Ақсу қаласының әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап құрылысы аяқталмаған пәтерлерді сатып алған, деп хабарлайды Sona.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, биыл мұқтаж азаматтарға берілген 24 пәтердің тұруға жарамсыз күйде сатып алынғаны анықталған. Тексеру кезінде Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің бұл пәтерлерді толық аяқталмаған, яғни тұрғындардың тұруына дайын емес кезінде сатып алғаны белгілі болды.
Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысының заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекетке 50 миллион теңгеден астам залал келген. Ақсу қаласының ауданаралық соты аталған лауазымды тұлғаны қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы ауыр зардаптарға әкелгені үшін екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокурорлық тексеруден кейін анықталған заңбұзушылықтар жойылып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді.









