Метка: Украинадағы соғыс

  • Трамп пен Зеленский келіспей қалды

    Трамп пен Зеленский келіспей қалды

    АҚШ президенті Дональд Трамп пен  Украина басшысы Владимир Зеленский арасында сирек кездесетін металдар бойынша келісім жасау үшін Вашингтонда кездесу өткізді.

    Келіссөз барысында Трамп Украина президентіне Ресеймен келіссөздерде компромисс жасау қажеттігін айтып, АҚШ-пен келісім жасауды ұсынды. Ол Вашингтонның Мәскеумен бейбіт келісім шарттарын талқылай бастағанын мәлімдеді.

    «Мен президент Путинмен сөйлестім, біз бұл мәселені сіздер мен оған да тиімді шешімге келтіруге тырысамыз. Біз келісімге келуіміз керек. Оның аясын анықтап қойдық, және менің ойымша, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады», – деді Трамп. Ол Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату қажет екенін атап өтті.

    Трамп келісімге келу қиын болатынын айтты.

    «Сіз не келісім жасайсыз, не болмаса біз бұл процестен шығамыз, ал сіздерге соғысуды жалғастыруға тура келеді. Бірақ сіздердің қолдарыңызда айтарлықтай күшті карталар жоқ», – деді ол.

    Трамп Зеленскийге АҚШ-тың көмегін бағалау керектігін ескертті.

    “Біз сізге 350 миллиард бердік. Сіз қазір қиын жағдайдасыз. Сіз «мен соғысты тоқтатқым келмейді» деп айта алмайсыз. Біздің қаруымыз болмаса, бұл соғыс бірден аяқталатын еді. Сіздер алғыс білдірулеріңіз керек. Бірақ сіздер оны көрсетпейсіздер. Бұл жақсы емес»,  – деді Трамп Зеленскийге.

    Зеленский Вашингтонның соғысты реттеу үшін не істей алатыны туралы талқылағысы келетінін білдірді. Ол «біз бірге бұл соғысты тоқтата аламыз» деген үмітін жеткізді және Украинаға америкалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қажет екенін атап өтті.

    Трамппен кабинетінде сөзталас болғаннан кейін Зеленский Ақ үйден жоспарланған уақыттан бұрын кетіп қалды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

    Келіссөздерден кейін жоспарланған баспасөз конференциясы да тоқтатылды.

    Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін өз пікірін білдірді.

    «Бүгін Ақ үйде өте маңызды кездесу өтті. Біз мұндай қысым мен шиеленіс жағдайында әңгімелеспейінше түсіну мүмкін емес нәрселерді білдік. Мен Зеленский мырзаның бейбітшілікке дайын емес екенін анықтадым. Себебі, ол Америка келіссөздерге араласса, үлкен артықшылық береді деп есептейді. Маған артықшылықтың қажеті жоқ, мен бейбітшілік орнағанын қалаймын. Ол бейбітшілікке дайын болғанда ғана қайта орала алады», – деді Трамп.

  • Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Украинадағы соғыс: Путин шұғыл мәлімдеме жасады

    Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Украинаға Ресей аумағына алыс қашықтықтағы қару арқылы шабуыл жасауға рұқсат бергені туралы түсініктеме берді.

    «Медузаның» хабарлауынша, Путин Украина қарулы күштерінің ATACMS зымырандарымен Ресейге шабуылды жасағанын мәлімдеді. Осыдан кейін «қақтығыс жаһандық сипатқа ие болды», бірақ бұл «арнайы операцияның» барысына еш әсер етпейтінін жеткізген.

    «Біздің әскерлер байланыс шебінің барлық бағытында сәтті алға жылжып келеді. Алдымызға қойған барлық міндеттерді орындаймыз», – деді Путин.

    Сонымен қатар, Путин Ресейдің Днепрге орта қашықтықтағы «Орешник» баллистикалық зымыранымен жауап соққысын жасағанын растап, сынақтың сәтті өткенін айтты.

    «Алдағы сынақтар Ресейге төнетін қауіпке байланысты болады. Егер жағдай ушығатын болса, біз де табанды түрде жауап қайтарамыз. Біз ашық, жария түрде, қарсыластан қорықпай жауап қайтаратын боламыз. Өйткені мұндай қаруға қарсы басқа шаралар жоқ. Қолданыстағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері мұндай зымырандарды ұстап қала алмайды», – деді Ресей президенті.

    Сондай-ақ, Путин соққы ядролық емес гипердыбыстық жабдықтағы баллистикалық зымыранмен жасалғанын нақтылады. Ресей орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды қолдануды жоспарламағанын, алайда АҚШ-тың осындай әрекеттеріне жауап ретінде бұл шешім қабылданғанын атап өтті.