Метка: Су тасқыны

  • Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікпен ұсталды

    Су тасқыны кезінде жапа шеккен халыққа көмектесуге құлшынған Перизат Қайрат қазір ел сенімін аяққа таптады деген күдікке ілінді.

    Қаржылық мониторинг агентігінің мәліметінше, ол 1,5 миллиард теңге ұрлаған болуы мүмкін. Бұл қаржы еліміздің әр аймағынан жиналып, қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс еді.

    Алайда, сол қайырымдылық ақшасына Перизат ханым Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алды:

    Mercedes-Benz S450 – құны 88 миллион теңге;
    Lexus LX-600 – құны 80 миллион теңге;
    Haval – құны 39 миллион теңге.
    Қымбат көліктерден бөлек, Перизат «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік сатып алды. Бұл мүліктердің жалпы құны 600 миллион теңгеге жеткен.

    ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ол Дубай, Доха, Лондон, Стамбұл қалаларына жиі барып, «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace», «Kempinski» секілді бесжұлдызды қонақ үйлерде тоқтаған. Атақты «Cartier» мен «Louis Vuitton» брендтерінің әшекей бұйымдары мен аксессуарларын сатып алып, яхтада қыдырып, қымбат мейрамханаларда ас ішкен.

    Өзінің айла-тәсілін жүзеге асыру үшін, ол жақын достары мен туыстарын қатыстырған. Олар қайырымдылық қоры қаражатын 8% сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.

    Перизат Қайрат – «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады. Онда мемлекеттік көмек жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда, бұл үндеуді көп ұзамай әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.

  • Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті

    Испанияда болған су тасқыны салдарынан 158 адам қаза тапты. Бұл оқиға 1973 жылдан бері ең алапат тасқындардың бірі болды. Су тасқыны елдің кейбір аймақтарына жауған нөсер жаңбырдан туындаған. Бұл туралы BBC арнасы хабарлады.

    «Қазіргі таңда ең маңыздысы – мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқару», – деп мәлімдеді Испания премьер-министрі Педро Санчес.

    Қаза болғандардың көбісі Валенсия автономдық қауымдастығында тіркелді, мұнда 155 адам қайтыс болды. Сонымен қатар Кастилия-Ла-Манча аймағында екі адам, ал Андалусияда бір адам су тасқынынан мерт болды. Валенсияның оңтүстік-батысында орналасқан Пайпорта муниципалитетінде өзен арнасынан асып, кем дегенде 40 адамның өлімі тіркелді.

    Ресми өкілдер жоғалған адамдардың нақты санын ашып айтпағанымен, олардың санының айтарлықтай көп екенін хабарлады. Испанияға бір күнде жауған жауын-шашынның мөлшері бір жылдық нормаға жетті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге табиғи апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтқан еді.

  • Испанияда ұлттық аза тұту күні жарияланды

    Испанияда ұлттық аза тұту күні жарияланды

    Испания үкіметі 2024 жылдың су тасқынынан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендерге көңіл айту үшін 31 қазан, 1 және 2 қараша күндерін ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

    La Moncloa басылымының жазуынша, корольдің жарлығы бүгін, 31 қазанда ресми мемлекеттік газетте жарияланады.

    «Үш күндік ресми аза тұту кезінде мемлекеттік ту барлық мемлекеттік ғимараттарда, соның ішінде шетелдегі өкілдіктер мен миссияларда төмендетіледі», – делінген басылымда.

    Айта кетейік, Валенсиядағы апатты су тасқыны 70 адамның өмірін қиды. Тағы екі адам Кастилия-Ла-Манчтағы су тасқынынан көз жұмды.

    Жауын-шашынның салдарынан ондаған мың тұрғын электр қуатынсыз қалды.

    29 қазанда басталған жауын-шашын бүгін де тоқтамауы мүмкін.

    Апаттан зардап шеккен аумақтар апат аймақтары деп жарияланады.

  • Еуропаны су басып жатыр

    Еуропаны су басып жатыр

    Италияның барлық аймақтарында сейсенбіге дейін су тасқыны қаупіне байланысты қызыл және қызғылт сары деңгейдегі ескерту сақталады. Францияның орталық бөлігінде табиғат апаты үлкен шығын әкеліп, халықты жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды  Euronews.

    Италия бойынша қолайсыз ауа райына байланысты қызыл және қызғылт сары деңгейіндегі ескерту жарияланды. Күшті жауын-шашын елде лай тасқындарын тудырды.

    Ең қатты зардап шеккен аймақ — Эмилия-Романья. Болоньяда табиғат апат салдарынан бір бала қайтыс болды, оны тасқын су автокөлікпен бірге ағызып әкеткен.

    Тосканадағы Эльса және Сицилиядағы Сальсо өзендері арнасынан асып, екі аймақтың тұрғындарына шұғыл қажеттілік болмаған жағдайда сапарлардан бас тарту ұсынылды.

    Қауіп деңгейі сейсенбіге дейін төмендемейді деп болжануда.

    Осы уақытта Францияның орталық бөлігіндегі су тасқындары үлкен шығын әкеліп, электр энергиясын өшірді.

