Метка: Ұлытау облысы

  • Ұлытау облысына құлаған зымыран бөліктері: мамандар қауіп жоқ екенін хабарлады

    Ұлытау облысына құлаған зымыран бөліктері: мамандар қауіп жоқ екенін хабарлады

    Байқоңыр ғарыш айлағынан 27 қараша күні сағат 14:27-де ұшырылған «Союз МС-28» зымыранының жекелеген бөліктері Ұлытау облысының аумағына құлады. Бұл туралы Sona.kz Stan.kz- сілтеме жасап хабарлайды.

    Алдын ала мәлімет бойынша, құлау салдарынан халыққа немесе инфрақұрылымға ешқандай қауіп туындаған жоқ. Оқиға орнына бірден «Роскосмос» мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің экологиялық қызмет өкілдері жіберілді. Мамандар жергілікті жерден топырақ пен ауа құрамына қатысты сынамалар алып, радиациялық және химиялық фонды өлшеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

    Ресми ақпаратқа сәйкес, «Союз МС-28» зымыраны қауіпсіз отын түрлерін — керосин мен сұйық оттегін пайдаланады. Сондықтан құлаған бөлшектерден радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп төнбейді.

    Мамандар тексеру нәтижелерін кейінірек жариялайтынын атап өтті.

  • Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Ұлытау облысында баланы ұрғаны үшін балабақша тәрбиешісі сотталды

    Жезқазған қаласында балабақша тәрбиешісі үш жасар баланы ұрып жіберген, деп хабарлайды Ұлытау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

    Педагогқа қатысты қылмыстық іс қозғалған.

    Сотта тәрбиеші жасалған құқық бұзушылық бойынша кінәсін мойындамады, бірақ оның кінәсі іс бойынша ұсынылған дәлелдемелермен, атап айтқанда балабақшадағы бейнебақылау камераларының бейнежазбасымен расталды.

    Тәрбиешіге 3 жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 80 сағатқақоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қолданылды.

    Сот үкімі күшіне енді.

  • Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды

    Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің жеке басына қатысты мәліметтер жарияланды.

    17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылып, 7 қызметкер үйінді астында қалды. Артынша олардың барлығы көз жұмғаны белгілі болды. Марқұмдардың ең жасы 26 жаста.

    «Жомарт» кенішіндегі апаттан қаза тапқан азаматтар:

    1. Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі;
    2. Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері;
    3. Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, жерасты тау-кен жұмысшысы;
    4. Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі;
    5. Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, шпур бұрғылаушының көмекшісі;
    6. Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі;
    7. Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.

    Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
    «Қазақмыс» корпорациясы апаттың алдын ала себебін айтып, қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек берілетіні жөнінде мәлімдеме жасады.

  • Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Қаза болған кеншілердің отбасына көмек беріледі

    Ұлытау облысында төтенше жағдайда қаза болған кеншілердің отбасыларына әкімдік көмек көрсететін болды.

    Ұлытау облысының әкімдігінің мәліметінше, кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Дастан Рыспеков көңіл айтты.

    «Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – бірнеше отбасы үшін орны толмайтын қаза.

    Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасірет баршамыз үшін оңайға соққан жоқ.

    Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады», – делінген көңіл айту жеделхатында.

  • «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    «Қазақмыс» шахтасындағы апат: 7 кеншінің денесі табылды

    Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі кеніштен жеті қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталуда.

      Қайтыс болған жеті жұмысшылардың денелері жоғарыға көтеріліп, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

    ҚР ТЖМ жедел штабының «жедел желісіне» 23 қоңырау келіп түсті.

    Естеріңізге сала кетейік, Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам үйінді астында қалды. ТЖД олардың тізімін жариялады.

    Сонымен қатар Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылған болатын.

  • Ұлытау шахтасындағы апат: 7 шахтердің тізімі шықты

    Ұлытау шахтасындағы апат: 7 шахтердің тізімі шықты

    Журналист Михаил Козачков Ұлытау облысы Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға қарасты «Жомарт» кенішінде шахтада қалып қойған 7 адамның тізімін жариялады.

    Олардың арасында 4 машинист, энергетика маманы, электрмонтер мен тау маманы бар:

    1. Нұрылдаев О.
    2. Жакубаев А.
    3. Кенжебеков О.
    4. Акшалов Н.
    5. Молдабеков Г.
    6. Жумадулаев Б.
    7. Рожков К.

    Құтқарушылар мен шахтерлердің арасы – 1500 шақырым, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша оның 200 шақырымы еңсерілді.

    Апат кезінде жер астында 7 адамнан тұратын бір бригада жұмыс істеген.

  • Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Ұлытау облысында 1200-ден астам көлік кептелісте қалды

    Жезқазған-Сәтбаев автожолында ауа райының нашарлауына байланысты 1200-ден астам көлік кептеліп қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

    ТЖМ құтқарушылары полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірлесіп, автоколоннаны жақын маңдағы елді мекендерге қауіпсіз жеткізуді ұйымдастырды.

    «Операция барысында 24 азаматқа көмек көрсетіліп, 8 көлік эвакуацияланып, сүйреп шығарылды. Барлық жол қозғалысына қатысушылар қауіпсіз орындарға жеткізілді», – делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

    Құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты трассаларда кезекшілігін жалғастыруда.

  • Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы ұсталды. Антикор қызметкерлері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы Дастан Тлеубековті ұстағаны белгілі болды.

    Шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпаратты расталды. Тлеубеков жер қойнауын пайдаланушыға жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін «BASS Gold» компаниясынан 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

    Айта кетейік, Дастан Тлеубеков 2022 жылдың қыркүйегінен бері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ол бұған дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экологиялық сараптама және рұқсат беру басқармасының басшысы болған.

    BASS Gold (бұрынғы Форпост) – алтын өндірумен айналысатын компания. Оның активтеріне Үшшоқы (Ұлытау) және Чинасыл-сай (Алматы облысы) алтын кен орындары кіреді. BASS Gold негізін қалаушылар – Шыңғыс Сәдуақасов пен Ерлан Тасболатов.

    Экология департаментінің міндеттеріне қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық бақылау және қызметке рұқсат беру кіреді.

  • Ұлытау облысында жүк пойыздары соқтығысып, 4 адам зардап шекті

    Ұлытау облысында жүк пойыздары соқтығысып, 4 адам зардап шекті

    Ұлытау облысында жүк пойыздары соқтығысып, 4 адам зардап шекті. Жұмысшылар жедел ауруханаға жеткізілген. Жағдайлары орташа. Апат Жезқазған қаласынан 65 шақырым жерде болған.

    Барлығы 6 вагон зақымданған. Тіпті кейбірі релістен шығып, аударылып қалған. Қазір темір жол бойы тазартылып, қалпына келтіріліп жатыр. «Ешқандай пойыз қатынасына кедергі келтірмейді»,- дейді мамандар. Естеріңізге сала кетейік, 1 апта бұрын Ақмола облысында да жүк пойызы релістен шығып кеткен еді. Апат себебі әлі анықталуда.

  • Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды

    Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды

    Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

    Рыспеков Дастан 1984 жылы Жезқазған қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін және ҚазМЗУ Алматы заң академиясын бітірген.

    Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласындағы Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің болжамдау және түсімдер бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.

    2007-2016 жылдары Алматы қаласында Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясында, Астана қаласы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

    2018-2019 жылдары — Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы, Павлодар қ..

    2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.

    2020 жылдың ақпан айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлаған болатынбыз.