Метка: сотталды

  • Алматылық ер адам “чеддер” ірімшігі үшін 16 жылға сотталды

    Алматылық ер адам “чеддер” ірімшігі үшін 16 жылға сотталды

    Алматы тұрғыны Таиландтан келген “чеддер” ірімшігінің ішіне жасырылған есірткі үшін 16 жылға сотталды.

    Бұл туралы Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Сот материалдарына сәйкес, ер адам Таиландтан халықаралық сәлемдеме алған. Ірімшік түрінде келген жүктің ішінен есірткі және психотроптық заттар табылған. Тергеу барысында ол бұл заттарды өзі пайдаланбақ емес, үшінші тұлғаларға бермек болғаны анықталған.

    «Құқық қорғау және кеден органдары бұл заңсыз әрекетті тарату сатысына жетпей-ақ тоқтатты. Мемлекеттік айыптаушы ауыр жаза тағайындауды сұрап, сот бұл талаппен келісті», — деді Бас көлік прокуратурасында.

    Сот оны аса ірі көлемдегі есірткі заттарын контрабандалық жолмен алып өтіп, таратпақ болды деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тиіс 16 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

  • Мотоцикл жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам 11 жылға сотталды

    Мотоцикл жүргізушісіне шабуыл жасаған ер адам 11 жылға сотталды

    Жамбыл облысында жанармай бекетінде мотоцикл жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасаған ер адамға үкім шықты. Ол 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға сәуір айында болған. Видеода ер адамның жәбірленушінің артынынан келіп, арқасы мен кеудесіне бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. Шабуыл жеке жанжал салдарынан болғаны болжанады.

    Сотта айыпталушы Ә. бұзақылық ниетпен әрекет етіп, кісі өлтіруге оқталғаны анықталды. Куәгерлердің көмегімен қайғылы жағдайдың алдын алған.

    Жәбірленуші 11 миллион теңгеден астам өтемақы талап етті. Ал айыпталушы кінәсін мойындамағанымен, өкінетінін айтты.

  • Сакен Мамаш 6 жылға сотталды: экс-дипломаттың тұрмыстық зорлығы сотта дәлелденді

    Сакен Мамаш 6 жылға сотталды: экс-дипломаттың тұрмыстық зорлығы сотта дәлелденді

    Астанада бұрынғы дипломат Сакен Мамаштың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол өзінің бұрынғы жұбайы Карина Госманға жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсеткені үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сот отырысы жабық режимде өтті. БАҚ өкілдеріне тек алғашқы және соңғы отырысқа қатысуға рұқсат берілген. Үкім бойынша, Мамаш Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес – материалдық тәуелді адамға жүйелі түрде қатыгездік көрсету бойынша айыпталды.

    Тергеу материалдарына сәйкес, 2019 жылдан 2024 жылға дейін, алдымен Астанада, кейін Абу-Дабиде ол әйелі Каринаға бірнеше рет күш қолданып, оны психологиялық қысымда ұстаған. Әйелдің еркін қозғалуына, жақындарымен қарым-қатынасына шектеу қойған, қоңыраулары мен жазысқан хаттарын үнемі бақылауда ұстаған. Сонымен қатар, жәбірленуші күйеуіне толықтай материалдық тұрғыдан тәуелді болған: өзі жұмыс істемеген, тек дипломат жұбайы ретінде жәрдемақы алып тұрған. Алайда сол қаражатты да Мамаш өз бетінше басқарған.

    Сотта жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, медициналық сараптама қорытындылары, скриншоттар мен бейнематериалдар айыптау тарапына дәлел ретінде ұсынылды. Мамаш өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырып, дипломатиялық дәрежесінен де айырды.

    Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

  • Астанадағы уақытша ұстау изоляторында пара алған қызметкер 7 жылға сотталды

    Астанадағы уақытша ұстау изоляторында пара алған қызметкер 7 жылға сотталды

    Астанадағы уақытша ұстау изоляторының қызметкері тергеудегі адамдарға ұялы телефон қолдануға рұқсат бергені үшін пара алып келген. Бұл іс бойынша сот 26 эпизодты қарап шықты. Жалпы сомасы – 2 миллион теңгеге жуық.

    Сот үкіміне сәйкес, изолятор қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған пара берген екі адам 3 жылдан жаза алды. Тағы бір тұлға айыппұлмен шектелді.

    Қалған 23 адам жазадан босатылды. Сот олар бұл әрекетке қысыммен барғанын және бұрын сотталмағанын ескерді.

    Айта кетейік, жуырда Ақтау қалалық сотының бұрынғы төрағасы Бауыржан Шайдоллин алаяқтық және пара алуға итермелеу ісі бойынша сотталып, кінәлі деп танылған болатын.

  • Астанада тұтас бір ауданның электр қуатын тұтынған майнинг-ферма әшкереленді

    Астанада тұтас бір ауданның электр қуатын тұтынған майнинг-ферма әшкереленді

    Астанада қозғалтқыш жөндейтін орталық ретінде жасырып, криптовалюта өндірген жасырын майнинг-ферма ұйымдастырған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

    2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамырына дейін олар заңсыз майнингпен айналысып, тұтас бір тұрғын ауданның бір айлық электр энергиясына тең көлемде қуат тұтынған. Нәтижесінде 143 миллион теңгеден астам сомада цифрлық актив алған.

    Тінту кезінде 1 257 ASIC-майнер, өндірістік желдеткіштер мен трансформаторлық қосалқы станция тәркіленді.

    Сот оларды Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі бойынша («Заңсыз кәсіпкерлік») кінәлі деп танып, айыппұл салды. Сонымен қатар мемлекет пайдасына жалпы құны 900 миллион теңгеден асатын екі автокөлік (Toyota Camry, Nissan Juke) пен барлық майнинг жабдығы тәркіленді.

    Мемлекет кірісіне 143,2 миллион теңге заңсыз табыс өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.