Метка: Басты жаңалықтар

  • Қонаевта 3 күнге газ беру тоқтатылады

    Қонаевта 3 күнге газ беру тоқтатылады

    Мұны «Қапшағай аумағының газ желілері» ЖШС мәлімдеді.

    Мекеменің ақпаратына сәйкес, бұл жұмыстар Абай көшесінің жолын жөндеумен қатар, үлкен қысымды газ желісін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Газ құбырының жаңа желісін қолданыстағы желіге ажыратусыз қосуға мүмкіндік жоқ.

    Үш күн бойы №1,2,3,4,5, Восточный, Гүлдер, Спутник, Арна, № 18,19,20 ш/а-да және Железнодорожная көшесінде көгілдір отын беру тоқтатылады немесе кей аудандарда газ қысымы төмендеуі мүмкін.

    «Көгілдір отынды көп уақыт жоғалтпай қосуға тырысамыз. Уақытша ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», — деп жазды мекеме өкілдері.

  • Қайрат Сатыбалдыұлының жазасы жеңілдейді

    Қайрат Сатыбалдыұлының жазасы жеңілдейді

    Мұны Өскемен қалалық №2 сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

    Соттың үкімімен кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.

    Ол өзінің өтініш хатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы жазған.

    Прокурор кәсіпкердің хатын қанағаттандыруды сұрап, Қайрат жазаны ауыстыру үшін барлық шартты орындағанын, мемлекетке өз еркімен активтерді қайтарғанын алға тартқан.

    Қайрат Сатыбалдыұлы орташа ауыр және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген.

    Түзеу мекемесінің әкімшілігі оған оң бағасын берген.

    Ол мемлекетке келтірілген залалды толық өтеген. Сот үкімімен өндіріп алынған сомалар (іс жүргізу шығындары, мәжбүрлі төлем) төленген.

    «Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот жазасын өтеушінің өтініш хатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырды», — деп жазды соттағылар.

    Кәсіпкер пробациялық бақылауға алынды. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталушы жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.

    Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

    Еске салайық, бұған дейін сот үкімімен Қайрат Сатыбалдыұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 189-баптың 4-бөлігі 2) тармағы («Сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру»), 28-баптың 3-бөлігі, 195-баптың 2-тармағы («Ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру») бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан 10 жылға айырылып, 6 жылға сотталған еді.

  • Қайрат Сатыбалдыұлының кешірім сұраған видеосы тарады

    Қайрат Сатыбалдыұлының кешірім сұраған видеосы тарады

    Әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдыұлының Президенттен және халықтан кешірім сұраған видеосы тарады.

    «Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі жоғары болуы керек. Біздің халықта «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз бар. Мен кінәмді мойындаймын. қылмыстық іс бойынша органдарға көмектесіп, заңсыз қаражаттың бәрін қайтарып жатырмын. Менің ойымша, елден заңсыз шығарылған ақшаларды қайтару – мемлекеттің қазынасын қайтару», — деді Сатыбалдыұлы.

    Ол активтерді қайтару Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі екенін атап өтті.

    “Мұндайды көрген соң ешкім халықтың байлығын өзіне алмайды. Соңғы уақытта елімізде болып жатқан оң өзгерістерді байқадым. Бәріміз бір-бірімізге хабарлап, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мен Президентіміздің саясатын толығымен қолдаймын. Барлық заңсыз капитал әрбір тиынына дейін мемлекетке қайтарылуы керек, заң мен тәртіп орнатылуы қажет», — деді ол.

    Сөз соңында Қайрат халықтан және зияны тиген жандардан, Мемлекет басшысынан кешірім сұрайтынын айтты. Ол өз кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді.

  • Елімізде коронавирус қайта үдеді ме? Сақтық үшін халыққа вакцина салынады

    Елімізде коронавирус қайта үдеді ме? Сақтық үшін халыққа вакцина салынады

    Елімізде коронавирус қайта үдеді ме? Сақтық үшін халыққа вакцина салынады

    Бүгін тұмау, өткір респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша санитарлық-профилактикалық, санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы қаулыға қол қойылды. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеді.

