Метка: Қасым-Жомарт Тоқаев

  • Президент Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

    Президент Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммитіне қатысу үшін Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды.

    Халықаралық форум Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтеді.

    Сонымен қатар Президент Эр-Риядта бірқатар кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

  • Қазақстан президенті Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды

    Қазақстан президенті Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды

    19 қарашада кешқұрым Будапешт әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан қарсы алды.

    Сапар аясында мемлекет басшысы Мажарстан президенті Тамаш Шуйокпен және премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективасын талқылайды, – деп жазды Ақорда баспасөз қызметі.

    Сонымен қатар президент Мажарстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

  • Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда болған су тасқыны салдарынан 158 адам қаза тапты. Бұл оқиға 1973 жылдан бері ең алапат тасқындардың бірі болды. Су тасқыны елдің кейбір аймақтарына жауған нөсер жаңбырдан туындаған. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

    «Қазіргі таңда ең маңыздысы – мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару», – деп мәлімдеді Испания премьер-министрі Педро Санчес.

    Қаза болғандардың көбісі Валенсия автономдық қауымдастығында тіркелді, мұнда 155 адам қайтыс болды. Сонымен қатар Кастилия-Ла-Манча аймағында екі адам, ал Андалусияда бір адам су тасқынынан мерт болды. Валенсияның оңтүстік-батысында орналасқан Пайпорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып, кем дегенде 40 адамның өлімі тіркелді.

    Ресми өкілдер жоғалған адамдардың нақты санын ашып айтпағанымен, олардың санының айтарлықтай көп екенін хабарлады. Испанияға бір күнде жауған жауын-шашынның мөлшері бір жылдық нормаға жетті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге табиғи апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.

  • Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Тоқаев Қарағанды облысы әкіміне сөгіс берді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

    Президент жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді, — делінген ақпаратта.

    Бұған дейін Қарағанды облысы әкімі өкімімен Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды. Қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімі орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

    Оның алдында Саран қаласы әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды

    Айта кетейік, 2024 жылдың қазанында Қарағанды облысы Саран қаласында тұрғындар жылусыз қалды. Содан кейін Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Үкімет басшысының алдында есеп берді.

    Саранда 4 жаңа қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық ақауға байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақау шығуына байланысты жылумен жабдықтауда резервті схемаға көшу бойынша шешім қабылданды. 124 үйді резервті жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі, — деді облыс әкімі.

  • Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Путин Қазақстанға тағы сапарлатып келмек

    Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ТАСС агенттігіне айтты. Кремль Путиннің Қазақстанға сапарын қараша айының соңына қарай жоспарлауы мүмкін.

    «Сапарға шынымен де дайындық қызу жүріп жатыр. Болатын күнді уақтылы хабарлаймыз», – деді Дмитрий Песков.

    Ресей президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен соңғы рет Қазанда өткен БРИКС саммитінде кездескен. Ол кездесуге Тоқаев құрышпен қапталған ресейлік Aurus Senat көлігін мініп барды.

  • Тоқаев Ердоғанды құттықтады

    Тоқаев Ердоғанды құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Түркияның Ұлттық мейрамы – Республика күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

    Президент құттықтау жеделхатында Түркияның бірлігі мен дамуының бірегей нышаны саналатын бұл күннің мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық екі ел игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның аса жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, бауырлас түрік халқына құт-береке тіледі.

  • Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

    Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

    Құрметті отандастар!

    Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

    Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.

    Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

    Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды. Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.

    Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін.

    Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!

  • Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

    Президент Режеп Ердоғанға көңіл айтты

     Мемлекет басшысы Анкара қаласының маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясының ғимаратына жасалған лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтты.

    Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

    – Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.

  • Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

    Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

    Отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ вице-президенті Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлына тапсырылды;

    Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені Алматы қаласы, «№4 арнайы мектеп-интернат» КММ мұғалімі Нұрпейісова Гүлжанар Молдакерімқызына және Орал қаласы, «Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия» КММ мұғалімі Траисова Эльмара Асқарқызына тапсырылды;

    Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз Қарағанды облысы, «Шахтерское» ЖШС директоры Прокоп Георгий Георгиевичке тапсырылды.

    Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

    «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

    «Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.

    І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

    Сонымен қатар бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер «Парасат» орденінің иегері атанды:

    Олардың қатарында Алматы қаласы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы З.Аманжолова, Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Арғымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры О.Байділда, «Қазақстан авторлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Б.Есенәлиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Х.Қалиламбекова, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері К.Кемалов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры К.Матыжанов, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, «Мағжан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Ж.Сүлейменов, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы Д.Темірсұлтанова бар.

    Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы А.Алиев, «Мицва» қауымдастығының төрағасы А.Барон және «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.

    Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы «Балдәурен» балаларды оңалту орталығы» КМК директоры Ш.Абесов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

    Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

    Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды.

    «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

    Сонымен қатар биылдан бастап құрметті атақтар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы қосылды:

    «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.

    Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек, «Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.

    Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

    Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.

  • Тоқаев пен Бердімұхамедов Ашхабадта Абай ескерткішін ашты

    Тоқаев пен Бердімұхамедов Ашхабадта Абай ескерткішін ашты

    Ақорда хабарлағандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.

    Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.

    «Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.

    «Шын мәнінде, Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін», – деді президент.