Метка: Украинадағы соғыс

  • ҚХДР Ресей-Украина соғысына өз әскерінің қатысқанын растады

    ҚХДР Ресей-Украина соғысына өз әскерінің қатысқанын растады

    КХДР билігі Ресейге Украинамен соғысқа қатысу үшін өз әскерін жібергенін алғаш рет растады деп хабарлайды Yonhap Кореяның Орталық ақпарат агенттігіне (KCNA).

    KCNA агенттігінің хабарлауынша, әскерді тасымалдау екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге сәйкес «Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның бұйрығымен» жүзеге асырылған.

    «Украина билігінің Ресей Федерациясына абайсыз басып кіруіне тойтарыс беру үшін Курск аймағын азат ету операциялары жеңіспен аяқталды», – делінген KCNA мәлімдемесінде.

    Онда КХДР Қарулы күштерінің бөлімшелері «мемлекет басшысы Ким Чен Ынның бұйрығына сәйкес» операцияларға қатысқаны айтылған.

    Сенбі күні Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимов Владимир Путинге Курск облысындағы жағдай туралы есеп беріп, «Солтүстік Кореяның әскери қызметкерлері аймақты азат етуге айтарлықтай көмек көрсетті», – деп мәлімдеді.

    Герасимовтың мәлімдемесі КХДР әскерінің Ресейге жіберілгенін алғашқы ресми растағаны болды.

  • АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі 12 сағатқа созылды. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Украина мен РФ атысты тоқтату туралы келісімге келуіне аз қалды.

    DW мәліметінше, Эр-Риядта АҚШ делегациясы Украина және Ресей өкілдерімен бөлек, жабық режимде келіссөздер өткізді. 23-24 наурыз күндері өткен кездесулерде үш жылдан астам уақытқа созылған Ресей мен Украина арасындағы соғысты ішінара тоқтату мәселесі қаралған.

    Келіссөздер аяқталар алдында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс Украина мен Ресей толық атысты тоқтатуға жақындап қалғанын мәлімдеді.

    – Біз қазір бұған өте жақынбыз. Бұған дейін ешқашан осыншалықты жақын болған емеспіз, – деді ол.

    Брюстың айтуынша, қазіргі уақытта Қара теңіз аймағында атысты тоқтату мәселесі талқылануда, содан кейін тараптар басқа тақырыптарға көшеді. Ол сондай-ақ бейбіт келісімге қол жеткізу үшін екі тараптың да ымыраға келуі қажет екенін атап өтті.

  • Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    Трамп пен Путин қандай келісімге келді?

    18 наурыз, сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Әңгіме екі жарым сағатқа созылды. Бұл туралы Ақ үй басшысының көмекшісі және аппарат басшысының орынбасары Дэн Скавино хабарлады.

    «Қазіргі уақытта — президент Трамп Овальды кабинетте отырып, Ресей президенті Владимир Путинмен шығыс уақыты бойынша таңғы 10:00-ден (Астана уақытымен 19:00) бастап сөйлесіп жатыр. Қоңырау жақсы өтуде және әлі де жалғасуда», – деп жазды ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    CNN телеарнасы ресейлік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путин мен Трамптың телефон әңгімесі «өте жақсы» өткенін хабарлады.

    «Әңгімемен таныс ресейлік дереккөз CNN-ге оның «өте жақсы» өткенін айтты», – делінген телеарна жариялаған материалда.

    Ал Трамптың өзі:

    «Біз энергетика мен инфрақұрылым бойынша атысты дереу тоқтату туралы келісімге келдік. Алдағы уақытта атыстың толық тоқтатылуы және Ресей мен Украина арасындағы осы соғыстың аяқталуына қол жеткізу үшін жылдам әрекет ететін боламыз», – деп жазды әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

    АҚШ басшысының сөзінше, бұл соғыс ол президент болғанда ешқашан басталмас еді.

    «Бейбіт келісімге қол жеткізудің түрлі аспектілері талқыланды, оның ішінде мыңдаған сарбаздың қаза болуы туралы да айтылды. Путин мен Зеленский бұл соғыстың аяқталғанын қалайды. Бұл процесс қазір жүріп жатыр. Біз адамзат үшін осы жұмысты аяқтаймыз деген үміттеміз», – деді америкалық көшбасшы.

    Ақ үй Трамп пен Путиннің келіссөздеріне қатысты пікір білдірді. Ақпаратқа сәйкес, екі президент те бұл қақтығыстың бейбітшілікпен аяқталуы тиіс екеніне келіскен. Сонымен қатар, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы екіжақты қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі де сөз болған.

  • Путин мен Трамптың сөйлесуі екі жақтың бастамасымен өтеді – Песков

    Путин мен Трамптың сөйлесуі екі жақтың бастамасымен өтеді – Песков

    Ресей президентінің баспасөз хатшысы екі ел басшылары әңгімесінің қорытындысы баспасөзге хабарланатынын айтты.

