Метка: Жетісу

  • Жетісу облысында алимент төлемеген борышкер сотталды

    Жетісу облысында алимент төлемеген борышкер сотталды

    Ақсу ауданы прокуратурасының бастамасымен азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында оның соңғы төрт жыл бойы кәмелетке толмаған балаларын қамтамасыз ету міндетін орындамағаны анықталды. Борыш көлемі 2021 жылдан бері 6,5 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Sona.kz өңір прокуратурасына сілтеме жасап.

    Сот шешімімен борышкерге бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

    Бұдан бөлек, ауданда тағы бір азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 139 бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Оның алимент қарызы 2,5 миллион теңгені құрайды.

    Өңірде биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669 бабы бойынша 172 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
    Прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде балалардың пайдасына 140 миллион теңге алимент өндірілді.

    Облыс прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті.

  • Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Жетісу облысында ауылдарды сумен қамтуға 480 млн теңге бөліндіі

    Президент тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен өңірлерде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

    Арнайы мемлекеттік қордан Жетісу облысындағы сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңарту жобаларына шамамен 480 млн теңге бөлінді.

    Жоба аясында Алакөл ауданының Қоныр ауылында 17 км, Қаратал ауданының Үмтыл ауылында 4,8 км су желілері тартылады. Нәтижесінде мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізеді.

    Биыл өңірде 18 жоба жүзеге асырылуда. 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендердің үлесі 99,9%-ға жетпек — бұл 329 ауыл және шамамен 697 мың тұрғын.

    Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да ауыз су және медициналық нысандар салынған болатын.

  • Жетісу облысында өз қызына зорлық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты: ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды

    Жетісу облысында өз қызына зорлық көрсеткен ер адамға сот үкімі шықты: ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды

    Талдықорғанда қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. 39 жастағы ер адам кәмелетке толмаған туған қызына зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот процесі жабық түрде өтті, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыс бірнеше жыл бойы жалғасқан. Оқиға туралы анасы біліп, шілде айында полицияға арыз түсірген. Күдікті ұсталып, уақытша қамауға алынған. Жиналған айғақтар оның кінәсін толық дәлелдеді.

    «Сот үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша — кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынып, химиялық кастрация шарасы қолданылды», — деді Жетісу облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

    Жаза өтеу орны — ерекше қауіпсіздік режиміндегі түзеу мекемесі. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

    Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Жетісу облысында педофилия фактісі бойынша бес адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

  • Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісуда үш бала пеш түтінімен уланып қалды

    Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында үш бала, оның ішінде үш айлық сәби, пештің ақауынан шыққан көмірқышқыл газына уланып қалды, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Оқиға 6 қазан таңертең болған. Үй иесі Әнеля Секенова сағат 7 шамасында түтіннің иісінен оянып, бөлменің қою түтінге толғанын байқаған. Әйел дереу терезе мен есікті ашып, балалардың есінен танып жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған.

    Үш бала да Көксу аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін олар жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты.

    Жасұлан мен Әнеля Ноғайбайдың отбасы Балпық би ауылының 14-көшесінде тұрады. Анеляның айтуынша, олар бірнеше рет аудан әкімдігіне табиғи газ тарту туралы өтініш жасаған, бірақ мәселе әлі шешілмеген. Газ 13-көшеге дейін ғана жеткізілген.

    Аудандық ТКШ бөлімінде 14-көшедегі үйлер алғашқы газдандыру жобасына енбегенін түсіндірді, себебі ол кезде үйлер салынып болмаған. Қазір BSP Group LTD компаниясы өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді кезең-кезеңімен қосу жұмыстарын жүргізуде. Жоба Антимонополия комитетінің келісімінен өтуі тиіс.

    Көксу аудандық ТЖ бөлімі оқиғаның себебі пеш мұржасын дер кезінде тазаламау болғанын хабарлады.
    Факт тіркеліп, ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

    Қазіргі таңда балалар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты. Құтқарушылар тұрғындарға пештер мен жылу жүйелерін уақытылы тексеріп отыруды ескертеді.

