Метка: Полиция

  • Берденовке жасалған қастандық: полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Берденовке жасалған қастандық: полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықта қолданылған мылтық Астанада есептен шығарылған болып шықты. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Министрдің айтуынша, қарудың Шымкентке қалай жеткені – полиция қызметкерлерінің салғырттығының салдары.
    «Иә, өкінішке қарай, мұндай жағдайлар болды. Бұл жерде қаруды біреу сатып жіберген жоқ, бірақ қызметкерлердің жауапсыздығы анық. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында кінәлі кім, қаруды кім өткізген – барлығы анықталады», – деді Сәденов.

    Қастандықтың мән-жайы

    Еске салсақ, 2025 жылғы 21 сәуір кешке Шымкенттегі әкімдік ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Чиновник жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің төрт сағатқа созылған операциясы сәтті өтті.

    Қастандыққа күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталды. Ол «кісі өлтіруге оқталу» бабымен айыпталуда.

  • Полиция көлігінде босанды: Алматыда ерекше оқиға тіркелді

    Полиция көлігінде босанды: Алматыда ерекше оқиға тіркелді

    Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері жүкті әйелге перзентханаға дейін жетіп үлгермей, көліктің ішінде босануға көмектесті. Бұл туралы Sona.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Оқиға Буран-205 экипажы кезекшілікте болған сәтте орын алған. Тұрғындардың бірі полицияға жүгініп, көршісінің жағдайы күрт нашарлағанын айтқан. Әйел жүктіліктің соңғы кезеңінде болғандықтан, полицейлер оны жедел түрде перзентханаға жеткізбек болады. Алайда жолда толғағы ұстап, қызметтік көліктің ішінде босану процесі басталған.

    Патрульдік полиция полкінің инспекторлары Данияр Сағынбаев пен Бекжан Әлкен тәжірибелеріне сүйене отырып, батыл шешім қабылдап, жедел көмек көрсеткен. Қызметтік көліктің ішінде дүниеге ұл бала келген. Ана мен сәби кейін жедел жәрдем дәрігерлеріне табысталды.

    Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Қала әкімдігі мен полиция департаменті тарапынан оларды арнайы құттықтау шарасы ұйымдастырылмақ. Батылдық пен адамгершілік танытқан полиция қызметкерлері әріптестері арасында зор құрметке ие болды.

  • Ақтөбеде полиция қызметкерінің денесі табылды

    Ақтөбеде полиция қызметкерінің денесі табылды

    Ақтөбе қаласында полиция қызметкерінің денесі тұрғылықты мекенжайынан табылды.  Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкері отадан кейін ем алып жүрген.

    «Полиция қызметкерінің денесінде ешқандай зорлық белгілері байқалмаған. Ол отадан кейін ем алып жүрді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

    Алайда полиция қызметкерінің жасы мен оның қызмет жолы туралы қосымша ақпарат берілмеді.

  • Таразда жасөспірім әкесінің көлігімен полициядан қашқан

    Таразда жасөспірім әкесінің көлігімен полициядан қашқан

    Таразда 14 наурыз түнінде жасөспірім Hyundai Sonata көлігімен полициядан қашпақ болды. Тәртіп сақшыларының тоқтау талабына бағынбаған ол жылдамдықты үдетіп, қауіпті маневрлер жасады.

    Бірнеше патрульдік экипаж оны жол қозғалысына қауіп төндірмес үшін қоршап, ақыры тоқтатты. Тексеру барысында көлік оның әкесіне тиесілі екені, ал жүргізушінің кәмелетке толмағаны анықталды.

    Жасөспірімнің ата-анасы шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған қатысты төрт әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айып тұрағына қойылды.

  • Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Полиция 28,4 млн теңгені аударған киберқылмыскерлерді ұстады

    Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі анықталды.

    Тергеу кезінде Д. есімді азаматтың депозиттік есепшотынан 28,4 млн теңге белгісіз адамдардың есепшоттарына заңсыз аударылғаны анықталды.

    Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында Астана қаласында үш адам ұсталды.

    Олардың екеуі – Ақтау қаласының, біреуі – Қарағанды облысының тұрғыны.

    Тергеу нәтижесінде күдіктілердің есепшотына жәбірленушінің ақшасы түскені белгілі болды.

    Қылмысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Ақтау қаласының тұрғыны жасырынып жүрген жерінен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Қазір тергеу жалғасып жатыр.

