Метка: Жетісу облысы

  • Жетісу облысының ПД Талдықорғандағы мопедтің қатысуымен болған ЖКО мән-жайына қатысты түсініктеме берді

    Жетісу облысының ПД Талдықорғандағы мопедтің қатысуымен болған ЖКО мән-жайына қатысты түсініктеме берді

    Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Жетісу облысының полиция департаменті 2 сәуірде сағат 00:10-да Талдықорған қаласындағы Жансүгіров пен Балпық би көшелерінің қиылысында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы хабарлады.

    Ведомствоның мәліметінше, Toyota Camry маркалы автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның жыпылықтаған сигналына өтуге әрекет жасап, мопедпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан мопед жүргізушісі мен жолаушысы дене жарақаттарын алып, қалалық ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау бойынша кешенді шаралар жүргізуде, тиісті сараптамалар тағайындалды.

  • Жолдағы Наурыз: Жетісу облысының полицейлері «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді

    Жолдағы Наурыз: Жетісу облысының полицейлері «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді

    Іс-шаралар Алматы–Өскемен республикалық тас жолында, халық көп жиналатын орындарда ұйымдастырылды. Мұнда мобильді қабылдау пункттері құрылып, кез келген адам полиция қызметкерлері мен мемлекеттік орган өкілдеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды.

    Мерекелік атмосфераны тәртіп сақшыларының өздері қалыптастырды: кейбір қызметкерлер азаматтарды ұлттық киімде қарсы алып, жүргізушілер мен жолаушыларға қазақ халқының қонақжайлылығы мен бірлігінің символы ретінде наурыз көже, бауырсақ және ет ұсынды.
    Акция аясында облыс бойынша мобильді пункттер жұмыс істеп, сенім телефоны қызмет көрсетті, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер өткізілді.

    Барлығы 500-ден астам өтініш келіп түсті. Ең өзекті мәселелер ретінде автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, айыппұлдарды төлеу, көші-қон заңнамасын сақтау, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін, бейнебақылау камераларын және көлік тізгінінде ұялы телефондарды пайдалану тақырыптары қозғалды.

    «Наурыз — бұл бірлік пен ашықтық мерекесі. Біз халыққа жақын болуға, оларды тыңдап, күнделікті мәселелерін шешуге көмектесуге тырысамыз. Мұндай акциялар сенімді нығайтып, өзара іс-қимылымызды жандандырып, тиімді ете түседі», — деп атап өтті полиция өкілдері.
    Азаматтардың оң пікірлері мұндай бастамалардың халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін көрсетті. Акция ішкі істер органдарының ашықтығын, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айқын дәлелдеді.

  • Жетісу облысында сұмдық жағдай: Қарт әке өз балаларынан көрген қорлығын айтып шағымданды

    Жетісу облысында сұмдық жағдай: Қарт әке өз балаларынан көрген қорлығын айтып шағымданды

    Жетісу облысының 62 жастағы тұрғыны өз балалары тарапынан көрсетілген тұрақты зорлық-зомбылық туралы мәлімдеді. 2013 жылы отбасымен бірге Қытай Халық Республикасынан тарихи отанына қоныс аударған қария ауылдағы кішігірім шеберханада етікші болып жұмыс істейді, деп хабарлайды Sona.kz Taldyqorganec_kolesa-ның интаграм парақшасына сілтеме жасап..

    Жәбірленушінің айтуынша, оның екі ұлы ұзақ уақыт бойы өзін соққыға жығып, ақша бопсалап келген. Тіпті олар әкесінің нәпақа тауып отырған шеберханасын талқандап, құрал-саймандарын, құжаттары мен тапқан табысын тартып алып отырған. Қарияның басынан өткен бұл сұмдық оқиғалар ақпан айында балаларының оны тұншықтырып, аяусыз ұруымен жалғасқан, сол сәтте көршісі араша түспегенде жағдай бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.
    Осыған дейін болған жанжалдардың бірінде әкесін қорғамақ болған үшінші ұлы ағаларынан пышақ жарақатын алғандығы белгілі болды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары аталған факті бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Екі күдікті де қамауға алынды және сот шешімімен оларға үш ай бойы әкесіне жақындауға тыйым салынды. Бостандыққа шыққаннан кейін де олар полицияның жіті бақылауында болады. Бұл оқиға Түркістан облысындағы қарияның өз ұлының қолынан қаза тапқан қайғылы жағдайын еске түсіріп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.

