Метка: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

  • Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

    Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желіде жасөспірім бір топ баланы тұрғызып қойып, ұрып жатқан бейнежазбаға қатысты түсінік берді.

    – Әдетте жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты әлеуметтік желілердегі жазбаларды тұрақты бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жарияланған арыз-шағымдарды демалыс күндері арнайы қарап шығуға тырысамын. Кейде әлеуметтік желілер арқылы расымен де алаңдаушылық тудыратын мәселелерден хабардар болып жатамыз. Мысалы, Алматы облысы оқушыларының шағымы мені бейжай қалдырмады. Мәселе білім алушылардың құқығы бұзылуы, мектептегі тамақтану жағдайының санитариялық талаптарға сай ұйымдастырылмауы сияқты фактілердің болу ықтималдығына байланысты, – деп жазды желідегі парақшасында Ғани Бейсембаев.

    Осы орайда министр жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толықтай орындамай отырғанын айтты.

    «Бала құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту мақсатында министрлік тарапынан үш негізгі заңнамаға 94 түзету енгізіліп, 2024 жылы тексеруден өткен 342 білім беру ұйымының 24-інде басшылар әкімшілік, 78-і тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де кездесіп отыр. Аталған жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқығын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті шараны қабылдайды. Алматы облысының басшылығы бұл мәселені шұғыл түрде қолға алып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдайды деп сенемін», – дейді ведомство басшысы.

    Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, әр баланың қауіпсіздігі – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде орындалуы тиіс стратегиялық міндет.

    «Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің тұрақты бақылауындағы мәселе екенін жергілікті әкімдіктер де жақсы біледі. Тағы да өңірлердегі білім саласының басшыларын осындай маңызды мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – дейді министр.

  • 7-сынып бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін

    7-сынып бағдарламасына жаңа пән енгізілуі мүмкін

    Қазақстанда мектеп оқушыларына 7-сыныптан бастап жаңа пән қосылуы мүмкін.

    Бұл ұсынысты бас прокурор Берік Асылов айтты. Ол қазақстандық оқушыларға 7-сыныптан бастап «Заң және тәртіп» атты жаңа пән енгізуді ұсынды.

    «Бүгінде жасөспірімдердің біразы өкінішке қарай, ауыр қылмыс жасап жатыр. Олар төбелестен бастап ауыр қылмысқа дейін барады. Алайда олардың көбі заңды бұзғанын білмейді. Олар қылмысы үшін жауапкершілікке тартылатынын түсініп жүрген жоқ. Сондықтан оқушылардың құқық жайлы сауатын арттыру үшін жаңа пән қосуды сұраймыз», – деді Берік Асылов.

    Асылов жасөспірімдер заңды білу арқылы тәртіпке үйренетінін айтты.

  • Министрлік 2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінетінін айтты

    Министрлік 2025 жылы қай мамандыққа грант көп бөлінетінін айтты

    Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы қандай мамандықтарға грант басымдықпен бөлінетінін мәлімдеді.

    Кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ел экономикасының салаларына қажетті кадрларға қатысты орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады.

    Министрлік мәліметінше, Еңбек министрлігі сұранысқа ие және тапшылық байқалатын мамандықтар бойынша талдау жүргізіп, ел мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін ескере отырып, еңбек ресурстарына деген сұранысты бағалайды.

    Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері, салалардағы экономикалық үрдістер мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары да ескеріледі.

    2025 жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше басымдық берілмек. Жаңа үлестірімге сәйкес, техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60 пайызға дейін артпақ. Ал гуманитарлық сала – 28%, медицина – 8%, шығармашылық мамандықтар – 4% деңгейінде қалады, – делінген министрліктің берген жауабында.

  • Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болады

    Қазақстан мектептерінде жаңа лауазым пайда болады

    Әрі педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ресми түрде бекітіліп отыр.

    Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар береді деп сендірді. Сонымен қатар, оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталғанын мәлім етті.

    Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері:

    • Оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету;
    • Жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізу;
    • Кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру;
    • Жұмыспен қамту орталықтарымен, колледждермен және кәсіпорындармен байланыс орнату;
    • Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру.

    «Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың саналы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді», – деп жазылған ресми хабарламада.

  • ҰБТ-да 121 баланың нәтижесі жойылды

    ҰБТ-да 121 баланың нәтижесі жойылды

    Оның ішінде:

    • талапкерлердің 72%-ға жуығы шекті балл жинады;
    • орташа балл – 65 балл (бес пән бойынша);
    • ең жоғары балл – 139 балл;
    • ерекше білім беру қажеттілігі бар 232 талапкер қатысты.

    Ереже бұзғаны үшін 121 адамның нәтижесі жойылды:

    тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 43 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды;

    тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 55 адам шығарылды;

    бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 23 адамның нәтижесі жойылды;

    бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

    Қатысушылардың 18,1%-ы «Математика-Физика» комбинациясын, 14,8%-ы «Биология-Химия», 12,6%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.

    Наурыз айындағы ҰБТ 6 сәуірге дейін өтеді.

  • Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Елімізде жылына 200-ден аса оқушы қызға жыныстық зорлық жасалады

    Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан соңғы бес жылда оқушылар арасындағы ерте жүктілік 43 пайызға төмендегенін айтты.

    Еділ Оспанның сөзінше, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік немесе қажетсіз қарым-қатынастарға байланысты проблемалар бар.

    «Сондықтан да білім беру саласында оның алдын алу үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы бұл статистиканы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ерте жүктіліктіктің 43%-ға төмендегені туралы ақпарат бар. Денсаулық сақтау министрлігі сондай ақпарат беріп отыр. Енді бұл ненің нәтижесі деген мәселеге талдау жүргізіп көрдік. Халықтың арасында, оның ішінде ата-аналар мен жасөспірімдер арасындағы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының осындай нәтижеге әкелгенін көріп отырмыз. Бұл проблеманың түпкі себебі қыз балаларға қатысты зорлық екенін ашық айтуымыз керек», – деді Еділ Оспан.

