Метка: Сыбайлас жемқорлық

  • 100 миллион теңге пара: Астана, Көкшетау және Екібастұз ХҚКО басшылары тергеліп жатыр

    100 миллион теңге пара: Астана, Көкшетау және Екібастұз ХҚКО басшылары тергеліп жатыр

    Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы бірнеше ірі сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады. Астана қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін жүргізу және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу кезіндегі заңсыз әрекеттердің беті ашылды, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ҚМА-не сілтеме жасап.

    Атап айтқанда, Астанадағы Мамандандырылған ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алып, азаматтарға емтихан тапсыруға және куәлік алуға көмектескені үшін әшкереленді. Тергеу барысында жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам қылмыстық факті құжатталған.

    Мұндай заңсыз схемалар Көкшетау және Екібастұз қалаларындағы ХҚКО филиалдарында да жұмыс істеген. Ондағы басшылар жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырып, ол үшін ақшалай сыйақы алып отырған. Сонымен қатар ҰҚК Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлерін де құрықтады. Олар жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, заңсыз баюмен айналысқан.

    Қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, ал өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етуге жатпайды.

  • 400 миллиард теңгенің күмәнді келісімшарттары: Жол саласындағы жемқорлық тәуекелдері жойылмақ

    400 миллиард теңгенің күмәнді келісімшарттары: Жол саласындағы жемқорлық тәуекелдері жойылмақ

    Қазақстанда автомобиль жолдарын салу және жөндеу саласында миллиардтаған теңгенің заңсыздықтары анықталды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2025 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерін қамтитын сыртқы талдау жұмыстарын аяқтады.
    Талдау нәтижесінде өңірлердегі жол құрылысының сметалық құны 11 миллиард теңгеге негізсіз асыра көрсетілгені белгілі болды. Сондай-ақ, өзектілігін жоғалтқан 362 жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге 23 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Тағы 27 миллиард теңгені құрайтын 324 нысан міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпегені анықталды.
    Ең ірі заңсыздықтар мердігерлерді таңдау кезінде тіркелген. 70 компания жұмыс тәжірибесі туралы жалған мәліметтер ұсыну арқылы жалпы құны 408 миллиард теңге болатын келісімшарттарға ие болған. Осыған байланысты агенттік 80-нен астам ұсыным әзірлеп, заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашы болды.
    Ендігі жерде техбақылау және авторлық бақылау мамандарының мәртебесі мемлекеттік функцияларды орындаушы тұлғаларға теңестірілді. Бұл олардың сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар, Жол активтері ұлттық сапа орталығының ескертулерін жоймай, нысандарды пайдалануға беруге қатаң тыйым салынды.
    Салаға цифрлық бақылау енгізілуде. Жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы іске қосылды. Бұл платформа карьерлердің сипаттамасынан бастап зертханалық сынақтардың нәтижелеріне дейінгі мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, деректерді бұрмалау қаупін сейілтеді.
    Мамандардың есептеуінше, қабылданған шаралар 2026 жылға жоспарланған 360 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуына кепіл болады. Бұл жол сапасының артуына және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік бермек.

  • Қостанай облысында медициналық жабдықтар сатып алуда ірі сыбайлас жемқорлық әшкереленді

    Қостанай облысында медициналық жабдықтар сатып алуда ірі сыбайлас жемқорлық әшкереленді

    Қостанай облысында медициналық жабдықтарды сатып алу саласында ірі сыбайлас жемқорлық схемасы анықталды, деп хабарлайды Sona.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
    Тексеру прокуратура органдарының өзге де құқық қорғау және уәкілетті мекемелермен бірлесіп жүргізген жұмысының нәтижесінде жүзеге асқан. Анықталғандай, бірқатар медициналық ұйымдарда нақты қажеттілігі жоқ құрылғыларды жоғары бағамен сатып алу фактілері орын алған.
    Прокуратураның мәліметінше, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден асып отыр. Аталған деректер бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
    Тергеу аясында:
    •«Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы;
    •аталған басқарманың қазіргі қызмет атқарып жүрген орынбасары;
    •аудандық ауруханалардың бірінің бас дәрігері;
    •медициналық жабдықтарды жеткізген өнім беруші ұсталды.
    Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
  • Қонаевта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сайыс мәресіне жетті

    Қонаевта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сайыс мәресіне жетті

    Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Оған қаладағы 14 мектептің дарынды оқушылары қатысты. Атап айтқанда, сурет байқауына 10, эссе жазуға 15, дебат ойындарына 20 оқушы 8 фракция құрып, қатысты.

