Метка: Салық

  • Дүркіретіп той жасағандарға салық салына ма?

    Дүркіретіп той жасағандарға салық салына ма?

    Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті не дейді?

    – Әңгіме жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысатындарға қатысты болып отыр. Комитет қызмет түріне қарамастан, жеке тұлғалардың салық төлеу міндетін әкімшілендіру арқылы қадағалайды. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын адамдар, яғни іс-шара жүргізушілері, тамадалар, әншілер салық міндеттемелерін басқа азаматтар мен кәсіпкерлер сияқты жалпы негізде орындайды, бұл салық салудың әділдік қағидатына сәйкес, – деді комитет.

    Осы орайда Кірістер комитеті камералдық бақылау табыс тапқан барлық тұлғаға теңдей жүргізілетінін еске салады.

  • 63 блогер өз еркімен салық төледі

    63 блогер өз еркімен салық төледі

    Мемлекеттік кірістер комитеті 63 қазақстандық блогер өз кірістерін өз еркімен декларациялағанын хабарлады.

    Комитет мәліметінше, 63 блогер 2,8 млрд теңге табысын декларациялап, 105 миллион теңге салық төлеген.

      – 13 наурыздағы жағдай бойынша, 63 блогерлер 2 768,4 млн теңге сомасына қосымша табыс декларациялады және 105 млн теңге сомасында салық төледі, – делінген хабарламада. 

    Еске салайық, бұған дейін салықшылар ескертуінен кейін қазақ блогерлері 1,5 млрд теңге салық төлеген болатын.

    Камералдық бақылау өз бетінше салық салынатын кіріс алатын барлық тұлғаға бірдей дәрежеде жүргізіледі. 2025 жылы камералдық бақылау нәтижесінде 80 000 жеке тұлғаға, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге хабарлама жолданған.

    Хабарлама алған жеке тұлғалардың қатарында блогерлер де бар. Олар хабарламаны алғаннан кейін әлеуметтік желілерде белсенділік танытты. Осыған байланысты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіліп, 80 000 жеке тұлғаның ішіндегі 594-і блогер екені анықталған.

  • Пәтерін жалға беретіндер де салық төлейді

    Пәтерін жалға беретіндер де салық төлейді

    Қазақстанда пәтерін жалға беретін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, декларация тапсырады.

    Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес, бұл қызмет түрін заңдастыру үшін жасалған.

    Одан бөлек, азаматтар жыл сайын жалға беруден түскен кірістер мен мүлік туралы декларацияны келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұсынуға және 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеуге міндетті болады.

    10 пайыздық мөлшерлемеге зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдер кірмейді.

  • Үкімет басшысы бизнес өкілдеріне ескерту жасады

    Үкімет басшысы бизнес өкілдеріне ескерту жасады

    Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді.

    Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

    Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

    Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

    «Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», – деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

    Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр.

    Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

    «Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», – деді Мәди Такиев.

    Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

    бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу;

    салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу;

    мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;

    жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

    «Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

    Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

    Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

    Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

  • 12 блогер 73,6 млн теңге салық төледі

    12 блогер 73,6 млн теңге салық төледі

    Бұл туралы кірістер комитеті хабарлады. Блогерлер 1,4 млрд теңге көлемінде қосымша табыстарын декларациялаған.

    Қазір барлығы 854 блогерге 71,9 млрд теңге сомасында камералдық бақылау туралы хабарламалар жіберілді.

    Комитет тиісті хабарламаларда көрсетілген сома салық қарызы еместігін атап өтті. Ақпаратқа сәйкес, бұл – блогерлердің салық декларациясында көрсетпеген болжамды табысы.

    Еске салайық, бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мен қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің миллиондаған салық қарызына қатысты жағдайға пікір білдірген болатын.

  • Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қазақстанда 594 блогер 53 млрд теңге салығын жасырған

    Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау кезінде 594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырғанын анықтады.

    Салық органдары жеке тұлғалардың, соның ішінде блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындап-орындамағанын тексерген. Камералдық бақылау кезінде бес жүзден астам блогер табысын азайтып көрсеткені белгілі болды.

    «Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларымен салыстырғаннан кейін 594 тұлға бойынша 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде оларға 13-14 ақпан аралығында «кірісті төмендету» заңбұзушылығы бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», – делінген хабарламада.

    Салықшылардан осындай хат алған блогерлер есептелген салықты төлеп, қосымша салық есебін тапсыруға тиіс. Егер келіспесе, түсініктеме жазуы керек. Хабарламаны орындау мерзімі 30 жұмыс күнін құрайды.

    Комитет әртүрлі интернет-ресурстарда жарияланған онлайн жарнамадан, ақпарат өнімдерін, курстарды сатудан және ұтыс ойындарынан түскен табыстан міндетті түрде салық төлеу қажет екенін ескертті. Бұл міндеттемелер Қазақстан Конституциясы мен Салық кодексінде белгіленген, – Мемлекеттік кірістер комитеті.

    Күні кеше танымал қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев барлық блогерлерге салық органдарынан хат келгенін жазған болатын. Оның айтуынша, кейбір блогерлерге 300-400 млн теңгеден, біреуіне тіпті бір миллиард теңгеден салық төленбеген деген хабарлама келген. 100 млн теңге салық жасырған әріптестері де бар екен.

  • Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.

    Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы  жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.

    «Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр», – деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.

    Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.

    «Жұмыс ітеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды  тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы  бағытта ең басты басымдық  соларда болып отыр», – деді әкім.

  • Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласында оңды-солды жазалаудан бас тартуға шақырды.

    «Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселе екенін жеткіізді.

    «Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек»,- деп толықтырды Президент халыққа жолдауында.

    Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

    «Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек», — деді Мемлекет басшысы.