Метка: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

  • Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Қазақстанда балаларға арналған SIM-карта енгізу ұсынылды

    Министрлік мәліметінше, бұл шара ата-аналардың балаларын бақылауын қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар балалардың суицид, зорлық-зомбылық және буллингке қатысты қауіпті контенттерге қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.

    Балаларға арналған SIM-картаны жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен туу туралы куәлік арқылы тіркеу жоспарланған. Мұндай SIM-карталар кәмелетке толмағандармен байланысты алаяқтық тәуекелдерін азайтып, төтенше жағдайларда оқушыларды тез табуға көмектеседі.

    Жаңа ереже оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды зорлық – зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына” өзгертістер мен толықтырулар енгізу аясында ұсынылған.

  • Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Елімізде мектеп директоры жетіспейді

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының деңгейі ойдағыдай болмай тұрғанын айтты.

    «Республикада 7 мыңнан аса мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Талдау директорлардың біліктілік деңгейін көтеру керектігін көрсетіп отыр. Олардың тек 9 пайызында ғана «жетекші-көшбасшы» санаты бар. Осы жағдайды шешу үшін 2023 жылдан бері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылып келе жатыр. Бүгінгі күні 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілді. Жоба іске қосылғанына қарамастан, 740 мектепке директор жетіспейді, оның 81%-ы ауыл мектебі», – деді Ғани Бейсембаев.

    Директорлар тапшылығы әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген көрінеді.

    «Резвервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған. Яғни басшылық лауазымға 12 кадрдың екеуі, Шымкентте 23-тің үшеуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында ревервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған. Бұл білім басқармалары тарапынан өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Басқаша айтсақ, стратегиялық маңызы жоба бетімен жіберілген. Мәселе тек жаңа директорлар дайындауда ғана емес, бүкіл директорлар құрамын сапалы менеджментке оқыту қажеттігі туындап отыр. Сонда ғана білім беру саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткіземіз», – деді министр.

  • Колледждің бір студенті үшін 912 мың теңге жұмсалады

    Колледждің бір студенті үшін 912 мың теңге жұмсалады

    2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстандағы колледждердің бір студентін даярлау үшін жылына 912 мың теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін үкіметте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

    Айта кетейік, бұрын бұл қаражат екі есеге аз еді.

    «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы – 2025 жылы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Қазір қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңге болса, ол енді орташа есеппен 912 мың теңге болады», – деді Ғани Бейсембаев.

  • Астанада Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады

    Астанада Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады

    Жұмысшы мамандықтар жылының тағы бір жаңалығы Астана қаласында Ұлттық құзыреттер орталығын құру болмақ. Бұл орталық кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп, өндіріске енгізуге ықпал етеді, – деді Ғани Бейсембаев.

    Оның айтуына қарағанда мұндай орталықтар әлемнің алдыңғы қатарлы индустриалдық мемлекеттерінде бұрыннан бар.

    – Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізіледі, – деді министр.

  • Оқулықтағы қателіктерге кім жауапты? – Министр жауабы

    Оқулықтағы қателіктерге кім жауапты? – Министр жауабы

    Журналистер министрден «Қазан айының басында Мәжілістің комитетінде оқу бағдарламасының мазмұнын жаңарту мәселесі қаралды. Оқу бағдарламасы қашан жаңартылады, кітаптар біркелкі әрі салмағы жеңіл болатындай бір ізге түсе ме?», – деп сұрады.

    «Оқулықтарға қойылатын талаптарға қатысты заңнамалық актілер толық қабылданған. Енді көбінесе бұл мәселені шешуде мектептердегі оқулықтарды шығаратын баспалардың осы тәртіпті сақтауына да байланысты. Екіншіден, жалпы мына мектептегі сабақ кестесіне қойылатын сабақтардың да санына өте байланысты екенін айта кеткен жөн. Бұрыннан келе жатқан дәстүрлі ережелер бар, соны қатаң сақтайтын болса, онда бұл мәселе қатты ушықпауы да мүмкін. Жалпы оқу бағдарламасына келсек, оқулық жаңаруы үшін бірінші кезекте стандарт жаңаруы керек. Қазір стандарт талқылану үстінде. Ол бекітілгеннен кейін оқу бағдарламалары қабылданып, соның негізінде оқулықтар жазылатын болады», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

    Министр оқулықтарда кетіп жатқан қателіктерге жеке тоқталды. Сөзінше, бұл бағытта үлкен сараптамалық жұмыстар жүргізілген.

    «26 оқулықтағы қателіктер бары туралы резонанстық мәселе тудырған ақпараттар келіп түсті. Тек 11-інде ғана осындай қателіктердің бар екенін анықтадық. Қалғанында жалған ақпарат болып шықты. Сол 11 оқулықтағы қателіктерге қатысты 8-ін былтыр ауыстырдық, қалған оқулықтарды осы жылы баспалар ауыстырып жатыр. Оқулықтарда қателіктерді болдырмау бағытында баспалардың да жауапкершілігі қазір заңды тұрғыда күшейтіліп отыр. Бұдан былай баспа оқулықта қате жіберетін болса, онда өзінің қаржысы есебінен осы қателіктерді жөндеуге міндеттеледі. Мұндай шара ағылшын тілінің оқулығына байланысты қолданылды. 2022 жылы кеткен қателікке байланысты баспа түгелдей оқулықты өз есебінен ауыстырған болатын», – деді Оқу-ағарту министрі.

