, зейнеткерлер саны – 2 миллион 428 мың адам.

    «2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге», – делінген хабарламада.

  • Ақмола облысында жол салу шығынын 764 млн теңгеге артық есептеген

    Ақмола облысында жол салу шығынын 764 млн теңгеге артық есептеген

    Ақмола облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында көзделмеген жұмыстарды қосу есебінен сметаны асыра бағалау фактілері анықталды.

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдеуінше, 2022 жылы Аршалы ауданының «Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай» учаскесін салуға жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінген.

    2023 жылы кеткен қаражаттарды саралау кезінде шығындарға уақытша айналма жолды ұйымдастыруға кететін шығындар кірген. Бұл ретте осы жол жұмыстарының бағасы негізсіз 764 млн теңгеге ұлғайған, деп жазылған агенттік мәлімдемесінде.

    Талдау қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімдігі жобаның бағасын қайта қараған. Үнемдеу есебінен пайда болған қаражатқа Целиноград ауданының Қоянды ауылында су тасқыны кезеңінде еріген сулардың қауіпсіз өтуі үшін су бұру арнасы салынған.

  • Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында 2024 жылы 36 адамнан эхинококкоз, 45 адамнан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл туралы Жетісу облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеді.

    Басқарма өкілдерінің дерегінше, биыл аудан және қала аумақтарынан 15 262 ит пен 31 мысық ауланған. Облыс бойынша 309 қаңғыбас үй жануары «ізгілік жолымен» жойылды.

    Иесі бар 400-ден аса ит пен мысық клиникалық бақылауға алынып, олардың 336-сына құтырық және эхинококкоз ауруларының белгілері жоқ деген анықтама берілген.

    – 2024 жылы медицина мекемелерінде үй жануарларының тістеп, тырнап алуына қатысты 750 оқиға тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабының 1-тармағына сәйкес, облыс бойынша 280 адамға 6 656 738 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Жетісу облысы Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.

    Жыл басынан бері облыста мынадай аурулар тіркелді:

    эхинококкоз – 36 адам;
    қышыма – 8 адам;
    дерматомикоз – 91 адам;
    туберкулез – 24 адам;
    дерматофития – 14 адам;
    трихофития – 1 адам;
    бруцеллез – 45 адам;
    альвеококкоз – 1 адам.

    Айта кетейік, облыста 1000-нан аса ветеринар маман қызмет атқарады. Өңірде 10 ветеринарлық станция мен 118 ветпункт жұмыс істейді.

     

  • Аягөз қаласында трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды

    Аягөз қаласында трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды

    Абай облысы Аягөз қаласында Қабанбай көшесінің бойында жеке тұрған трансформаторда өрт шықты, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер ауа-механикалық көбікті пайдаланып, өрттің басқа аумақтарға таралуына жол бермей, оны толығымен сөндірді. Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

    Аягөз аудандық әкімдігінің оқыс оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

    «Аягөз қаласындағы электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық қосалқы стансада 23:20 шамасында өрт шыққандықтан, қалада жарық уақытша толықтай өшірілді. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», – делінген.

    Әкімдіктің ақпараты бойынша, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бірқатар ауылдық округтерде электр қуаты қайта қосылған. Атап айтқанда, Баршатас, Мәлкелді, Емелтау, Мәдениет, Байқошқар, Қосағаш, Мыңбұлақ, Нарын, Өркен, Бидайық, Айғыз, Ақшаулы, Ақтоғай, Қопа және Тарлаулы ауылдарында жарық қалпына келтірілді.

    Дегенмен, Аягөз қаласы мен Тарбағатай, Қарағаш, Майлин, Сарыарқа, Ақшатау, Мамырсу және Ақши ауылдық округтерінде электр қуатымен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылған.

    «Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр», – деп қосты аудандық әкімдік өкілдері.

  • Алматыда 10 916 нысанға сейсмикалық аудит жүргізілді

    Алматыда 10 916 нысанға сейсмикалық аудит жүргізілді

    Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді. Қала әкімінің айтуынша, алматылықтардың қауіпсіздігі – негізгі басымдықтардың бірі.

    – Ең маңызды міндет – сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру. Бүгінгі күнге дейін 10 916 нысанға сейсмоаудит жүргізілді. Оның 1 641 көппәтерлі тұрғын үй, 9 275 – азаматтық нысан. Осы жылдың 17 қазанда «Mass Alert» халықты хабардар ететін жүйені пайдалана отырып, қалалық сейсмикалық тексеру жүргізілді, – деді әкім .

