Метка: Шерзат өлімі

  • Судьяға сенімсіздік: Шерзат ісінде қорғау тарабы қарсылық білдірді

    Судьяға сенімсіздік: Шерзат ісінде қорғау тарабы қарсылық білдірді

    Талдықорғанда Шерзат Болат ісі бойынша бүгінгі сот отырысы күтпеген жерден аяқталды. Себеп — айыпталушы Абзал Шынасылдың қорғаушысы судья Е.С. Жанұзақовқа қарсылық білдірді.

    Сот-медициналық сарапшының жауабынан кейін қорғау тарабы судьяны істен шеттету туралы өтініш жасады. Енді бұл мәселені соттың басқа судьясы — А.А. Беймбетов қарайды.

  • Абзал Шынасыл: «Пышақты төс қалтадан алып, үш рет тықтым»

    Абзал Шынасыл: «Пышақты төс қалтадан алып, үш рет тықтым»

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта күдікті Абзал Шынасылдың оқиға орнында түсірілген видеосы көрсетілді. Видео жасөспірім қаза тапқаннан кейін, 4 қазан кешінде жазылған.

    Шынасыл тергеушілермен бірге «Қамажай» дүкені жанында болған жайттарды баяндады. Ол алғашқыда мылтықпен атқан Нұрғанатты ұрып, кейін біреудің мылтықты тартып алғанын, сол сәтте бір жасөспірім құлап, біреуі «жедел жәрдем» деп айғайлағанын айтты.

    «Сол жерде қара сақалды баланы тептім, ұрдым. Кейін төбелес басталып кетті», – деді күдікті.

    Бастапқыда ол тек Нұрғанатты пышақтағанын айтқанымен, видеода Шерзатқа қатысты ештеңе демейді. Алайда кейінгі кадрда:
    «Құлаған кезде төс қалтадан пышақты алып, ұшынан ұстап, жамбасына үш рет тықтым. Сосын “кеттік” дегенде машинаға отырдық», – деп мойындайды.

    Шынасыл оқиға кезінде өзгелердің қолында пышақ болмағанын да айтқан.

    Кейін ол Шерзат Болатты өлтіргенін ресми түрде мойындады.

  • «Мылтықпен ұрған – мен»: Нұрқияс Ілиясов кінәсін мойындады

    «Мылтықпен ұрған – мен»: Нұрқияс Ілиясов кінәсін мойындады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта Нұрқияс Ілиясов Ғайыпбаевты мылтықтың сабымен ұрғанын мойындады. Ол атыс кезінде мылтықты тартып алып, соққы жасағанын ашық айтты.

    «Ғайыпбаев мылтықты оқтап жатты. Бірінші оқты ауаға атты, екіншісі бізге қарай кетті, үшіншісін көз алдымда салды. Сол кезде қолындағы мылтықты тартып алдым да, сабымен ұрдым», — деді Ілиясов.

    Ал оның әлеуметтік желідегі «Калашников» мылтығымен түскен суреті мен «Хутор» жазбасына қатысты сұраққа ол жауап беруден бас тартты.

  • Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзатқа пышақ ұрған – қызыл кепка киген жігіт

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгер Наргиза Низамединова басты сәтті көзімен көргенін айтты. Оның сөзінше, сол түні балконнан қызыл кепка киген, арық жігіттің Шерзатқа бірнеше рет пышақпен соққы жасағанын көрген.

    «Анасының «балам!» деген жан дауысынан оянып, балконға шықтым. Шерзатқа қарай бірнеше жігіт жүгіріп барып жабылды. Сол сәтте пышақ ұрған адамды анық көрдім», — деді ол.

  • Шерзатты пышақтаған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты

    Шерзатты пышақтаған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты

    Шерзат ісінде түске дейінгі 1-бөлімінде сотталушылардың бірінің сыныптасы, Талғар ауданы полиция басқармасының рота патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын іске куәгер ретінде қатысты.

    Соттың қойған сұрағына ол «біреуін, Дархан Әскентайды танимын» деп жауап берді, Ержан Жанұзақовтың «Қашаннан бері?» дегеніне, «Бір мектепте оқығанбыз» деді. «Бір сыныпта?» деп тағы сұрақ қойды сот. «Әрине» деп нақтылады Жәнібек Әмірақын.