    Владимир Путин мен Дональд Трамптың алдағы әңгімесі екі жақтың да бастамасымен өтеді. Бұл туралы ТАСС агенттігінің сауалына жауап берген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады. Ол екі ел басшылары әңгімесінің нәтижесі туралы баспасөзге хабарланатынын атап өтті.

    – Бұл өзара келісім. Біз қалай болатынын әлі шешкен жоқпыз, бірақ міндетті түрде хабар таратамыз, – деп сендірді ол.

    Песков бұған дейін Путин мен Трамптың сөйлесуі 18 наурызға жоспарланғанын айтқан болатын. Ол әңгімелесу қанша қажет болса, сонша уақытқа созылатынын жеткізген.

  • Зеленский: Бұл соғысты тек Ресей ғана қалайды

    Зеленский: Бұл соғысты тек Ресей ғана қалайды

    Украина басшысының айтуынша, елдің қарулы күштері барлық негізгі бағыттарда қорғаныс операцияларын жалғастыруда.

    Бас қолбасшы бүгін ұрыс алаңындағы жағдай туралы есеп берді. Қорғаныс шайқастары майданның барлық дерлік шебінде жүріп жатыр. Қақтығыстар Харьков облысынан бастап Купянск секторына және оңтүстік бағыттарға дейін болып жатыр, – деп жазды Зеленский.

    Украина президенті соңғы уақытта жүргізілген дипломатиялық келіссөздерге тоқталды. Сауд Арабиясының Жидда қаласында өткен келіссөздер мен АҚШ-тың майданда атысты тоқтату туралы ұсынысына қарамастан, Ресей соғысты жалғастыруға мүдделі екенін көрсетті.

    Ресей тағы бір аптаны ұрлады – бұл соғысты тек Ресей ғана қалайды. Біз дипломатияны күшейту үшін бар күшімізді саламыз. Біз оның тиімді болуы үшін жұмыс істейміз, – деді ол.

  • Трамп пен Путин қашан кездеседі?

    Трамп пен Путин қашан кездеседі?

    АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Reuters. Ол кездесуде америкалық және ресейлік тараптар Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде талқылайтынын мәлім етті.

    Біз бұл соғысты тоқтата аламыз ба, жоқ па соны байқап көреміз, – деді Трамп Air Force One бортында журналистердің сауалына жауап бере отырып.

    АҚШ басшысының сөзінше, бұл – жақсы мүмкіндік.

    Бәлкім, қолымыздан келер, бәлкім, келмейді, бірақ меніңше, біздің өте жақсы мүмкіндігіміз бар, – деп түйіндеді Трамп.

  • Украинадағы соғыс: Ресей мәлімдеме жасады

    Украинадағы соғыс: Ресей мәлімдеме жасады

    Ресей Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуға дайын емес. Бұл туралы Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.

    Ушаковтың айтуынша, Ресейге уақытша атысты тоқтату қажет емес. Оның сөзінше, уақытша бітім туралы ұсыныс – бұл украин әскері үшін тек уақытша үзіліс қана.

    Сондай-ақ, Ушаков «бейбіт әрекетті имитациялайтын қадамдар ешкімге қажет емес» деп санайды. Бұдан бөлек, Ушаков Владимир Путиннің бүгін Украинада уақытша атысты тоқтату режиміне қатысты «нақтырақ және мазмұнды баға» беруі мүмкін екенін айтты.

    Айта кетейік, Украина президенті соғысты бір айға тоқтатуға келіскен болатын. Джидда қаласында өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Украина мен АҚШ делегациялары бірлескен мәлімдеме жасады.

    Оның ең маңызды тармақтары:

    Украина «30 күндік уақытша бітім режиміне» келісуге дайын. Бұл мерзім өзара келісім бойынша ұзартылуы мүмкін, бірақ Ресей Федерациясы бұл шарттарды қабылдап, толығымен орындауы қажет.

  • Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Украина соғысты бір ай тоқтата тұруға келісті

    Сауд Арабиясында өткен келіссөздер бір қадам болсын соғысты тоқтатуға жақындата ма?

    – Украина АҚШ-тың екі тараптың өзара келісімімен ұзартуға болатын 30 күндік уақытша бітім енгізу туралы ұсынысын қабылдауға дайын екенін көрсетті. Бұл бітім Ресей Федерациясының келісімі мен оны бір мезетте орындауына тәуелді, – делінген Жиддадағы келіссөздерден соң жарияланған АҚШ-Украина бірлескен мәлімдемесінде.

    АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ұсынысты Мәскеуге дереу жеткізетінін айтып, «Ендігі кезек – Ресей тарапында» деді. Егер Кремль бұл келісімге қол қоймаса, «бейбітшілікке кім кедергі келтіріп отырғанын анық білеміз» деп нақтылай түсті ол.

    – Бүгін біз әлемге бейбітшілікті қалайтынымызды көрсеттік. Әділетті және ұзақ мерзімді бейбітшілік керек, – деді келіссөздерден кейін Украина Президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак. 

    Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыса алмаған Украина президенті Владимир Зеленский ел ұстанымын тағы да қайталады.