  • Жетісуда ірі есірткі қылмысы әшкереленді: 10 килограмнан астам марихуана тәркіленді

    Жетісуда ірі есірткі қылмысы әшкереленді: 10 килограмнан астам марихуана тәркіленді

    Жетісу облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері прокуратура өкілдерімен бірлесіп «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі заттарын тасымалдаудың ірі арнасын тоқтатты.

    Сотқа дейінгі тергеу барысында Алматы қаласынан Жетісу облысына есірткі тасымалдаумен және сақтаумен айналысқан азамат анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы облысының Чималған ауылында 51 жастағы ер адам ұсталды.

    Кейіннен күдіктінің тұрғылықты жерінде, сондай-ақ Жамбыл облысы Меркі ауданындағы мал шаруашылығы қоймасында (фазендада) полиция қызметкерлері ерекше иісі бар, қарасораға ұқсас өсімдік тектес заттарды тапты және тәркіледі.

    Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Есірткі затының жалпы салмағы 10 килограмнан асты.

    Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда. Мамандардың бағалауынша, тәркіленген есірткі 10 мыңнан астам адамды тыйым салынған заттарды тұтынуға тартуы мүмкін еді.

    Полицияның жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында қауіпті заттың таралуына жол берілмей, азаматтардың денсаулығы қорғалды.

    Еске салайық, заңнамаға сәйкес есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, сату мақсатында жөнелту не өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза мүлкін тәркілей отырып, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

  • Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    Жетісудағы оқу-жаттығуда мерзімді сарбаз қаза тапты

    23 қыркүйекте Жетісу гарнизонында жауынгерлік дайындық барысында десанттық-шабуылдаушы әскердің мерзімді әскери қызметшісі көз жұмды, деп хабарлайды Sona.kz  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған. Сарбаз алған жарақатының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.

    Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі
    «Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Егер лауазымды тұлғалардың салғырттығы немесе бақылаусыздығы анықталса, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Оқиға Қорғаныс министрінің жеке бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

    Қарулы күштердің басшылығы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, қажетті барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.

    Контекст
    Сарапшылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін әскери оқу-жаттығуларда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Әсіресе тәжірибесі аз мерзімді сарбаздармен жұмыс істеу кезінде бақылауды күшейту қажет.

  • Жетісуда 130 мың тонна картоп жиналады деп жоспарлануда

    Жетісуда 130 мың тонна картоп жиналады деп жоспарлануда

    Жетісу облысында биылғы картоп жинау науқаны жалғасуда. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 130 мың тонна өнім алу жоспарланған.

    Қазіргі уақытта облыс бойынша 6 250 гектар жерге картоп егілген. Оның 65,5 пайызы жиналып, 87,5 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Орташа өнімділік гектарына 213,4 центнерді құрап отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 центнерге артық.

    Ескелді ауданында да науқан белсенді жүріп жатыр. Ауданда 1 116 гектарға картоп егілген. «Нам» шаруа қожалығы биыл 50 гектарға картоп өсіріп, жинау жұмыстарына екі комбайн мен 30 жұмысшыны тартқан. Жетекшісі Виктор Намның айтуынша, мемлекеттен берілетін тұқымдық субсидиялар шаруашылықты дамытуға қолдау көрсетуде. Жиналған өнім Талғардағы картоп чипсы зауытына және Талдықорған базарына жеткізілуде.

    Аудандық әкімдік өкілдері шаруаларға мемлекет тарапынан техника, жанар-жағармай және тыңайтқыш түрінде қолдау жасалып жатқанын атап өтті. Биылғы жылы аудан шаруалары 56 жаңа техника алған. Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдауға 68 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 14,3 млрд теңге «Кең дала» бағдарламасы аясында қарастырылған.

  • Жетісуда ер адамдардан жалған таныстық арқылы ақша бопсалағандар ұсталды

    Жетісуда ер адамдардан жалған таныстық арқылы ақша бопсалағандар ұсталды

    Жетісу облысында полицейлер әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, оларды бопсалаған қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Sona.kz ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, 2024 жылдың мамырында бірнеше қыз Талдықорған тұрғындарынан ақша алудың заңсыз жолын таңдаған. Алдымен олар мессенджерлерде сөйлесуді интим тақырыпқа жеткізген. Кейін сыбайласы хабарласып, жәбірленушіні кездесуге шақырған. Сол жерде ер адамға зорлау, «жүктілік» немесе кәмелетке толмағанмен байланыс туралы арыз жазатынын айтып қорқытқан.

