Метка: Басты жаңалықтар

  • 9 айда 21 судья жауапқа тартылған

    9 айда 21 судья жауапқа тартылған

    Қазақстанда 9 ай ішінде 21 судья жауапқа тартылды. Бұл туралы Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Нұрия Сисенова мәлімдеді.

    2024 жылдың тоғыз айында сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 21 судья жауапқа тартылды, – деді Сисенова Сенат отырысында.

    Оның айтуынша, 2023 жылдың осы кезеңінде тоғыз судья жауапқа тартылған.

  • Бірнеше өңірде мектептер онлайн режимге ауысты

    Бірнеше өңірде мектептер онлайн режимге ауысты

    Қарағанды облысының білім басқармасы 7 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысым 0-11 сынып оқушыларының, 1-2 курс колледж студенттерінің сабақтары қашықтан оқуға көшірілетінін және Балқаш пен Приозерск қалалары штаттық форматта оқитынын хабарлады.

    Ақмола облысында онлайнға кеткен мектептер: 1 ауысым 0-11 сыныптар: Астрахан, Атбасар, Шортанды, Ақкөл, Жақсы, Ерейментау, Есіл аудандарындағы қала мектептері, Жарқайың ауданының мектептері, Сандықтау ауданының 2 мектебі.

    0-9 сыныптар: Қосшы қаласы, Целиноград, Степногорск қаласы, Егіндікөл, Біржан сал, Аршалы аудандары.

    1-4 сыныптар: Көкшетау қаласы, Зеренді ауданы.

    Павлодар облысында 7 қарашада бірінші ауысымдағы мектепалды, 1-11 сынып оқушыларының және 1-2 курс колледж студенттерінің сабақтары қашықтан оқу форматына ауыстырылады.

  • Жаттықтырушы Алексей Ли допинг жанжалына байланысты өмір бойына шеттетілді

    Жаттықтырушы Алексей Ли допинг жанжалына байланысты өмір бойына шеттетілді

    Жаттықтырушы Алексей Ли ауыр атлетикадағы допинг жанжалына байланысты өмір бойына дисквалификацияланды.

    Халықаралық тестілеу агенттігі бұған дейін қазақстандық жаттықтырушыны спорттық қызметтен уақытша шеттеткен болатын. Бұл басты себебі – біздің титулды ауыр атлеттеріміз: Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Нижат Рагимовқа қатысты допинг жанжалдары.

    ITA ұлттық құраманың 63 жастағы тәлімгерін өмір бойына дисквалификациялау туралы шешім қабылдады, ауыр атлетика Федерациясы ақпаратты растады.

    Сонымен қатар, Виктор Ни, Алексей Геннадьевичтің інісі, жұмыстан шеттетілуі мүмкін. Ол бойынша әлі ресми шешім жоқ. Командада ол жылдар бойы аға жаттықтырушы қызметін атқарып келді.

  • ШҚО-да қор басшысы мүгедектерден 115 млн теңге жымқырды

    ШҚО-да қор басшысы мүгедектерден 115 млн теңге жымқырды

    Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс» корпоративтік қорының басшысы бюджеттен бөлінген 115 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

    Тергеу мәліметтері бойынша, есту қабілеті нашар адамдарды қажетті қызметпен қамтамасыз етуге арналған ақшаны иемденген.

    «Мүгедектерге ымдау тілі мамандары көрсеткен қызметтердің ақшасын өзінің банктегі шотына аудару арқылы иемденді деп күдіктелуде», – деп мәлімдеді Антикор.
    Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.

  • Трамптың инаугурациясы қашан өтеді?

    Трамптың инаугурациясы қашан өтеді?

    АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамптың инаугурациясы 2025 жылдың 20 қаңтарына жоспарланып отыр.

    USA Today-дің жазуынша, АҚШ-тың келесі президентін ұлықтау рәсімі 2025 жылдың 20 қаңтары, дүйсенбіде Вашингтондағы Капитолий ғимараты алдында өтеді.

    Инаугурацияға дейін және одан кейін басқа да мерекелік іс-шаралар өтеді, соның ішінде инаугурациялық шеру мен би кеші де болады.

  • Екі облыста көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Екі облыста көлік қозғалысына шектеу қойылды

    Ақтөбе облысындағы Самара-Шымкент тасжолында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАвтожол.

    2024 жылғы 6 қарашада сағат 19:00-де Ақтөбе облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Самара-Шымкент автожолының 965-1153 шақырым аралығында (Қарабұтақ ауылынан М-32 және А-26 жол айырығына дейін) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

    Сонымен қатар 2024 жылғы 6 қарашада сағат 20:00-де Ақмола облысында ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар Көкшетау-Атбасар автожолының 47-184 шақырым аралығында (Зеренді ауылынан Атбасар қаласына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қою жоспарларуда. Жолды 2024 жылғы 7 қарашада сағат 08:00-де ашу жоспарланған.

