Биыл балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Осыған орай, Қонаевтағы Орталық саябақта жазушының және танымал шығармасы «Менің атым Қожаның» шағын сәулеттік нысаны бой көтерді.
Оның ашылу салтанатына қызы Самал Соқпақбаева, мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.
«Биыл әкемнің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Туған жері Алматы облысында да бірқатар шаралар өтті. Бүгін, міне, Қонаевтағы Орталық саябақта шағын сәулеттік нысан ашылып отыр. Өзі өмірден өтсе де, халықтың ынтызарлығы мен құрмет-қошемет көрсеткеніне риза болып жүрмін. Облыс басшылығына да рақметтен басқа айтарым жоқ», – деді Самал Соқпақбаева.
Айта кетейік, Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды.
«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.