Метка: Басты жаңалықтар

  • Талғардағы тергеу изоляторынан қашып кеткен күдікті ұсталды

    Талғардағы тергеу изоляторынан қашып кеткен күдікті ұсталды

    Іздестіру жұмыстары басталған сәттен бастап полицияның барлық күштері жұмылдырылды, сондай-ақ іздеу шараларына қоғамдық көмекшілер, еріктілер мен облыс тұрғындары тарапынан құрылған ерікті жасақтар белсенді түрде атсалысты.

    Күдікті қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған жасалған негізгі қылмысқа қосымша қамаудан қашқаны үшін айып тағылады.

    Полиция іздеу шараларына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіреді.

  • Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

    Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

    Құрметті отандастар!

    Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

    Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.

    Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

    Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.

    Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін.

    Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!

  • Балалар емінен 44 млн жымқырған «More life» қоры директоры сотталды

    Балалар емінен 44 млн жымқырған «More life» қоры директоры сотталды

    Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп танылып, 6 жарым жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ratel.kz сайты.

    Сот деректеріне қарасақ, 2022 жылдан 2024 жылға дейін Жулина ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге жиналған 44 миллион теңгеге жуық қаржыны иемденген.Ең даулы істердің бірі – бүйрегі ауыратын 4 жасар қыз балаға Беларусь елінде шұғыл ота қажет болған жағдай. More Life қоры операцияға қажетті 30 миллион теңгені жинап, бірақ ақшаны клиникаға жібермеген, ал есеп құжаттары жалған болып шыққан. Қыз бала қазірге дейін тек гемодиализ арқылы өмір сүріп жатыр.

    Тағы бір зардап шеккендер – көздің қатерлі ісігі диагнозы қойылған балақайдың ата-анасы. Қор Швейцарияда емделуге уәде еткенімен, құжаттары дұрыс толтырылмаған соң операция жасалмай қалды. Осылайша ата-аналар уақыт жоғалтып алғанымен қоймай, жинаған ақшаларынан да айырылып қалды.

    Алданғандардың қатарында Жулинаның өз апасы да бар. Ол өзінің мүгедек баласын емдеуге Түркияға жіберген. Уәде етілген емнің орнына балаға тегін жасалатын физиотерапия ғана жасалған. Сапардан кейін баланың жағдайы нашарлап, мүгедектік деңгейі ауырлай түскен.

    Жулина өз кінәсін мойындамай, тек көмек көрсетуге тырыстым деп ақталды. Алайда тергеу оның кінәсін толық дәлелдеді. Енді зардап шеккен отбасылар жоғары сот инстанцияларында әділдікке қол жеткізбек.

  • Қазанда Абай ескерткіші ашылды

    Қазанда Абай ескерткіші ашылды

    Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.  Іс-шара Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазандағы жұмыс сапары аясында өткізілген.

    Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.

    Салтанатты іс-шара соңында қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

     

  • 1 қарашадан бастап кей өңірде электр энергиясы тарифі қымбаттайды

    1 қарашадан бастап кей өңірде электр энергиясы тарифі қымбаттайды

    1 қарашадан бастап елдің бірнеше өңірінде электр энергиясының тарифі қымбаттайды. Шекті тарифтерге өзгерістер Энергетика министрінің 2024 жылдың 21 қазанындағы бұйрығы негізінде енгізілді.

    1-топ (Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1) – кВт/сағ үшін 8,05 теңгеден 8,27 теңгеге;

    2-топ (Еуроазиялық энергетикалық корпорация) – 7,40 теңгеден 7,98 теңгеге дейін;

    9-топ («Астана-Энергия» АҚ) – 8,49 теңгеден 9,28 теңгеге дейін;

    12-топ («Қазақстан алюминийі» АҚ) – 6,05 теңгеден 7,87 теңгеге дейін;

    18-топ («Степногор ЖЭО» ЖШС) – 22,58 теңгеден 28,97 теңгеге дейін;

    28-топ («Жаңажол ГТЭС» ЖШС) – 11,44 теңгеден 11,85 теңгеге дейін;

    39-топ («З-Энергоорталық» АҚ) – 13,79 теңгеден 15,09 теңгеге дейін;

    48-топ («Қазхром» ТҰК» АҚ) – 7,59 теңгеден 10,67 теңгеге дейін.

    Сонымен қатар тізімге жаңа компаниялар қосылды, олардың тарифтері алғаш рет бекітілді:

    • 56-топ КВт/сағ үшін 43,92 теңге;
    • 57-топ тарифі 56,63 теңге;
    • 58-топ тарифі 26,08 теңге;
    • 59-топ тарифі 22,56 теңге;
    • 60-топ – 3,07 теңге.

