Метка: Түркістан

  • Түркістанда жатақхана мәселесі: студенттер тазалық талаптарына қатысты пікір білдірді

    Түркістанда жатақхана мәселесі: студенттер тазалық талаптарына қатысты пікір білдірді

    Түркістандағы колледж жатақханасында студенттер мен әкімшілік арасында келіспеушілік пайда болды. Студенттердің айтуынша, қызметкерлер олардан тек өз бөлмелерін емес, ер студенттер тұратын бөлмелер мен санитарлық тораптарды да жинауды талап еткен. Қыздар мұндай міндеттер ережелерде қарастырылмағанын мәлімдеді.

    фото: скриншот

    Жатақхана әкімшілігі талаптардың мақсаты – тәртіп пен тазалықты сақтау екенін айтты. Олардың пікірінше, ортақ аумақтарды жинау тұрғындардың жауапкершілігіне кіреді. Алайда студенттер өз бөлмелерінің тазалығына жауап беруге дайын екенін, бірақ басқа бөлмелерді жинауға міндетті еместігін жеткізді.

    Студенттердің айтуынша, талапты орындаудан бас тартқаннан кейін оларға ескерту жасалып, тәртіптік шаралар туралы айтылған. Қыздар мұны қысым ретінде бағалайды және ережелер бұзылмағанын алға тартады. Дау жатақханада тұру ережелерінің нақты жазылуы қажеттігін көрсетеді.

    Кейбір студенттер ата-аналарына жүгініп, қолдау сұрады. Әкімшілік те ата-аналарға хабар бергенін растады. Бұл жағдай қоғамда талқыланып, студенттердің құқықтары мен міндеттерінің шекарасы жөнінде пікірталас тудырды.

    Сарапшылар мұндай даулар нақты ережелер негізінде шешілуі тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, міндеттер айқын белгіленсе, түсініспеушіліктер азаяды. Сонымен қатар тараптар диалог арқылы келісімге келуі маңызды.

    Әкімшілік санитарлық талаптардың сақталуын басты мақсат деп түсіндіреді. Бірақ студенттер өздеріне тиесілі емес жұмыстарға мәжбүрленіп жатқанын айтады. Тараптардың ұстанымы әртүрлі болғандықтан, мәселені шешу үшін комиссияның араласуы мүмкін.

    Алдағы уақытта арнайы комиссия жағдайды қарауы ықтимал. Студенттер тексерушілер алдымен олардың құқықтарының сақталуын бағалағанын қалайды. Мамандар бұл оқиға жатақханалардағы міндеттерді реттеу мәселесіне назар аудартатынын атап өтеді.

  • Түркістанда бюджет қаражатын ұрлағандарға үкім шықты

    Түркістанда бюджет қаражатын ұрлағандарға үкім шықты

    Түркістанда бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша тергеу аяқталып, үкім шығарылды. Бұл қаражат жұмысқа орналастырылған азаматтардың еңбекақысын субсидиялау үшін бөлінген еді. Тергеуді Түркістан облысы бойынша АФМ Департаменті жүргізді.

    Тергеу мәліметтері бойынша, «Еңбек мобилділік орталығы» МКК бұрынғы директоры, «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйымдардың басшылары бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Олар азаматтарды субсидияланған жұмыс орындарына фиктивті түрде орналастырып, ақша қаражатты өз мүдделеріне қолданған.

    Орталық қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолдарын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға өтінімдер жіберген, бірақ көрсетілген лауазымдар іс жүзінде болмаған. Өтінімдер мақұлданғаннан кейін, азаматтарды жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар рәсімделген, алайда олар еңбек міндеттерін орындамаған.

    Кәсіпкерлер туыстары мен таныстарын банктік шот ашуға тартқан, бұл бағдарламаларға қатысу үшін, зейнетақы және медициналық аударымдар үшін деп түсіндірілген. Жүйеге ай сайын жалған жұмыс уақытын есепке алу парақтары енгізіліп, қаражат қолма-қол ақшалай айналымға түсіп, орталық қызметкеріне беріліп, одан соң схеманың қатысушылары арасында бөлінген.

    Нәтижесінде 78 адам фиктивті түрде еңбекке орналастырылған, мемлекетке келтірілген залал 49 млн теңгеден астам. Сот үкімінше, үш қатысушы 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге шектеу қолданылды. Залал толық өтелген.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Түркістанда 15 жастағы оқушыны сыныптастары ұрып өлтірді

    Түркістанда 15 жастағы оқушыны сыныптастары ұрып өлтірді

    Түркістан қаласында 15 жастағы мектеп оқушысы сыныптастарының соққысынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Telegram-канал Jagdai — ға сілтеме жасап.

    Jagdai Telegram арнасының мәліметінше, жасөспірімді зират маңына алдап шақырып, аяусыз ұрған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның ағасының айтуынша, шабуылдағандар төртеу болған.

    «Олар кезек-кезек сегіз соққы жасады, барлығы жүрек тұсына тиген. Жүрегі жарылып, бірден қайтыс болды», — деді туысы.

