Метка: Қазақмыс

  • «Қазақмыс» корпорациясы акционердің ауысатынын растады

    «Қазақмыс» корпорациясы акционердің ауысатынын растады

    «Қазақмыс» корпорациясы бақылауды жаңа акционерге беру процесінің басталғанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, келісім «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың бірлескен шешімі бойынша қол қойылды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Кәсіпорын алдағы акционер ауысуының өндірістік және операциялық процестерге әсер етпейтінін атап өтті. Барлық жұмыс үдерістері қалыпты режимде жалғасады. Сонымен қатар қызметкерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жұмыс орындарының тұрақтылығы толық көлемде сақталады.

    Компания өкілдері бұл келісім бақылауды беру рәсімінің ресми басталу нүктесі екенін айтты. Қосымша ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

  • «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші қаза тапты

    Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» кенішінде тағы бір кенші көз жұмды.  Жазатайым оқиға Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінде болды.

    «№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды.

    Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.

    «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді», – делінген «Қазақмыс» компаниясы таратқан хабарламада.

    Айта кетейік, өткен айдың ортасында «Қазақмыс» кенішінде жеті бірдей кенші қаза тапқан болатын.

  • «Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің несиесін өтеп беруге 90 млн теңге бөлді

    «Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің несиесін өтеп беруге 90 млн теңге бөлді

    «Қазақмыс» корпорациясы Ұжымдық шарт пен өмірді сақтандыру бағдарламасының міндеттемелерін орындау аясында кеншілердің отбасына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруда. Компания қаза болған кеншілердің отбасыларына толықтай несиелерін өтеп беруге көмектесті.

    «Жомарт» кенішінде қаза болған жұмыскерлердің отбасыларының екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы негізгі борыштарының қарызы толығымен төленді.

    «Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 90 млн теңгені құрады. Әрі қарай отбасылар қаржы ұйымдары алдындағы қарызды өз бетінше өтеуі тиіс. Бұған дейін Қазақмыс барлық отбасыға 10 жылдық жалақы мөлшерінде (84 млн теңгеден 142 млн теңгеге дейін) өтемақы және жерлеу рәсіміне 550 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде жәрдемақы төледі. Сонымен қатар «KM Life» АҚ сақтандыру компаниясы жерлеу рәсімін атқару үшін әр отбасына 100 АЕК төледі», – деп мәлімделген Қазақмыс Корпорациясының хабарламасында.

    Сондай-ақ балалары 23 жасқа толғанға дейін ай сайын 524 мыңнан 921 мың теңгеге дейін асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемі тағайындалады. Көрсетілген сомалар жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі.

    Бұған қоса қазір туыстарын жұмысқа орналастыру және қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студент балаларының оқу ақысын төлеу мәселесі қарастырылуда.

  • Жеті кеншінің қазасына кімдер кінәлі?

    Жеті кеншінің қазасына кімдер кінәлі?

    Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жомарт» кенішіндегі апатты тергеудің алдын ала қорытындылары қаралды.

    Тергеу аясында 8 кіші комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларының сарапшылары мен мамандары да тартылды.

    Тергеу барысы туралы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, комиссиялар мен кіші комиссиялардың мүшелері оқиғаны көзімен көрген куәгерлер арасында сауалнама жүргізді, өндіріс технологиясын зерттеп, техникалық құрылғылар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын тексерді, тиісті сараптамалар жүргізілді.

    Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды.

    «Жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев апатта қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік қолдау мен көмек көрсету және өтемақы төлеу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

    Қазіргі уақытта «Жомарт» кенішінің жұмысы тоқтатылды. Комиссия қауіпті өндірістік объектілерде осындай оқиғалардың алдын алу шараларын әзірледі.

    Кеңес қорытындысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бұзушылықтарды жою мен апаттардың алдын алу бойынша, оның ішінде кеніштегі қауіпсіздікті арттыру, ауадағы газ құрамын анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, бейнебақылау орнату және басқа да бірқатар тапсырма берді.

    Тергеу жұмыстары жалғасуда әрі ұдайы бақылауда болады», — делінген Үкіметтің хабарламасында.

  • «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» Жомарт кенішіндегі апат туралы мәлімдеме жасады

    «Қазақмыс» корпорациясы хабарлағандай, жеті кенші қаза болған Жомарт кенішіндегі апат орнында авариялық-құтқару бригадалары тау жынысының опырылмағанын анықтаған.