    Сонымен қатар табиғи тәуекелдерді азайту мақсатында 1974 жылдан бері алғаш рет Мохнатка және Горельник тауларында беткейлер тазартылды. Бұдан бөлек, 6 мореналды көлде профилактикалық жұмыстар жүргізілді және Есентай өзенінің арнасы нығайтылды. Жер сілкінісі туралы алдын ала ескертудің автоматтандырылған жүйесін жетілдіру үшін 2025-2026 жылдары қосымша 70 сейсмостанция орнатылатын болады.

    Осыған дейін Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры, техника ғылымдарының кандидаты Ералы Шоқбаров Алматыда қандай үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алатыны туралы айтқан еді.

  • Жамбыл облысында жер сілкінді

    Жамбыл облысында жер сілкінді

      Қазақстанның ұлттық деректер орталығының ақпаратқа сәйкес, 18 желтоқсанда Астана уақыты бойынша 18:11-де (GMT 13:23) Тараздан батысқа қарай шамамен 108 шақырым қашықтықта жер сілкінді.

    Эпицентр координаттары: солтүстік ендік – 42,82 градус, шығыс бойлық – 70,22 градус.

    Магнитудасы – 3,6. Энергетикалық класы – 8,5. Тереңдігі – 8 шақырым.

    Құрбандар мен қираған ғимараттар туралы ақпарат түскен жоқ.

  • 11 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы президентке хат жолдады

    11 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлы президентке хат жолдады

    Осы жылдың 13 ақпанында 11 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдады. 

    Хатта: «Сіздің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауыңыз миллиондаған қазақстандықтарды шабыттандырды, Әділ Қазақстан, барлығына тең мүмкіндік мемлекетін құруға сенім ұялатты. Бұл жолдау осы хаттың авторының арасында үлкен резонанс тудырды», – деп бастапты А.Мұхамедиұлы.

    – Сіз өз Жолдауыңызда: «Қоғамда құқықтық тәртіп идеологиясы берік орнығып, барлық уәкілетті органдарға алаяқтықпен және соған байланысты құқық бұзушылықтармен күресу үшін шешуші шаралар қабылдауды тапсырдыңыз. Сіз Мемлекет басшысы ретінде бар күш-жігеріңізді жұмсай отырып, әрбір адам өз орнын тауып, арманын жүзеге асыратын Әділ Қазақстанды құратыныңызға сенімдімін.

    Әділет, заң, оптимизм маған өте жақын ұғымдар. Өйткені, Т.Жаманқұловтың бір күндік ресейлік компанияға күмәнді фантастикалық фильмі үшін 3 миллион АҚШ долларын алып кетуіне жол бермей, әділ, заңды әрекетім үшін жапа шектім. Ал бұл қаражатқа І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша «Алмас қылыш» тарихи фильмі түсірілді.

    Мен еліміздің сот жүйесінің барлық «кереметін» басынан өткергендердің атынан айғақтай аламын – Сіз бастаған сот реформалары қоғамда үлкен оптимизм тудырды, – деген экс-министр Президентке жолдаған хатында.

    Өздерінің деструктивті шешімдерімен жүзеге асырып отырған саясатыңызға, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы талпыныстарыңызға нұқсан келтіретін, оның үстіне атыңызды жамылып жүрген алаяқтармен одақтаса отырып, жауапты, уәкілетті тұлғалардың нақты әрі шынайы фактілерін келтіре кетейін.

     Біріншіден, Жолдауда сіз: «Цифрлық технологиялардың адамдардың күнделікті өміріне кеңінен енуі әртүрлі алаяқтық түрлерінің көбеюімен қатар жүреді» деп атап өттіңіз.

    Бірақ Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы Айқұлов Д.С. 2024 жылы қарашада Арман Байқадамның пайдасына шешім шығарып, ол сот отырысында 2022 жылы жылжымайтын мүлікке Bitcoin (қамтамасыз етілмеген цифрлық актив) бойынша төлем жасағанын мәлімдеді.

    2022 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасында цифрлық активтер – биткоинді шығаруға және айналымына тыйым салынғанын тікелей реттейтін «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-1-бабы қолданыста болды.

    Екіншіден, Астана қаласының судьясы А.Каримова Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 37, 38, 40, 412, 413-баптарын өрескел бұзып, үш рет (3) материалдық құқықтық қатынастарды (сол тараптар, талап қоюдың нысанасы және негізі бірдей) белгілі азамат Серік Қарымсақовтың пайдасына шешті.