  • Алматыда 500-ге тарта автөкөлікті ұрлаған топ қалай қолға түсті?

    Алматыда 500-ге тарта автөкөлікті ұрлаған топ қалай қолға түсті?

    Алматыда 500-ге жуық ұрланған көліктерді иелері де танымайтындай етіп өзгертумен айналысқан заңсыз цехтің қалай ашылғаны мәлім болды. Алматы полициясының қызметкері – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы, 1984 жылы туылған Жұмаділ Қабылбаев қолды болған бір көліктің ізіне түскен кезде заманауи құрал-жабдықтарға ие бүтін бір ұйымдасқан қылмыстық топтың ізін кесемін деп ойлаған да жоқ еді.

    Бұл оқиған бұдан үш жыл бұрын, 2022 жылы қазан айының 5 күні басталған-ды. Алматы қаласында Драйв такси қауіпсіздік қызметінің өкілі Сергей Федорченко Алматы қаласы полициясына арызданады. Оның айтуы бойынша, таксистің бірі такси паркі меншігіндегі су жаңа Hyundai автокөлігін жоқ қылып жіберген.
    Бұл істің артына түскен полиция қызметкері Жұмаділ Қабылбаев таксистің лудоманияға шалдыққанын, жүргізіп жүрген такси паркінің меншігіндегі Hyundai автокөлігін Қапшағайдағы казинолардың біріне ұтылғанын анықтайды.

    Десе де, казино такси паркінің көлігін алғанын мойындамай, қайда жібергенін де жасырған. Су жаңа көлік құмға сіңген судай жоғалған. Казиноға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Бұл істі қалай болса да, соңына дейін жеткізуге полиция қызметкері Жұмаділ Қабылбаев бекем бел буады.

    «Өз ақпарат арналарын қостым, тізбесін анықтадым. Бұл көліктің шанағындағы нөмірін ойып тастап, басқа нөмір жазып, қайта сататын цехті таптық. Біз іздеген көліктің нөмірін өзгертуге енді кірісіп жатқанда үстінен түстік», – дейді ол.

    Түнгі сағат үште көліктің заңсыз цехқа кіргені туралы хабар түседі. Дереу жетіп, цехтағылардың бәрін қолға түсіріп, полиция бөліміне жеткізеді.  «Біз барған кезде көліктің орындықтарын алып тастап, бояуын кетіріп, шанақтағы нөмірін өзгертуге әзірлеп жатқан. Сәл кідірсек, оның біз іздеп жүрген көлік екенін дәлелдей алмай қалатын едік», – дейді Жұмаділ Қабылбаев.

    Осы қылмыс ашылған соң, бұл цехта бес жүзге тарта қолды болған көліктің нөмірі өзгергені анықталған. Ұрланған көліктердің құжаттары, мемлекеттік нөмірлері және басқа да айғақтар табылды. Бұлтартпас айғақтармен ұсталған соң, қылмыстық топ кінәларын мойындауға мәжбүр болды. Іс сотқа жолданды.
    Бұл цех банктен залогқа, лизингке алған жаңа көліктерді кіргізіп, бір түннің ішінде басқа көлік етіп шығарумен айналысыпты. Техникалық құжаттары, көлік шанағының нөмірін өзгертеді. Лазермен қайта жазып шығатын аппараттары болған. Заңсыз цехтың «жұмысының» сапасына сарапшылардың өзі қатты таңырқаған.

    «Зейін қойып, жұмыс істесең, кез келген қылмыс ашылады. Әйтпесе, бұл да – ізі жоқ, ашылуы қиын қылмыстың бірі», – дейді Жұмаділ Қабылбаев. Такси паркінің қызметкері Сергей Федорченко полицияның ілкімді әрекетінің арқасында мүліктердің иесіне қайтқанын алға тартып отыр.

    «Әрине, бұл істің ашылуына Жұмаділ Қабылбаевтың кәсібилігі тікелей ықпал етті. Әйтпесе, бұл ұйымдасқан қылмыстық топ өте әккі. Ізін жасырып үлгерген. Өз ісіне адал, білікті полиция қызметкерінің арқасында ғана біздің ғана мүлік қана емес, жүздеген адамның көлігі иесіне қайтты. Рахметтен басқа айтарым жоқ. Жұмаділ Қабылбаевтай азаматтар полицияның беделін көтереді деп нық сеніммен айта аламын», – дейді Сергей Федорченко.