    Көптеген тұрғындар үйлеріне оралған кезде үйлерінің жағдайы өте нашар екенін көрген.

    Ардеш департаментінің кейбір аймақтарында 48 сағат ішінде 700 мм жауын-шашын жауған, бұл Париждегі жылдық нормадан да көп.

  • Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге төленді

    Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге 10,1 млрд теңге төленді

    2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнестің шығынын төлеу үшін үкімет резервінен 12,1 млрд теңге теңге бөлінді.

    Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 қазандағы мәліметке сай, шағын және орта бизнестен жалпы сомасы 15 млрд теңгеге 764 өтініш түскен.

    «630 өтініш бойынша шамамен 12 млрд теңге сомаға оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 млрд теңгеден астам сомаға 615 өтініш иесіне ақша аударылды», -деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.

    Дереккөзге сүйенсек, өтініштердің басым бөлігі Атырау (423 өтінім) және Солтүстік Қазақстан (107 өтінім) облыстарынан түскен.  Батыс Қазақстан облысынан 87 өтініш, Қостанай облысынан 68 өтініш, Ақтөбе облысынан 51 өтініш, сондай-ақ Ақмола облысынан 28 өтініш қабылданған.

  • Су тасқынынан зардап шеккендерге күзге дейін баспана берілуі керек — вице-премьер

    Су тасқынынан зардап шеккендерге күзге дейін баспана берілуі керек — вице-премьер

    Кеңес барысында үш негізгі мәселе талқыланды: ТЖ жағдайында жедел ден қою үшін республикалық және өңірлік штабтардың өкілеттіктерін кеңейту, техника мен жабдықтарды тасымалдау тетігі, сондай-ақ табиғи апаттар кезінде мүлікті сақтандыру.

    Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түсті. Қаражат қазірдің өзінде өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінді, бірақ өтініш берушілердің үштен біріне ғана жетті. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.

    Су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындады. Оны басқа облыстардан көшіру бойынша жедел шаралар қабылданды. Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмеді, сондықтан арнайы есепке алуды жолға қою қажет.

    «Біз бүгін биылғы су тасқыны бойынша қорытынды жасап, келесі жылдың су тасқыны кезеңіне дайындықты бастау үшін арнайы жиналдық. Қазір біз тұрғын үйді қалпына келтіру және залалды өтеу бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтауымыз керек. Ең бастысы, зардап шеккендер күзге дейін баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Көктемге дейін әлі алыс. Бірақ су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары күзде аяқталуы керек. Су тасқыны қателікті, орындалмаған жұмыстарды және жеткіліксіз қаржыландыруды кешірмейді», — деп атап өтті вице-премьер.

    Қанат Бозымбаев ТЖ мен су ресурстары және ирригация Министрліктеріне су тасқынына дайындық және халықты апаттардан қорғау алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімдіктері — су тасқынының алдын алу шараларын қамтамасыз етеді, барлық гидротехникалық және қорғаныс құрылыстарын тексеріп, айналма арналарды дайындайды. Қаржы министрлігі — әр өңірде төтенше резерв құру жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Ол тұрақты, төмендетілмейтін, келесі жылға ауысатын және тек төтенше жағдайларда қолданылуы керек.

  • СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге кірді

    СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа үйлерге кірді

    Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен қызылжарлықтар жаңа үйлерге қоныстануын жалғастыруда, деп хабарлайды Sona.kz kazinform.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

    Петропавл қаласындағы «Бірлік» шағын ауданы жаңа тұрғындармен толықты. Бүгін 49 отбасы жаңа үйлердің иесі атанды. Осылай су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 200 жаңа тұрғын үй салынып, кілттері табыс етілді. Жоспарланған 700 үйдің 500-інде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде, бұл үйлер қыркүйек айына дейін аяқталады.

    Айта кететін жәйт, су тасқынынан зардап шеккендер үшін тұрғын үйлердің құрылысына 1,5 мың құрылысшы жұмылдырылды.

    Сонымен қатар, зардап шеккен өңір тұрғындарына екінші нарықтан 621 баспана сатып алынды.

    Бескөл ауылының тұрғыны Айман Ғайнуллинаның үйі су тасқынынан кейін апатты деп танылды. Қазір комиссияның барлық кезеңдері артта қалды, ауыл тұрғыны отбасымен бірге жаңа үйде алғашқы қонақтарды қарсы алуға дайындалуда.

    «Біздің жаңа қонысымыз өзімізге қатты ұнайды. Бұл жерде адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, жаңа үйде өзіміздің жеке бау бақшамыздың болатындығы қатты қуантады», — деді Подгора ықшамауданындағы тұрғын Юлия Малявко.

    Сәйкесінше, Бірлік ауданының тұрғыны Аубәкіровтер отбасы су тасқынынан кейінгі мәселелердің тез, оңтайлы шешілгендігі үшін алғыстарын білдірді.

    ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 3 993 объектіге техникалық тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша:

    — 700 үй салу — 200 аяқталды;

    — 1329 үй сатып алу — 621 сатып алынды;

    — 1964 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу — 949 аяқталды.