    Сонымен бірге, А.Каримова Астана қаласының апелляциялық алқасының төрағасы ретінде С.Қарымсақовтың талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Нұрлановтың қаулысының күшін жояды.

    Судья А.Каримова С.Қарымсақовтың мүддесін ашық қолдап, судья А.Нұрлановтың С.Қарымсақовтан мемлекет кірісіне 27 045 842 теңге мемлекеттік баж салығын өндіру туралы Қаулысының күшін жойды. 

    Үшіншіден, Активтерді мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару туралы тапсырмаңызды орындау мақсатында «Nomad Land’s» ЖШС (Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі) иесі А.Ахметов 2024 жылғы ақпанда Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен сот отырысында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Мемлекеттік комитетпен келісім бойынша мүлікті өз еркімен мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсыныс жасады.

    Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі және Мемлекеттік комитетпен келісім бойынша мүлікті мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару туралы ұсыныс енгізді. А.Ахметов өз шешімін жазбаша түрде растады. Бірақ Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен судья Г.Сатбаева «Nomad Land’s» пен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арасындағы келісімді жарамсыз деп танып, керісінше шешім шығарады.

    Бір қызығы, бұл соттың қорытындыларында менің есімім бірде-бір рет аталмаған, яғни А.Мұхамедиұлының бұл нысанды жекешелендіруге еш қатысы жоқ.

     Төртіншіден, Сіздің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығыңызбен Есеп комитеті Жоғары аудит палатасы болып қайта құрылды. Бірақ, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қ.Имашев Қазақстан Республикасының Заңдарын бұзып, Сіздің нұсқауларыңызды елемей, Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің 2019 жылғы желтоқсандағы Мемлекеттік аудит және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2022 жылғы 24 ақпандағы қорытындыларына қайшы келді. «Алтын адам шеруі» және басқа бағдарламалар бойынша «заң бұзушылық фактілері анықталған жоқ». 29.02.2024 жылы сот үкімі үш күнде штатында 1 қызметкері бар  «Тұрсынбек» жеке серіктестігінің қорытындысы бойынша шығарылды.

    Сот отырысында «Тұрсынбек» жеке кәсіпкерінің басшысы өз ойын дәлелдеу үшін іске қатысы жоқ басқа  ЖШС, жеке кәсіпкерліктердің деректерін пайдаланғанын алға тартты. Ал сол аты аталған «қатысушы» ЖШС-лар мен жеке кәсіпкерлер «Тұрсынбек» жеке кәсіпкерлігіне мүлдем қатысы жоқ екенін алға тартты.

    Хат соңында экс-министр келтірген фактілер уәкілетті органдардың заңсыз әрекеттерін толық қамти алмайтынын және заңсыздық пен президент саясатына қарсы әрекетті тоқтатуын сұраған.

    Айта кетейік, сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

  • Тина Канделакиге Еуродақ санкция салды

    Тина Канделакиге Еуродақ санкция салды

    Еуропа одағы «Газпром‑медиа» холдингі бас директорының орынбасары Тина Канделаки, саясаттанушы және «Валдай» пікірталас клубының бағдарламалық директоры Тимофей Бордачев, әнші Лариса Долина, Мордовия басшысы Артем Здунов шектеулерге ілікті.

    Еуропа одағының жаңа санкциялар тізімінде Ресейден және басқа елдерден 54 жеке тұлға мен 30 компания бар, олар Еуропа одағы Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп санайды. Олардың қатарында 8 шілдеде Киевтегі «Охматдет» балалар ауруханасына артиллериялық оқ атуға қатысқан әскери қызметкерлер, бірнеше энергетикалық компаниялардың басшылығы, ЕО украин балаларын депортациялауға және ресейшіл үгіт-насихатқа жауапты деп санайтын адамдар, сондай-ақ Солтүстік Кореяның екі шенеунігі бар.

    Венгрия сыртқы істер министрі Питер Сийярто жаңа санкциялар тізімін талқылау кезінде Венгрия тарапы одан Ресей саясатының кейбір ірі қайраткерлерін алып тастауға қол жеткізді деп мәлімдеді. Бұл туралы «Коммерсант» хабарлайды. Нәтижесінде ЕО санкцияларына ұшырамағандардың қатарында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл (Гундяев), Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя, Ресей Олимпиада комитеті және екі футбол клубы бар, деп түсіндірді Сиярто.