Метка: Хасан Қасымбаев

  • Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды

    Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды

    Хасан Қасымбаевқа қатысты істе тағы бір жәбірленуші пайда болды. Бұл туралы бірінші жәбірленуші Арман Әлімовтің адвокаты мәлімдеді. 

    Бұған дейін Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау деректері бойынша тергеу басталған болатын. Адвокат Әлішер Әлішевтің айтуынша, Арман Әлімов адам ұрлау мен денсаулыққа зиян келтіру бойынша жәбірленуші болса, бопсалау бойынша басқа жәбірленуші бар. Осылайша, бұл іс аясында екі жәбірленушінің бары расталды.

    Қазіргі уақытта Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторында отыр. Адвокаттың айтуынша, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құру және оны басқару бойынша айыпталмаған. Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр, ал іс материалдарымен танысу процесі күтілуде.

  • Хасанға қатысты жәбірленуші тарап мәлімдеме жасады

    Хасанға қатысты жәбірленуші тарап мәлімдеме жасады

    «Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевтан зардап шеккен Арман Әлімовтың анасы баспасөз конференциясында оқиғаның мән-жайын айтып берді.

    Әлімовтың анасының айтуынша, Хасан Арманның басқа ауданның адамдарын оған қарсы қойды деп ашуланған. Осыдан кейін Хасанның адамдары Арманның үйін аңди бастаған, кейін оны ұрып-соғып, көлікке салып алып кеткен.

    «Қазан айының соңында бізді Алматы облысының полиция департаментіне ескі іс бойынша шақырып, қайтадан жауап алды. 2021 жылғы 17 маусымда ұлымды соққыға жығып, ұрлап әкетті. Оны адам жоқ жерге апарып, соққыға жығып қинаған. 3 жыл бойы сот процестері жалғасты, енді іс қайта ашылған сияқты. Біз куәлік бердік, ал ұлым қылмысты ұйымдастырушы ретінде Хасан Қасымбаевты көрсетті», – деді Әлімовтың анасы.

    Оның айтуынша, Әлімовты ұрып-соғып ес-түссіз айдалаға тастап кеткен. Есін жиған соң, ол інісіне қоңырау шалған. Інісі оны алып кетіп, ауруханаға жеткізгеннен кейін үйінде оларды полиция қызметкерлері күтіп алған екен. Сонымен қатар, Арманды ұрып-соғу кезінде Хасан видеобайланыс арқылы барлығын бақылап отырған. Кейін ол өзі де оқиға орнына келіп, кейіннен қалғандарымен кетіп қалған.

    «Ұлым 3 апта бойы ауруханада жатты, осы уақыт ішінде полиция тарапынан оған арыз бермеу үшін қысым көрсетілді. Алғашында іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды, бірақ қоғам тарапынан қысым болғандықтан, ол адам ұрлау бабына ауыстырылды. Айқын дәлелдерге қарамастан, әділдікке қол жеткізу ұзақ уақытқа созылды. Тергеуде көптеген заңбұзушылықтар болды», – деді жәбірленушінің анасы.

    Сондай-ақ, кінәлілер бастапқыда бұзақылық бабы бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда, тергеу изоляторында болған уақыт есепке алынып, олар сол сәтте-ақ бостандыққа шығарылған. Іс айыпталушылар басқа қылмыспен ұсталғанда ғана қайта қаралыпты. Оларды адам ұрлады деп айыптап, топ болып адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін тағы 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қосылды.

    Осы айдың басында Арман Әлімовті полицияға қайта шақырып, Хасан Қасымбаевқа қатысты тағы да сұрақтар қойған. Енді Қасымбаевты адам ұрлау және ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабы бойынша 7-8 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.

  • ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    ІІМ Хасан Қасымбековке қатысты пікір білдірді

    Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха құқық қорғау органдарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тізімі бар екенін растап, Хасан Қасымбаевқа қатысты пікір білдірді.

    Еске сала кетейік, күні кеше Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. Осы орайда журналистер Игорь Лепёхадан қазақстандықтардың аузында жүрген «Хуторлықтар» тобы туралы сұрады. Бұған дейін ІІМ мұндай қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарған еді.

    «Бір қылмыстық топ жойылса, жаңалары пайда болады, біз оларды есепке аламыз. Бұл тұрақты жұмыс қой. Алайда, қазір 90-жылдардағыдай қылмыстың өршуі мен ұйымдасқан топтар бар деп айтуға болмайды», – деді Лепёха.