    Вице-министр жылына 200-ден астам зорлық қылмысы болатынын айтты.

    «Әлеуметтік желілер арқылы қыз балалар бейтаныс адамдармен танысып, олардың бопсалауына, құрығына түсу фактілері де аз емес. Сондықтан екі бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күресуіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік желіге ата-аналардың бақылауын күшейткен жөн. Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа келер болсақ, әрине, оқу бағдарламаларының ішінде міндетті түрде жасөспірімдерге қатысты ақпараттар беріліп отырады. Оның ішінде репродуктивті денсаулық, гигиена, жеке қауіпсіздік мәселелері бар», – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

  • 2025 жылы Қазақстанда 200-ден аса жаңа мектеп салынады

    2025 жылы Қазақстанда 200-ден аса жаңа мектеп салынады

    2019 жылдан бастап Қазақстанда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып келеді, нәтижесінде 1 миллионнан астам  оқушы орнын қамтамасыз еткен 1200 жаңа мектеп қолданысқа берілді.

    Әсіресе, 2023 және 2024 жылдардың нәтижесі аса маңызды болды, бұл жылдары 510 мың орындық 422 мектеп салынды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

    Бұл көрсеткіштер бірқатар негізгі мәселелердің шешімін тапты, оның ішінде 32 апатты, 71 үшауысымды мектеп және 200 мектепте орын тапшылығы мәселесі жойылды.

    Білім беру инфрақұрылымы бірнеше бағыт бойынша қарқынды дамып келеді:

    Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 мектеп пайдалануға беріледі. 2024 жылдың өзінде жаңа форматтағы 105 мектеп есігін айқара ашты. Бұл мектептердің 40% ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 жайлы мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 

    Маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы болды. Ол жемқорлардан тәркіленген қаржы есебінен толықтырылып келеді. Соның арқасында 100 мың оқушы орнына арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Оның 74,4 мың орындық 61 мектебінде бүгінде балалар білім алуда.

    Сонымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдарда 1000 мектепті модернизациялау жеті бағыт бойынша жалғасуда. Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, 2 мыңнан астам мектепке STEM, физика, биология, химия, ротоботехника заманауи кабинеттері орнатылды.

    «Мемлекетпен қабылданған теңдессіз шаралар мектептерде бала тығыздығы мен үшауысымды айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Бүгінде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, ал 4,9 мектеп екі ауысымда жұмыс жасауда. 2025 жылы тағы 300 мың орындық 200 мектептің салынуы жоспарлануда», – деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

    Келесі қадамдардың бірі мектеп инфрақұрылымдарын бірыңғай форматқа келтіру болмақ. Ол үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1300-ге жуық мектеп реновациядан өтеді. Оның ішінде 900 ауыл мектебі бар. Бұл жоба үш жылға жоспарланған және тоғыз басты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның аясында мектептердің шатырлары ауыстырылады, сыртқы қасбеттері мен терезелері  жаңартылады, инженерлік коммуникация желілері күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ мектеп аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады.

  • Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Балаларға арналған SIM-карталар қолданысқа енгізіледі

    Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.

    2023-2025 жылдарға арналған Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы SIM-карта енгізу бастамасын көтерді.

    Бұл – балалардың мобильді құрылғыларды қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз етуге және ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған арнайы тарифтік жоспар. Балаларға арналған SIM-карталардың басты артықшылықтары:

    ​•​ Ата-ана бақылауы

    ​•​ Зиянды және қалаусыз контенттен қорғау

    ​•​ Баланың орналасқан жерін бақылау (геолокация)

    «Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, балаларға арналған SIM-карталар байланыс операторлары тарапынан қолдау тауып, цифрлық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бастамалармен қатар жүреді. Бұл ата-аналарға балалардың телефонды қолдануын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстанда байланыс операторлары балаларға арналған, білім беру ресурстарына шектеулі қолжетімділік беретін тарифтерді ұсынғанымен, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты толық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Министрліктің бұл бастамасы балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, ата-аналарға олардың онлайн кеңістіктегі қорғанысын қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі қолдау көрсетеді», – деп мәлімдеді Еділ Оспан.

  • Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

    Оқушылар көктемгі каникулда неше күн демалады?

    Үшінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21-наурызы мен 2025 жылдың 31-наурызын қоса алғанда он бір күнге жалғасады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

    Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:

    театр фестивальдері мен қойылымдары;
    шеберлік сабақтары;
    қауіпсіздік сабақтары;
    мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
    спорттық ойындар;
    қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.

    Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.

    Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.

     

  • Оқу-ағарту министрлігі TikTok-ты шектеуге қатысты пікір білдірді

    Оқу-ағарту министрлігі TikTok-ты шектеуге қатысты пікір білдірді

    Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева елімізде TikTok-тың балаларға әсері туралы пікір айтты.

    Оның айтуынша, кез келген зиянды мазмұндағы контент балаларға да, ересектерге де кері әсер етеді.

    – Бұл тұрғыда TikTok-ты жасаған Қытайда балаларға осы желіні күніне 40 минут қана пайдалануға рұқсат етілген. Сонымен қатар, онда контентке шектеу қойылған, яғни балаға тек білім беру мен дамуға арналған материалдар ғана көрсетіледі, – деді Наталья Жұмаділдаева Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

    Сонымен қатар ол TikTok-қа елімізде шектеу қою мүмкіндігіне қатысты түсінік берді.

    – Әрине, заңнама аясында мұндай бастамаларды қолдайтын боламыз, – деді бірінші вице-министр.