  • Хасанға қатысты жәбірленуші тарап мәлімдеме жасады

    Хасанға қатысты жәбірленуші тарап мәлімдеме жасады

    «Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевтан зардап шеккен Арман Әлімовтың анасы баспасөз конференциясында оқиғаның мән-жайын айтып берді.

    Әлімовтың анасының айтуынша, Хасан Арманның басқа ауданның адамдарын оған қарсы қойды деп ашуланған. Осыдан кейін Хасанның адамдары Арманның үйін аңди бастаған, кейін оны ұрып-соғып, көлікке салып алып кеткен.

    «Қазан айының соңында бізді Алматы облысының полиция департаментіне ескі іс бойынша шақырып, қайтадан жауап алды. 2021 жылғы 17 маусымда ұлымды соққыға жығып, ұрлап әкетті. Оны адам жоқ жерге апарып, соққыға жығып қинаған. 3 жыл бойы сот процестері жалғасты, енді іс қайта ашылған сияқты. Біз куәлік бердік, ал ұлым қылмысты ұйымдастырушы ретінде Хасан Қасымбаевты көрсетті», – деді Әлімовтың анасы.

    Оның айтуынша, Әлімовты ұрып-соғып ес-түссіз айдалаға тастап кеткен. Есін жиған соң, ол інісіне қоңырау шалған. Інісі оны алып кетіп, ауруханаға жеткізгеннен кейін үйінде оларды полиция қызметкерлері күтіп алған екен. Сонымен қатар, Арманды ұрып-соғу кезінде Хасан видеобайланыс арқылы барлығын бақылап отырған. Кейін ол өзі де оқиға орнына келіп, кейіннен қалғандарымен кетіп қалған.

    «Ұлым 3 апта бойы ауруханада жатты, осы уақыт ішінде полиция тарапынан оған арыз бермеу үшін қысым көрсетілді. Алғашында іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды, бірақ қоғам тарапынан қысым болғандықтан, ол адам ұрлау бабына ауыстырылды. Айқын дәлелдерге қарамастан, әділдікке қол жеткізу ұзақ уақытқа созылды. Тергеуде көптеген заңбұзушылықтар болды», – деді жәбірленушінің анасы.

    Сондай-ақ, кінәлілер бастапқыда бұзақылық бабы бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, тергеу изоляторында болған уақыт есепке алынып, олар сол сәтте-ақ бостандыққа шығарылған. Іс айыпталушылар басқа қылмыспен ұсталғанда ғана қайта қаралыпты. Оларды адам ұрлады деп айыптап, топ болып адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін тағы 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қосылды.

    Осы айдың басында Арман Әлімовті полицияға қайта шақырып, Хасан Қасымбаевқа қатысты тағы да сұрақтар қойған. Енді Қасымбаевты адам ұрлау және ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабы бойынша 7-8 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.

  • Қостанай облысында жарылыс болды

    Қостанай облысында жарылыс болды

    Амангелді ауылында мәдениет үйінің жеке тұрған қазандығында жарылыс болып, ғимарат опырылды.

    Құтқарушылар 1969 жылы туған ер адамды үйінділер астынан шығарып, оған жедел медициналық жәрдем көрсетті. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратта басқа адамдар болған жоқ.

    Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

  • ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тізімі бар екенін растап, Хасан Қасымбаевқа қатысты пікір білдірді.

    Еске сала кетейік, күні кеше Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Осы орайда журналистер Игорь Лепёхадан қазақстандықтардың аузында жүрген «Хуторлықтар» тобы туралы сұрады. Бұған дейін ІІМ мұндай қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған еді.

    «Бір қылмыстық топ жойылса, жаңалары пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Бұл тұрақты жұмыс қой. Алайда, қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды», – деді Лепёха.

    Ол Хасан Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейіне әлі толық үңілмегенін, себебі бұл тергеу ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құзыретінде екенін айтты.

    «Барлық мәселелер қылмыстық іс аясында анықталады. Әзірге біздің қызметкерлердің қатысы бар деген күдік жоқ. Барлық әрекеттер прокуратураның бақылауында. Жаңадан ашылған мәліметтерге сәйкес ол жауапкершілікке тартылады», – деп қорытындылады Лепёха.
    Оның айтуынша, қызметкерлердің барлық іс жүргізу әрекеттері прокуратураның бақылауында және әр кезең қадағалауда.

  • Колледж студенттері онлайн оқуы мүмкін

    Колледж студенттері онлайн оқуы мүмкін

    Елімізде колледж студенттері онлайн оқуы мүмкін. Алайда бұл өзгеріс барлық мамандыққа қатысты емес.

    Оқу-ағарту министрінің айтуынша, онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты – колледждерге білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмыстарын үзбей-ақ нақты практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау. Экономиканы цифрландыру жағдайында ерекше сұранысқа ие IT-мамандықтарға басты назар аударылмақ.

    Ғани Бейсембаев мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбританияда оң нәтиже бергенін айтты. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған.

    «Бүгінде еңбек нарығы талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледж жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадр даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген», – деді министр.