Қарағандылық 23 жастағы Алика Мұхамадиева ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп танылып, 3,5 жылға сотталды.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Жаздың ортасында Мұхамадиеваның Threads желісіндегі пікірлері әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Ол кей жазбаларында Қазақстан мен мұсылмандарға қатысты орынсыз пікір білдірген. Кейін көпшіліктен кешірім сұрап, елден кетуге тырысқан, бірақ ұсталып, шамамен төрт ай тергеу изоляторында болды.
Қазан айында ҚК 174-бабы 1-бөлігі (“Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру”) бойынша сот процесі басталды. Прокуратура 4,5 жыл сұраған болатын.
Бүгін өткен соңғы отырыста Мұхамадиева тағы да кешірім сұрап, өкінетінін айтты:
«Барлығына шын өкінемін. Ең қиыны — қызымнан алыстап қалу. Қазір бәрінен бұрын сонымен бірге болғым келеді», — деді ол көзіне жас алып.
Сот үкімі бойынша, оған 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, бірақ жаза екі жылға кейінге қалдырылды.









