Түркістанда 15 жастағы оқушыны сыныптастары ұрып өлтірді

Түркістан қаласында 15 жастағы мектеп оқушысы сыныптастарының соққысынан көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz Telegram-канал Jagdai — ға сілтеме жасап.

Jagdai Telegram арнасының мәліметінше, жасөспірімді зират маңына алдап шақырып, аяусыз ұрған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның ағасының айтуынша, шабуылдағандар төртеу болған.

«Олар кезек-кезек сегіз соққы жасады, барлығы жүрек тұсына тиген. Жүрегі жарылып, бірден қайтыс болды», — деді туысы.

Жасөспірім әкесіз өскен, физикаға қызығып, болашақта КНБ қызметкері болуды армандаған.

Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«3 қарашада Түркістан қаласындағы мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы көз жұмды. Тергеу тобы барлық қажетті шараларды жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде бір оқушы екіншісіне кеуде тұсына соққы жасаған, соның салдарынан ол сол жерде қайтыс болған», — делінген хабарламада.

Күдікті және оқиға куәгерлері ұсталды. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.

Сонымен қатар ата-аналар балаларын дұрыс тәрбиелемеу дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды.

Полиция өкілдері осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.