Метка: Шерзат соты

  • Талғардағы қанды оқиға: Шерзат Полатты өлтіргендерге үкім шықты

    Талғардағы қанды оқиға: Шерзат Полатты өлтіргендерге үкім шықты

    Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полатты қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша тоғыз адамға үкім шықты. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, дәл осы күдікті Шерзатқа пышақ сұғып, өліміне себеп болған. Сонымен қатар, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Токтаубаев 15 жылға, Нұркияс Ілиясов 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентаев, Нұрбол Токтаубаев және Дидар Қалиахмет әрқайсысы 7 жылға сотталды. Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқақ қылмыс туралы хабарламағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

    Қанды оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат әкесінің дүкенінде жұмыс істеп жүргенде басталған. Сатып алушымен жанжал шығып, артынша бірнеше адам жиналып, төбелеске ұласқан. Пышақ жарақатын алған Шерзат ауруханаға жеткізілгенімен, аман қалмады. Кейін марқұмның үйі өртеніп, туыстарының бірі өзіне қол салған. Іс қоғамның кең назарын аударып, Ішкі істер министрлігі бақылауына алған.

  • Шерзат ісі: Сотталушылар соңғы сөзінде не деді?

    Шерзат ісі: Сотталушылар соңғы сөзінде не деді?

    Судья Ержан Жанұзақов айыпталушыларға соңғы сөздерін айтуға мүмкіндік берді.

    Сотталушылардың көбі көздеріне жас алды. Азамат Тоқтаубаев 7 жыл 2 ай жаза сұрап, “халық жауы емеспін, тек анамнан кешірім сұраймын” деді. Ағасы Нұрбол Тоқтаубаев кінәсін мойындап, жеңіл жаза сұрады.

    Дархан Әскентай – ата-анасынан ерте айырылғанын, үйленуге дайындалып жүргенде бұл қайғыға тап болғанын айтып, мейірім сұрады. Шыңғыс Белғожаев – бостандық сұрады, ал Думан Ысқақ пен Дидар Қалиахмет өздерін ақтауды өтінді.

    Равиль Сәкиев Шерзаттың анасынан кешірім сұрап, “тек Ғайыпбаевты ұрдым, пышақ болмады” деді. Абзал Шынасыл алғашында пышақтағанын жоққа шығарғанымен, енді “мылтық атқаны үшін ашуланып, үш рет пышақ сұқтым” деп айтты.

    Айыпталушылардың бірі де Шерзатты нақты кім өлтіргенін мойындамады.

    Үкім 5 маусымда жарияланады.

  • 663 миллион теңге талап: Шерзат ісінде азаматтық талаптар жарияланды

    663 миллион теңге талап: Шерзат ісінде азаматтық талаптар жарияланды

    Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жәбірленуші тарап күдіктілерден 662,8 млн теңге моральдық және материалдық өтемақы талап етті. Бұл туралы марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.

    Арызда ұлын жерлеуге кеткен 2,8 млн теңге, сондай-ақ 9 айыпталушыдан әртүрлі мөлшерде моральдық өтемақы сұралған. Талап бойынша, әрбір жәбірленуші — Нұрымов, Гүлбара Бишембиева және Жұмабике Қадырова — бірнеше айыпталушыдан 100–120 млн теңгеден өтемақы алуы тиіс.

    Сот азаматтық талаптарды қабылдады.

  • Шерзат соты: Судьяны шеттету шағымы қанағаттандырылмады

    Шерзат соты: Судьяны шеттету шағымы қанағаттандырылмады

    28 мамырда Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында қорғаушы Ж. Әбенов судья Ержан Жанұзақовқа қарсылық білдірді. Ол судья Шынасылдың өтініштерін қабылдамай, видеожазба деректерін тексеруге мүмкіндік бермеді деп мәлімдеді.

    Шағымды Алматы облыстық сотының судьясы Асқар Бейімбетов қарап, судья Жанұзақовты істен шеттетпеу туралы қаулы шығарды. Мемлекеттік айыптаушылар да шағымды негізсіз деп бағалады.

  • Шерзат соты: Сот залында жер сілкінісі

    Шерзат соты: Сот залында жер сілкінісі

    Талдықорғанда Шерзат ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысы кезінде жер сілкінісі сезілді. Оқиға тікелей эфирге жазылып қалды.

    Осы сәтте сарапшы Тахир Халимназаров жауап беріп жатқан. Ол — Қуандық Бишімбаев ісіне де қатысқан танымал сот-медициналық сарапшы.

    Дүмпу сезілген соң судья отырысқа үзіліс жариялады.

  • «Күмәнді диалог» үшін жеке қаулы шықты

    «Күмәнді диалог» үшін жеке қаулы шықты

    Шерзат Болаттың өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде тікелей эфирге жазылып қалған екіұшты әңгіме жұртшылықтың күдігін күшейтті.

    – Көзіме жас келе жаздады, дұрыс сөйледім бе?
    – Саған көп сұрақ қоймайды, сөйлесіп қойғанмын, – деген сөздер сот тыңдалымы аяқталған сәтте естілген.

    Кімнің айтқаны белгісіз. Судья бұл жайтқа байланысты жеке қаулы шығарып, прокурорға диалог мазмұны мен қатысушыларын анықтауды тапсырды.

