Метка: Қасым-Жомарт Тоқаев

  • Тоқаев ресми сапармен Түрікменстанға келді

    Тоқаев ресми сапармен Түрікменстанға келді

    Ақорда жазғандай, Ашхабад әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаевты түрікмен халқының көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.

    «Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ Президент Ашхабадтағы Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашып, «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысады», — деп жазған Ақорда.

  • Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтерінің басшыларын қабылдады

    Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтерінің басшыларын қабылдады

    2024 жылдың 4 қазанында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің 55-ші отырысына қатысушылармен кездесті.

    Мемлекет басшысы бұл алаңның қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестіру тетігі ретінде танылғанын, сондай-ақ қазіргідей күрделі кезеңде Кеңестің рөлі бұрынғыдан да артып келе жатқанын атап өтті.

    Президент шұғыл және сараптамалық ақпаратпен дер кезінде алмасу өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұру қабілетін арттыра түсуге және елдеріміздің ұлттық мүдделерін қорғау үшін үйлестірілген тәсілдерді дайындауға ықпал ететінін айтты. Мемлекет басшысы бұл кездесудің қорытындысы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізіп, Достастық мемлекеттерінің арнаулы қызметтері арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға оңтайлы жағдай жасайтынына сенім білдірді.

    Жиынға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің, сондай-ақ ТМД терроризмге қарсы орталығы мен Атқарушы комитеті делегацияларының басшылары қатысты.

  • Тоқаев референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады

    Тоқаев референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады

    Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы.

    «Орайлы сәтті пайдаланып, бірқатар өзекті мәселеге тоқталғым келеді. Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деді Тоқаев.

    Президенттің пікірінше, атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба.

    «Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді», – дейді Тоқаев.

    Осы ретте президент қазақстандықтарға қарата айтқан сөзінде демократия үздіксіз процесс екенін алға тартты.

    «Отандастарымызға айтарым: демократия – үздіксіз жүретін үдеріс. Оған тұрақты түрде атсалысу қажет. Осыны қаперден шығармауымыз керек. Әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.

    Әр азаматтың әл-ауқаты мен Отанымыздың тағдыры тек өзіміздің қолымызда. Балаларымыз бен немерелеріміз біздің жетістіктерімізді еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парызымыз. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Жерімізге егілген әр талдың игілігін көретін де – жас ұрпақ.

    Бір сөзбен, не істесек те, бәрін еліміздің ертеңі үшін істейміз. Сондықтан біз балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдады, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салуда. Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ, алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп», – деді ол бұл мәселеге қатысты ойын түйіндей келе.

  • Президент Си Цзиньпинді құттықтады

    Президент Си Цзиньпинді құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Си Цзиньпин мен қытай халқын ҚХР-дың құрылғанына 75 жыл толуымен құттықтады.

    Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатында ел бірлігі мен тұтастығының бірегей нышаны саналатын бұл күннің орны ерекше екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қытайды әлемдегі көшбасшы әрі жаһандық орнықты дамуға, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған қуатты мемлекет ретінде атап өтті.

    Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы сан қырлы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Екі елдің мызғымас достық пен тату көршілікке негізделген байланысы қос халықтың игілігі жолында ұдайы нығая беретініне сенім білдірді.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас қытай халқына бақ-береке тіледі.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына келді

    Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына келді

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Ақорданың баспасөз қызметі президенттің жоспарлары мен алдағы кездесулері туралы айтып берді. Президент білім, мәдениет, спорт нысандары мен өндірістік кәсіпорындарды аралайды.

    Сапар бағдарламасында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысу да бар.

     

  • Президент Ұлттық ұлан сарбазына қатысты оқиғаны бақылауына алды

    Президент Ұлттық ұлан сарбазына қатысты оқиғаны бақылауына алды

    ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының әскердегі әлімжеттікке қатысты Ішкі істер министріне шұғыл тапсырма жүктегенін мәлімдеді.
    Ол: «Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шықты. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалады. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады», – деді әлеуметтік желідегі жазбасында.
    Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын.
  • Президент жаңадан тағайындалған спорт министріне нақты міндет жүктеді

    Президент жаңадан тағайындалған спорт министріне нақты міндет жүктеді

    Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады.

    Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған министрге бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт саласының барлық деңгейінде бірыңғай басқару вертикалін қалыптастыру, бапкерлер құрамын күшейту, саланы ғылыммен ұштастыру бағытында міндет жүктеді.

    Президент министрден биыл маусым айында өткен Туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалары бойынша нәтижелі жұмыс күтетінін айтты.

  • Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласында оңды-солды жазалаудан бас тартуға шақырды.

    «Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселе екенін жеткіізді.

    «Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек»,- деп толықтырды Президент халыққа жолдауында.

    Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

    «Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек», — деді Мемлекет басшысы.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев: әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс

    Қасым-Жомарт Тоқаев: әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс

    Қасым-Жомарт Тоқаев  әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс екенін қадап айтты. Яғни, әр ата-ана баласын отан алдындағы міндетін атқаруға кеткенде алаңсыз отыруы керек деді.

    «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет»,- деді Президент.

    Мемлекет басшысы әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсыратын жеткізді.

    «Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  • ПРЕЗИДЕНТ: орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр

    ПРЕЗИДЕНТ: орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр

    Президент елімізде орман-тоғайлар өте аз екенін жеткізді. Сондықтан, көгалдандыру жұмысына ерекше мән беруді тапсырды.

    «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіледі.

    «Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», — деп толықтырды Президент.