Метка: Салық

  • Салықты бөліп төлеу оңайлайды: Қаржы қиындығына тап болғандарға жаңа мүмкіндік

    Салықты бөліп төлеу оңайлайды: Қаржы қиындығына тап болғандарға жаңа мүмкіндік

    Қазақстанның Қаржы министрлігі салықты төлеу мерзімін кейінге қалдыру процедурасын жеңілдететін түзетулер жобасын жариялады. Енді «уақытша қаржылық қиындықтарға» тап болған салық төлеушілер мүлікті кепілге қоймай немесе банктік кепілдіксіз-ақ салықты кейінге қалдыру мүмкіндігін иелене алады.
    Құжатқа сәйкес, бұл норма салық қарызы 1,5 мың АЕК-тен (2026 жылы бұл шамамен 6,5 млн теңге) аспайтын тұлғаларға қатысты болады. Жаңа ережелер жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға бірдей қолданылады деп күтілуде. Бұған дейін кепілдік міндетті шарт болғандықтан, борышкерлер мүлікті бағалау үшін қосымша шығын шығаруға мәжбүр болатын.

    Министрлік бұл жаңашылдық салықтық демалыс беру процесін жеделдетіп, борышкерлердің қаржылық жүктемесін азайтатынын атап өтті. Салықты бөліп төлеу мүмкіндігі 2026 жылдың басынан бері қолданыстағы жаңа Салық кодексінде де қарастырылған, бірақ қазіргі түзетулер бұл тетікті қолжетімді ете түспек.

  • Салық кірістері өсті: жоспар 113,7% орындалды

    Салық кірістері өсті: жоспар 113,7% орындалды

    2026 жылдың қаңтар–ақпан айлары бойынша республикалық бюджет кіріс бөлігінің орындалуы жоспарлы көрсеткіштерден асты. Қаржы органдарының мәліметіне сәйкес, салық түсімдері 2 979,0 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,4%-ға немесе 677,5 млрд теңгеге артық.

    Салықтық кірістер бойынша жоспар 113,7% орындалды. Түсімдердің елеулі бөлігі ақпан айында түсті, себебі 2025 жылдың IV тоқсаны бойынша міндеттемелерді төлеу мерзімдері осы кезеңге тура келді.

    Негізгі динамиканы бюджетті қалыптастыратын салықтар қамтамасыз етті. Корпоративтік табыс салығы бойынша өсім 116,9% болып, қосымша 118,0 млрд теңге түсті. Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша түсімдер 138,8%-ға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 428,6 млрд теңгеге артық.

    ҚҚС бойынша жоспардың орындалуы 119,8% деңгейіне жетті: жоспарланған 1 281,0 млрд теңгенің орнына бюджетке 1 534,5 млрд теңге түсті.

    Сарапшылар қаңтар айындағы бағалар толық көріністі көрсетпегенін айтады, өйткені негізгі төлемдер ақпан айында қалыптасады. Алдыңғы тоқсан бойынша салық міндеттемелерін төлеу мерзімдері дәл осы кезеңге келді.

  • Қазақстанда шағын бизнеске салық өсімпұлы мен айыппұлдар кешіріледі

    Қазақстанда шағын бизнеске салық өсімпұлы мен айыппұлдар кешіріледі

    Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілерінің салық берешектері бойынша өсімпұлдары мен айыппұлдарын есептен шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің аудит департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оның айтуынша, Қаржы министрінің тиісті бұйрығы қазір Әділет министрлігінде қаралуда және келесі аптада ресми түрде жариялануы мүмкін. Құжат жаңа Салық кодексіне көшу аясында бизнесті қолдау шараларының бір бөлігі ретінде әзірленген.

    Жоспарланған шаралар тек микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылады. Салық берешегі болған жағдайда негізгі қарыз 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында өтелсе, өсімпұл мен айыппұлдар салық органдары тарапынан автоматты түрде есептен шығарылады.

    Сонымен қатар бұрын салық төлеу мерзіміне кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілген кәсіпкерлер үшін де санкцияларды кешіру қарастырылған. Негізгі берешек мерзімінен бұрын өтелген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдар жойылады.

    Сот шешімімен банкроттық, оңалту немесе қайта құрылымдау рәсімдерінде тұрған салық төлеушілерге де жеңілдік беріледі. Бұл жағдайда кәсіпкерлер салық органдарына еркін нысанда өтініш беруге құқылы. Белгіленген мерзімде негізгі қарызды өтесе, санкциялар есептен шығарылады.

    Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-тармағы бойынша ҚҚС бойынша есепке уақытында тұрмағаны үшін салынған, бірақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өндіріп алу шаралары қолданылмаған айыппұлдар тоқтатылуы көзделген.

    Бұған дейін Үкімет ҚҚС бойынша тіркеу шегінен асқан кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы шешім қабылдаған. Негізгі салық қарызы 2026 жылғы 1 сәуірге дейін өтелсе, өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.

    Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл шаралар бизнеске шоттарды бұғаттан шығаруға, мүлікке қойылған шектеулерді алып тастауға және заң аясында жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.

  • 2026 жылдан бастап салық қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталады

    2026 жылдан бастап салық қарызы бар азаматтардың шоттары бұғатталады

    2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда салық берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда жеке тұлғалардың банк шоттары бұғатталатын болады, деп хабарлайды Sona.kz Nege.Aqsha-ға сілтеме жасап.

    Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Қайсар Арын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгіленген шекке жеткен кезде алдымен салық төлеушіге ресми хабарлама жолданады.

    Егер берешек хабарламадан кейін өтелмесе, салық органдары банк шоттары, касса және инкассалық өкімдер бойынша шығыс операцияларын уақытша тоқтатады. Бұл ретте шотқа ақша түсіміне шектеу қойылмайды.

    Салық берешегінің мөлшері 45 АЕК-тен аспаған жағдайда, әдетте, қосымша мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылмайды. Шектеулер шығыс операцияларын тоқтатумен шектеледі.

    Ал қарыз көлемі 45 АЕК-тен асса, кеңейтілген ықпал ету тетіктері іске қосылады. Оларға борышкердің дебиторларындағы қаражатты өндіріп алу, мүлікті түгендеу және сату жатады.

    Айтарлықтай және ұзақ мерзімді берешек жағдайында салық органдары сот арқылы банкроттық рәсімін бастауға құқылы.

    Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға салық міндеттемелерін уақтылы тексеріп, берешекті дер кезінде өтеуге кеңес береді.

  • Қазақстанда 2026 жылдан бастап салықтық рақымшылық енгізіледі

    Қазақстанда 2026 жылдан бастап салықтық рақымшылық енгізіледі

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты елде салықтық рақымшылық жүргізіледі. Бұл шара кейбір кәсіпкерлерге жинақталған өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Қаржы министрлігінің мәліметінше, рақымшылық шаралары микро және шағын бизнес субъектілеріне, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салық берешегі бар кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.

    Айта кету керек, рақымшылық тек қаржылық санкцияларға — өсімпұлдар мен айыппұлдарға қатысты. Негізгі салық қарызы есептен шығарылмайды және міндетті түрде төленуі тиіс.

    Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару шарттары

    Салықтық рақымшылықты пайдалану үшін кәсіпкер негізгі салық берешегін 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтеуі қажет. Осы талап орындалған жағдайда, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар автоматты түрде жойылады.

    Есептен шығару салықтық әкімшілендіру шеңберінде жүзеге асырылады және өткен кезеңдер бойынша тексерулер жүргізілмейді. Қосымша өтініш беру талап етілмейді.

    Бизнеске арналған қосымша жеңілдіктер

    Жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлерге бірқатар қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша камералдық бақылау мен салықтық тексерулер жүргізілмейді (заңда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда).

    Сондай-ақ кәсіпкерлер ҚҚС бойынша міндетті тіркеу мерзімдерін бұзғаны және өткен кезеңдер үшін салықтық есептілікті тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

    Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, сондай-ақ бизнесті тіркеу немесе қайта тіркеу мәселелері бойынша сот талап-арыздарын беру тоқтатылады.

    Қаржы министрлігі бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда салық берешегімен жұмыс істеудің жаңа тетіктері енгізілетінін хабарлаған болатын.

  • 10 қарашадан бастап салық органдары қазақстандықтардың несиесі туралы мәлімет алады

    10 қарашадан бастап салық органдары қазақстандықтардың несиесі туралы мәлімет алады

    Енді салық органдары азаматтардың микрокаржы және коллекторлық ұйымдар алдындағы берешегі туралы ақпаратты алып отырады, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Қаржы министрлігі жеке тұлғалардың микрокаржы және коллекторлық ұйымдар алдындағы несиелері жөніндегі мәліметтерді беру тәртібін бекітті. 2025 жылғы 10 қарашадан бастап кредиттік бюролар бұл деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) ұсынуға міндетті.

    Министрдің 24 қазандағы бұйрығына сәйкес, салық органдары активтері, кірістері, міндеттемелері мен мүлкі туралы декларация тапсыруға тиіс азаматтардың несиелері туралы ақпаратқа қол жеткізеді.

    Мұндай тұлғалардың тізімі жыл сайын 25 қарашаға дейін алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы деректер негізінде жасалады. Кейін 10 күн ішінде азаматтардың ЖСН-і Smart Data Finance жүйесі арқылы кредиттік бюроларға жіберіледі. Ал бюролар 10 жұмыс күні ішінде МКК-ға кредиттік есептен алынған мәліметтерді ұсынады.

    Оған берешек сомасы, несие шартының күні мен нөмірі, қарыз беруші ұйымның атауы және есепті күнге қалған қарыз көлемі кіреді.

    Бұйрықта атап өтілгендей, комитет пен кредиттік бюролар алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға және оны үшінші тұлғаларға таратпауға міндетті.