    Алматы қаласында мүлігін, ақшасын жоғалтқан адамдардың қарасы көп. Бірде ұрлықты әккі қылмыскер жасаса, бірде қолының сұғы бар жолаушы жасайды. Жасыратыны жоқ, Алматыдай алып шаһарда мұндай ұсақ-түйек істерді ашу, ұрыны ұстап, мүлікті иесіне қайтарып беру оңай шаруа емес. Әсіресе, куәгерлерсіз, айғақтарсыз кездейсоқ қылмыстарды. Десе де, бұл – Жұмаділ Қабылбаевтың және кәсіби полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы ғана.

  • Астанада полицей қыз зорлады деген күдікке ілінді

    Астанада полицей қыз зорлады деген күдікке ілінді

    Әлеуметтік желіде Бурабай аудандық полиция бөлімінің оперативтік қызметкері 21 жастағы қызды пәтерінде зорлады деген ақпарат тарады.

    Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, полиция формасын киген ер адам қыздың пәтерінің есігін қағып, өзін тәртіп сақшысымын деп таныстырған. Ол қызға жеке куәлігін көрсетіп, оған бірнеше сұрақ қойып, кетіп қалған. Біраз уақыттан соң қайтып келіп, телефонын әріптесі алып кеткенін айтқан. Сөйтіп жәбірленушінің телефонын сұраған. Сол кезде ол қызға тап беріп, өз пәтерінде зорлаған.

    Аталған іске қатысты Астана қаласының полиция департаменті пікір білдірді.

    “Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті – бұрынғы полиция қызметкері. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды.

    Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды”, – деді полиция.

  • Қазақстанда адамды бет-әлпетінен танитын камералар орнатылды

    Қазақстанда адамды бет-әлпетінен танитын камералар орнатылды

    Адамды бет-әлпетіне қарап танитын камера Қазақстанның екі қаласында іске қосылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

    Бұл инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленді. Ұлттық бейнемониторинг жүйесі іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалып кеткен заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша анықтай алады.

    Жүйе өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Мысалы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік берді. Бұл жүйенің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталды.

    Инновациялық жоба Алматыда да жүргізіліп жатыр. Мегаполисте күдікке ілінген 30 адам анықталып, құрықталды.

    «Енгізілген технологиялар – ақылды қала құруға жасалған қадам. Олар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді қолданылады. Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізілетін болады» делінген хабарламада.

  • Интернет-алаяқтар бір ғана облыстан 550 млн теңге қағып алды

    Интернет-алаяқтар бір ғана облыстан 550 млн теңге қағып алды

    Ақмола облысының тұрғындары 550 миллион теңгесінен айырылды. Алаяқтардың көбі онлайн жалған хабарлама беріп алдаса, кейбірі құзырлы органдар мен банк қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындардың жеке деректерін ұрлаған. Өңірде мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші де өте төмен. Мәселен, жыл басынан бері қозғалған істердің тек 16 пайызы ғана ашылды.

    «Белгісіз нөмірден телефоныма қоңырау түсті. Дауыс иесі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, менің атыма несие рәсімделіп жатқанын айтты. Мен байқаусызда алданып, сеніп қалдым. Жіберген барлық кодты тердім. Бір ай өткен соң, менің атыма 1,5 млн теңге көлемінде несие рәсімделгенін білдім», – дейді қала тұрғыны.

    Өңірдегі полиция алаяқтардың қылмыстың ізін жасыру үшін жалған нөмірлер мен арнайы қосымшаларды пайдаланатынын мәлімдеді. Олар есепшоттағы қаржыны криптовалютаға немесе басқа адамдардың атына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырады екен.

  • Атырау облысында полицей жасөспірімді қуамын деп өлтіріп алды

    Атырау облысында полицей жасөспірімді қуамын деп өлтіріп алды

    Атырау облысында патруль кезінде жасөспірімді қағып өлтірген полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Orda.kz.

    Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік көлікпен патрульдеу кезінде, серіктесімен бірге кәмелетке толмаған мотоцикл жүргізушісін анықтап, дыбыстық белгі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, қаша жөнелген. Қуғын барысында жол қозғалысы ережесін бұзған кәмелетке толмаған жүргізуші жол жиегіне шығып кетіп, мотоциклді басқара алмай, жерге құлап түсті. Сол сәтте қуып келе жатқан инспектор көлікті дер кезінде тоқтата алмай жерде жатқан жасөспірімді басып кетті.

    Сот отырысында прокурор айыпталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Нәтижесінде полицей кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.