    – Біздің ұстанымымыз өте айқын. Украина соғыстың алғашқы күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып келеді. Біз оны мүмкіндігінше тез әрі сенімді түрде жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бізге соғыстың ешқашан қайталанбағаны керек, – деді ол.

    Егер Ресей толықтай атысты тоқтату шарттарын қабылдайтын болса, сол сәттен бастап тыныштық орнауы мүмкін.

    – Украина бейбітшілікке дайын. Енді Ресей де соғысты тоқтатуға дайын екенін көрсетуі тиіс. Немесе оны жалғастырғысы келе ме? Ақиқат ашылатын уақыт келді, – деп сөзін қорытындылады Зеленский.

    Екі ел өкілдерінің Сауд Арабиясында прайдалы қазбалар бойынша келісімге келу мүмкіндігін талқылағаны да белгілі болды. Бірлескен мәлімдемеде бұл келісім көп ұзамай жүзеге асатыны айтылған.

  • Украина АҚШ-пен жаңа келіссөздерге дайындалып жатыр

    Украина АҚШ-пен жаңа келіссөздерге дайындалып жатыр

    Украина президенті Владимир Зеленский 10 наурызда Сауд Арабиясында тақ мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманмен кездесті. Келесі күні Украина мен АҚШ арасында Ресей-Украина қақтығысын реттеу бойынша жаңа келіссөздер өтуі керек.

    Reuters атап өткендей, соңғы уақытта Сауд Арабиясының келіссөздер үдерісіндегі рөлі артып келеді. Корольдік Украина мен Ресей Федерациясы арасында тұтқындарды алмасу туралы келісімге келді, сондай-ақ өткен айда ресейлік және америкалық делегацияларды қабылдады. Қазір АҚШ Ресеймен Киевтің қатысуынсыз келіссөздер жүргізіп жатқандықтан, Зеленский үшін Сауд Арабиясының қолдауын алу маңызды.

    11 наурызда АҚШ пен Украина өкілдері Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың Вашингтондағы атышулы кездесуінен кейін алғаш рет кездеседі. Олар сирек кездесетін табиғи қазбалар келісімі шарттарын және Ресей-Украина соғысын тоқтатудың ықтимал нұсқаларын талқылайды деп күтілуде.

    «Зеленский сейсенбі күні америкалықтармен келіссөздерге қатыспайтынын айтты. Украина делегациясының құрамында оның штаб бастығы, қорғаныс және сыртқы істер министрлері, сондай-ақ жоғары лауазымды әскери шенеунік болады» деп хабарлайды Reuters.
    Америкалық тарап қақтығысты дипломатиялық жолмен тоқтату үшін Киевтен жеңілдік күтетінін ашық айтты. Reuters ақпарат көзінің бірінің айтуынша, Америка Құрама Штаттары Украинаның «жай сөз жүзінде ғана емес, шынайы бейбітшілікке» орнайтынына көз жеткізгісі келеді.

    Бұған дейін АҚШ пен Украина делегацияларының Эр-Риядта кездесетіні белгілі болған еді. Осыған орай Дональд Трамп жаңа шулы мәлімдемелер жасады: ол Ресей мен Украинаны тезірек келіссөз үстеліне отыруға шақырды және Владимир Путиннің сөзіне сенетінін айтты.

    Зеленский, ең алдымен, Ақ үйде болған оқиғаға өкініш білдіріп, Трамптың оны ренжітті, құрмет көрсетпеді деген айыптауларына жауап беріп, соғыс дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс деген болатын.

    Оқиғаның ауқымды резонанс алуы АҚШ Конгресінің делегациясы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында Украинаның минералдық ресурстарының 50 пайызына құқықты АҚШ-қа беру туралы келісімге қол қоюды ұсынған кезде Владимир Зеленскидің «сыпайы түрде бас тартқанынан» басталған еді.

    Дегенмен кездесу болмай тұрып-ақ Владимир Зеленский: «Мен тарихта Путинге елімді басып алуға көмектескен адам ретінде қалғым келмейді» деп ескерткен болатын.

  • Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтатуды бұйырды

    Трамп Украинаға әскери көмек беруді тоқтатуды бұйырды

    АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға барлық әскери көмекті тоқтата тұруға бұйрық берді. Бұл туралы америкалық БАҚ жазды.

    Д.Трамп бұл шешімді Украина президенті В.Зеленскиймен кездесуден бірнеше күн өткенннен кейін қабылдады.

    «Бұл көмектің берілуі толық тоқтатылды деген сөз емес, бұл – уақытша шара», – деп хабарлайды Fox News әкімшілік өкіліне сілтеме жасап.

    Bloomberg пен Fox News жазуынша, тиісті шаралар Трамп Украина басшылығының бейбітшілікке деген ұмтылысына көз жеткізбейінше жалғасуы мүмкін.

    Бұл шешім Украинаға жеткізілмеген барлық америкалық әскери жабдыққа, соның ішінде Польша арқылы транзитті күтіп тұрған қару-жараққа қатысты екенін хабарлады бұқаралық ақпарат құралдары.