  • Жетісу облысының тұрғыны ЖСН-дегі қателікті сот арқылы түзетті

    Жетісу облысының тұрғыны ЖСН-дегі қателікті сот арқылы түзетті

    Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке сәйкестендіру нөміріне (ЖСН) түзету енгізу туралы талап арызды қарады. Бұл туралы Жетісу облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланды.

    Іс бойынша жауапкерлер ретінде Қаратал аудандық полиция бөлімі, аудандық полиция бөлімінің бастығы және Жетісу облысының полиция департаменті көрсетілген. Талапкер ЖСН-не түзету енгізуден бас тартуды заңсыз деп тануды және жіберілген бұзушылықтарды жоюды сұраған.

    Сотта анықталғандай, талапкердің туу туралы куәлігі мен неке туралы куәлігіне сәйкес ол 1991 жылғы 13 мамырда дүниеге келген. Алайда жеке куәлігінде көрсетілген ЖСН туған күніне сәйкес келмеген.

    Үкіметтің «Идентификациялық нөмірді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысының 2 және 3-баптарына сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады, оның алғашқы алты саны жеке тұлғаның туған жылын, айын және күнін білдіреді. Талапкердің ЖСН-де 13 санының орнына 31 көрсетілгені анықталған.

    Қателік талапкер жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енгізілген кезде белгілі болған. Соның салдарынан зейнетақы жарналары, салықтар және өзге де міндетті төлемдерді аудару мүмкін болмаған.

    Талапкер Қаратал аудандық полиция бөліміне ЖСН-н түзету туралы өтінішпен жүгінгенімен, қанағаттандырудан бас тартылған. Сот барысында уәкілетті орган тиісті әкімшілік акт қабылдамағаны, ал бас тарту анықтама түрінде рәсімделгені анықталды, бұл әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарына сәйкес келмейді.

    Сот Қаратал аудандық полиция бөлімінің әрекеттерін заңсыз деп танып, талапкердің ЖСН-н туған күніне  сәйкес түзетуді міндеттеді. Жетісу облысының полиция департаментіне қатысты талап қанағаттандырылмады. Сондай-ақ талапкерге төленген мемлекеттік баж қайтарылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

  • Жетісу облысында анасы ұлын батареяға байлап, ұрған: сот әйелді емделуге жіберді

    Жетісу облысында анасы ұлын батареяға байлап, ұрған: сот әйелді емделуге жіберді

    Панфилов аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға баланың жуынатын бөлмеге кіріп, суды ашық қалдыруынан кейін болған. Соның салдарынан бөлме суға толып, жанжал туындаған.

    Іс материалдарына сәйкес, әйел ұлын батареяға байлап, оған дене жарақатын салған. Баланы әкесі ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның денесінен түрлі жарақаттар мен гематомалар анықтаған.

    Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, әйел туа біткен ақыл-ой кемістігіне – мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар жеңіл дәрежедегі ақыл-есінің артта қалуына шалдыққан және күтім мен емдеуді қажет етеді.

    Сотта анықталғандай, ол өз іс-әрекетінің мәні мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған, сондай-ақ сот процесіне қатысуға қабілетсіз болған. Бұдан бөлек, мамандар оның өзіне және айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін екенін көрсеткен.

    Сот әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын – психиатриялық стационарда емдеуді қолдану туралы қаулы шығарды.

    Балалар сәбилер үйіне орналастырылды.

    Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

  • Жетісу облысында «дроп-схемаларға» қатысы бар күдіктілер ұсталды

    Жетісу облысында «дроп-схемаларға» қатысы бар күдіктілер ұсталды

    Жетісу облысында облыстық прокуратураның үйлестіруімен киберполиция қызметкерлері «дроп-схемаларға» қатысы бар деген күдікпен 19–22 жас аралығындағы үш жас жігітті ұстады, деп хабарлайды Sona.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.

    Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер алдын ала сөз байласып әрекет еткен және жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, банктік шоттар ашуға мәжбүрлеген. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

    Құқық қорғау органдары «дроп-схемаларға» қатысу және банктік деректерді үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Азаматтарды заңсыз қаржылық схемаларға тарту және қысым көрсету әрекеттері заң аясында қатаң түрде жолы кесілетін болады.

  • Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары 189 млн теңге жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды

    Жетісу облысында аудан әкімінің орынбасары 189 млн теңге жымқырғаны үшін 5 жылға сотталды

    Жетісу облысында Алаколь ауданы әкімінің орынбасары лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды деп сотталды, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Тергеу және сот анықтағандай, Арқарлы ауылында электр желілерін салу және қайта жаңарту кезінде шенеунік орындалмаған жұмыстар бойынша актілерге қол қойған. Нәтижесінде бюджеттен мердігерлерге заңсыз түрде 189 миллион теңгеден астам қаржы аударылған.

    Құқық қорғау органдары сотта оның кінәсін ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тармағы — «Лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған» деп толық дәлелдеді.

    Сот орынбасарға мүлікті тәркілеусіз 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және жартылай мемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды.

    Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

  • Жетісу облысында полицейлер зейнеткерді алаяқтан құтқарып қалды

    Жетісу облысында полицейлер зейнеткерді алаяқтан құтқарып қалды

    Оқиға қалай болды
    Полиция қызметкерлері телефонмен абыржып сөйлеп тұрған зейнеткерге назар аударды. Белгілі болғандай, алаяқтар әйелдің атына 5 миллион теңге несие рәсімдеуге тырысқан. Банк тек 2 миллион теңгені мақұлдап, дәл осы қаражатты алаяқтарға аударуға итермелеген, деп хабарлайды Sona.kz Policia.kz-ке сілтеме жасап.

    Тәртіп сақшылары дереу араласып, алаяқтық әрекетті тоқтатып, материалдық шығынның алдын алды.

    Ұсыныстар
    Полиция азаматтарға телефон арқылы белгісіз адамдардың нұсқауларын орындамауға, әсіресе қаржылық операциялар кезінде сақ болуға кеңес берді.

  • Жетісу облысында жасанды интеллект көмегімен чек жасайтын жасөспірімдер тобының әрекеті тоқтатылды

    Жетісу облысында жасанды интеллект көмегімен чек жасайтын жасөспірімдер тобының әрекеті тоқтатылды

    Жетісу облысында жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен электронды банктік чектерді өзгертетін, сатушыларды алдайтын және тауарларды ұрлайтын үш кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.

    Бұл құқыққа қарсы әрекет кәсіпкерлердің шағымдары негізінде белгілі болды. Олар нақты шотқа түскен қаражаттар мен сатып алушылар ұсынған электронды чектер арасындағы сәйкессіздікті байқап, тиісті органдарға хабарлаған.

    Осы факті бойынша алдын ала келісіп, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

    Жетісу облысы прокуратурасы кәсіпкерлер мен азаматтарды сақ болуға шақырады және төлемдерді тек ресми банктік мобильді қосымшалар арқылы тексеруге кеңес береді.

  • Жетісу облысында әйел мысықты кір жуғыш машинасына салып, «пранк» жасаған

    Жетісу облысында әйел мысықты кір жуғыш машинасына салып, «пранк» жасаған

    Жетісу облысында бір әйел мысықты кір жуғыш машинасына салып, оны қосып, видеоны WhatsApp-та статусына жариялаған. Жазба желіде тез таралып, әлеуметтік желілерде қызу талқылауға себеп болды, деп хабарлайды Sona.kz Qumash-қа сілтеме жасап.

    Полиция дерегінше, әйел бұл әрекетті қызына арналған «пранк» деп түсіндірген: барабан бір рет қана айналған және су пайдаланылмаған.

    Мысық зардап шекпеген  оны мамандар тексеріп, жануардың жағдайы жақсы деп хабарланды.

    Әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, шамамен 20 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген.

    Threads әлеуметтік желісінің пайдаланушылары e-Otinish платформасы арқылы көп мөлшерде шағым жолдап, кінәліге шара қолдануды талап етті.

    Оқиға қоғамда кең резонанс тудырып, жануарларға қасақана залал келтірмеудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.