    Қатысушылар эссе байқауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы, адалдық пен парасаттылық туралы өз ойларын еркін форматта жеткізді. Ал дебатта пікірталас мәдениеті көрсетіліп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Жас суретшілер болса, парақорлықты бейнелеп, көркем туынды арқылы жеткізді.

    Жеңімпаздар тізімі келесідей:

    Эссе жазу:
    3-орын – Дастан Әлзақ
    2-орын – Айым Қабдолда
    1-орын – Асель Сейтқали

    Дебат:
    3-орын – Ш.Уәлиханов ат. №2 гимназия
    2-орын – Қ.Қайсенов ат. №4 орта мектеп
    1-орын – Орта мектеп-гимназия

    Сурет байқауы:
    3-орын – Нұрболат Мұрат
    2-орын – Зере Айдар
    1-орын – Камила Асанқызы

    Жүлделі орын иеленгендерді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыстады.

  • Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

    Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды.

    Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды.

    Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • Антикордың лауазымды қызметкері пара алды деген күдікке ілінді

    Антикордың лауазымды қызметкері пара алды деген күдікке ілінді

    Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық департаменттердің бірінің басшысына және оған бағынысты қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

    Департамент басшысы орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

    «Сонымен қатар, айыпталушылар жалған жұмыспен қамтылған қызметкерлердің шоттарына жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге жалақы, сыйлықақы және іссапар шығыстарын негізсіз аудару арқылы адамдар тобында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда.

    Айыпталушылар сотқа тартылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», – делінген хабарламада.

  • Бұрынғы шенеунік һәм айтыскер ақын сотталды

    Бұрынғы шенеунік һәм айтыскер ақын сотталды

    Бұрынғы шенеунік һәм айтыскер ақын Әнуар Омар тағы бір мерзімге – алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл қазірдің өзінде сыбайлас жемқорлық істеріне қатысты үшінші үкім. Айтыскердің сыбайластары бас бостандығын шектеумен шықты.

    Антикор жазғандай, қалалық сот Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бұрынғы басшысы Әнуар Омарға қатысты үкім шығарды.

    Онымен бірге қарамағындағы қызметкері Тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сарбаева да сотталды. Сондай-ақ екі бюджеттік ұйымның басшылары да сотталды: Жолашарова («Облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ) және Оспанова («Тілдерді дамытудың ресурстық орталығы» КММ).

    Жазаға тартылған тағы бір адам жеке компанияның өкілі болып шықты.

    Тергеу мәліметінше, олар «Жезқазған қаласында мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға» 3,9 миллион теңгеге заңсыз қосымша келісім жасап, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған.

    Сот оларды кінәлі деп тапты: Омар алты жарым жылға бас бостандығынан айырылды, оның сыбайластары әрқайсысы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың барлығына өмір бойына мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды.

  • Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Жемқорларға қатаң жаза қолданылуы мүмкін

    Енді жегі құрттай болған жемқорлардың елден шығуына тыйым салынуы ықтимал.

    – Айта кетейін, бұл бірінші рет көтеріліп жатқан сұрақ емес, бұл бізде баяғыдан бері талқылануда. Бұл бастама бұрыннан қарастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, тиісті ұсыныстар бар, – деді Данияр Бигайдаров.

    Агенттік өкілінің сөзінше, парамен ұсталғандарды елден шығармау мәселесі басқа да құзырлы органдармен бірлесе қаралып жатыр.

    – Талқылау нәтижесі көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмысты біз ғана қабылдай алмаймыз, мұны бүкіл мемлекеттік орган, аппарат қабылдауы тиіс. Депутаттар қолдаса, әрине, енгізілуі мүмкін, – деп сөзін қорытындылады ол. 

  • Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

    Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

    «Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылатын болады. Тізілімді жүргізуді Агенттікке бекіту көзделіп отыр», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

    Бұл заң қабылданған жағдайда тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілетін болады. Тізімде жемқорлардың аты-жөні, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы, жемқорлық қылмыс құрамы, айыптау үкімінің деректемелері және тағайындалған жаза түрі көрсетілуі мүмкін.

  • Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қалалық орталық кеден зертханасының басшысы А. Сатыбалдиев пен бас маман Әлібеков Б-ға қатысты үкім шығарды. 

    Антикор мәліметінше, олар қызметін пайдаланып, бірнеше рет пара алғаны үшін ұсталған. «Олар кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен кеден сарапшыларының қорытындыларын жеделдетіп бергені үшін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сатыбалдиев пен Әлібековке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген хабарламада.

    Сонымен қатар сот үкімі бойынша, кеден брокерлері Николас В., Казанцева С. және Гаруни С-ға пара бергені үшін айыппұл салынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.