    Ол Хасан Қасымбаевқа қатысты істің егжей-тегжейіне әлі толық үңілмегенін, себебі бұл тергеу ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының құзыретінде екенін айтты.

    «Барлық мәселелер қылмыстық іс аясында анықталады. Әзірге біздің қызметкерлердің қатысы бар деген күдік жоқ. Барлық әрекеттер прокуратураның бақылауында. Жаңадан ашылған мәліметтерге сәйкес ол жауапкершілікке тартылады», – деп қорытындылады Лепёха.
    Оның айтуынша, қызметкерлердің барлық іс жүргізу әрекеттері прокуратураның бақылауында және әр кезең қадағалауда.

  • Хасан Қасымбаев екі айға қамалды

    Хасан Қасымбаев екі айға қамалды

    Алматы облысының полиция департаментінің хабарлауынша, 4 қарашада Алматы облысы Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты Хасан Қасымбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы арызды қарады.

    Сот қаулысы бойынша Хасан Қасымбаев екі айға қамауға алынды.

    2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болған еді.

    Белгілі болғандай, ол Шерзат Болаттың өліміне қатысты ұсталмаған. 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

  • Полиция департаментіне барған Хасан Қасымбаевтың туыстары қандай жауап алды?

    Полиция департаментіне барған Хасан Қасымбаевтың туыстары қандай жауап алды?

    Алматы облысының полиция департаменті 2 қараша күні Хасан Қасымбаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады. Белгілі болғандай, 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыс 2021 жылдың 17 маусымында жасалған.

    Анасы мен әйелі әділетті шешім сұрап, президентке үндеу жолдады

    Бүгін Хасан Қасымбаевтың анасы Гүлнәр Нұракимова және жары Зүлфия Қасымбаева мен ауылдастары Алматы облысының полиция департаментіне келді. Анасы баласының қамауда жазықсыз отырғанын жеткізді.

     «Менің баламды екі күннен бері кінәсіз қамап отыр. Не үшін? Соның анық-қанығын білуге келдім. Айтсын соның бәрін. Екі айдан бері тергеді. Ешқандай кінә таппады. Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар деп, неше мәрте сұрау алды. Енді, міне 2021 жылы болған оқиғаға баламды қатыстырып отыр. Оған дәлелі болса, дәлелдеп берсін. Заңсыз жазықсыз қамап қойды. Ол жеке кәсіппен айналысады. Үш баласы бар. Ана баласы үшін күйеді. Өз баламды білемін. Мен ондай бала тәрбиелеген жоқпын. Ол ауырып, ота жасауға дайындалып жүрген. Система алып жатқан жерінен шақырған соң кеткен еді. Бүгін баламды алмай бұл жерден кетпеймін», – деді анасы. Сондай-ақ, Хасан Қасымбаевтың анасы президент Қ.Тоқаевтың атына үндеу жолдап, баласының ісін әділетті шешуді сұрады.

    Ал Хасан Қасымбаевтың жары Зүлфия Қасымбаева: «Талғарда қайтыс болған жасөспірімнің ата-анасына көңіл айтамын. Бірақ оның әкесі неге бұл өлімге менің күйеуімнің қатысы бар деп мәлімдейді? Оған дәлелі бар ма?

    Сол бала қайтыс болғалы біздің отбасымызға тыныштық жоқ. Оны ұстаған жоқ. Өз аяғымен барды. Ол ешқайда қашқан жоқ. Қандай негізге сүйеніп қамауға алды? Оған қалай қара күйе жақты, солай ақтап берсін. 2021 жылғы іске қатысы болса, неге сол кезде ұстамады? Бұл іс бойынша адамдар сотталды ғой», – деді.

    Рысқұлов ауылының тұрғындары:  «Хасан жетім-жесірге көмектесетін»

    Рысқұлов ауылы тұрғындарының жігіттер төрағасы Қайрат Айтжанов Хасан Қасымбаевтың қандай жігіт екенін айта келе: «Біздің ауылды бәрі жамандап бітті. Рысқұлов ауылында 8 мыңдай халық тұрады. Тіпті, ауылдың кемпір-шалдары автобус жалдап келейін деген. Ауылдың атынан өзім келіп тұрмын.