    Сот тек заң аясында шешім қабылданатынын ескертті.
    Жеке қаулы – сот процесіне тікелей қатысы жоқ, бірақ құқықтық мәні бар күмәнді жайттарды құзырлы органдарға ескерту құжаты.

  • Шынасыл: «Шерзатты өлтірмедім, кінәні өзара бөлісуді келісіп алдық»

    Шынасыл: «Шерзатты өлтірмедім, кінәні өзара бөлісуді келісіп алдық»

    Ол кінәні ішінара мойындап, пышақ жарақатын ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа жасағанын, ал Шерзатты өлтірмегенін мәлімдеді.

    «Ол құлаған кезде ұрып, тептім. Бірақ Шерзатты кім пышақтағанын білмеймін. Полицияда айтуға мәжбүр етті. Кейін этаппен Қонаевқа апара жатқанда Равиль, Шыңғыс, Азаматпен өзара келісіп алдық: мен – Шерзатты, Шыңғыс – Нұрғанатты мойнына алады. Жазам жеңілдейді деп ойладым», – деді Шынасыл.

    Оқиға күні ол достарымен кафеде болып, кейін Нұрбол Тоқтаубаевтың қоңырауынан соң дүкен жанына барған. Айтуынша, Нұрғанат Ғайыпбаев оған оқ атқан.

    Пышақты жанармай бекетінде шабуылдан кейін өзімен алып жүргенін жеткізді.

    Абзал Шынасыл бұған дейін берген айғақтарынан толықтай бас тартты.

  • Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат соты: Судья айыпталушыны сөзінен ұстады

    Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша басты айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев сотта жауап бере бастады. Ол бұрынғы түсініктемелерінен бас тартып, тергеушілер қысым көрсеткенін айтты. Алайда жауаптары сәйкессіз шықты.

    Судья оны Ғайыпбаевты ұрғаны үшін сұраққа тартқанда, Тоқтаубаев “дұрыс деп санаймын, ол бізге мылтық атты” деді. Судья:
    — Сонда полиция сізді ұрса — дұрыс емес, ал сіз біреуді тепсеңіз — дұрыс па?
    — Олар аяусыз ұрды, — деді ол.
    Судья:
    — Сонда сіз аяушылықпен тептіңіз бе?
    Тоқтаубаев жауап бере алмады.

    Бұған дейін ол «хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым» деген. Судьяның сұрақтары оның жауаптарындағы қарама-қайшылықты ашып берді.

  • Шерзат ісі: Полицей заң бұзды, сотта дау туды

    Шерзат ісі: Полицей заң бұзды, сотта дау туды

    Біріншісі – полицей Медет Әділжановтың заңсыз әрекеті. Ол ауруханада жатқан Нұрғанатты бейнежазбаға тергеу қаулысынсыз, рұқсатсыз және жеке iPhone-ымен түсірген. Медбикенің айтқанына сүйеніп палатаға кірген, дәрігерден науқастың жағдайын да сұрамаған. Жазба істі тіркеуге 11 күннен кейін енгізілген.

    Екіншісі – айыпталушы Дархан Әскентайдың бүгінгі жауабы бұрынғы нұсқамен сәйкес келмеді. Бұған дейін «Шерзат бір рет ұрды» десе, енді «кастетпен ұрып, көз сүйегімді сындырды» деді. Тергеу кезінде қысым болғанын алға тартты. Сондай-ақ, Қаржаубай екі рет пышақпен шыққанын, Нұрғанат мылтықпен оқ атқанын айтты.

    Айыптаушы прокурор мен қорғаушылар арасында дау туындады. Прокурордың эмоциялық сөзіне байланысты оны соттан шеттету туралы өтініш берілді. Судья бұл талапты қанағаттандырмады.

  • Айыпталушы Дархан Әскентай Шерзаттың кастетпен соққы жасағанын айтты

    Айыпталушы Дархан Әскентай Шерзаттың кастетпен соққы жасағанын айтты

    Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сотта айыпталушы Дархан Әскентай жауап берді. Ол Шерзаттың қолында кастет болғанын, сол арқылы ауыр соққы алғанын мәлімдеді. Бұған дейін бұл жайлы айтпаған.

    Әскентай бастапқы жауаптарына толық келіспейтінін айтып, тергеу кезінде қысым болғанын жеткізді. Оның айтуынша, оқиға болған түні дүкен алдында отырған кезде Шерзат келіп, “әкеме бірдеңе айттың ба?” деп көзінен кастетпен ұрған. Қаржаубай көзін салқын сумен жуып берген. Кейін Қаржаубай екі рет пышақпен шыққанын, ал Шерзаттың достары келген соң төбелес басталғанын айтты.

    Әскентай Нұрғанаттың қолында мылтық болғанын, ататынын айтып қорқытқанын да жеткізді. Жарақат алғанына қарамастан, жедел жәрдем шақырылмағанын, ақша толық төленбеді деп жала жабылғанын айтты.

    Сотта прокурор мен қорғаушы арасында дау туындады. Прокурор кастет туралы ақпарат тергеуде мүлде айтылмағанын алға тартса, қорғаушы тергеуде қысым болғанын айтты. Судья екеуіне де соңғы ескерту жасады.