  • Баланы қатыгездікке итермелейтін қауіпті ойыннан сақ болыңыз

    Баланы қатыгездікке итермелейтін қауіпті ойыннан сақ болыңыз

    Бірнеше күннен бері ата-аналар чаттарында осындай хабарлама тарап жатыр. Осы кітаптардан, мына ойын түрлерінен  сақ болыңыздар деп ескертілуде.

     

    Осы жағдайдан кейін оқу-ағарту министрлігі ішкі істер министрлігіне қауіпті ойындарды бұғаттау жөнінде хат жолдады. Әлеуметтік желіде де ата-аналар дабыл қаға бастады. Себебі, ойынның жалпы құрылымынан адам шошиды. Атауының өзі оқушының үйден қашуы деген мағына береді.  Ал, бала үйден қашып шығу үшін онлайн түрде тапсырмаларды орындайды.

    «Бұл деген сұмдық! Үйден қашқан бала қайда барады? Әке-шешеден қашқан бала қай бір оңған бала? Таблетка беріп ұйықтатып тастау деген не сұмдық? Бара-бара әке-шешесін өлтіреді ғой бұлар. Ең сорақысы үшінші сыныптың оқушылары жаппай ойнайды екен бұл ойынды. Шешелері тексергенде ойнайтындарын мойындаған. Енді чатта шулап жатыр», — деп жазды фейсбуктегі парақшасында  Гүлжан Амангелдіқызы. https://www.facebook.com/guljanamangeldikyzy/posts/pfbid035Zc8U5icQ7ndZT8ejyBQU9yxLhF2BzKeQzX3R9kY6e7ZH7fGN3hLDxtAkHMTkx7Cl?rdid=JWxkopNVUoboTkXs

     Мұндай ойындар бала психологиясына қауіпті. Сондықтан, психолог мамандар барынша балаға көңіл бөлуге кеңес береді.

    «Ең оңай монепуляцияға ұшырайтын балалар, ата-ана тарапына көңіл бөлінбеген балалар. Өйткені, өзінің табиғатында бала көңіл бөлуге өте мұқтаж болады. Ата-ана менімеен сөйлессе екен, құшақтаса екен, мақтаса екен, қолдаса екен деп мұқтаж боолып тұрады. Оны ата-ана бермеген кезде, оны кім береді, соның әсерінде қалады», — деді  психолог Ержан  Мырзабаев.

    Мамандар, баланың телефонмен қандай қосымшаны көргенін біліп отыру үшін ата-аналарға бақылау бағдарламасын жүктеуге кеңес береді. Әрбір ойын тек ата-ананың рұқсатымен жүктелуі керек. Оқу ағарту министрлігі  қауіпті ойындарды бұғаттау бойынша шешуші шаралар қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне  хат жолдағанын жеткізді.

    «ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты алаңдаушылық білдіруде. Интернет желісіндегі кез келген қауіп-қатердің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту мақсатында Комитет бұл салада жауапты мемлекеттік органдар – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ҚР Ішкі істер министрлігіне зиянды цифрлық ойындарға мониторинг жүргізу және бұғаттау бойынша шешуші шаралар қабылдау жөнінде хат жолдады.

    Сондай-ақ Комитет бұған дейін балалардың онлайн қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған науқандарға бастамашы болғанын еске саламыз. Атап айтқанда, жағымсыз контентке қол жеткізуді шектеу үшін «Ата-ана бақылауы» функциясын орнату. Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізіліп, балаларға интернеттегі қауіп-қатерден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп пен сыни сағатта дұрыс мінез-құлық таныту жөнінде түсіндірілуде.

    «Біздің басты міндетіміз — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ата-аналар балаларының қолданатын сайттарын қадағалап, оның онлайн белсенділігіне ерекше назар аударуы керек. Әсіресе, ата-ана бақылауының қолжетімді құралдарын міндетті түрде қолдану қажет. Баламен күнделікті қарапайым ғана әңгімелесу, балалардың өміріне қатысу — олар үшін қауіпсіз кеңістік құрудың жалғыз жолы. Өз кезегінде жауапты мемлекеттік органдар мұндай қауіп-қатерлерге тосқауыл қою үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

    Бұл мәселенің түбегейлі шешілуін ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бақылауда ұстайтын болады», — делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.

    Бұл ойын түрлерін ұялы телефонға жүктемей, бірден ойнауға да болады екен. Сондықтан,  балаңыз бұл ойынды жүктемеді деп алаңсыз жүріп қалмаңыз. Барынша сақтық шараларын күшейтіңіз.