Метка: Түркістан облысы

  • Қайғылы өрт: Түркістан облысында 12 адам қаза тапты

    Қайғылы өрт: Түркістан облысында 12 адам қаза тапты

    ТЖМ мәліметінше, жалын үйді толығымен шарпыған, Sona.kz ТЖМ-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    Өрт сөндірушілер ғимараттан ес-түссіз жатқан үш адамды шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Үйдің ішінен 12 адамның, оның ішінде 9 баланың денесі табылды.

    Көршілердің айтуынша, үйде қонақтар болған: алдынғы күні шаңырақта іс-шара өтіп, бірнеше адам түнеп қалған.

    Өрттің аумағы 360 шаршы метр болған, қазір толық сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмыс істеп жатыр.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

    Қайғылы оқиға бойынша тергеу басталды.

  • Түркістан облысында әкімшілік кәсіпкерлердің жерін заңсыз тартып алған

    Түркістан облысында әкімшілік кәсіпкерлердің жерін заңсыз тартып алған

    Түркістан облысының Сайрам ауданында әкімшілік мемлекеттік қажеттер үшін деген сылтаумен кәсіпкерлердің жер учаскелерін заңсыз тартып алған, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Арнайы экологиялық прокуратура жүргізген тексеріс барысында жер кодексі талаптарының бұзылғаны анықталды.

    Анықталғандай, жалпы аумағы 523 гектар жерді қамтитын 21 кәсіпкер өз учаскесін заңсыз түрде пайдалану құқығынан айырылған. Сонымен қатар, 20 гектар жер әкімшілік тарапынан өкілеттігінен тыс біржақты тәртіпте алынған.

    «Кәсіпкерлер заңсыз түрде жер пайдалану құқығынан айырылған», — делінген прокуратура хабарламасында.

    Прокуратура наразылық енгізіп, әкімшіліктің заңсыз қаулыларын жойды, нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді.

    ? Еске сала кетейік, Қазақстанда бизнеске заңсыз араласқандарға жаза күшейтілген. Жыл басынан бері 98 қысым фактісі тіркеліп, 18 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

  • Түркістан облысында ер адам әйелін балғамен өлтіріп, кейін өзіне қол салды

    Түркістан облысында ер адам әйелін балғамен өлтіріп, кейін өзіне қол салды

    Түркістан облысы Қарамұрт ауылында ауыр қылмыс тіркелді, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-ға сілтеме жасап. 56 жастағы ер адам төрт баласының көзінше әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынша үйдің ауласындағы дәретханада асылып қалған.

    Көршілерінің айтуынша, оқиғаға куә болған балалар шошып, көмекке жүгірген. Марқұмның туыстарының сөзінше, ер адам әйелі өзін алдады деп ойлаған. Ол қанды оқиғадан бұрын туыстарына аудиохабарлама жіберіп, «қатыным көзіме шөп салды» деп жазған.

    Оқиға кезінде үйде болған балалардың ең кішісі науқас болғаны хабарланды. Анасының қансырағанын да, әкесінің өзіне қол салғанын да өз көздерімен көрген олардың психологиялық жағдайына ауыр соққы тигені анық.

    Полиция екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

  • Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның жұбайына да қылмыстық іс қозғалды

    Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның жұбайына да қылмыстық іс қозғалды

    Түркістан облысында қоғамды дүр сілкіндірген оқиға жаңа қырынан жалғасты. Қарт әкесін соққыға жығып, өліміне себепкер болған ер адамнан бөлек, оның жұбайы да күдікке ілінді, деп хабарлайды Sona.kz.

    Полицияның мәліметінше, әйелге қатысты «Кінәліге дәрменсіз күйде немесе тәуелді жағдайда екені белгілі адамға қол жұмсау» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

    Ал оның күйеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ол «Қасақана ауыр дене жарақатын салу, жәбірленушінің өліміне әкеліп соғу» бабымен жауапқа тартылуда.

    Айта кетейік, бұл жағдай жұртқа куәгерлер түсірген бейнежазба арқылы белгілі болды.

  • Түркістан облысында шенеунікке қатысты жанжал шықты

    Түркістан облысында шенеунікке қатысты жанжал шықты

    Әлеуметтік желілерде Түлкібас ауданының ішкі саясат бөлімінің «Руханият орталығы» КМҚК директоры Қанат Елеуовтің есімі аталған жанжал туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sona.kz.