    Одан кейін мемлекеттік айыптаушының сұрақтарынан соң ол оқиға болған күнді есіне түсіріп көрді.

    – 4 қазан күні 12:42 шамасында Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша «Талғар қаласы, Менделеев көшесінде төбелес болып жатыр» деген хабарлама түсті. Сол жерге 7-8 минут аралығында бардым. Барғанымда бір топ адамды көрдім, сөйлестім. Басында жердегі қанды көрдім. Адамдар «бір бала пышақталған, оны әкесі емханаға алып кетті» деді. Бәрін кезекші бөлімге хабарладым. Кейін күдікті автокөліктерді тауып, кезекшіге хабарластық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесім екеуіміз ұстадық. Ол «иә, мен Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатысым бар» деді. Ол Дархан Әскентай болып шықты. Дархан сыныптасым болса да, бірден танымадым, себебі көзі ісіп кеткен, тау жақта жарықшам жоқ, қараңғы болды. Ішімдіктің иісі сезілді, – деді Жәнібек Әмірақын.

  • Шерзат ісі: сотта екінші куәгер қыз оқиға кезіндегі жағдайды баяндады

    Шерзат ісі: сотта екінші куәгер қыз оқиға кезіндегі жағдайды баяндады

    Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

    Сот отырысында былтыр 3-інен 4-ші қазанға қараған түні оқиға орнында болған куәгер Дана Жақсыгелді сөз сөйледі. Ол оқиға қалай болғанын баяндады.

    Оның айтуынша, Равиль Сәкиевтің шақыруымен куәгер Эльмира Нұрбековамен бірге мейрамханаға барған. Онда айыпталушылардың бірнешеуі болған.

    “Үйге қайтамыз дегенде «апарып тастаймыз, бірақ жолда дүкенге кірейік» деді. Бізде де темекі бітіп қалған еді. Сөйтіп дүкен алдында бір топ адам тұрды. Кейін біз дүкенге темекі алуға кірдік. Бірақ бізге «сатпаймы» деді. Сосын біз шықтық, сол кезде ерегес басталып кетті. Мен көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Сұр киім киген сақалды жігіт бірінші аспанға, сосын екі рет бізге қарай оқ атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Мен көліктің ішінде отырып, 5 минуттан кейін шығып ұлдарға «қайтайық» деп айқайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Қайтып көлікке отырдым. Төбелес не үшін басталғанын білмедім”, – деді Дана Жақсыгелді.

    Прокурор куәгерден «102», «103»-ке неліктен хабарласпағанын сұрады.

    “Ондай ойымда болған жоқ. Бір жағынан мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім. Содан кейін қорқып, көлікте отырып қалдым. Өз өмірі үшін қорықтым”, – деді ол.

  • Шерзат соты: Куәгер Нұрбекованың жауабы тергеу кезіндегімен сәйкес келмеді

    Шерзат соты: Куәгер Нұрбекованың жауабы тергеу кезіндегімен сәйкес келмеді

    Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты. Бұл жолы да Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен бірге «Қамажай» дүкенінің алдына келген. Қазір ол іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр,

    Адвокат Мейірман Шекеев бүгінгі сотта Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында қазақ тілінде жауап бергенін, бірақ сотқа келіп, орыс тілінде жауап беріп жатқанына назар аударды. Тергеу мен соттағы жауабы неге екі түрлі шыққанын куәгердің өзінен сұрады.

    Сіз 5 қазан күні берген жауабыңызда Абзалдың қай жерге пышақ сұққанын дәлме-дәл айтып бердіңіз. Сізге ол қайдан белгілі? Мен сот материалдарын зерттеген кезде қарашаның 11-де ғана сараптама шыққан. Сол кезде ғана біз білдік. Сұрағымды нақтылап жатырмын. Сіз “көрген жоқпын, білген жоқпын” деп айтасыз, бірақ Шерзаттың денесіне пышақ солай тығылғанын – солай болғанын біреу сізге айтты ма, әлде өзіңіз солай жауап бердіңіз бе? 5 қазанда сіз дәл айттыңыз, – деді адвокат.

