2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты елде салықтық рақымшылық жүргізіледі. Бұл шара кейбір кәсіпкерлерге жинақталған өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, рақымшылық шаралары микро және шағын бизнес субъектілеріне, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қалыптасқан салық берешегі бар кәсіпкерлерге қатысты қолданылады.
Айта кету керек, рақымшылық тек қаржылық санкцияларға — өсімпұлдар мен айыппұлдарға қатысты. Негізгі салық қарызы есептен шығарылмайды және міндетті түрде төленуі тиіс.
Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару шарттары
Салықтық рақымшылықты пайдалану үшін кәсіпкер негізгі салық берешегін 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтеуі қажет. Осы талап орындалған жағдайда, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар автоматты түрде жойылады.
Есептен шығару салықтық әкімшілендіру шеңберінде жүзеге асырылады және өткен кезеңдер бойынша тексерулер жүргізілмейді. Қосымша өтініш беру талап етілмейді.
Бизнеске арналған қосымша жеңілдіктер
Жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлерге бірқатар қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша камералдық бақылау мен салықтық тексерулер жүргізілмейді (заңда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда).
Сондай-ақ кәсіпкерлер ҚҚС бойынша міндетті тіркеу мерзімдерін бұзғаны және өткен кезеңдер үшін салықтық есептілікті тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, сондай-ақ бизнесті тіркеу немесе қайта тіркеу мәселелері бойынша сот талап-арыздарын беру тоқтатылады.
Қаржы министрлігі бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда салық берешегімен жұмыс істеудің жаңа тетіктері енгізілетінін хабарлаған болатын.