    «Кеніштегі жұмыс тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Табиғи газдың жарылуына не себеп болғаны талданып жатыр. Компания Үкіметтік комиссиямен және тергеу органдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде және қолданыстағы қауіпсіздік стандарттарына түзету енгізуді жоспарлап отыр. Соңғы үш жылда «Қазақмыс» еңбек қауіпсіздігіне 87 млрд теңгеден астам инвестиция салды, ал 2025 жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Компания жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді», – деп мәлімдеді компанияда.

    Cондай-ақ, хабарламада «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға байланысты «Қазақмыс» компаниясы қаза тапқан жұмыскерлердің отбасын қолдау үшін шұғыл әрекет етіп, нақты шара қабылдап жатқаны айтылған. Атап айтқанда, ішкі штаб құрылып, өтемақы төлеу, мәйіттерді тасымалдау, несие бойынша міндеттемелерді орындау және отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мәселелері назарға алынған. Қаза болған кеншілердің жақын туыстарының өтініші бойынша үш мәйіт Түркістан, Қарағанды облыстарына, қалғандары Жезқазған, Сәтбаев қалаларына жеткізілді.

    Бұдан бөлек, «Қазақмыс» компаниясының жұмыскерлерін жазатайым оқиғадан сақтандыратын «KM Life» сақтандыру компаниясы қаза тапқан әр кеншінің асырауында бала болғанын ескеріп, олардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемін тағайындайды.

    Сақтандыру төлемінің мөлшері қаза болған кісінің асырауындағы адамдардың санына және оның орташа айлық жалақысына байланысты болады. Бұл төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді, егер олар жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқыса, 23 жасқа дейін төленеді. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балаларға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін аналарға да төлем тағайындалады.

    Ал ұжымдық келісімшартқа сай, марқұмдардың отбасына жерлеу рәсімін атқару үшін 2,2 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем аударылған. Алдағы уақытта оларға 84 млн теңгеден 141 млн теңгеге дейін жететін жылдық жалақының 10 еселенген мөлшері төленеді.

    Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.

    Сонымен қатар қаза болған кеншілердің банк алдындағы қарызы назарға алынуда. Қазіргі таңда Bank RBK, Kaspi және Halyk Bank-те жалпы сомасы 47,5 млн теңгені құрайтын несие мен ипотека анықталды. Қарызды өтеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

  • Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды.

    17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, 7 қызметкер үйінді астында қалды. Артынша олардың барлығы көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста.

    «Жомарт» кенішіндегі апаттан қаза тапқан азаматтар:

    1. Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
    2. Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
    3. Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
    4. Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
    5. Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
    6. Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
    7. Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

    Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
    «Қазақмыс» корпорациясы апаттың алдын ала себебін айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетіні жөнінде мәлімдеме жасады.

  • Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Ұлытау облысында төтенше жағдайда қаза болған кеншілердің отбасыларына әкімдік көмек көрсететін болды.

    Ұлытау облысының әкімдігінің мәліметінше, кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.

    «Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза.

    Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ.

    Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады», – делінген көңіл айту жеделхатында.

  • Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Президент кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтты

    Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.

    «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады», – делінген Ақорда хабарламасында.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.

    Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді.

  • «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталуда.

      Қайтыс болған жеті жұмысшылардың денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

    ҚР ТЖМ жедел штабының «жедел желісіне» 23 қоңырау келіп түсті.

    Естеріңізге сала кетейік, Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам үйінді астында қалды. ТЖД олардың тізімін жариялады.

    Сонымен қатар Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылған болатын.

  • Ұлытау шахтасындағы апат: 7 шахтердің тізімі шықты

    Ұлытау шахтасындағы апат: 7 шахтердің тізімі шықты

    Журналист Михаил Козачков Ұлытау облысы Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға қарасты «Жомарт» кенішінде шахтада қалып қойған 7 адамның тізімін жариялады.

    Олардың арасында 4 машинист, энергетика маманы, электрмонтер мен тау маманы бар:

    1. Нұрылдаев О.
    2. Жакубаев А.
    3. Кенжебеков О.
    4. Акшалов Н.
    5. Молдабеков Г.
    6. Жумадулаев Б.
    7. Рожков К.

    Құтқарушылар мен шахтерлердің арасы – 1500 шақырым, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша оның 200 шақырымы еңсерілді.

    Апат кезінде жер астында 7 адамнан тұратын бір бригада жұмыс істеген.