Метка: Басты жаңалықтар

  • Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге салған

    Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге салған

    Жыл басынан бері 20 млрд теңгеге жуық шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық іс тергелді, деп хабарлайды.

    ҚМА мәліметінше, 12 млрд теңгеден астам қаражат өтелген. Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді.

    Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15%-на дейін пайда әкелуге уәде еткен. Келтірілген залал көлемі – 255 млн теңге, – делінген ҚМА хабарламасында.

    Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

    Агенттік IT-құралдарды пайдалана отырып, әлеуметтік желілерге талдау жасайды. Биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелері бұғатталды. «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» желісінде 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.

    «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

  • Қазақ тілін менсінбеген Черчесовке айыппұл салынды

    Қазақ тілін менсінбеген Черчесовке айыппұл салынды

    Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тіліне қатысты әзілінен кейін айыппұл салынды. Бұл туралы ҚФФ басшысы Әділет Барманқұлов мәлім етті.

    Қателіктер бар. Біз бұл туралы кеше ғана журналистермен сөйлестік. Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шығып кетті. Мен онымен жеке сөйлесіп, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдылығын түсіндірдім. Біз онымен әңгімелесу түрінде жұмыс өткіздік. Оған айыппұл салынды, — деді федерация басшысы Әділет Барменқұлов.

    Сондай-ақ ол салынған айыппұл көлемі 200 АЕК немесе 738 400 теңгені қамтитынын атап өтті.

  • Еліміздің оңтүстік өңірлерінде үсік жүреді

    Еліміздің оңтүстік өңірлерінде үсік жүреді

    «Қазгидромет» РМК мамандары ертең, 17 қазанда елдің бірнеше өңіріндегі ауа райына байланысты ескерту жасады.

    Атырау облысының батысында, оңтүстігінде тұман.

    Алматы облысының оңтүстігіне, тау етегіндегі, таулы аудандарына тұман түседі.

    Алматыда 17 қазанда түнде тұман.

    Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында тұман, түнде -1-6 градус үсік сақталады.

    Түркістан облысының солтүстігіне, батысына, таулы және тау бөктерлі аудандарына тұман түседі. Шығыстан жел соғады, күндіз облыстың тау асуларында күші – 15-20 м/с. Түнде облыстың солтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында -3 градус үсік жүреді.

    Шымкентте түнде және таңертең тұман түседі, түнде -1-3 градус үсік болады.

    Маңғыстау облысының батысында нөсер жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні – 15-20 м/с.

    Ұлытау облысының шығысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман.

    Батыс Қазақстан облысының батысына, солтүстігіне тұман түседі.

    Павлодар облысының солтүстігінде, оңтүстігіне тұман.

  • Алматыдағы хостелде болған өрт: Прокурор айыптау актісін оқыды

    Алматыдағы хостелде болған өрт: Прокурор айыптау актісін оқыды

    Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өрт бойынша басты сот отырысы басталды. Бүгін прокурор айыптау актісін оқыды.

    Іс Алмалы аудандық сотында судья Ернар Қасымбековтің төрағалығымен қаралып жатыр.

    ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша екі адамға айып тағылып отыр. Олар — Әділбек Мұхамедьяров пен Александр Пекельник.

    Сот отырысында прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыды.

    Мемлекеттік айыптаушы тараптың мәліметінше, 2022 жылы кәсіпкер «Гидсервис» мекемесі мен ғимарат иесі «Құса халық» ЖШС арасында қолданыстағы өрт дабылы жүйесін диагностикалау және тексеру үшін келісім-шарт жасалған.

    Пекельник өрттен қорғау жүйелерін жобалауға қажетті лицензиясының жоқтығына қарамастан, қолданыстағы дабыл жүйесін визуалды тексеріп, диагностика жүргізген. Бірақ ол бөлмелердің функционалдық мақсаттары мен ерекшеліктерін ескермеді. Нәтижесінде ол орнатылған жүйе одан әрі пайдалануға жарамсыз деген қорытындыға келді.

    Прокурордың айтуынша, сотталушы өрт кезінде іске қосылатын дабыл жабдықтарын жеткіліксіз орнатқан, бұл кейінірек іске қосылған кезде жүйенің дыбысы толық шықпаған.

