Метка: жымқыру

  • «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компаниясы 86 млн теңге жымқыру ісіне ілікті

    «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компаниясы 86 млн теңге жымқыру ісіне ілікті

    «Волковгеология» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған Дінмұхамед Молдаши 86 млн теңге жымқыру дерегі бойынша сотқа тартылмақ, деп хабарлайды Sona.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

    Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Молдаши екі жыл бойы жалған сызба жүргізген: ол орындалмаған жұмыстарға актілер жасап, құжаттарда «Казбурмаш СК» ЖШС-нен жеткізілмеген қосалқы бөлшектерді көрсеткен. Сол құжаттарға сүйеніп компания шоттарына 86 млн теңгеден астам қаржы аударылып, кейін иемденілген. Тергеу барысында келтірілген залал толық өтелді.

    Экс-басшыға қатысты сот алда өтпек. Ал оның сыбайластары әлдеқашан сотталып үлгерді: «Казбурмаш СК» ЖШС жетекшісі, «Волковгеология» директоры мен бухгалтері үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

    «Волковгеология» АҚ —«Қазатомөнеркәсіп» еншілес кәсіпорны. Компания ұңғыма бұрғылау және уран кен орындарын барлау жұмыстарымен айналысады.

    Дінмұхамед Молдашидің өзі Таразда туған. KIMEP, АҚШ-тың Пенсильвания штаты университетін, Мәскеудегі НИТУ «МИСиС» және Цюрихтегі бизнес-мектепті тәмамдаған. 2015 жылдан бастап «Волковгеологияда» басшылық қызметтер атқарып, 2019 жылдың мамырында басқарма төрағасы болып тағайындалған.

  • Қызылорда облысында білім бөлімінің 200 млн теңгесін жымқырған 9 адам сотталды

    Қызылорда облысында білім бөлімінің 200 млн теңгесін жымқырған 9 адам сотталды

    Жаңақорған аудандық білім бөлімінде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды. 9 адам сотталды.

    «Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылар бас бостандығынан айырылды. Қалған 7 сыбайлас бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылып, шартты түрде сотталды», — делінген Қызылорда облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің  хабарламасында.

    Сотта прокурорлар білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз ақша аударылғанын дәлелдеді.

    «Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған 9 адамға қатысты үкім шығарды. Келтірілген шығын ішінара өтелді», — деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

    Үкім заңды күшіне енген жоқ.