    Куәгерлердің айтуынша, Елеуов мейрамханалардың бірінде қасындағы үстелде отырған жас қызды күшпен «соқыр аймаққа» апаруға әрекет жасаған. Алайда ойы іске аспаған соң, ол таныстарына қоңырау шалып, әкімшілік ресурстарды және «бандиттерді» іске қосатынын айтқан.

    Бұл жағдай Түркістан облыстық полиция департаментінің қарауына ұсынылды

  • Түркістан облысында 19 жастағы жігіт мектеп оқушысын бопсалады деген күдікпен ұсталды

    Түркістан облысында 19 жастағы жігіт мектеп оқушысын бопсалады деген күдікпен ұсталды

    Түркістан облысында 19 жастағы тұрғын 14 жастағы мектеп оқушысын бопсалады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға өңірдегі ауылдардың бірінде болған. Жас жігітті ауыл тұрғындары қызбен кездесіп жатқан сәтінде ұстаған. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол оқушыдан интим сипаттағы суреттерді жіберуді талап етіп, бас тартқан жағдайда оларды жариялаймын деп қорқытқан.

    Қыздың туыстары полицияға арызданды. Олар күдіктінің жазадан құтылып кетуінен алаңдаулы.

    Түркістан облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

    «Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

    Құқық қорғаушылардың айтуынша, тергеу мүддесіне байланысты өзге деректер жарияланбайды.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Орал қаласында бұрынғы сүйіктісін интим фотоларымен үш жыл бойы бопсалаған 23 жастағы жігіт ұсталған еді.

  • Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

    Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды.

    Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды.

    Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    ​Түркістан облысында бұрынғы әйелін кепілге алған азамат сотталды

    Өткен жылы Сайрам ауданының тұрғыны бұрынғы әйелінің үйіне баса көктеп кіріп, балаларын көрсетпей жүргені үшін мойнына пышақ тақап, өлтіремін деп қорқытқан.

    Аталған азамат бұған дейін сотты болған, лудоманиямен ауырғанына байланысты ажырасқан. Күдікті жәбірленушінің туыстары мен құқық қорғау қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамай, оны пышақпен қорқытып аулада тұрған автокөлікті өзіне басқартып, ол жерден бой тасалаған.

    Сол күні арнайы іс шара жүргізу барысында күдікті Шымкент қаласында ұсталып, жәбірленуші кепілден босатылды.

    Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын ішінара қосып, түпкілікті 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

    Сот үкімі заңды күшіне енген.

  • Түркістан облысында куәгер жалған айғақ беремін деп сотталып кетті

    Түркістан облысында куәгер жалған айғақ беремін деп сотталып кетті

    Түркістан облысында куәгер сотта жалған айғақ бергені үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

    Прокуратура мәліметінше, бұзақылық және адам ұрлау қылмыстары бойынша сот барысында куә сотталушының аса ауыр санаттағы қылмыстық жауаптылықтан босату мақсатында екі рет жалған жауап берген.

    Куәнің бұл іс-әрекеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауабын өзгерту арқылы сотты жаңылыстыру болған.

    «7 тамыз 2024ж. сот аталған қылмыстарды жасаған сотталушыға 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, куәге қатысты қылмыстық іс қозғау қажеттігін қарастыру туралы жекеше қаулы шығарған.

    Cот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушының кінәсін толығымен дәлелдеді.

    Нәтижесінде сотта куә ретінде жауап берген азамат аса ауыр қылмыстық іс қарау барысында қасақана жалған айғақтар бергені үшін ҚР ҚК 420-б. 2-б. бойынша кінәлі ретінде танылып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды», – делінген хабарламада.

  • Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Түркістан облысында 22 адам сушидан уланды

    Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалалық орталық ауруханаға сушидан уланған 22 адам жатқызылды.  Оларға «тағамдық токсикоинфекция» диагнозы қойылған.

    «Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Барлығы оқшауланған палаталарға жатқызылып, ем тағайындалды, дәрі-дәрмек жеткілікті», – деп мәлімдеді басқарма.

    Осы жағдайдан кейін Түркістан қаласының полиция басқармасы дәмхананы мөрлеп, жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

    Ондағы қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмай шықты. Кейбірінің құжатының мерзімі өткені анықталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал жағдайы біршама жақсарған науқастар үйіне қайтарылды.