Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлескен операция жүргізіп, мұнайшылардың жаппай наразылығын ұйымдастыруды жоспарлаған күдікті топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Бұл туралы SONA.KZ Atameken Business жариялаған ҰҚК мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Арнайы қызметтің нұсқасы бойынша, топ мүшелері мұнай-газ саласы қызметкерлерінің наразылығын пайдаланып, «Өзенмұнайгаз» компаниясынан қосымша қаржы алуды көздеген.
ҰҚК мәліметінше, күдіктілер мердігер ұйымдардың бірінің басшылығымен сөз байласқан болуы мүмкін. Олар жұмысшылардың жаппай наразылығын тапсырыс беруші компанияға қысым жасау құралы ретінде пайдалануды жоспарлаған.
Ведомство ҰҚК мен ІІМ қызметкерлерінің дер кезінде әрекет етуі ықтимал адам шығынының, жаппай тәртіпсіздіктер мен тонаушылықтың алдын алғанын мәлімдеді.
Алайда күдіктілердің аты-жөні, мердігер компанияның атауы және олардың қанша қаражат алуды көздегені ресми ақпаратта көрсетілмеген.
Сондай-ақ операцияның егжей-тегжейі мен іске қатысы бар адамдардың процессуалдық мәртебесі нақтыланбады.
Ықтимал тәртіпсіздіктер мен адам шығыны туралы мәлімдеме арнайы қызметтің бағасы болып саналады. Мұндай салдардың туындауы мүмкін екенін растайтын дәлелдер көпшілікке ұсынылған жоқ.