    Жасөспірім әкесіз өскен, физикаға қызығып, болашақта КНБ қызметкері болуды армандаған.

    Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
    «3 қарашада Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы көз жұмды. Тергеу тобы барлық қажетті шараларды жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде бір оқушы екіншісіне кеуде тұсына соққы жасаған, соның салдарынан ол сол жерде қайтыс болған», — делінген хабарламада.

    Күдікті және оқиға куәгерлері ұсталды. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.

    Сонымен қатар ата-аналар балаларын дұрыс тәрбиелемеу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды.

    Полиция өкілдері осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

     

  • Түркістанда белсенділер тағы бір күдікті педофилді анықтады

    Түркістанда белсенділер тағы бір күдікті педофилді анықтады

    Түркістан облысында «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері кәмелетке толмаған қызды азғыруға тырысқан ер адамды ұстағанын хабарлады, деп жазады Sona.kz Egov.press телеграм каналына сілтеме жасап.

    Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, олар әлеуметтік желіде 11 жастағы қыздың атынан жалған парақша ашқан. Біраз уақыттан кейін Сауранбай Базарбек есімді азамат байланысқа шығып, жазысу барысында интимдік кездесуді табанды түрде ұсынған.

    Белсенділер барлық жазбалар мен дәлелдерді жинап, күдіктіні полиция қызметкерлеріне тапсырды. Қазіргі уақытта оған қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр, нәтижесі бойынша заңды баға беріледі.

    Айта кетейік, бұған дейін де «Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелері еліміздің түрлі аймақтарында осындай жағдайларды әшкерелеген болатын. Қоғам белсенділері мұндай жұмыс балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтады.

  • Түркістан облысында блогер 6,9 мың доллар бопсалау кезінде ұсталды

    Түркістан облысында блогер 6,9 мың доллар бопсалау кезінде ұсталды

    Түркістан облысында полиция Шымкент қаласының тұрғыны, блогер Рустем Ашетаевты жергілікті кәсіпкерден ақша бопсалады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Sona.kz t.me/prokadrykz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, күдікті жәбірленуші жайлы беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты әлеуметтік желіде жариялайтынын айтып қорқытқан. Алдымен ол кәсіпкерден 2 мың АҚШ долларын алған. Кейін тағы 4 млн теңге талап еткен.

    УБОП қызметкерлері блогерді қаладағы дәмханалардың бірінде 6 900 АҚШ долларын алу сәтінде қолға түсірген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.

  • Түркістан облысында отбасыға шабуыл жасалды: полиция тексеру бастады

    Түркістан облысында отбасыға шабуыл жасалды: полиция тексеру бастады

    Түркістан облысының Сайрам ауданында шамамен сегіз адам жеке үйге баса-көктеп кіріп, тұрғындарды ұрып-соққан, деп хабарлайды Sona.kz t.me/egovpress сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, жәбірленушілерді көршілері құтқарған. Зардап шеккендер күдіктілердің бостандықта жүргенін және оларға әлі де қоқан-лоқы жасап жатқанын мәлімдеді. Полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, барлық қатысушыларды анықтап жатыр.

     

  • Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Қасым-Жомарт Тоқаев: Түркістанға облыс мәртебесін берген Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор

    Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

    Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

    «Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

    Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

  • Қасым, Жомарт, Кемел: Түркістан облысында үшем дүниеге келді

    Қасым, Жомарт, Кемел: Түркістан облысында үшем дүниеге келді

    Қасым, Жомарт, Кемел: Түркістан облысында үшем дүниеге келді

    Келес ауданы Абай ауылының 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанды.

    Үшемнің ата-анасы ұлдарына Қасым, Жомарт есімдерін берді, ал қызын Кемел деп атаған.

    Балалардың салмағы 2000 грамм шамасында болған.

  • Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістанда қазынашылық департаменті 8 млн теңге жымқырған

    Түркістан облысының прокуратурасы қазынашылық департаментінің қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады.

    Тексеру нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзу, жеке қаржыландыру жоспарын негізсіз қолдау, үнемделген қаражатты басқа бюджеттік бағдарламаларға аудару секілді фактілер анықталды.

    Департаменттің лауазымды тұлғалары «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ есепшілерімен сөзбайласу арқылы қызметкерлердің санын негізсіз ұлғайтып, 8 млн жуық теңгені иемденген.

    Сондай-ақ аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсыныс енгізді.

  • Түркістан облысында адам саудалаған азамат ұсталды

    Түркістан облысында адам саудалаған азамат ұсталды

    Ол мүмкіндігі шектеулі екі азаматты 400 мың теңгеге сатпақ болған жерінен ұсталған.

    Күдікті екі жыл бойы адамдардың қиын жағдайын пайдаланып, оларды қайыр тілеуге мәжбүрлеген.

    Сондай-ақ осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін 10 адам туралы дерек тексерілуде. Қазіргі таңда тергеп-тексеру жүріп жатыр.