    Кейіннен Пекельниктің жұмысын «Кұса Халық» ЖШС қабылдап алған.

    Прокурордың сөзінше, ғимарат дүкенге арналған. Әділбек Мұхамедьяров «Құса халық» ЖШС-мен жалға беру шартын жасасқан соң, ол жерден хостел ашқан. Хостел бөлмелері 2023 жылдың қыркүйегінде, өрттен екі ай бұрын жалға алынған.

    «Айыпталушы Мұхамедьяров ғимараттың функционалдық мақсатын өзгертіп, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар жалға алушы ол жерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Дәлізге төсектер орналастырып, бірінші қабаттағы эвакуациялық есікті жиһаздармен жауып тастаған. Сондай-ақ жертөленің авариялық шығу есіктерін бекітіп қойған», — деді прокурор Нұразхан Мырзалы.

  • Қазақстан БРИКС-ке кіруге өтініш бере ме?

    Қазақстан БРИКС-ке кіруге өтініш бере ме?

    Қазақстан Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің БРИКС-ке қосылуы туралы ұсыныстар түскенін айтты. Ал мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият қарастырады.

    Қазан қаласында 23-24 қазанда БРИКС саммиті өтеді. Уәлидің айтуынша, Тоқаевтың жұмыс кестесінде оған қатысу бар.

    «Мемлекет басшысы сонда 24 қазанда ұйымның аутрич форматындағы кеңейтілген отырысында сөз сөйлеуді жоспарлап отыр», — деді президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы.

    Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан БРИКС эволюциясын қызығушылықпен бақылап отыр және ұйымның негізін қалаушы мемлекет басшыларының кез келген алпауыт державалардың гегемониясынан азат, әділ, демократиялық әлемдік тәртіп құруға бар күш-жігерін салуға шақыруларын қолдайды.

    «Президент Қазақстанның БРИКС-ке қосылуы туралы ұсыныстар алды. Өйткені, біздің еліміз халықаралық қауымдастықтың жауапты әрі беделді мүшесі ретінде танылды. Бұл ұсыныстарды Мемлекет басшысы мұқият қарап, оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан сараптауда», – деді Берік Уәли.

  • «Бір адамға — бір SIM-карта». Қазақстанда ұялы нөмір санына шектеу енгізу ұсынылды

    «Бір адамға — бір SIM-карта». Қазақстанда ұялы нөмір санына шектеу енгізу ұсынылды

    Мәжіліс отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ведомствоның SIM-карталарды бір қолға сатуды шектеу туралы ұсынысын жеткізді.

    «Қазір алаяқтар әлеуметтік желілерде жұмыс істейді. Негізінен WhatsApp-ты қолданады. Сондықтан біз ұялы нөмірлер жоспарын мемлекетке қайтару үшін заңнамалық бастама көтереміз.
    Біз нөмірлік жоспарды мемлекетке қайтарамыз және азаматтар электрон үкімет порталында немесе eGov mobile қосымшасы арқылы ұялы телефон немесе қалалық байланыс нөмірін алады.

    Сонымен қатар бір адам алатын SIM-карталар санын шектейміз. Ал енді коммерциялық мақсатта SIM-карталарды бақылаусыз алатын заңды тұлғалар әр нөмірді пайдалану мақсатын негіздеуі керек болады. Алдағы уақытта осындай бастамалармен сіздерге келеміз», — деді ресми өкіл депутаттарға.

  • Зиянды жұмыс: 12 мыңға жуық адамға жәрдемақы тағайындалды

    Зиянды жұмыс: 12 мыңға жуық адамға жәрдемақы тағайындалды

    Биыл 12 мыңға жуық қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды.

    Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі мәлім етті.

    Қаражат зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегендерге төленеді. Өтініштердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Төлемді алу үшін жұмысшы келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, зиянды жұмыс орнында кем дегенде 7 жыл еңбек етуі керек. Екіншіден, жасы 55-ке толуы шарт. Үшіншіден, жұмыс берушісі өз есебінен оған 7 жыл бойы зейнетапқы қорына кәсіптік зейнетақы жарналарын ауда­­рып тұруы қажет. Ақша зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Қаражаттың жалпы орташа мөлшері 200 мың теңгеден асады.Ал, әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері зейнетақы қорындағы жинақтарына байланысты болады. Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген болатын.

