Метка: Үкімет

  • Паралимпиада жеңімпаздарына мемлекеттік наградалар табысталды

    Паралимпиада жеңімпаздарына мемлекеттік наградалар табысталды

    Мемлекеттік наградаларды Премьер-Министр Олжас Бектенов табыстады. Қазір шара Үкімет үйінде өтіп жатыр.


    Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

    Атап айтқанда:

    Алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич
    І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

    Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды.

    «Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатталды.

    Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар екі жаттықтырушы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен наградталды.

     

  • Арабтар Қазақстанның су шаруашылығын қалпына келтіреді

    Арабтар Қазақстанның су шаруашылығын қалпына келтіреді

    Арабтар Қазақстанның су шаруашылығын қалпына келтіреді. Бүгін Астанада алғашқы келісім-шартқа қол қойылды. Еліміздің драйвері саналатын ауылшаруашылық саласында жаңадан су қоймалары саналады. Тоз-тозы шыққан суару жүйелері жөнделеді. Бастапқы жұмыс, тасқыннан зардап шеккен өңірлер мен қуаңшылық көрген оңтүстік жақтан басталады.

    «Еліміздің бүкіл су жүйесі қалпына келтіріледі. Су тасқындарымен күресуге, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға, елімізде жаңа су резерваттары пайда болады. Каналдар қазылады, су қоймалары салынады. Бұл жұмыс биыл басталады. Қазан айының басында тиісті несиелік жобаға қол қоямыз», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі  Нұрлан Байбазаров.

    Жалпы Араб үйлестіру тобына Қазақстан тарапы 250 жоба ұсынып отыр. Бұл жобалар түрлі саланы қамтиды. Оның  жалпы құны 10 млрд доллар.

     «Ислам даму банкі Қазақстанның су шаруашылығындағы инфрақұрылымды жаңғыртып ғана қоймайды. Сонымен қатар, Қазақстанның жолдарын да қалпына келтіреді. Бұл да өте үлкен жобаның бірі. 9 өңірдің жолдарын жөндейтін боламыз», — деді «ИСЛАМ ДАМУ БАНКІ» ЕЛ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ АНАССИ АЙССАМИ.

  • Т. Дүйсенова:  Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарына талап қойылады

    Т. Дүйсенова: Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарына талап қойылады

    Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының жұмысына қойылатын бірыңғай талаптар жыл соңына дейін қабылданады. Бұл жөнінде  Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім еттті.

    Вице-премьердің ақпараты бойынша, шетелдік жоғары оқу орындарымен жұмыс инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға бағытталатын болады. Ол үшін жыл соңына дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын, оқыту технологияларын трансферттеу және оларда оқитын студенттердің білім деңгейін, құзыреттері мен дағдыларын бағалау бөлігінде олардың жұмысына Бірыңғай талаптар қабылдауға ниетті.

    Сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының жұмысын қайта қарау жоспарлануда. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2025 жылғы 1 сәуірге дейін білім беру сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады. Негізгі критерийлер ретінде ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштері қолданылатын болады. Талдау қорытындысы бойынша ЖОО-лар жоғары, орта және мақсатты лигаларға бөлінеді.

    Айта кетейік, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, ел экономикасын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі зерделенді. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

     

     

  • Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент салықтықта есеп-шотты бұғаттамауға шақырды

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласында оңды-солды жазалаудан бас тартуға шақырды.

    «Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселе екенін жеткіізді.

    «Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек»,- деп толықтырды Президент халыққа жолдауында.

    Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.

    «Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек», — деді Мемлекет басшысы.

  • Жайлы мектеп: 2025 жылы  217 мектеп пайдалануға беріледі

    Жайлы мектеп: 2025 жылы 217 мектеп пайдалануға беріледі

    «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл жоспар 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыуы тиіс. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауынада айтты.

    «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек екенін жеткізді.

    «Сонымен бірге, еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады», — деп толықтырды Мемлекет басшысы.

  • Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді

    Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға арзан бағада 64 мың тонна дизель отыны жөнелтілді. Ал, егін науқаны аяқталғанша 355 мың тонна жеткізіледі. Егер бұл отын көлемі де жетпесе қосымша тағы бөлінеді. Премьер-Министр Олжас Бектенов жауаптыларға осы мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Үкіметте күзгі жиын-терін бойынша кеңес өтті. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау науқандарына рекордтық көрсеткіш көлемде қаражат бөлінді. 580 млрд теңге. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан шаруаларға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Үкімет Басшысы жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құруды тапсырды. Енді вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығмен тиісті министрліктер, әкімдер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін штаб құралады.

    «Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Туындайтын барлық мәселені күнделікті пысықтау қажет. Бұл тек министрліктерге ғана емес, әкімдіктер мен фермерлердің өздеріне де қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Дәнді дақылдарды сақтаудың тиісті жағдайын қамтамасыз ету де маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

     

  • Су тасқынынан зардап шеккендерге күзге дейін баспана берілуі керек — вице-премьер

    Су тасқынынан зардап шеккендерге күзге дейін баспана берілуі керек — вице-премьер

    Кеңес барысында үш негізгі мәселе талқыланды: ТЖ жағдайында жедел ден қою үшін республикалық және өңірлік штабтардың өкілеттіктерін кеңейту, техника мен жабдықтарды тасымалдау тетігі, сондай-ақ табиғи апаттар кезінде мүлікті сақтандыру.

    Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түсті. Қаражат қазірдің өзінде өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінді, бірақ өтініш берушілердің үштен біріне ғана жетті. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.

    Су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындады. Оны басқа облыстардан көшіру бойынша жедел шаралар қабылданды. Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмеді, сондықтан арнайы есепке алуды жолға қою қажет.

    «Біз бүгін биылғы су тасқыны бойынша қорытынды жасап, келесі жылдың су тасқыны кезеңіне дайындықты бастау үшін арнайы жиналдық. Қазір біз тұрғын үйді қалпына келтіру және залалды өтеу бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтауымыз керек. Ең бастысы, зардап шеккендер күзге дейін баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Көктемге дейін әлі алыс. Бірақ су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары күзде аяқталуы керек. Су тасқыны қателікті, орындалмаған жұмыстарды және жеткіліксіз қаржыландыруды кешірмейді», — деп атап өтті вице-премьер.

    Қанат Бозымбаев ТЖ мен су ресурстары және ирригация Министрліктеріне су тасқынына дайындық және халықты апаттардан қорғау алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімдіктері — су тасқынының алдын алу шараларын қамтамасыз етеді, барлық гидротехникалық және қорғаныс құрылыстарын тексеріп, айналма арналарды дайындайды. Қаржы министрлігі — әр өңірде төтенше резерв құру жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Ол тұрақты, төмендетілмейтін, келесі жылға ауысатын және тек төтенше жағдайларда қолданылуы керек.