    Министр бұйрығы 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап қолданысқа енеді.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыда электр энергиясының тарифі 3,7%-ға өсетіні хабарланды. 15 қазаннан бастап электрмен жабдықтаудың орташа өлшенген шекті бағасы қосылған құн салығынсыз (ҚҚС-сыз) 29,04 теңге болды:

    • Тұрғындар үшін 27,59 теңге/кВтсағат;
    • Заңды тұлғалар үшін 30,08 теңге/кВтсағат;
    • Бюджет ұйымдары үшін 30,47 теңге/кВтсағат;
    • Тұтынушылар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін 29,04 теңге.
  • Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    2024 жылғы 24 қазанда Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім өз күшіне енді, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

    Келісім қолданыстағы ұлттық паспорттары бар екі тараптың азаматтарына 14 (он төрт) күнтізбелік күн ішінде визасыз бір-бірінің аумағына кедергісіз кіруге, шығуға, транзитпен жүруге және болуға мүмкіндік береді. Алайда, визасыз режим еңбек қызметіне, оқуға және тұрақты тұруға қолданылмайтынын есте ұстаған жөн. Егер Макао аумағында 14 күннен артық болуды жоспарласаңыз, тиісті кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет, – деп қосты ведомство.

    Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.

  • LRT 2025 жылдың соңында іске қосылады

    LRT 2025 жылдың соңында іске қосылады

    Астанада LRT 2025 жылдың соңына таяу іске қосылады. Жеңіл рельсті көлік машиниссіз жүреді. Ал бұл жүйені сынақтан өткізуге кемі алты ай қажет. Бүгін премьер-министр ОлжаС Бектенов LRT-ның құрылыс барысын тексерді. Үкімет басшысы жоба эстакадасының арҚалықтарын төсеу кезеңі аяқталғанына көз жеткізді. Стансалардың негізгі темірбетон конструкцияларының құрылысы биыл жыл аяғына дейін бітуі тиіс. Келесі жылы рельстер төселіп, стансаларды Әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Сонан соң жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысы жүзеге асады. Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлік абаттандыРылады.

  • Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан прокурорлар марапатталды

    Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан прокурорлар марапатталды

    Қуандық Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылар – Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков  Республика күніне орай марапаттарға ие болды, — деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

    Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар прокурорлардың заңдылықты және құқық тәртібін нығайтудағы еңбегі мемлекеттік наградалармен атап өтілді. Сондай-ақ, Бас Прокурордың бұйрығымен қызметтік борышын үлгілі орындағаны үшін прокуратураның ерекше көзге түскен қызметкерлері мен жұмыскерлері ведомстволық медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

    Қадағалау органы мәліметінше, бас прокурордың ұсынысы бойынша Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша, Аймағанова мен Нұрбеков «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

  • Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Олжас Бектенов Республика күні қарсаңында Президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің Жарлығына сәйкес азаматтарға берілген мемлекеттік наградаларды табыс етті.

    Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.

    II дәрежелі «Барыс» орденін Қазақстан Машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы М. Пішембаев, III дәрежелі «Барыс» орденіне – ҚР Үкіметінің Парламенттегі өкілі Е. Аманшаев иеленді.

    «Парасат» ордені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Т. Оспанқұловқа, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы М. Теміржановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қ. Исқазиевке табысталды.

    «Құрмет» орденімен Үкімет Аппараты басшысының орынбасары Э. Толғанбаев, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Н. Жумадильдаева, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ж. Әлиев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Б. Бекнияз, энергетика вице-министрі Е. Ақкенженов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы К. Сейітова, «Бәйтерек»  ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары В. Сон, Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Т. Абдуллин, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Т. Турлов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р. Әбдіқалықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарушы директоры Ж. Өмірбеков, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары М. Ихсанов, Үкімет Аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары З. Хамитова, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары А. Құлтуманова, Үкімет Аппаратының өңірлік инспекторы Қ. Қалыбеков, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары И. Рожков, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ аппарат басшысы С. Кеулімжаев, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Б. Әбішева, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ» Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Жаңғазы Рақымов марапатталды.

    Премьер-министр баршаны ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Әділетті Қазақстан құруда мемлекеттік аппараттың одан әрі адал да әділ жұмысының маңыздылығын атап өтті.

  • Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Анкарадағы теракт құрбандарының саны бес адамға жетті

    Түркия Ішкі істер министрлігінің басшысы Али Ерликая TRT Haber телеарнасының эфирінде Анкарадағы лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны бес адамға жеткенін, тағы 22 адам жарақат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

    «Терактіде қаза тапқандар саны 5 адамға жетті, зардап шеккендердің жалпы саны 22 адам, оның үшеуі ауруханадан шығарылды. Біздің бағалауымызша, шабуыл Күрдістан жұмысшы партиясының әрекетімен байланысты болуы мүмкін. Шабуылдаушыларды анықтағаннан кейін біз ақпарат және басқа да дәлелдермен бөлісеміз», — деді министр.

    Ол сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шабуыл туралы ақпарат түскен сәттен бастап қауіп жойылғанға дейін ақпарат алып отырғанын айтты.