    Қаулыда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусым мерзіміне профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар, соның ішінде:

    • 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу;

    • Медициналық ұйымдарда: кіреберісті «сүзгі» жұмысымен қамтамасыз ету, бетперде тағу, антисептиктердің болуы;

    • ЖРВИ, тұмау байқалған бір жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті әйелдердің үйге шақыртуына бірінші кезекте қызмет көрсету қарастырылған.

    «Тұмау, ЖРВИ, КВИ ауруларының алдын алу үшін келесідей профилактикалық шаралар жүргізу ұсынылады: ғимараттың ішін жиі-жиі желдетіп отыру, қолды таза ұстау үшін антисептикалық құралдарды пайдалану, науқас адамдармен байланысты шектеу, ауырып тұрған адамдармен байланысқан жағдайда бетперде тағу, медициналық көмекке дер кезінде жүгіну», — делінген министрліктің хабарламасында.

     

  • Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістан облысының прокуратурасы қазынашылық департаментінің қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады.

    Тексеру нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзу, жеке қаржыландыру жоспарын негізсіз қолдау, үнемделген қаражатты басқа бюджеттік бағдарламаларға аудару секілді фактілер анықталды.

    Департаменттің лауазымды тұлғалары «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ есепшілерімен сөзбайласу арқылы қызметкерлердің санын негізсіз ұлғайтып, 8 млн жуық теңгені иемденген.

    Сондай-ақ аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсыныс енгізді.

  • «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұловқа қатысты үкім шығарды. Мұны Антикор мәлімдеді.

    Ол футболшының еңбек шартына бонус беру сылтауымен 5,5 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

  • Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус анықталды

    Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус анықталды

    Париж олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус инфекциясы табылды. Осы жағдайға байланысты 15 тамызға жоспарланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың олимпиада жеңімпаздарымен кездесуі кейінге шегерілді.

    «Коронавирус инфекциясы 3 спортшы мен 2 бапкерден анықталды. Үш спортшының үшеуі де Париж олимпиадасында жүлдеге қол жеткізген. Қазір олар оқшауланып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары жақсы. Вирус жеңіл формада өтуде. Құраманың қалған мүшелері дін аман», — деді ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

    Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан 8 медальмен 43-орынға тұрақтады.

    Жамбыл облысы: Елдос Сметов – алтын медаль; Алматы қаласы: Нариман Құрбанов – күміс медаль, Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, Ғұсман Қырғызбаев және Назым Қызайбай – қола медаль; Астана қаласы: Нұрбек Оралбай – күміс медаль;Алматы облысы: Демеу Жадыраев – күміс медаль.

  • «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»: Еркін Тәтішев Президентке үндеу жолдады

    «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»: Еркін Тәтішев Президентке үндеу жолдады

    Қазақстандық кәсіпкер Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде түрмеден босатылу мүмкіндігіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол бауыры Ержан Тәтішевті өлтіру үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекеті жайлы айтып, Мемлекет басшысына «Әділетті Қазақстанды» құру жолында көмектесуге дайын екенін жеткізді.

    «Қанды оқиға 2004 жылы желтоқсанда орын алды. Менің бауырым «Казкоммерцбанк», «Банк Тұран әлемнің»  негізін қалаушы, бизнестің түрлі салаларын дамытуға үлес қосқан кәсіпкер еді. Қылмыс Мұратхан Тоқмәдидің қолымен жасалса да, артында тұрғандар көп еді. Тапсырыс беруші – Мұхтар Әблязов, олардың құйтырқы әрекетін жасырушы – ҰҚК-нің сол кездегі басшысы генерал Дүтбаев. Олардың көздегені «Банк Тұран әлемге» иелік ету болатын. Мақсаттарына жетіп, банктің миллиард доллары қолды болды, қазақстандық банк жүйесі түбегейлі жойылды», — деді Еркін Тәтішев үндеуде.

    Кәсіпкер 14 жыл бойы әділеттілік үшін күрескендерін де алға тартты.