    Салдарынан қылмыскерлер 350 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақша алған. Бір жағдайда олар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, күш қолдана отырып 500 мың теңгені иемденген.

    Барлығы 11 жәбірленуші мен 9 күдікті анықталды. Олардың барлығы қамауға алынды.

  • Жетісуда шағын ГЭС-ті су басты: тұрғындар станция құрылысына қатысты ескі дауды еске алды

    Жетісуда шағын ГЭС-ті су басты: тұрғындар станция құрылысына қатысты ескі дауды еске алды

    12 тамыз күні кешке Жетісу облысы Сарқан ауданы Екіаша ауылы маңындағы Басқан өзенінде орналасқан Басқан ГЭС-2-де құбыр жарылып, станция аумағын су басты, деп хабарлайды Sona.kz @halyk_zhurnalist.kz сілтеме жасап.

    Куәгерлердің айтуынша, алдымен қатты дыбыс естілген, артынша су станция алаңы мен ғимараттарын толтыра бастаған. Елді мекендерге электр қуаты үзілген жоқ.

    Әлеуметтік желіде станция құрылысына кезінде қарсы болған ауыл тұрғындары бұл оқиға жайлы пікір білдіріп, «Міне, ГЭС салыңдар! Апат артынан апат» деп жазды.

    Әкімдік мәліметінше, қауіпсіздік мақсатында станция жұмысы уақытша тоқтатылды, ал су өзенге қайта жіберіліп, экологиялық зардап болдырмады. Құтқару қызметі шақырылған жоқ, эвакуация жүргізілген жоқ, тұрғындар мен қызметкерлерге қауіп төнген жоқ.

    Басқан ГЭС шағын нысандар санатына жатады (қуаты 5–10 МВт). Жұмысты қалпына келтіру 7–10 күн ішінде жоспарланып отыр. Апаттың себебі анықталуда.

  • Жетісуда қарақұрттың шағуы жиілеп кетті

    Жетісуда қарақұрттың шағуы жиілеп кетті

    Жетісу облысында улы өрмекші — қарақұр шағу деректері көбейіп отыр. Биылғы маусым басталғалы бері 21 жағдай тіркелген. Бұл туралы өңірдің денсаулық сақтау басқармасы Sona.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде хабарлады.

    Зардап шеккендердің ішінде 7 бала бар. Басқарманың мәліметінше, қарақұр шағу оқиғалары облыстың алты ауданында орын алған:
    • Ақсу ауданы — 6 жағдай (оның ішінде 2 бала),
    • Талдықорған қаласы — 4 жағдай (1 бала),
    • Кербұлақ ауданы — 4 жағдай (1 бала),
    • Көксу ауданы — 3 жағдай (1 бала),
    • Қаратал ауданы — 2 жағдай (1 бала),
    • Сарқан ауданы — 2 жағдай (1 бала).

    Алдын алу және дайындық шаралары:

    Басқарманың ақпаратына сәйкес, облыстағы медицина мекемелерінде қарақұр уына қарсы 40 ампула сарысу бар.

    Алдын алу жұмыстары аясында:
    • БАҚ, мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен жергілікті әкімдіктер арқылы ақпараттық түсіндіру науқаны жүргізілуде;
    • сақтық шаралары мен алғашқы көмек бойынша нұсқаулықтар таратылып жатыр;
    • мектептерде, балабақшаларда, емханалар мен ауылдық округтерде түсіндіру дәрістері өткізілуде.

    Мамандар ескертеді:

    Ауылдық жерде тұратын тұрғындарға терезе мен есікке маса торларын орнатуға, аула, шатыр, сарай мен жертөле секілді аумақтарды үнемі тазалап отыруға кеңес беріледі.

    Дәрігерлер қарақұр шағуының алғашқы белгілері — күйіп ашу, ауырсыну, бас айналу, дене қызуының көтерілуі байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Кешігу денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.