     

     

     

  • «Өте жақсы, тәрбиелі бала». Депутат Тұрлыханов ұлы туралы айтты

    «Өте жақсы, тәрбиелі бала». Депутат Тұрлыханов ұлы туралы айтты

    Дәулет Тұрлыхановтың пробациялық бақылауда тұрған ұлының басы дауға қалды. Желіде оның тойда отырған видеосы тараған еді. Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты пікір білдірді.

    Еске салайық, сот қаулысымен оның ұлына бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол алғаш рет тәртіп бұзып отырған жоқ.

    Журналистер депутаттан ұлының Алматыға тойға барғанын біле ме деген сұрақ қойылды.

    «Білген жоқпын. Бұл іске араласқым келмейді. Жас қой әлі… Онымен үнемі сөйлесетінмін. Қай әке баласының жаман болғанын қалайды? Әрине, бұл туралы ойлаймын. Біз оған қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ неге және қалай болғанын білмеймін. Жасы небәрі 21 жаста болса да соңынан аңдып жүр. Егер оның психикасына зардап тисе, кім жауапты? Сондықтан айтарым: менің балам өте жақсы, тәрбиелі. Енді достарымен араласа алмай ма? Туған күн кешіне баруға болмай ма? Бұл туралы қатты алаңдаймын. Баламның денсаулығы да алаңдатады», — деді Тұрлыханов Мәжіліс кулуарында.

  • Жалған тұқым егу: Аграрлық зерттеу университетінің лауазымды тұлғасы сотталды

    Жалған тұқым егу: Аграрлық зерттеу университетінің лауазымды тұлғасы сотталды

    ҚазҰАЗУ лауазымды тұлғалары ұрлық жасағаны үшін сотталды.
    Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (бұдан әрі — Университет) жалған тұқым егу және егу орындарын өңдеу жолымен бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

    Бұған дейін Бас прокуратураның тапсырмасымен Университеттің қызметіне тексеру жүргізілген. Онда 2020 жылы Университет жалпы сомасы 43,8 млн теңгеге қант жүгерісінің тұқымын, «аммофос» минералды тыңайтқышы мен аммиакты селитрасын сатып алуға мемлекеттік сатып алу туралы 3 шарт жасасқаны анықталған.

    Тексеру жоғарыда аталған тауарлардың іс жүзінде жеткізілмегенін, ақша қаражатының қолма-қол ақшаға айналдырылғанын көрсетті

    «№2 Медеу аудандық сотының үкімімен Университеттің «Саймасай»  оқу-тәжірибелік шаруашылығының директоры Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталды», — делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында. 

    Ведомсвтоның ақпаратына сәйкес, залал толық көлемде өтелді.

    Үкім заңды күшіне енді.

  • Науқан басталды: Қарызыңды төле, өсімпұлды есептен шығарамыз

    Науқан басталды: Қарызыңды төле, өсімпұлды есептен шығарамыз

    Алматыда “Қарызыңды төле, өсімпұлды есепТен шығарамыз” науқаны басталды. Акция жылуды пайдаланып, алайда, ақшасын уақытында төлемеген жеке тұлғаларға арналады. Ол үшін тұрғындар желтоқсанға дейін берешекті толық өтеуі керек. Содан соң, “Алматы жылу желілері” мекемесіне жазбаша өтініш беруі тиіс. Айта кетейік, қарыз төленбеген жағдайда тұрғындар жылу мен ыстық судан ажыратылады. Ал берешек сот арқылы мүлік пен есепшотқа тыйым салумен өндіріледі. Соңғы жылдары коммуналдық қызмет елімізде 16 %- ға қымбаттады. Десе де, әр аймақта тариф әртүрлі. Дегенмен еліміз бойынша Алматы тұрғындары орталықТандырылған жылу мен ыстық суға көп төлейді.