    Хасан үш-төрт жігітпен бірігіп, цемент зауытын ашқан. Кішігірім мал шаруашалығы бар. Бәрі ұйымдасып мектепке керек-жарақты әперіп, жетім-жесірге көмектеседі. Енді «Түймедейді түйедей» етіп шығарды. Істің ақ-қарасын ашып, айтсын. «ОПГ-шник» керек болды ма? Бұлар бәрін кино жасап жіберді ғой. Хасан ешқайда қашып жүрген жоқ. Шақырған кезде барды. Кінәлі адам болса, солай ете ме? Үйінде отырып «Хасан бәрін ақшамен сатып алады» дейтіндер бар.

    Сатып алғыш болса, інісі істі болғанда неге шығарып алмады? Өз еңбегімен күн көріп жүрген таза жігіт. 4 жыл бұрынғы іс бойынша сот өтіп, төрт-бес адам сотталып кетті. Сол кезде сот не қараған?», – деді өз пікірінде.

    «Бір отбасына бағып отырған азаматты қалай қамап тастайды? Бала кезден білеміз. Осы күнге дейін біреуге көмектескеннен басқа бір жаман әрекетін көрген емеспіз.  Кінәлі болса, өз аяғымен келмейді ғой. Хасанды  танитындар жақсы біледі, ал танымайтындар аузына келгенді айта береді. Ауылдан 500 адам жиналып, «жолды жабамыз» деп еді, бәрін тоқтаттық. Керек емес дедік. Енді құқық қорғау өкілдері қамалған балаларға «Хасанға қарсы түсініктеме берсеңдер, жазаларыңды жеңілдетеміз деп айтып жатыр екен», – дейді Рысқұлов ауылынан келген тұрғындар.

    Қабдуалиевтің жауабында не айтылды? 

    Бұдан кейін ішке енген Хасан Қасымбаевтың туыстары мен ауылдастарына Алматы облысы Полиция департаментінің тергеу ісі бойынша орынбасары Мәлік Қабдуалиевтің қылмыстық іс бойынша түсініктеме беретіні айтылды. Алайда, туыстары «Осында келіп, бәрінің көзінше айтсын» деген талап қойған соң, Мәлік Қабдуалиевтің өзі шыққан. Бірақ жиналғандар оған сөз бермей, жан-жақтан пікір қысымына алды. Дегенмен, Қабдуалиевтің де жауабында нақтылық болмады.

    «Әзірге уақытша қамау изоляторында болады. Бүгін шығара алмаймыз.  Іс материалы Қонаев қаласындағы тергеу сотына жіберілді. Кінәсі бар ма, жоқ па, оны сот шешеді» деп қысқа қайырды Қабдуалиев. Оған журналистер «Егер Хасан Қасымбаев 2021 жылғы іс бойынша қамауға алынса, неге сол кезде қамалмады?» деген сауал қойғанда бұл туралы ақпаратты айта алмайтынын, себебі тергеу құпиясы сақталатынын жеткізді. 

    Айта кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің таратуынша, 2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталған. Олар Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен сотталып, қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеуде. «Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде, жоғарыда аталған қылмыстық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында Қ. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жалғасуда. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», – деді полиция департаментінен.

     

     

  • Полиция Хасан Қасымбаевты қамауға алды

    Полиция Хасан Қасымбаевты қамауға алды

    Алматы облысының құқық қорғау органдары күтпеген операция жүргізіп, Талғардағы атышулы Хасанды он жыл бұрын жасалған қылмыс үшін қамауға алды.

    Ол марқұм Шерзаттың өлімінен кейін «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топтың серкелерінің бірі деп аталып келді. Алайда оны полиция 2021 жылы біреудің денсаулығына ауыр зақым келтіргені үшін ұстады.

    Қасымбаевты кейбір дереккөздер «Хуторские» қылмыстық тобының жетекшісі ретінде атаса, өзі бұл айыптарды жоққа шығаруда. Ішкі істер министрлігі де мұндай қылмыстық топтың бар екендігін растаған жоқ.

    «Бас прокуратураның мәліметінше, Қасымбаевтың 2021 жылы болған қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін. Сол жылы Алматы облысындағы бір ауылда 1984 жылы туған тұрғынды ұрып-соққан соң, оны әлдекімдер тонап кеткен. Аталған қылмысқа байланысты үш ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін шартты түрде жаза алған еді», – делінген жазбада.

    Қадағалау органы осы істің барлық мән-жайын қайта қарастырып, Қасымбаевтың аталған қылмысты тапсырыс беруі мүмкін деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта оған қатысты жаңа іс қозғалды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 125-бабының 2-бөлігі (Адамды алдын ала сөз байласу арқылы топпен ұрлау) бойынша тергелуде.