Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппараты туралы ережелерді бекітетін және Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарының өкілеттігін айқындайтын жарлыққа қол қойды.
Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының негізгі міндеттерінің бірі әлемдегі қауіп-қатерлер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ ел ішіндегі өзекті үдерістерді жан-жақты талдау болады.
Құжатта Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарының өкілеттіктері де жеке белгіленген.
Ол Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі шешімдерінің толық әрі уақтылы орындалуын бақылауды ұйымдастырады. Бұған жедел кеңестерде қабылданған шешімдер де кіреді.
Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары ұлттық қауіпсіздік, елдің қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіреді.
Жаңа өкілеттіктердің жеке бөлігі цифрлық қауіп-қатерлерге қатысты.
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты тәуекелдерді және дербес деректерді қорғауды үйлестіретін болады.
Оның жауапкершілік аясына сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ азаматтық қорғау мәселелері де кіреді.
Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары осы бағыттар бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық өзара іс-қимылды да жүзеге асырады.
Сонымен қатар ол Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жұмысын үйлестіреді.
Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін дербес мемлекеттік орган ретінде белгіленді.
Аппараттың жұмысы ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейтуге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы мен Кеңес шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Жаңа жүйе Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылысын және халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтуді көздейді.
Бұл өзгерістер тамыз айының соңында басталған Қауіпсіздік Кеңесін қайта ұйымдастыру жұмыстарының жалғасы болды.
29 тамызда Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін жеке мемлекеттік орган болып құрылды.
31 тамызда Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.