    Бұл сұраққа жауап берген Нұрбекова ұсталып, екі күн бойы тергеушілерге жауап бергенін айтты.

    Бізді ұстаған кезде екі күн бойы ұйқысыз өткіздік. Тамақ іше алмадық. Ішкі істер бөлімінде бізден 100-ге тарта адам жауап алды. Мен сол кезде тіпті олар не сұрағанын да білмеймін. Орыс тілінде жауап бердім. Олар қазақша қалай аударып отырғанына назар аудармадым. Үйге қайту үшін алдыма келген қағазға қол қоя бердім, – деді Эльмира Нұрбекова.

    Нұрбекованың қорғаушы өкілі адвокат Шекеевтің сұрауына жауап ретінде “біз тергеу кезінде Нұрбекованың “жүрек тұсына пышақ сұғылғанын көрдім” деген жауабы еш жерде жазылмаған” деп айтты.

    Сот барысында Эльмира Нұрбекованың тергеу барысында беттестіру кезінде берген видео-жауабы көрсетілді. Ол видеода Нұрбекованың қазақ және орыс тілінде аралас жауап беріп отырғанын көруге болады.

    Эльмира Нұрбекова өткен аптада да сот кезінде тергеуде берген жауабынан шатасқан еді.

  • Шерзат өлімі бойынша сот отырысы басталды

    Шерзат өлімі бойынша сот отырысы басталды

    Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Іс бойынша 9 айыпталушы бар.

    Сот отырысын Жоғары соттың Youtube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

    Еске салайық, судья Ержан Жанұзақовтың бекітуімен келесі сот отырыстары 29 сәуір, 5-6 мамыр сағат 10:00-де өтеді.

  • Шерзаттың әжесі соттағы жауаптан кейін есінен танып қалды

    Шерзаттың әжесі соттағы жауаптан кейін есінен танып қалды

    Қаза тапқан Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова соттағы жауаптарынан кейін өзін жайсыз сезінді. 

    Ол жауап беру кезінде қатты эмоцияға беріліп, көз жасын тыя алмады. Қаржаубай Нұрымов анасына араша түсіп, айыпталушылардың қорғаушылары «негізсіз сұрақтар қойып жатыр» деп наразылық білдірді.

    Сот залынан шыққаннан кейін Шерзаттың әжесі есінен танып қалды. Куәгерлердің айтуынша, оны қолмен көтеріп, жедел жәрдем көлігіне жеткізген.

  • Шерзат Полаттың отбасы 16 жастағы сотталушыны кешірді

    Шерзат Полаттың отбасы 16 жастағы сотталушыны кешірді

    Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 

      Бүгін куәгерлерден жауап алынып жатыр. Бірінші болып марқұм Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алынды.

    Жауап беру кезінде Жұмабике Кадирова баласы Қаржаубай Нұрымовтың кәмелет жасына толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіргенін мәлімдеді.

    «Менің айтайын дегенім, 16 жастағы сотталушы балаға менің балам кешірім берді деп айтты. Балам (Қаржаубай Нұрымов-ред.): «Мама, біздің Шерзат өліп кетті. Енді қайтара алмаймыз. Мына 16 жастағы баланың өміріне балта шаппайық. Қолдан келгенше кешірім берейік. Мен кешірім бердім», – деді. Менің айтайын дегенім, менің балам да, мен де бәрін кешірдік. Алла кешірсін бұларды. Тек бір Аллаға тапсырдым. Судья, сіз бұларға өзінің нақты жылын кесесіз бе, кеспейсіз бе, қорғап алып қаласыз ба ол сіздің ар-намысыңызға берілген дүние. Мен тек Аллаға ғана сендім. «Құдайдан тап!» деген дүниедегі жаман қарғыс бар. Себебі, оны қалай табатынын бір Алла ғана біледі. Өсіп-өнері бар, ата-аналары да артымызда отырып, ананы-мынаны шұқылап сөйлеп отыр. Бірақ мен сабырлыққа салып шыдап отырмын. Аллаға тапсырдым», – деді Жұмабике Кадирова.