Метка: бюджет

  • Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенат 3 жылдың бюджетін мақұлдады

    Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

    Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңы бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленген.

    Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салыққа жатпайтын түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. Екіншіден, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелі жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды, – деді Мәди Такиев.

    Министр 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде қарастырылғанын, кірістер трансферттерді есепке алмағанда, 14,1 трлн теңге деңгейінде болатынын жеткізді.

    Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде болжанды. Бюджет шығыстары – 24,1 трлн теңге. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, — деді министр.

    Мәди Такиев 2024 жылы жоспардағы 2 трлн теңге салық түспегенін жеткізді. Салық түсімдерінің төмендеуіне төмендегі факторлар әсер еткен.

    • «Теңіз Шевройл» бойынша Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ) іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемінің 5,1 млн тоннаға төмендеуі. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеп соқты.
    • 2023 жылғы 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Былтырмен салыстырғанда, бюджеттен қосымша құн салығы 2,5 есе артық қайтарылды.
    • Республикалық бюджет түсімдерінің 216 млрд теңгеге төмендеуіне үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюы әсер етті.
    • Негізгі экспорттық тауарлардың әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы  республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне теріс әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металл бойынша сақталып отыр.
    • Геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Табыстың төмендеуіне байланысты салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді.

    Салыққа жатпайтын төлемдердің бекітілген жоспарға қарағанда 1,1 трлн теңгеге ұлғаюы «Самұрық-Қазынадан» шамамен 600 млрд теңге сомасында, «Бәйтеректен» 126 млрд теңге сомасында  дивидендтер бойынша біржолғы төлемдердің түсуіне, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының шамамен 60 млрд теңгеге жоспарды асыра орындауына байланысты болды, – деді министр.

    Биыл 11 айда салық саласындағы әрі кедендік әкімшілендіру және оларды цифрландыру аясында шамамен 900 млрд теңге сомасында қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

    «Ұлттық қордан 2 трлн теңгеге нысаналы трансферт тарту барлық шұғыл шығысты, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Такиев.

  • Енді шенеуніктер бюджетте артылған қаржыны өздеріне сыйақы ретінде аудара алмайды

    Енді шенеуніктер бюджетте артылған қаржыны өздеріне сыйақы ретінде аудара алмайды

    Министрдің айтуынша, үнемделген қаржы енді бюджетке қайтарылады.

    «Осы сәтті пайдалана отырып мына нәрсені айтқым келеді. Қаржы министрлігі есепшот арасында сыйақы ретінде қаржы аударуға тыйым салды. Сәйкесінше, шенеуніктер үнемделген қаржыны сыйақы ретінде ала алмайды. Қаражат бюджетке қайтарылады», – деді ол.

    Журналистер Мади Такиевтен шенеуніктердің сыйақы мөлшері туралы да сұраған. Алайда министр бұл сауалға жауап бермеді.

  • ПРЕЗИДЕНТ: денсаулық саласына 3,3 триллион теңге  бөлінді. Нәтиже жоқ

    ПРЕЗИДЕНТ: денсаулық саласына 3,3 триллион теңге бөлінді. Нәтиже жоқ

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанын жеткізді. Бірақ, нәтиже жоқ деп сынға алды.

    «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет екенін жеткізді.

    «Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес.
    Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс», -деп толықтырды Мемлекет басшысы.