    Құжат 10 қарашадан бастап күшіне еніп, 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.

  • Кәсіпкерлерге арнайы салықтық режимге қалай көшуге болады: КГД түсіндірді

    Кәсіпкерлерге арнайы салықтық режимге қалай көшуге болады: КГД түсіндірді

    Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы салықтық режимдерді (АСР) қолдануда өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
    Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салықтық режимдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерканат Шынбергеннің айтуынша, әрбір салық төлеуші санатына байланысты көшу тәртібі белгіленген:
    •Патент негізіндегі және мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар өздігінен жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығуы тиіс (алғашқы чекті шығарғанға дейін). Егер өтініш берілмесе, мұндай ИП-ді салық органдары 1 наурыздан бастап автоматты түрде есептен шығарады.
    •Жеке тұлғалар. Есептен шыққаннан кейін олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп танылады — алғашқы чек шыққан күннен немесе төлем құжатында көрсетілген айдан бастап.
    •Шаруа және фермер қожалықтары. 2026 жылдың 1 наурызына дейін салық органдары оларды автоматты түрде арнайы режимге ауыстырады.
    •Жеңілдетілген декларация, шегерім немесе бөлшек сауда салығы бойынша жұмыс істейтіндер. Егер 2026 жылдың 1 наурызына дейін өтініш берілмесе, олар 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) көшіріледі.
    •Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен кооперативтері. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар ЖБР-ға көшеді, бірақ 70% салықтық жеңілдік сақталады.
    Бұған дейін жаңа жылдан бастап қазақстандықтар қандай салық төлейтіні хабарланған болатын.
  • Жеңілдетілген режимге тыйым: кәсіпкерлерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

    Жеңілдетілген режимге тыйым: кәсіпкерлерді үлкен өзгеріс күтіп тұр

    Қазақстанда 2026 жылдан бастап арнайы салық режимі – жеңілдетілген декларацияны қолдануға рұқсат етілетін немесе тыйым салынатын қызмет түрлерінің жаңа тізімі дайындалып жатыр. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Амриннің айтуынша, құжат 26 қыркүйекте legalacts.egov.kz порталында және министрліктің ресми сайтында жариялануы мүмкін. Кез келген азамат жобаға пікір қалдырып, ұсыныс енгізе алады.

    «Жұма күні құжатты жариялауға тырысамыз. Ресми баспасөз хабарламасы болады. “Ашық НҚА” порталында кәсіпкерлер өз ескертпелерін жазып, тізімді сұрата алады. Жарияланым ертең немесе келесі аптаның басында болады», – деді вице-министр 25 қыркүйекте Сенат кулуарында.

    Ол нақты қай қызмет түрлері рұқсат етілетін немесе тыйым салынатын тізімге кіретінін айтқан жоқ, тек жарияланымды күтуге кеңес берді.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексі аясында 2026 жылдан бастап кейбір бизнес салалары «жеңілдетілг

  • Көпбалалы отбасыларға берілген салықтық жеңілдік 2026 жылдан күшін жояды

    Көпбалалы отбасыларға берілген салықтық жеңілдік 2026 жылдан күшін жояды

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға арналған салықтық шегерім алынып тасталады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

    Естеріңізде болса, биыл қаңтарда көпбалалы ата-аналарға алғаш рет салықтық жеңілдік енгізілген болатын. Жұмыс істейтін ата-ана ай сайынғы табысынан белгілі бір көлемде салық шегерімін алып, қолына көбірек ақша алуға мүмкіндік туған еді.

    Алайда бұл норма тек бір жылға ғана қолданылып, 2026 жылдан бастап күшін жояды. Ведомствоның түсіндіруінше, келесі жылдан бастап барлық қызметкерлер үшін тек үш түрлі салық шегерімі қалады: әлеуметтік төлемдер бойынша, базалық шегерім (айына 30 АЕК) және әлеуметтік санаттағы тұлғаларға берілетін арнайы шегерімдер.

    Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріс көпбалалы отбасылардың ай сайынғы табысына әсер етуі мүмкін.

  • Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    Қазақстандықтардың зейнетақы төлемдері салықтан босатылады

    2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды

    Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Бұл туралы Азаттық рухы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

    Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылатын біржолғы төлемдерден де салық ұсталмайды. Алайда бұл жеңілдік Қазақстан резиденті болып табылмайтын азаматтарға қолданылмайды.

    Қолданыстағы тәртіп бойынша, БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдерінен 10% мөлшерінде ЖТС ұсталады. Бұл салықты алушы бірден немесе зейнеткерлік жасқа жеткенде төлеуді таңдай алады. Аталған ереже 2025 жылдың соңына дейін сақталады.

    Сондай-ақ 2026 жылдан бастап азаматтардың өз пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Бірақ жұмыс беруші тарапынан аударылған ерікті жарналарға салық салынбайды және бұл шығындар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде ескерілетін болады.