    «Біз отбасымызбен 14 жыл бойы әділет үшін күрестік. Бұл жолда бізге АҚШ-тың Луи Фри бастаған Федералды тергеу бюросы көмектесті. Олар қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі зерттеді, қазақстандық органдар да топтың іс-әрекетін тексеріп, бірқатар шешімдерге тоқталды. 2017 жылы ҰҚК мен басқа органдардың 10-нан астам маманы, генерал Дүтбаев сотталып, 3 жылдан соң ҰҚК-нің экс-басшысы мерзімінен бұрын босап шықты. Мұхтар Әблязовке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бірақ, ол әлі қашып жүр. Оған АҚШ пен Еуропа соттары да үкім кескен», — деді кәсіпкер.

    Еркін Тәтішев Мұратхан Тоқмәдиге кесілген үкіммен келіспейтінін де атап өтті. Сөзінше, қылмыскерге 10,5 жыл беру тым аздық етеді.

    «Құрметті Президент мырза! Менің бауырымды өлтіріп кеткеннен кейін елде коррупция белең алды. Жұрт бәсекелестерінен оңай құтылудың жолын тапты, банк жүйесі құлдырады. Қазақстан экономикасы бұдан да жақсы болуы мүмкін болғанын сіз басқалардан гөрі жақсы білесіз. Сіз Конституция мен заңның кепілісіз. Сондықтан аталған істі өзіңіз зерттеп шығуыңызды, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Біз сізге «Әділетті Қазақстанды» құруға көмектесеміз. Себебі, өзіміз бірнеше жылдан бері сол жамандықтың құрбаны болып келеміз», — деп түйіндеді Еркін Тәтішев.

    Сондай-ақ ол қазақстандықтарды кез келген қылмысқа көз жұма қарамауға, күресуге шақырды.

    Естеріңізге сала кетейік, банкирді өлтірген Мұратхан Тоқмәди шартты түрде босауы мүмкін екені жайлы ақпарат 26 шілдеде тараған болатын. Бұл мәселе Ержан Тәтішевтің туысқандарының шағымынан соң кейінге қалдырылды. Іс Алматы облыстық сотының аппеляциялық алқасында қайта қаралуда.

     

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

     

    Публикация от Yerkin Tatishev (@yerkintatishev)

  • Бокстан бапкерлік құрам толығымен жұмыстан шеттетілді

    Бокстан бапкерлік құрам толығымен жұмыстан шеттетілді

    Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясы.

    Федерация мәліметінше, Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіліп, Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды.

    Қазақстан бокс федерациясының шешімі дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды.

    Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

  • ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    ІІМ Дәулет Тұрлыхановтың ұлының видеосынан кейін тексеріс бастады

    Министрлік БАҚ-та бостандығы шектелген Нұрасыл Болаттың Алматыда қыдырып жүрген видеосы тараған соң, пікір білдірді.

    «Сот шешімі Алматы қалалық ҚАЖД-ға 14 тамыз түскен. Сол күні Нұрасыл Болат Медеу аудандық пробация қызметінің есебіне қойылып, ол сот белгілеген шектеулермен танысты», — деп хабарлады ведомстводан.

    Қазіргі уақытта болған оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.

    «Қызметтік тексеру басталды және оның нәтижелері бойынша барлық жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ішкі істер министрлігі болашақта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында бұл мәселені бақылауда ұстайды», — деп хабарлады ҚАЖК.

    Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 9 қазанында әскери сот Нұрасыл Болатқа айыппұл салды. Кейіннен, 14 мамырында апелляциялық және жоғарғы соттар бұлтартпау шарасын 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге өзгертті.

    Бұған дейін Қазақстандық заңгер Анна Чернова әлеуметтік желілерде бостандығын шектеуге үкім шығарылған Нұрасыл Болаттың түнде Алматыдағы көшеде достарымен қыдырып жүргені туралы бейнеролик жариялаған болатын. Ол Instagram-дағы жазбасында «ҚАЖК қызметкерлеріне және Мәжіліс депутатының ұлына қатысты сотқа дейінгі тергеуді» бастауды талап етті.